Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6009 0 пікір 8 Қаңтар, 2011 сағат 08:45

Бабаш Әбілқасымов. Шоқан мен Шаһмардан және «Түркістан уәлаяты» газеті

Биыл қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы, дүниежүзіне аты мәшһүр жиһанкез Шоқан Уәлихановтың туғанына - 175 жыл, оның кіші тұстасы, идеялас серігі Шаһмардан Ибрагимов­тің туғанына - 170 жыл, ол шығарған алғашқы қазақ тіліндегі «Түркістан уәлаяты газетіне» 140 жыл толып отыр. Бұл үш датаны қатар әңгімелеуіміздің негізгі себебі - олардың бір-бірімен тығыз байланыстылығы.
Шоқан туралы, оның ғылыми мұрасы жайында жазылған еңбектер аз емес, әлі де жазылып жатыр. Ал алғашқы қазақ газеті мен оның шығарушысы Шаһмардан туралы әр жылдары ғылыми жинақтарда жарық көрген бірен-саран мақалалар болмаса, жалпы қалың оқырманға арналған еңбектер кемде-кем. Сондықтан олардың айтулы даталарын пайдаланып, негізінен, аталмыш газет пен оның редакторы Ш.М.Ибрагимов туралы және Шаһмарданның Шоқанмен арақатынасы жайында өз білетінімізді тілге тиек етуді жөн көрдік.
Ең алдымен, сөз еткелі отырған мәселеге баруымыздың тарихына қысқаша тоқтала кетейік.Қазақ КСР Ғылым академиясы құрамындағы Тіл білімі инс­титуты өз алдына шаңырақ көтерген 1961 жылы институтқа аспирант болып қабылданғаннан кейін болашақ жазар диссертациямның тақырыбы сөз болғанда, институт директоры, академик Ісмет Кеңесбаев менің тіл тарихы саласы бойынша алынғанымды, өз ойлап жүрген тақырыбым - «Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тілі» екендігін білгеннен кейін менің ойыма келмеген екі ұсыныс жасады.

Биыл қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы, дүниежүзіне аты мәшһүр жиһанкез Шоқан Уәлихановтың туғанына - 175 жыл, оның кіші тұстасы, идеялас серігі Шаһмардан Ибрагимов­тің туғанына - 170 жыл, ол шығарған алғашқы қазақ тіліндегі «Түркістан уәлаяты газетіне» 140 жыл толып отыр. Бұл үш датаны қатар әңгімелеуіміздің негізгі себебі - олардың бір-бірімен тығыз байланыстылығы.
Шоқан туралы, оның ғылыми мұрасы жайында жазылған еңбектер аз емес, әлі де жазылып жатыр. Ал алғашқы қазақ газеті мен оның шығарушысы Шаһмардан туралы әр жылдары ғылыми жинақтарда жарық көрген бірен-саран мақалалар болмаса, жалпы қалың оқырманға арналған еңбектер кемде-кем. Сондықтан олардың айтулы даталарын пайдаланып, негізінен, аталмыш газет пен оның редакторы Ш.М.Ибрагимов туралы және Шаһмарданның Шоқанмен арақатынасы жайында өз білетінімізді тілге тиек етуді жөн көрдік.
Ең алдымен, сөз еткелі отырған мәселеге баруымыздың тарихына қысқаша тоқтала кетейік.Қазақ КСР Ғылым академиясы құрамындағы Тіл білімі инс­титуты өз алдына шаңырақ көтерген 1961 жылы институтқа аспирант болып қабылданғаннан кейін болашақ жазар диссертациямның тақырыбы сөз болғанда, институт директоры, академик Ісмет Кеңесбаев менің тіл тарихы саласы бойынша алынғанымды, өз ойлап жүрген тақырыбым - «Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тілі» екендігін білгеннен кейін менің ойыма келмеген екі ұсыныс жасады.

