Тоқтар Әубәкіров: «ҚазСатқа» жұмсалған қаражат біздің шенеуніктердің бір күнде жасаған ұрлығына татымайды
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Астананың жанындағы қыстақтардың бірінде жылқы бағып, ауылға барып егін орып жүр. Оған депутаттық мандатын өткізіп бергеннен кейін бірде-бір құзыретті орын қызметке шақырып, ұсыныс жасаған емес. Алайда ол ешкімге өкпесі жоқ екенін айтады. Батырдың «Қазақ альманағына» берген сұхбатында жария болған тағы бір шындық Қазақстан ұшырған алғашқы Жер серігі мен Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты әңгімеден өрбіді.
- «Жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас негізге» дейді Бұқар жырау бабамыз. Жалпы қазақ текке ерекше қараған ғой. Мүмкін сіз де тектінің тұяғы боларсыз. Ата-бабаларыңыздың ішінде батыр, дана адамдар болған ба?
- Бүгін көптеген азаматтар ата-бабалары арасынан кілең батыр іздейтін болып алды. Қай жерге бармаңыз, сол өңірдегі жігіттердің аталары батыр болып жатады. Кейінгі кездері батырлар көбейіп кетті. Біз білетін де – батыр, білмейтін де – батыр. Қара табан малай болып жүргендер де батыр болып кетті. Қойшы, бәрі батыр. Ал мен бәлен батырдың, түген батырдың ұрпағымын дей алмаймын. Тек қаз дауысты Қазбек би бабамның ұрпағы екенімді айтамын.
- Тектен кейін қазақ тәрбиеге ерекше көңіл бөледі ғой. Болашақ ғарышкерге ата-ана берген тәрбие туралы да біле отырсақ.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Астананың жанындағы қыстақтардың бірінде жылқы бағып, ауылға барып егін орып жүр. Оған депутаттық мандатын өткізіп бергеннен кейін бірде-бір құзыретті орын қызметке шақырып, ұсыныс жасаған емес. Алайда ол ешкімге өкпесі жоқ екенін айтады. Батырдың «Қазақ альманағына» берген сұхбатында жария болған тағы бір шындық Қазақстан ұшырған алғашқы Жер серігі мен Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты әңгімеден өрбіді.
- «Жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас негізге» дейді Бұқар жырау бабамыз. Жалпы қазақ текке ерекше қараған ғой. Мүмкін сіз де тектінің тұяғы боларсыз. Ата-бабаларыңыздың ішінде батыр, дана адамдар болған ба?
- Бүгін көптеген азаматтар ата-бабалары арасынан кілең батыр іздейтін болып алды. Қай жерге бармаңыз, сол өңірдегі жігіттердің аталары батыр болып жатады. Кейінгі кездері батырлар көбейіп кетті. Біз білетін де – батыр, білмейтін де – батыр. Қара табан малай болып жүргендер де батыр болып кетті. Қойшы, бәрі батыр. Ал мен бәлен батырдың, түген батырдың ұрпағымын дей алмаймын. Тек қаз дауысты Қазбек би бабамның ұрпағы екенімді айтамын.
- Тектен кейін қазақ тәрбиеге ерекше көңіл бөледі ғой. Болашақ ғарышкерге ата-ана берген тәрбие туралы да біле отырсақ.
- Мен әкемнен ерте жетім қалдым. Жеті айға толар толмас шағымда әкей дүниеден өтіп кетіпті. Сөйтіп шешеміздің қолында екі-ақ бала қалдық. Жалғыз әпкем менен 20 жас үлкен, аз уақыттан кейін ол тұрмысқа шығып кетті. Әкей дүние салған соң екі жыл өтпей жалғыз жездем шешем екеумізді қолына алды. Ол кезде жездем Теміртау қаласында тұратын. Қазақ «әкенің жақсылығы жездедей болады» дейді ғой, расымен мен жақсылықты жездемнен көрдім. Ал тәрбиені маған өз шешем мен әпкем берді. Жарықтықтар екеуі де қайтыс болып кетті, жатқан жерлері жарық болсын. Шешем 1968 жылы қайтса, тәтем мен елге келген соң 69 жасында дүниеден өтті. Осы екі кісінің тәрбиесін алдым. Бір уақыттары үш жарым жылдай шешей екеуміз ауылда жеке тұрдық. Өйткені Теміртауға көшіп келген соң, ол кісіге су жақпай қатты ауырды. Ақыры ауылға көшуге тура келді. Қазір ойлаймын, ол кісі ауылға ерекше тартып тұратын. Ауыл десе өзегін жұлып беретін. Тіпті ауылды ойлап қатты сарғайып кетіпті. Сол жылдары ауылда тұрған күндерім әлі көз алдымда. Бүгін ата болып отырған күнде шешемнің берген ақылы, көрсеткен үлгісі, тәрбиесін үнемі есіме алып жүремін. Сонда шешем маған өмірі ұрыспайтын. Ақырын ғана «балам, ешкімді ренжітпе, ешкімнің ала жібін аттама» дейтін, жарықтық. «Түзу жүрсең, ашығын айтсаң, ертең осы мінез саған жақсылық әкеледі» деуші еді үнемі. «Таза бол» деген шешемнің сөзін мен бүгін кім-кімге де айтамын. Осы сөздерді мен өмір бойы ұмытқан емеспін. Сол тазалықпен, Құдайға шүкір, жақсы өмір кешіп келе жатырмын.
