Дәурен Қуат. «Сұр кардиналдың» суыртпасында жатқан тарих
... Айтқаны емес, сандырағы келетін сапастардың отырып алып ойдай әңгіме тартатын орыны осы күні от басы ошақ қасынан ұзаса моншаның буға піскен сәкілері болып алды ғой. Буға көміліп алып бір буырыл бас ағамыз саясат туралы соқты-ай кеп дерсіз. Кезінде әжептеуір қызметтің шалғайынан ұстағаны көрініп тұр, сірә, қазір де қаражаяу жанға ұқсамайды. Есіп сөйлейді. Астанадағы ақ жағалы ұлықтың көбін таниды екен, оны айтасыз, кейбірімен дәмдес тұздаста болған сияқты. Кімді сұрасаң да «білмеймін» демейді. «Е-е, ол ма?» деп қояды да алқымын қауып, айналасында мелдектеген буға көміле түсіп көсіле береді. «Моншаға осы кісінің әңгімесін тыңдау үшін келмін» деді бағанадан терісін дар-дар жыртып теріс қарап отырған тыржау жігіт. Тегін адам «жалаңаш демократтардың жалпы жиналысына» бас сұға бермесі анық. Әлгі тыржау жігітте иек қағып әңгімеге араласты да:
... Айтқаны емес, сандырағы келетін сапастардың отырып алып ойдай әңгіме тартатын орыны осы күні от басы ошақ қасынан ұзаса моншаның буға піскен сәкілері болып алды ғой. Буға көміліп алып бір буырыл бас ағамыз саясат туралы соқты-ай кеп дерсіз. Кезінде әжептеуір қызметтің шалғайынан ұстағаны көрініп тұр, сірә, қазір де қаражаяу жанға ұқсамайды. Есіп сөйлейді. Астанадағы ақ жағалы ұлықтың көбін таниды екен, оны айтасыз, кейбірімен дәмдес тұздаста болған сияқты. Кімді сұрасаң да «білмеймін» демейді. «Е-е, ол ма?» деп қояды да алқымын қауып, айналасында мелдектеген буға көміле түсіп көсіле береді. «Моншаға осы кісінің әңгімесін тыңдау үшін келмін» деді бағанадан терісін дар-дар жыртып теріс қарап отырған тыржау жігіт. Тегін адам «жалаңаш демократтардың жалпы жиналысына» бас сұға бермесі анық. Әлгі тыржау жігітте иек қағып әңгімеге араласты да:
- Білуімше, қазақ десе қаны қатқанның бірі - Әбіқаев, - деді. Өңкей «сауытсыз» батырлар кімді аясын, шенеуніктер «сұр кардинал» атап зәре құты қалмай қорқатын Нұртай Әбіқаевты «іреп сойып» іргеге лақтыра салды. Бурыл бас, бірақ, бұл әңгіменің біріне араласпады. Ақтұманның ішінен алаң-құлаң көрініп қана қойып, айқай сүреңнің ақырын үнсіз бақты. Сосын буға ісінгені бар, сөзге ісінгені бар алқынып барып тоқтады да жаңағы бурыл бастың аузына аңтарылды. Сөйтсек, бұл кісі өзіндегі мол деректі бірден ақтармай, мынау көп шуылдақты тыңдап барып төрелік айтады екен.
- Жоқ, - деді ол. – Жоқ, Нұртай Әбіқаев сендер ойлағандай қазақтықтан кеткен жігіт емес. Ол нағыз қазақ. Ол өзінің ұлтына деген махббатын ішінде тежеп ұстайтын байсалды саясаткер. Ол тарихты да жақсы біледі.