Біріншіден, маған тақырып етіп алғашқы, қазақ тіліндегі газет «Дала уәлаятының» тілін зерттеуді дұрыс көретінін айтса, екіншіден, ғылыми жетекшім ретінде Қырғыз КСР ҒА-ның академигі, белгілі түркітанушы-ғалым И.А.Батмановты ұсынды. Шынымды айтсам, бұл айтқандары көңіліме қонған жоқ, өйткені аталған газетті де, И.А.Батмановты да бірінші рет естіп отырмын. Бірақ ол кісіге қарсы шыға алмадым. Сөйтіп, мен баспасөз тілінің зерттеушісі болуыма тура келді.
Уақытында диссертациямды қорғап болған кезде мен тілін зерттеген «Дала уә­лаятының газеті» қазақ тіліндегі алғашқы газет еместігі, одан бұрын да қазақ тілінде газет шыққаны туралы ақпарат тарады. Енді менің сол газетті тауып, оның тіл ерекшелігін зерттеуім керек болды. Ол газет тігінді­сін іздеп жүріп, Петербургтегі Салтыков-Щедрин атындағы кітапхана қорынан таптым.
1868-69 жылдардағы қыр облыстарын басқару жөніндегі уақытша ережелерге сәйкес бұл тұста Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторға бағынды. Орал және Торғай облыстары Орынбор генерал-губернаторына, Ақмола және Семей облыс­тары Батыс Сібір генерал-губернаторына, ал Жетісу және Сырдария облыстары Түркістан генерал-губернаторына бағынышты болды. Міне, аталған газет 1870 жылы Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның ұсынысымен орыс, өзбек және қазақ тілдерінде, орысшасы «Туркестанские ведомости», өзбек, қазақ тілдеріндегісі соған қосымша ретінде «Түркістан уәлаятының газеті» деген атпен 13 жыл бойына Ташкенде шығып тұрған екен.
Газеттің бірінші нөмірінде басылған «мәлімнамада»: «Түркістан генерал-губер­наторының бұйрығы бойынша үшбу айдан басталып Түркістан газеті шығады. Осы газеттерде жұртқа мәлім болмақ үшін генерал-губернатордың әртүрлі бұйрығы жазылар және жаңа хабарлар, сауда тақырыпты жазылар және Ташкентте уа өзге шаһарларда болған әртүрлі сөздер уа хабарлар жазылар. Бұл газет орысшадан басқа сартша қазақтарға керектісі қазақша болып жазылар» делінген.
Алғашқы хабарламада «Түркістан ведомстволарына» қосымша және оның аудармасы ретінде шығады делінгенімен, көп ұзамай-ақ ол өз алдына жеке газет ретінде шығып тұрғанын көреміз.
Оны кейіннен «Түркістан уәлаяты газетінің» өзбекше басылымының редакторы болған, белгілі шығыстанушы Н.П.Остроумовтың мына сөзі де дәлелдей алады: «Аталған «Қосымша» («Түркістан уәлаяты газетін» айтып отыр. - Б.Ә.) «Түркістан ведомстволарының» редакциясына қаражат жағынан болмаса, басқа ешқандай қатысы болған жоқ. Осы жағдайда ол 13 жыл бойы, 1883 жылға дейін шығып тұрды. Газеттің шығарушысы - басында генерал-губернатордың тілмашы Ибрагимов, ал кейін генерал-губернатор канцеляриясының тілмашы Чанышев болды... 1883 жылдың басынан бастап Түркістан генерал-губернаторы генерал-лейтенант Черняевтің бұйрығымен газет редакциясын басқару маған тапсырылды. Сонымен бірге оны қырғыз (қазақ - Б.Ә.) тілінде шығару тоқтатылып, ол сарт (өзбек - Б.Ә.) тілінде жұмасына бір рет шығатын шағын газетке айналады» (Остроумов Н.П. Сарты. Ташкент, 1890. С. 127).
Газеттің айына 4 нөмірі (екеуі қазақша, екеуі өзбекше) шығып тұруы жоспарланған, негізінен, бұл тәртіп сақталған.