- Егер әкеңіз дүниеден ерте кетпегенде және ол кісі үлкен қызметте болып асыған-тасыған отбасыдан шыққан болсаңыз, ғарышкер болар ма едіңіз?
- Табиғаттың заңы бар. Болар бала боғынан деп жатамыз. Мен кішкентай күнімнен бастап алдыма мақсат қойғанмын. Ол мақсатым арманға айналды. Арман мен мақсат ұштасып міне, мен өз дегеніме жеттім. 3-4 жасымда ұшқыш боламын деп армандаған едім. Алдыма мақсат қойдым. Енді, тәуба дегеннен басқа не айтамын.
- Сіз жасыңыздан Теміртауда өстіңіз. Ол кезде бұл қалада қазақ саусақпен санарлық болды. Одан кейін кісі елі, кісі жері – Ресейге кеттіңіз. Көп жылдарыңызды сонда өткіздіңіз. Өмір-бойы қалың орыстың ішінде жүріп қазақы қалпыңызды қалай сақтай алдыңыз?
- Рас айтасың, Теміртау қазақтың қаласы болса да, сол кезде онда тұратын халықтың 94-96 пайызы орыстар болды. Кішкентай күнімнен бастап қазақтың сөзін, қазақтың мінезін аз естіп, аз көріп өстім. Жұмыс барысында, көше бойында жиі төбелес болатын. Соның бел ортасында қазақтың намысын қорғап мен аз жүрген жоқпын. Оқуда да «сендер қандайсыңдар, мен мынандаймын» деген намыс болды менде. Бойдан жарып шыққан намысты тежеуге болмайды екен. Әрине, ол алапат күш-жігерді айқай мен төбелеске емес, іске, білімге салған дұрыс боларын ерте сезіндім. Намыспен оқыдым. Жақсы оқыдым. Жұмысты да намыспен істедім. Жақсы еңбек еттім. Теміртауда бүкіл зауытта екі-ақ қазақтың баласы болдық. Ана баланың талпынысы болғанымен жұмысқа қабілеті жетпеді. Мүмкін маған бірдеңе қонған шығар. Бәлкім әкемнен жұқты ма... Әкем керемет ұста болыпты. Қолынан келмейтіні жоқ деп отыратын әкемнің көзін көргендер. Ағаштан да, темірден де түйін түйіпті. Қысқасы маған темір қай жағынан да жақын болды. Төрт жылдың ішінде кешкілік 8-ші, 9-шы, 10-шы, 11-ші класты бітірдім. Таңертеңнен кешке дейін зауытта жұмыс істеймін, кешкісін мектепке жүгіріп сабақ оқимын. Үш жарым жылдай токарь болып жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде менің фото-суретім зауыттағы озат жұмысшылардың құрмет тақтасынан түспей тұрды. Бір уақыттары кейбір адамдардың суреттері түсіп қалады. Құрмет тақтасы түрлі адамдардың суретімен толығып отыратын. Ал менің фото-суретім өмірі тақтадан түскен емес. Үшінші жылы менің суретім облыстық құрмет тақтасына қойылды. Мәскеуге оқуға кетер алдында жоғары жақтан мынадай бұйрық келді. Мағынасы мынадай: Зауыттың озат жұмысшысы, мол тәжірибе жинақтаған Тоқтар Әубәкіровтің аты-жөні алтын әріптермен облыстың құрмет тақтасына мәңгілікке жазылсын.