... деп, деп келіп бурыл бас ағамыз ұзақ сонар әңгімеге көшті. Бүгінге дейінгі азды көпті тәжірибемізден білеміз, тегінде бұндай адамдар көптің ортасында көсемси береді. Биліктің бұтағына мініп, бұты толғандардың былайғы тірлігінен хабары шамалы қара халыққа қайдағыны көйітіп көсем шығады. Мен әлгі бурыл бастың басқа әңгімесін құлаққа ілмей жөнімді тауып жылыстай бергенмін. О, тоба! «Zonakz.net» сайтынының сейсенбі күнгі жарияланымына көз салып отырып мына бір тақырыпқа қадалыппын да қалыппын. «Казахстан: Вчера. Сегодня. Завтра». Яғни, «Қазақстан: Кеше. Бүгін. Ертең». Бірінші тарау. Авторы – Нұртай Әбіқаев. Еш қатесі жоқ тап соның өзі. Қазақстанда Нұртай Әбіқаев жалғыз. Есім сойы «Нұртай Әбіқаев» дейтіндер бір жерде жүрген де болар бәлкім, қойын құрттап айранын ұрттап. Бірақ, ең әйгілісі – осы. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев айтпақшы, кәдімгі «лауазым». Бізге мәлім Нұртай Әбіқаев тәуелсіздікпен бірге барлық мемлекеттік қызметті ата-бабасынан қалған мұрадай меншіктеп алған дара тұлға. Дұрысы, марқұм Алтекеңнің қисыны: Нұртай Әбіқаев дегеніміз - жұмыр басты пенденің аты-жөні емес, лауазым. Мемлекеттің тұтастығы мен ішкі тұрақтылығын шайқап жібере жаздаған қайдағы бір күрделі істердің басы-қасынан табыла беретін лауазым. Журналистер қыстағанда ғана үзіп- жұлып қазақ тілінде бірер сөз әрең қыстыратын қасқаң міне, енді, қазақ тарихын түгендеп салихалы ой айтуға бекініпті. «Қартайғанда кәрібоздан жорға шығыптының» кері демеске лажымыз кем. Әлде, биліктің бел суытып, білек талдырған «бейнетін» жасы құрығыр жер таянтқан соң зейнетке айырбастап жазуға отырған ба? Қалай десекте, «Қазақстаннан» кейін қос ноқатты қадап тастап тарих атты тақырыпқа қалам тартқан автордың еңбегіне әділ баға беруге тиіспіз. Бізді қойшы, кәсіби тарихшылардың өзі Әбіқаевтың мына еңбегіне еш дау айта алмасы анық.
«Қазақ этносы көшпелі тайпалардың одағынан пайда болған» деп жазады автор. Тайпалардың ғана емес, ықлым замандарда дәуірлеген мемелекеттердің екі тізгін бір шылбырын қолына ұстаған ұлыстардың бірлігінен туған десе нақтытырақ болар еді. Әйткенменде, Әбіқаевтің әлқиссасы да ақиқаттан аулақ кетпейді.
«Бұрынғы қазақ азаматының үш жұрты болған» деп жазады әріқарай тарихшы Әбіқаев. Біз толығымен автор жағындамыз.
«Көшпенді мәдениеті ұдайы қозғалыс пен рухқа құрылған» дейді авторымыз.
«Екі батыр ұрысса, жас кішісі жасы үлкенге кезегін беріп, кезенген жауына қасақайып қарап тұрған» деп толғайды және.
«Әр азаматтың жасаған ерлігіне, көрсеткен өнегесіне, ақылына, жасына қарай қоғамда лайықты орыны болған» деген авторымыз тарихышылардың дымын тақа тауысады.
«Ақындар, күйшілер, жыршылар өз елінің сондай игі жақсыларын мадақтап өнер сайысына өріс ашқан» деп автор тарихтан тағы бір тарту ұсынады.
«Дала демократиясында өмір сүрген әр азаматтың хан сайлау дәстүрінде шешуші дауысы болған. Қазіргідей ауыл ауылды аралап жәшік көтеріп жүру қайда онда?» деп алдағы жылы төріне Қазақстан барып қонжиятын ЕҚЫҰ-ға да ескерту жасап қояды.