Генерал-губернатордың бұйрығымен газетті өзбек, қазақ тілдерінде шығару өзінің тілмашы Шаһмардан Мирясович Ибрагимовке тапсырылады және оны шығару үшін айына 150 сом қаржы бөлінеді.
Газет Қазақстанның түкпір-түкпірінен (Ақмоладан, Алматыдан, Көкшетаудан, Семейден, Ішкі Ордадан, Шымкенттен, Әулиеатадан, Орынбордан, Троицкіден, Петербургтен) хабарлар басып тұрған және осы қалалардан газетті алдырып оқушылар да болған. Мәселен, газеттің 1877 жылғы 3-нөмірінде Семей қаласының тұрғыны Сүлеймен дегеннің редакцияға жолдаған хаты басылған. Ол өзінің хатында: «Жақында бір үлкен жиын болып еді, бұл жиында сіздің газетті оқыдық. Көңілімізге жақты... Сіздің газетті шешен молдамыз қолына алып, өзіміздің қазақ тілінде оқып жіберген соң, біз сол жерде жиылып отырып, біз қазақты бір жұрт біліп, біздің тілімізде газет бастырғаны үшін генерал-губернатор Кауфманға тәңірі жарылқасын айттық» деп жазады. Бұдан біз, біріншіден, ұлттық баспасөздің халыққа қандай әсері болғанын байқасақ, екіншіден, оның тілінің таза халықтық болғанын да аңғарамыз.
Газеттің дәл тиражы бізге мәлім емес. Тек газеттің 1877 жылғы 6-нөмірінде оның өзбек тіліндегісін - 440, қазақ тіліндегісін 240 адам жаздырып алатындығы хабарланыпты. Бұл, әрине, аз. Асылында, бұрын-соңды газетке жазылу дегенді көрмек түгіл, естімеген, жаппай сауатсыз халыққа бұл жағдай тосын құбылыс болғанға ұқсайды. Сол себептен де редакция оқтын-оқтын газетке жазылу туралы хабарлама жариялап отырған.
Сондай хабарламаның біреуінде былай деп жазылыпты: «Түркістан генерал-губернаторының бұйрұғы бойынша Ташкенд шаһарында Түркістан газеті чығады // газет алұб тұрмақды тілеген адам бір жылға екі сом отұз тиін төлейді // ақчаларын Түркістан га­зетінің атына Ташкендке почта мынан жі­берсүн // қай шаһарда да болмаса қай бо­­лұсда, қай аулылда кімге жеткүзүб беруіні қат­қа анұқ қылұб жазсұн» (1870, 12 IX, № 3).
Газет өзінің үкімет бекітіп берген бағдарламасы бойынша жергілікті халықтарға қатысты Түркістан генерал-губернаторы мен облыстық әскери губер­наторлардың бұйрықтарын, сот орындарының шешімдерін, сауда хабарларын, жергілікті халықты қызықтыратын Ресей және басқа мемлекеттердің өмірінде кездесетін кейбір оқиғаларды, шаруашылық жаңалықтарын кеңінен жазып отырды. Алайда газет жүре келе бұл бағдарламадан едәуір тысқары шығып, қазақ халқының мәдениетіне, тарихына, әдебиетіне қатысты материалдарды да жиі жариялап отырғанын көреміз. Газет бетінен біз әртүрлі сауда, шаруашылық хабарларымен қатар, халыққа пайдалы медициналық, ветеринарлық кеңестерді, жаратылыс құбылыстарын (күн тұтылу, жер сілкіну, жаңбыр мен тұман, найзағай, т.б.) ғылыми негізде түсіндіруге арналған мақалаларды, шармен аспанға ұшу, Магеллан саяхаты, телеграф арқылы сөйлесу сияқты ғылым мен техника жаңалықтарын оқи аламыз. Қазақ жеріндегі отаршылдық езуге қарсы шыққан 1869 жылғы Орынбор қазақтарының, 1870 жылғы Маңғыстау қазақтарының, сондай-ақ Іле бойындағы көтерілістер жайында мақалалар басылған. Сонымен қатар газетте қазақ арасындағы ел басқару жайы, жаңадан ашылған мектеп, медресе, салына бастаған теміржол құрылысы; почта байланысы сияқты мәселелер жиі сөз болады. «Мың бір түн» ертегісі, орыс-түрік соғысы туралы хабар, Бабажанов Қожасалық жинап бастырған қазақ мақалдары газеттің бірнеше нөміріне басылған.