Осындайға жеткен 18 жастағы баланы қазір сіз тауып бере аласыз ба?! Жалпы қазақтан емес, басқа ұлтың ішінен? Бұл не? Бұл бір жағынан өзімді көрсеткім келді. Екіншіден, анамның ақ сүтін ақтаймын деген мақсатым болды. Анама биттей кір жұқпасын деп жанталастым. Ол кісі мен үшін мұңаймасын дедім. Өзінің жалғыз ұлына берген тәрбиесінің жемісін көрсін деген менде асқақ ой болды. Кішкентайымнан үйде әкесіз өстім, ағам да болған жоқ. Сондықтан анамның алдында өзімнің ер жігіт екенімді көрсеткім келді. Бұл бер жағы. Ал аржағын айтар болсам, ол – қазақтың намысы. Біз де жұмыс істей аламыз! Ісіміз ешкімнен кем болмайды деген намыс болды. Басшылар менің жұмысым үшін еш алаңдаған емес. «Әубәкіровті тексерудің қажеті жоқ» дейтін. Осы өткен жолдарымның барлығында абыройлы жұмыс істедім. Бірақ қазір ешкімге керек жоқ сияқты болып қалды. Ресейдің маңдай алды әскери мектебінде оқыдым. Маған Ресей «Қиыр Шығыстың ең мықты ұшқышы» деген баға да берді. Мұның түбінде қазақтың намысы жатты. Менен басқа ол өңірде бір қаракөз жоқ. Кезінде бізді олар қалай мазақ қылғанын сіздер жақсы білесіздер. Сол сөздер маған қатты бататын. Үнемі осыны ойлап намыстанып жүрдім. Тіпті көбісі ғарышқа ұшқанымды көре алмай жатты. «Ол қалай бізден артық ұшады» деп күңкіл сөздерді де айтумен болды. Аллаға тәуба! Қазақтан тұңғыш шыққан сынақшы-ұшқыш болғаныма мақтанамын. Енді мұндай, яғни екінші қазақтың сынақшы-ұшқышы болуына қанша жыл кетерін бір Алла біледі. Біз осы күнге дейін ұшақ түгілі велосипед те істеген жоқпыз ғой. Асылық айтқаным болмас, енді ол жақта қазақтың баласы Ресейдің әскери кемесін жасауға қатыса алмас. Олардың да намысы оянды қазір, тіпті көзін жұмып тұрып, алғашқы әскери ұшақты бағындырған орыс емес, қазақ болғанына әлі күнге дейін өкінеді олар.
- Кеңес өкіметі құлағаннан кейін біздің көптеген ағаларымыз сол дәуірде атақ-даңққа жетуге ормандай орыстың көп кедергі жасағанын айтуда. Осындай қағажауды сіз қаншалықты көрдіңіз?
- Орысты жамандай беруге болмайды. Жалпы орыс – дұрысты дұрыс дей білетін халық. Әрине, ішнара керітартпалар бар ғой. Етектен тарту саясатын да мен көрдім. КСРО Батыры атағын маған екі жыл кешіктіріп берді. Не үшін? 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы үшін. Оңбаған Горбачев қазақ болғаным үшін маған атақты дер кезінде қиғысы келмеді. Қол қоймай бұлталақтап жүріп алды. Ал менің жеке орыс бастығым «Әубәкіровке КСРО Батыры атағын бермей, мен ешкімді марапаттамаймын» деп қасарысып жатып алды. Міне, азаматтық! Қандай тазалық! Қандай әділеттік! Осындай таза жандарды өмірімде көп кездестірдім. Сондықтан бет алды біреулерді жамандай бермей, әуелі өзімізге өзіміз жақсылап үңіліп қарап алайық. Мені сөйтті, мені бүйтті деушілер қазір өте көп екенін мен жақсы білемін. Мықты жазушы болу үшін жоқ дегенде Нүрпейісов болу керек. Содан кейін ғана жазушы бол. Біреулер бар шимай шатпақ бірдеңе жазады да мен жазушымын деп жалаулатады. Осындайлардың талайын көрдік. Егемендікті алдық, бостандыққа жеттік, сұмдықпыз. Енді өзімізді жөндеп алайық. Бізде тәртіп пен мәдениет кемшіндеу әлі де.
- Ғарышқа ұшып бара жатқан кезде қандай сезімде болдыңыз? Ойыңызда не болды? «Қазақтың тұңғыш ғарышкері мен» деген жеке бас мақтанышы мен жалпы қазақтың намысы деген биік сананың қайсысы басым болды? Турасын айтыңызшы?
