"Қызым үйде, қылығы түзде"...
Түнгі клубта шешінген қызды бір теуіп өтпеген қазақ қалмаған шығар...
Өткен жазда Тәуке хан көшесіндегі шағын мейрамхана комплексінің бірінде тойда болғанбыз..
Комплекс деп отырғаным, ат шаптырым аумақты алып жатқан кешеннің ауласында жаздық тапшандар да, жабық кабиналар да, 200-300 адамға арналған кең зал да бар екен. Біз 2-қабатта орналасқан мейрамханада болдық. Той қызып, ел жаппай билеуге көшкенде темекі тартуға балконына шықтым. Төмендегі кең ауланың бұрышындағы бір есіктен қыз-жігіті аралас жастар бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Кейбірі темекі тартып тұр. Кешке жақын бұл аулада жастар жоқ еді. Қыздардың темекі тартқаны таңсық емес қой. Мән бермедім де ішке кіріп кеттім. Түн ортасында бәйбішем екеуміз қайтуға жиналып төмен түстік. Көшеге шығар жолымыз аула арқылы өтеді. Темекі тартуға шыққан қыз-жігіттердің қарасы көбейіп қалыпты.Тұстарынан өтіп бара жатқанда кейбір қыздардың қаттырақ шыққан дауыстарын ішіп алғанын байқадым. Кәдімгі қарапайым қыздар.Таза қазақша сөйлеп жатқандары да жеткілікті..
Сосын менде бір әуестік оянып, бәйбішемді жетектеп, әлгі жастар кіріп-шығып жатқан есіктен кірдім. Түнгі клуб екен...
Ештеңеге түсінбеген бәйбішем күңкілдеп артымнан еріп келеді...
Кең залдың іші қара көлеңке. Дүрс-дүрс еткен музыканың даусы құлақ жарады. Билеп жүрген жастар. Кейбірі бір-біріне сүліктей жабысып алған. Жарқ-жұрқ еткен жарықтың арасынан төр жақта ди-джей бірдеме хабарлап, әлде бірдеңе ойнатып жатыр. Бізге назар аударып жатқан жан болмады.. Сонда да ары қарай тереңдеуге батпадым.
***
Балаларым жастау кезде, қоғамдық көлікте кейде жастар орын бермей қойса, кешкі тамақ үстінде міндетті түрде соны қозғайтынмын. Қозғағанда да, басқашалау..
- Бүгін маған бір жастар орын бермеді. Ескерту жасайтын едім, өз балаларымның үлкендерге орын беретін-бермейтінін білмейтін болған соң үндемедім! - деп алыстан орағытып, балаларға жымиятынмын.
Әрине, олар "Орын береміз ғой!" - деп, жауап қайтарады.
Олардың қасында жүріп тексеруге мүмкіндігім болмаған соң, сөздеріне сенуіме тура келетін..
Сіздердің ұл-қыздарыңыз, іні-қарындастарыңыз түнгі клубқа бармайтынына, барса шешінбейтініне сенімдісіздер ме?
Өмір Шыныбекұлы
Facebook-тегі парақшасынан