Газет бетінен ағартушылық идеяны насихаттайтын мақалаларға кең орын берілген. Шоқан Уәлиханов пен оның зираты туралы алғашқы деректерді осы газет бетінен кездестіреміз. Газеттің 1870 жылғы 3-нөмірінде басылған мақалада Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның Шо­қан­ның Алтынемелдегі моласын барып көргендігі, оның халқына абыройлы, үлкен ғалым екендігі, моласының күйдірген кірпіштен жасалса да, бұзыла бастағаны, ал ағаш есікке жазылған сөздер мүлдем өшіп кеткені, сондықтан Кауфманның Шоқан басына қоятын құлпытасты Алматыдағы ұстаға тез уақытта жасауға бұйрық бергені жазылған.
Газетте қазақтың ұлттық ойындары, жұмбақ айтысуы сияқты дәстүрлері сөз болып, қазақтың Мәделіқожа, Орынбай, Досанбай сияқты ақындарының өлеңдері мен қарақалпақ ақыны Әжнияз бен Меңеш қыздың айтысы басылған.
Газет қазақ тілі жөнінен әдейі мақала жарияламағанымен, оның бетінен қазақ тілін таза сақтауға шақырған, өзбек, татар сөздерін араластырып өлең шығарған, кітап жазған адамдарды сынаған мақалалар­ды кездестіруге болады.
Мәселен, газеттің 1876 жылғы 29-нөмірінде Қазанда басылған «Қожа Ғафан уа һәм Сәдуақас» деген қиссаның тілі сөз болады. Бұл кітаптың «Қазақша делінгенімен сөзінің көбі ноғайша» екенін айтып, мысалдар келтіреді. «Тал» деп жазатұғын жерге «дал» деп, «молда» дегеннің орнына «молла», «депті» дегенге «тибті» деп жазылған. Немесе «Басыра деген шаһарда жамағатлар бір үлкен дәулетлі бай болған екенләр» деп қазақ айтпайды, - деп көрсетеді автор. «Тегі, қазақ тілінде жазылғаны рас, көшіргенде бір ноғайдың қолына түсіп, со ноғай бұзып, ноғайша қылып жазып шығарған деп ойлаймыз. Ноғай болғанда да, Қазан ноғайының тіліне ұқсамайды, Тобыл ноғайының тіліне келіңкірейді» деп қорытады. Ақыр аяғында «бұл қиссаны оқыған адам қазақ тілі осы деп ойласа керек, қазақ тілі қандай жарасып, бір-біріне жабысып тұрғанын білгіңіз келсе, бір-екі сөз жазалық», - деп Орынбай ақынның өлеңінен үзінді береді.
Енді бір мақалада (1878, №3) газетке жіберген бір өлең туралы «бұл өлең тәуір жазылған болса да, ішінде қазақ түсіне алмайтұғын сарттың тілімынан жазған сөзі көб екен. Біз қолымыздан келгенше біраз «айғай» деген сөздің орнына «шаухұм» деп жазған сөздеріндей тілін түзетіп, өлеңшінің сұрауы бойынша газетімізге басып шығардық», - деп жазады. Мақала авторы: «Осы күнде қазақтың өлеңшілері қазақ тілін қойып, сарттың тілін қосып өлең шығаратұғын болыпты. Сөйтіп, қазақтың өз тілімынан жазылмаған өлеңі қазақ өлеңіне ұқсап, бір-біріне ұқсасып, қызық болмайды», - деп қынжылады.