- Мұндай сауалды осыған дейін көп адам қойды. Ал жеке бас пен қазақ намысын салыстырып сұрақ қойған сіз бірінші болып тұрсыз. Оған енді тәуба, рахмет! Ғарышқа ұшқан кезімнен ертеректе Дінмұхаммед Қонаев бабамыз мені шақырып алып ғарышқа ұшу туралы ұсыныс айтты. Егер менде жеке бастың мақтанышы күшті болса, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер болайын деген ой болса, сол кезде ұшып кетер едім. Бірақ мен бірінші басшының ұсынысын құп алған жоқпын. Мен сол кезде үлкен жұмыста жүрдім. Тіпті өзімді қазақтан шыққан бірінші сынақшы-ұшқышпын деп ойлаған да жоқпын. Ең қиын жұмысты атқарып жүрдім. Осыған дейін ешбір қаракөз мұндай жұмысты атқармағаны маған әуелден аян еді. Сондықтан жан-тәніммен осы жұмысты атқардым. Ал бірінші басшы айтты екен деп жұмысымды ысырып қойып ғарышқа ұшып кетсем, ол да, мына жұмыс та қалып қояр ма еді, кім білсін. Сондықтан дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын осы күні. Көп кешікпей Қонаевты алып тастады, көп ұзатпай ғарышқа ұшқалы жүрген менің де шаруамды бітірер еді. Тағы бір айтар мәселе, одан кейін дәл осындай ұсыныспен Нұрсұлтан Назарбаев та бір емес, екі рет тамырымды басып көрген. Ол кезде бұл кісі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болатын. Оған да келісім берген жоқпын.
- Неге?
- Мен қызмет етіп жүрген Микоян бюросында бірнеше әріптестеріміз қаза болып кетті. Аса қиын жұмыстарға қабілеті жететін екі-ақ адам қалдық. Өзгелері жас. Оған олардың қарым-қабілеті жете қоймайтын. Сондықтан жастарды үйрету үшін уақыт керек болды. Осы себепті мен Назарбаевтың өтінішін орындай алмайтынымды айттым. Бірақ Нұрекең үшінші рет шақырып алып «Бұл маған да, саған керек жоқ, сенің кеудең орденге толы. Зар жылап жүрген қазақ. 30 жыл біздің жерімізден ғарышқа басқалар ұшып жатыр, әлі күнге дейін бір қазақ жоқ...» деді. Көп ойланып жатпай келісімді сол күні бердім. «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» дейді ғой, өлсем өлейін дедім де ғарышқа ұшуға келісімімді бердім.
<!--pagebreak-->
- Ғарышқа ұшпай жүргеніңіздің бір себебі, өліп қаламын деп қорқып жүрдіңіз бе?
- Мен сізге жаңа не дедім?! Өлімді ойлаған да жоқпын. Осы күнге дейін қаза болған ғарышкерлердің ұзын саны үш-төрт-ақ. Ал сынақшы-ұшқыштардың жылына оншақтысы мерт болады. Түсіндіңіз бе?
- Түсіндім.
- Онда мұндай сұрақ қоймаңыз.
- Намыс туралы жақсы сөздер айтып отырсыз. Қазір қазақтың намысы туралы қым-қиғаш пікір айтылуда. Тіпті кейбір шенді қазақтар өз тілінде сөйлеуге намыстанатын болды. Ал сіз керісінше намысыңызды өз ана тіліңізді игеруге жұмсадыңыз емес пе? Қазір қазақтың намысы қандай болу керек?
- Егер менде намыс болмаса өз ана тілім – қазақ тілін үйренбес едім. Үйренемін деп өз-өзіме серт бердім. Мен қазақпын! Өз ана тілімде ойланбасам менің кім болғаным?! Бұрынғыдай басқа тілде сөйлеп, сол тілде ойланып жүре беруді өзіме ар санадым. Біреу менің жеке басымнан сөз асырса, оған намыстанбаймын. Менің намысым басқа. Ана тілімде сөйлемегеніме намыстандым! Қазақ та өзгелер сияқты әскери ұшақты, ғарышты игере алатынына намыспен көз жеткіздім. Қазір қазақтың намысы осындай болу керек. Біреу мені бір ұрды, оған намыстанып оны екі рет ұрдым деген намыс емес. Адам алдына мақсат қойса, оған жетуге болады. Елге келген соң қазақша білмейтініме қатты намыстандым. Күнде өз-өзімді тәрбиеледім. Құпиямды айтайын, мен қазақ тілін өлең арқылы үйрендім. Кейінгі жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тілін де үйренсін, бірақ ең бірінші қазақ тілін – өз ана тіліңді біл. Қазақша үйренгісі келмейтін қазақтарды өз-өздеріне қарсы адамдар деп санаймын. «Ойбай, маған қазақ тілі керек жоқ, орысша сөйлей беремін» деген адамдарды көптеп кездестірдім. Жарайды, өздері солай істесін. Бірақ олар ата-бабаларын өзгерте алмайды ғой. Айналайын, сендер ата-бабаларыңды, аналарыңды өзгерте алмайсыңдар. Ал анасынан қашқан адамнан қандай жақсылық күтуге болады?! Өз тілінен безген жанды мен адам ретінде санай алмаймын. Еврей мен татар неге анасынан шежіре таратады? Егер шешесі татар болса, ол қазақ деп жазылмайды, татар деп жазылады. Неге? Сені ана туды. Бұл өмірге ана әкелді сені! Ананың ішінде тоғыз ай сен жаттың. Намысты оятыңдар!
