Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 3772 0 пікір 23 Қаңтар, 2018 сағат 10:01

Жетімдерді кім жебейді?

Өмірде қағажу көріп, тіршіліктің тар кепешін киіп жүрген жандар аз емес. Алайда осылардың ішінде алдарында не күтіп тұрғандығынан мүлдем хабарсыз, тек мемлекеттің қамқорлығына ғана үміт артып отырған тірі жетімдердің күйі кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Әсіресе мұндай жандарды күні ертең жігіті ер жетіп, қыздары бой жетіп қалғанда баспана бұйырмай, көшеде қаңғып қалмай ма деген сауал қай-қайсымызды да қинайтындығы сөзсіз. Өйткені көңілімізді алаңдатып отырған кей жайттар маза бермейді. Цифрларға жүгінелік. Жыл сайын Қостанайда өздеріне заң бойынша тиісті баспанаға ер жеткен жетімдердің тек 20-30-ы ғана қолы жетеді екен. Ал мұндай жеңілдікті арнаулы тізімге жылына бұдан да көп адамның қосылып отыратындығы ақиқат. Осының нәтижесінде үй-күйі жоқ жетімектердің саны өсе беретіндігін дәлелдеп жатудың өзі артық. Бүгінде облысымызда жасы 18-ге тола қоймаған жетімдердің саны 2395 адамға жетіп қалған. Олардың 2 182-сі пәтер алудың кезегінде тұр. Заң бойынша бұлардың бәрі де әлгіндей баспана алуы тиіс. Алайда олардың ішінде жоғары оқу орнын немесе колледждерді бітірген бойда пәтерге қол жететіндері некен-саяқ. Көпшілігі өздеріне тиесілі пәтерді жылдап зарыға күтетіндігі сөзсіз. Мәселен, қазір Қостанайда осындай 1843 адам өз кезегін күтіп отыр. Ал жыл сайын орта есеппен алғанда бұлардың 30-ның ғана пәтерге қолы жетеді. Енді шотқа қағып көрсек, әлгі кезекте  тұрған соңғы адам өз пәтерін тұп-тура 60 жылдан кейін алады екен. Осынша уақыт күтуге кімнің ғұмыры жетеді? Әлде осы заңның астарында өзгеше бір ой жатыр ма? Жетімдердің баспанаға деген зәрулігін қанағаттандыра алмайтын заңның кімге керегі бар?

Пәтерге зәру жетімдердің басынан кешіп отырған жайлары бір-біріне өте ұқсас. Мұңды да зарлы. Жасы қазір 24-тен асып кеткен Динара Қожахметова Арқалық қаласынан Қостанайға 16 жасында келген екен. 3 жылдай облыстық балалар үйінде тұрған. Өзгелер секілді бұған да үй кезегіне тұруға жастар үйі көмектескен көрінеді.

-Пәтер кезегіне мені 2011 жылдың аяғында қойды,-дейді ол.-Ол кезде менің жасым 19-да болатын. Жұрттың бәрі мұны ертерек істеу керек еді дейді. Рас, 2013 жылы заңға өзгеріс енгізілуіне байланысты жетім балалардың кезегін жеке етіп белгіледі. Алайда бұдан бізге келіп-кетері жоқ. Бәрібір ол тым жылжи қоймайды. Мына цифрға қарасаңыз, біраз жайтқа қанығасыз. Мен 2016 жылы үй кезегінде 652-інші едім, ал биылғы жылы 629-ын болдым.

Кезегінің бұлай жылжуынан күдер үзген Динараның бармаған жері, баспаған тауы, ашпаған есігі қалмады. Көмек бере ме деген үмітпен жоғары жаққа да талай үшбу хаттар жолданды. Қала әкімінің де қабылдауында болды. Бәрі де түсіністікпен қарағандай болады, бәрінің де жаны ашығансиды. Алайда тасбақадай жылжыған кезекті өзгертуге ешкімнің де шамасы келмейді. Осыған қарап отырғанда біздегі жетімдердің адамға да, қоғамға да қажеті жоқ, басы артық жандар санатына енгізіп қойған ба деген ой келеді.

Динара тұлдыр жетім ғана емес, ол әрі 2 топтағы мүгедек. Алайда бұл екі фактор да ештеңені өзгерте алмайды. «Пәтерді кезекпен аласың». Еститіні осы. Қайда барса да осы үш сөз алдынан шығады.

Динара пәтер жалдап тұрады. Оның ақысын құрбысы екеуі бөліп төлейді. Бұл да болса жеңілдік. Бойжеткен мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алады, сонымен бірге жұмыс та істейді. Алайда жұрт қатарлы тіршілік етуге бұл да жетпейді. Мәселен, тек пәтерақыға ғана 25 мың теңге кетеді.Тамақ та тым қымбат. Бұған енді жолақысын да қосыңыз. Сонда азғантай ғана ақшадан ештеңе де қалмайды.