«Ханның мал мүлкін халық таратып әкетіп, соңынан хан тақтан түскенде он есе етіп қайтарып беретін болған. Сонда хан қарақан басының қамын күйттемей халқын баққан. Ал, халық оның малын бағып, жайлы заман, жақсы ауқым тудырған ханына сыйлық жасаған» деп келіп тізгін тартқан автор, соңғы екі ғасырда езгі көрген халықтың ой санасына жарықшақ түсті, қазақ өзгенің алдында бүгежектеп өмір сүретін халге жетті, алайда, түбінде ұлттық мемлекеттің егесі болады дегенге сендіреді біздерді.
Автордың бұлай дейтін себебі, біз, журналистер, қоғамтанушылар қазақтың болмысы жайында жайдақ түсінеді екенбіз. Қазақты білмейді екенбіз. Осыдан он шақты жыл бұрын қазақ сауда десе ат тонын ала қашатын. Енді қазақ үшін сауда беделді қызметке айналыпты. Алдаңы он жылда тіпті екінің бірі қол жеткізе алмайтын мансапқа айналуы да мүмкін көрінеді. Әбіқаев осылай дейді.
Хоош, делік. Тосынан шабуыл бастаған талапкер тарихшының біз жоғарыда қысқа қайырып келтірген деректерінің бәрі күн түбіне күңірене жортқан даңқты бабаларамыздан қалған жол екен. Ақ басын асқаралы ойларға сүйеген аталардан қалған жосық екен. Сол жолды, сол жосықты бүгінгінің бір кәдесіне жарата алмай отырған соң оны Әбіқаевтардың жазуынан оқудың өзі біртүрлі әбестік секілді көрінеді екен. Тарихты тұлғалар жасап келеді. Мойындаймыз, біздің Әбіқаевта тұлға. Бүгінгі Қазастанды билеп-төстеп, білгенін жасап отырған да осылар. Қазақтың кешегі өткені ерлік пен елдіктің даңқын асырыпты. Ал, бүгіні ше? Бүгінгі заман туралы автор не айта алады? Қыз-қырқынға ала қап арқалатып дүниенің төрт бұрышына тентіретіп қоя бергені туралы айта ма? «Қазақ саудагер халық болып алды» деп бөседі авторымыз. Шындығында қазақ деген халық қазір әлемнің үлкен базарында «бөзін сатпай көзін сатқан» ұсақ бақалақшы, тараншының табанындағы жойдасыз тобырға айналды. Біз, міне, осыны жасадық деп жаза ала ма авторымыз? Бір кездегі биік өрелі, кемел парасатты ұлттың ұрпағын қалалардың маңындағы геттоларға шоғырландырып, резарвацияларға тастап аздырып тоздырып біттік деп ағынан ақтарыла ала ма авторымыз? Ен байлықты кешкен елді тұттай жалаңаш қалдырып, барын сыпырып алып сатып жібердік деп жазар ма екен авторымыз? Немесе, бүгінгі бүлік басы болып, маңайындағы елдің бәріне қауіп төндіріп тұрған Солтүстік Кореяға оқтұмсық зымырандардың қырықын бірдей асырып жібергенін мойындай қояр ма екен? Жә, бәрін тізе бересек тарихты жазуға бел буған талапкердің көңілін суытып алармыз. Беріден қайтсақ ол Өзбекстанның тергеу изоляторынан Обама мен Медведевке араша сұрап хат жазған еліміздің азаматтарының тағдырына түкіріп отырып «өздері кінәлі» деген сөзін бүгінгі тарихтың қай бетіне жазады екен? «Сұр кардиналдың» суыртпасында жатқан бүгінгі заманның шежіресі, ертеңгі тарихқа айналар уақыттың шындығы – осы. Әбіқаевтан бастап бәріміз бабалар ғұмыр кешкен даланың тарихын айтып мақтанамыз. Ендеше келер ұрпаққа да сондай мақтаныш сезімін сыйлайтын бірдеңе тастап кетуге тиіспіз ғой. Бірақ, болашақ ұрпақтың рухын асқақтатып, алапатын асыратын сөйлемдерді Әбіқаев жазып жатқан бүгінгі тарих бетінен табу қиын шығар.
«Абай-информ».