- Намыссыздықты парламенттен де көрген боларсыз?
- Үлкен кісілер сондай екен. Көбісі қызғаншақтықты намыспен салыстырып жүр. Бұған қатты налыдым. Басты ие беруге болмайды. Қазақ ертеден байдың малын бағып жүріп баймен бірге дастарханда қатар отырған. Малшы болса да басын байдың алдында өмірі имеген. Міне, нағыз демократия! Ал бүгін қандай масқараны көріп жүрміз? Жап-жас жігіттің алдында ақсақалдар құрақ ұшып жүгіріп жүр. Сүріне жүгіріп жүр. Неге? Оның ақшасы бар, тіреп тұрған көкесі күшті, үлкен қызметі бар.
- Қазақстандық ұлт болғыңыз келе ме?
- Бұл туралы мен көп ойландым. Неге американдық ұлт пайда болды? Мұның себебі не? Мұндай «ұлттың» пайда болуына үндістер әсер етті. Үндіс болмаса, американдық ұлт болмас еді. Америкада жан-жақтан ағылып жеткен адамдардың арасында бірнеше ірілі-ұсақты қақтығыс орын алды. Тіпті кейбірі соғысқа бергісіз болды. Содан кейін олар бір мәмілеге келді. Бірі испандық болмайын, екіншісі ағылшындық болмайын, голландиялық болмайын десті. Себебі мен Голландияны жек көремін, сол үшін осында келдім. Ал мен Испанияны көргім келмейді. Испан болсам да, мені түрмеден көз аштырмады. Осындай әңгімеден кейін жан-жақтан келгендер онда американдық болайық деп өзара келісті. Ал бізге не істеу керек? Жалпы қазақтар мен қазақстандықтар болды. Қазақтың арасында 100-ден астам ұлттың өкілдері өмір сүріп жатыр. Не көрсе де олар қазаққа рахметін айтып жүрді. Енді олар қазақ болсын! Қазір естіп жатқан боларсыңдар, орыстар да қазақша өлең айтатын болды. Қалың орыстың бел ортасында жүріп мен де кезінде орысша өлең айттым. Орысшаны орыстан артық білмесем, кем білмейтінмін. Енді олар да сөйтсін. Дүние кезек, ендігі кезек солардікі. Осылай болу керек. Бір кезде біз басты идік. Енді олар бастарын малай сияқты емес, «міне, қазақ, қандай қиындықты жеңіп ел болды, бұлардың тегі мықты екен» деп июі керек.
- Қазақтың ішінде өмір сүріп жатқан өзге диаспоралардың қазақпен қақтығысуы жиілеп барады. Мәселен, қазақ пен шешен, қазақ пен ұйғыр, қазақ пен күрд деген сияқты. Көп жағдайда өзге диаспоралар жағынан болса да, құқық қорғау орындары тарапынан болса да қазақтың ары мен құқы аяққа тапталып жатыр. Осындай жайттарға сіз намыстанасыз ба?
- Тәртіпке шақыратын құқық орындарында отырғандар кімдер?
- Әрине, қазақтар.
- Онда неге жеңіліп қаламыз?
- Соны сізден сұрап білейін деп отырмын.
- Бір сөз – парақорлық. Бейшара байқұс қазақта сотқа беретін ештеңесі жоқ. Кім береді, сол сотта жеңеді. Мені сот кешірсін, бірақ ақиқаты осы. Кімде бар, сол жеңеді, кім бұйрық бере алады, сол жеңеді. Мен осыған сенгім келмейді, бірақ солай болып тұр. Сот саласында жұмыс істеп жүрген мықты-мықты достарым бар. Бірақ ары таза адамдар бұл салада тым аз. Ұятсыз мырқымбайлар ақша үшін арын сатып жүр. Олар ақша үшін анасын да сата салады. Оларда намыс жоқ. Бүгінгі біздің саясаттың ең негізгі құралы ақша болып тұр. Сенде ақша көп болса, сенен артық сыйлы адам жоқ. Саған елдің бәрі басын иеді. Ал сенде ақша жоқ па, сен адам емессің. Кім болсаң да сені ешкім қадірлемейді.