-Пәтерақы төлеуден әбден шаршадым,-дейді ол.--Тапқан табысыңның көбісін бөтен біреулерге беруден асқан ауыртпалық жоқ секілді. Айлығым шайлығыма да жетпейді. Әр теңгені санайсың. Сонда да жетпейді. Жақында қалта телефоным бұзылып қалды. Оны жөндеуге де ақша жоқ. Киім-кешекті ең кемінде үш жыл киемін. Бәрібір қанша үнемдесең де ештеңеге жеткізе алмайсың.

Жетімдердің көпшілігінің тіршілігі осы Динараның көрген қиындығымен егіз қозыдай ұқсас. Алайда бұл өмірде тығырыққа тіреліп, шығатын жол таба алмай жүрген жандардың жайын естігенде жетімдердің тағдырына жаның ашымай, қабырғаң қайыспай тұра алмайсың. Бұған Қостанай түзеу мектеп-интернатының түлегі, 29 жасар Мұхтар Нұрқановтың көрмеген құқайы жоқ тіршілігі куә. Оған үй кезегіне тұруға жастар үйі де көмектеспеген көрінеді. Тиісті болса да.

-Бәріне өзім жүгірдім,-дейді ол.-Үй кезегіне де өзім тұрдым, анықтамаларды да өзім жинап, халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, тапсырдым. Бұл сонау 2011 жылы, 23 жастағы кезім. Әуелгі кезде мен жалпы кезекте 3169 болып тіркелдім, 2012 жылы 2909, 2013 жылы 3877-інші болдым. 2014 жылы бізде жеке кезекке қойды. Осының арқасында 534-інші болдым. Ал 2015 жылы 492, 2016 жылы 461-інші деген деңгейге жеттім. Былтырғы  жылғы меже 456 деген кезек.

Жетімдерді жеке кезекке қойып, бақылап отыру әрине игілікті іс. Алайда одан да бірдеңе шығады деп күтудің өзі артық. Өйткені елімізде үй салу жұмысы тым баяу жүргізіледі. Кезектің де тым сылбыр, тым баяу жүруі де солай. Тұрғын ұй құрылысының көлемі күрт өсірмей, оны еселеп арттырмайынша бұл түйіннің шешілуі қиын.

Еліміз дамыған елдердің көшінен қалмай, қайта оның озықтарының қатарынан көрінуді үлкен мақсат етіп қойып отыр. Алайда өркениеттің өресінен шығу үшін тек экономикалық көрсеткіштер аздық етеді. «Жалпы ішкі өнімнің көлемін өсіріп жатырмыз, экономикамыз өрге басып келеді» деп өтірік-шыны аралас дықпырттан келіп-кетер пайда шамалы. Өркениеттің өлшемі ол емес. Оның басты қағидасы сол мемлекет жетім-жесірлерді, мүгедектер мен қарияларын бауырға басып, қамқорлық құшағына алып отыр ма, мәселе сонда. Қандай да қоғамға баға бергенде міне осы түйіннің қалай шешіліп жатқандығына аса мән береді. Экономика қанша қарыштап өскенімен, ол елде тұратын, әншейінде өзіміз «аз қамтылған» деп көлгірситін, болашағы бұлдыр, қазіргісі тұлдыр жандар ертеңгі күніне үмітпен қарайтындай жағдайға жетпесек, бәрі де көбік уәде күйінде қала бермек.

Жетімдерін қоғамның өзге де аз қамтылған емес, молынан қамтылған жандардың қатарынан көрмесек, оларға мынадай қамқорлық жасап жатырмыз деп айтудың өзі ұят. Біле білген жандарға олардың жетім болып қалып, өмірден тепкі көріп жүргендігіне де қоғамның өзі кінәлі. Ендеше,ең болмаса сондай қамкөңіл жандарды лайықты баспанамен қамтамасыз ету—сол мемлекеттің тікелей парызы. Ал оларды 60 жыл бойы үй кезегінде көз жасын мөлтілдетіп күткізіп қою қылмыс демесек де, соған жақындау ұғым демеске лажымыз жоқ.

P.S. Айтпақшы мен өз басым біздің қалталылар мен байлардың тізімен жасайтын журналдан түспейтін бизнесменнің бірінің жетімдерге пәтер сыйлапты деген жанға шипа боларлық жақсы жаңалықты ести алмаппын. Әлде мен байқамадым ба екен?

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395