- Жақында Асқар Жұмаділдаевтың бір сұхбатын оқыдым. Сонда Асекең «Қазақтың маңдайына біткен екі-ақ ғарышкері бар. Соның біреуі ауылда жылқы бағып жүр...» депті. Баяғыда бір жетім бала «мен қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен. Жетім баланың күйін кешіп жүрген сияқтысыз?
- Биліктегі көп адам менің қадірімнің кеткенін қалап жүр. Тәуба, халқыма мың рахмет! Қай жерге барайын, құрақ ұшып қарсы алған халық. Ай далада тұрсам да маған ас әкеліп береді. «Бір ауылға барсам, барлық үйге кіріп шығуым керек» деп жанымдағыларды асықтырып жүремін. Мұндай құрметке жеткендер аз да, жетпегендер миллион. Тек тәуба деймін. Халқым аман болса, менің қадірім өмір бойы жойылмайды.
- Әрине, халықтың сізді қадірлейтіні рас. Сіз ел ішінде көп жүресіз. Әсіресе ауылда жиі боласыз. Ауыл қазағы өздерін Қазақстанның қожасы екенін сезіне ме? Олардың бойынан мемлекеттік сананы байқай аласыз ба?
- Айналайын, Астанадан екі шақырым ұзап шық, ондай сезім ешкімде жоқ. Мүсәпір болып отыр. Ауылға барып көріңдер. Соғыс уақытында да дәл осындай қиыншылық болған емес. Кезінде 300 отбасы бар ауылдарда қазір 4-5-ақ түтін қалған. Не болып бара жатыр? Солар өздерін мемлекеттің иесі екенін сезіне ме? Қайдан сезінеді. Сенбейді. Өйткені оны өкімет далаға қалдырды. Жай қалдырмай аштан қалдырып отыр. Егер олардың алдында малы болмаса, ағы болмаса өлер еді. Баратын жері, паналайтын ығы жоқ. Үкімет өте үлкен қателік жасады. Мыңдаған адамдар жанын бағып отырған ауыл ошақтарын қиратып тастады. Ауыл адамдарының үміті күл болып көкке ұшты. Мұндай адамдарда қандай мемлекеттік сана болады?! Жүйелі саясаттың болмағанынан көп қазақтың тоз-тозы шықты. Қазір аспанға бөркімізді ата айқайлап қуанып жатырмыз: ойбай, он жылда Астанамыз үш есе өсті дейміз. Астананың гүлденгені – Қазақстанның гүлденгені деп жалаулатып жатырмыз. Айналайын, бұған қуанғаннан бұрын жылау керек. Жылауымыз керек. Жұмыссыз қалған жандардың саны үш есе көбейді. Әрине, Астанадағы ғимараттар әдемі, сұмдық, біреуге ұялмай көрсете аламыз. Бірақ жұмыс жоқ. Қаңырап бәрі бос қалды. Ауылдан Астанаға келіп нан тауып жүрген жұмысшылар қайда кетті? Полицияға барып сұраңыз, соңғы күндері өлім мен ұрлықтың, қылмыстың қанша пайызға өскенін. Жұмыссыздардың қазір немен айналысып жүргенін сонда түсінесіз. Сонда білесіз біздің қандай ақымақтық жасағанымызды. Бұған әзірше құзырлы орындардан ешкім мән бермей жатыр. Менің ойымша, бірінші, ауылдан кетіп жатқан адамдарға тоқтам керек. Ауылдан қалаға келіп олар қайыршы болып жүр. Ауылдан әйтеуір тамақ тауып жей алады. Мал бағар, егін салар.
- Қазақты тұмшалап қашанғы ауылға қамай береміз? Қалаға көшіріп жағдай жасау керек шығар.
- Ондайды жасамай отыр ғой. Егер қалаға көшетін қазаққа жағдай жасаса, әрине көшкені дұрыс болар еді. Өкінішке қарай сіз ойлағандай болмай тұр емес пе. Ауылда қазір қазақтан басқа ешкім қалмады. Бірер арақкеш орыстар қалған шығар.
- Қатарынан үш жыл ауыл жылы болып жарияланып, қыруар ақша бөлінді. Сонда да ауыл көтерілмеді. Енді қазақты қалаға көшіру керек деп ойлаймын мен.
- Ауылға ақша құйылғанын мен көрген жоқпын. Бұйрығы барлар өздерінің ауылы мен қалтасына құйған болар. Осынша қатты сөздер айтып отырғанымның себебі бар. Мен кеше ғана Торғай өңірінен келдім. Бір ай сол жақта жүрдім. Масқара! Масқара!.. Аштан өлгелі жатқандарды көрдім.
- Осындай мәселелерді жоғарыға жарғақ құлағы жастыққа тимей депутаттар айтып отыруы керек қой.
- Жоқ. Айтуға болмайды. Ондайды үлкен бастығымыз ұнатпайды.
- Депутат болғанға дейінгі елге қылған қызметін айтпағанда, парламенттің төрінде отырып халықтың сөзін сөйлеген, батыл, батыр Тоқтар Әубәкіров енді ауылда елеусіз жата бере ме?
- Жата беретін шығар... Ешкім керек қылмаса, жатпағанда не істеймін? Заң бойынша босатылған депутаттарға белгілі бір уақыт көлемінде жұмыс тауып беруі тиіс-тін. Өліп кеткенде «сен мына жұмысқа барасың ба, жоқ па?» деп сұрауы керек. Егер мен «жоқ, бармаймын» десем, болды, ол да парызынан құтылады, мен де өкпелемеймін. Өкінішке қарай маған тірі пенде әлгіндей ұсыныс айтқан емес. Осылай керексіз далада қалатынымды мен кетер алдында жақсы түсінгенмін. Маған олар жұмыс береді деген жылт еткен үміт те болған жоқ. Қолдарын жылы суға малып жүрген жас бизнесмендер мен депутат болып жүрген кезімде жиі жұмысқа шақыратын. Қалай депуататтық мандатты табыс еттім, солай жан-жаққа тым-тырақай қашты олар.
- Ақындар жетістікке жеткен соң ақындар мектебін, әншілер өнер мектебін ашып жатады. Ал сіздің ғарышкер дайындайтын орталық ашуға немесе осы іспетті үйірме ашу сынды ойыңыз жоқ па? Әйтеуір қолыңыз бос, орталықтан тыс жерде жатырсыз ғой?
- Мен сынақшы-ұшқыш болып жұмыс істеп жүрген кезімде Алматы қаласында дәл осындай мектеп ашқанбыз. Оған білікті мамандар тартылып балаларға үйретіп жатыр. Сол мектептің оқушылары әлемдік деңгейдегі көптеген олимпиадаларға барып үлкен нәтижеге қол жеткізіп келіп жатыр. Әрине, мен ойнап жүрген жоқпын. Мектеп тек бір ғана Әубәкіровтікі болмауы керек. Осы іске, осы бастамаға үкімет ерекше ықылас танытып, өзінің негізгі басым бағыттары ретінде әрекет етуі керек деп санаймын. Жалпы қазақ өкіметі ғарышке қатты көңіл бөлгені абзал. Әлбетте қазақ аман болса, ақын да, әнші де шыға береді. Қазақ табиғатынан ақын әрі әнші халық қой. Сондықтан бүгінгі күні бізге ғарышқа көбірек үйір болғанымыз дұрыс. Енді біздің Ұлттық ғарыш агенттігі әлгі мектепті қолға алатын шығар деп үміттенемін.
- Жалпы ғарыш қазаққа не берді? Идеологиялық тұрғыдан?
- Менің ұсынысыммен Қазақстан ғарыштық мемлекеттер санатына кірді. Осы арқылы біздің елді халықаралық қауымдастық технологиялық ел ретінде қабылдады. Америка мен Еуропаның Қазақстанға деген ескі, тұрпайы көзқарасы өзгерді. Екіншіден, өзіміз өз бетімізбен ғарышты зерттей бастадық.
- Бұл талпынысымыз сәтсіз болды ғой. «ҚазСат» жоғалып кетті.
- Жоғалып кеткен жоқ. Сынып қалды. Сол орнында тұр. Жұмыс та істейді. Бірақ мүмкіншілігі шектеулі. Яғни, біресе жұмыс істейді, біресе істемей қалады. Содан кейін «жоғалып кетті» деп айтып отыр ғой. Ойбай қыруар ақша текке кетті деп жылай беруге болмайды. Ғарыш саласында мұндай шығындар бола береді. Бұл шығын біздің шенеуніктердің бір күнде жасаған ұрлығына татымайды. Енді «ҚазСатқа» тағы сондай 80 млн. доллар жұмсау керек. Қашан ғарышта Қазақстанның жақсы жер серігі болады, сол кезде біздің ел биік технологияға қол жеткізе алады. Қазақ қашанғы қой бағып далада жүре береді. Ой еңбегін ұршықша иіретін қазақта қабілет жетеді. Салпаңдап мал соңында жүре берсе аштан өлмес, бірақ көштен қалып қоятыны анық. Енді қазақ намысын осы жолға арнасын. Базарда арба айдағаннан гөрі зауытта гайка бұраған тиімді. Гайка бұраған адамның басына ой келеді. Ол ой оны, тіпті, өнертапқыш қабілетке жеткізуі мүмкін.
- Қазақ қашан Байқоңырды өзі игеретін күнге жетеді?
- Игеруге болады. Алайда оған біздің басшылардың намысы мен жігері жетіспей тұр. Түбі Байқоңырдан орыстар өз еліне кетеді. Жай кетпейді, олар бәрін бүлдіріп кетеді. Қазір мүмкіндік бар кезде өзге елдерден білікті мамандар шақыра отырып бірден өз қолымызға алуымыз керек. Сонда ғана Байқоңыр қазаққа мәңгілікке қалады.
- Ресейдің Байқоңырды жалға алғаны үшін төленетін жылдық қаржысы – 115 млн. доллар туралы гу-гу әңгіме көп айтылады. Қаржының толықтай Қазақстан қоржынына түсетініне сіз сенесіз бе?
- Оны үкімет біледі. Біз оны қайдан білеміз. Жалпы 80 млн.-ы ақшалай беріледі. Қалғаны тауарлармен өтеледі. 115 млн. деген ақша емес. Қазір Ұлттық ғарыш агенттігінен биыл Ресей Байқоңырдан неше протон ұшырғалы жатқанын сұра. Төбе шашың тік тұрады.
- Қарапайым есебін айтасыз, мәселен, Ресей Байқоңыр үшін Қазақтанға жылына 115 млн. доллар төлейді. Байқоңырдан Ресей жылына қанша пайда табады? Ал қазақ жері протоннан қаншалықты зардап шегіп жатыр?
- Айттым ғой саған, қай жерден сұрау керектігін. Сол жерге барып сұра.
-Кімді пір тұтасыз?
- Өзімнің Қазбек бабамды пір тұтамын.
- Бос уақытыңызда аңға шығатыныңызды білеміз. Жылқыны жаныңыздай жақсы көресіз. Қолыңыз қалт еткенде басқа немен айналысасыз?
- Қолым босаса техникамен айналысамын. Өзімнің жасаған көптеген үлкенді-кішілі техникаларым бар. Ауылда баламның шаруашылығы бар. Сонда барып егін орамын. Жалпы қол бос болмайды. Өзіме өзім жұмыс тауып аламын. Техника, инженерлік қабілет менің бойымда жоғары деңгейде деп айта аламын, сондықтан осы саламен шұғылданғанды жаным қалайды. Ләззатты осы істен аламын.
- Деңгейі аса жоғары инженердің, сынақшы-ұшқыштың, ғарышкердің жылқыға, ауылға әуес болуы қалай?..
- Әу баста адамзат жылқыға құмар болған. Оның ішінде қазақ жылқымен біте қайнасқан. Жас күнімде біздің үйде жылқы болмады. Көрші-қолаңның биесін үйіне жеткізіп бергенімізге мәз болатынбыз. Шалқамнан жатып алып, «әкем болса, біздің үйде жылқы болар еді, басқасы да болар еді...» деп армандайтынмын. Жоқшылық батқан болар «өскенде менде міндетті түрде жылқы болады» деп қиялдадым. Әрине, Мәскеуде жүргенде ол ой қайдан жүзеге ассын. Тек қаладағы ипподромдардың есігін тоздырып жүрдім. Елге келген соң Астананың іргесінен орын-жай сатып алып, жылқы асырап отырмын. Жылқыға барлық жағдай жасалған. Оны бағуға да уақыт табамын. Жануарларға ерекше күтім керек. Менің жылқыларым өте әдемі, шетінен сұлу. Мінездері де келісті. Осы жылқыларым үшін жанымды беруге дайынмын.
- Ғарышкердің өмірде өкініші бар ма?
- Бір ғана жағдайға өкінемін. Көп жасқа келсем де жаңа ғана немере сүйіп отырмын. Кеш ата болдым. Менің жасыма келген кісілер бүгінде немерелерін ұзатып немесе үйлендіріп, шөбере сүйіп жатыр.
Сұхбаттасқан Еренғайып Қуатайұлы,
«Қазақ альманағы» №1.
Мамыр-маусым 2009 жыл