Бұл пікірлерге қарағанда және газет тіліне лингвистикалық талдау жасағанда, газет редакциясының шамалары келгенше оны таза қазақ тілінде шығаруға тырысқанын көреміз. Шынында да, газет тілі одан 18 жыл кейін шыққан «Дала уәлаяты газетінің» тілінен әлдеқайда таза, түркі әдеби тілі әсері мүлдем аз деуге болады. Оның себебін, ең алдымен, газетті қазақша шығарушы Шаһмардан Ибрагимовтің ерекше сіңірген еңбегінен деп бағалауымыз керек. Өйткені газеттің соңғы жылдарында, атап айтсақ, Ибрагимовтердің кетіп, редактор болып Чанышевтің бекітілуімен байланысты оның тіліне татар тілі элементі кіре бастағанын көреміз. Жалпы алғанда, «Түркістан уәлаяты газетінің» тілі сол кездегі қазақтың ауызекі сөйлеу тіліне өте жақын.
Белгілі шығыс зерттеушісі Н.П.Ос­т­роумов «Түркістан уәлаятының газетін» өз кезінде бірінші Петр шығартқан «Ведомстволармен» салыстырып, ол Ресей үшін қандай рөл атқарған болса, Орта Азия халықтарының мәдени өмірінде «Түркістан уәлаятының газеті» де сондай рөл атқарды деген тұжырым жасаған (Остроумов Н.П. Сарты. Ташкент, 1890. С. 127).
Шындығында да, ана тіліміздегі алғашқы газеттің қазақ халқын орыс, қала берді, Батыс Еуропа мәдениетіне жақындастыруда, оны прогреске бастауда елеулі рөл атқарғаны күмәнсіз. Газеттің қазақтың сөйлеу тілінің жазба әдеби тілге айналу үрдісінде де сіңірген қызметі ұшан-теңіз.
Енді Ибрагимовтердің кім екендігі және олардың туыстық қатынасы, қайсысы қандай жұмыс атқарды деген мәселелерге тоқталайық. Өйткені бұл туралы зерттеуші­лер арасында түрлі пікірлер көп.
Жалпы, революция алдындағы ресми ісқағаздары мен баспасөзде фамилияға қоса өз аты мен әкесінің атын, тіпті инициалын жазу тәжірибесі өте сирек кездеседі. Ибрагимовтер туралы материалдарда да көп жағдайда тек «Ибрагимов» деген жалғыз фамилия ғана кездеседі. Әңгіме болып отырған Ибрагимовтердің инициалдары да «Ш.М.» болғандықтан (бірі - Шаһмардан Мирясович, екіншісі - Шаһмұрат Миря­сович), бірін-біріне шатастыру жиі ұшыраған. Сондықтан бірін екіншісінен айыру үшін немесе айтуға жеңіл болу үшін сол тұстағы орысша әдебиеттерде олардың біріне И.И. (Иван Иванович), екіншісіне И.Ф. (Иван Федорович) деген инициал қосу дерегі де болған. Оның үстіне ағайынды Ибрагимовтердің өмірбаяндары да тым ұқсас болып келеді. Екеуі де кадет корпусында оқып, оны бітірмей тастап кеткен, екеуі де Түркістан генерал-губернаторының қоластында тілмаштық қызмет атқарған, екеуі де әр кез «Түркістан уәлаяты газетінің» редакторлық қызметінде болған. Құжаттарды салыстыра отырып, Ибрагимовтердің көптеген құжаттарда аты-жөндерінің толық жазылмауы немесе кейде орысша инициал қойылуы да зерттеушілер­ді әбден шатастырып болғанға ұқсайды. Та­тар зерттеушісі А.Г.Каримуллин 1871 ж. шық­қан «У истоков татарской книги» деген кітабын­да «Қосымшаның» («Түркістан уәлаяты газетін» айтып отыр - Б.Ә.) өзбек, қазақ тілдерін­дегі алғашқы редакторы Ш.Ибрагимовтің әкесі И.Ибрагимов болған» дегенді айтады. Бұл пікір «Түркістан ведомстволарында» 1881 ж. 10 ақпанда жарияланған Шаһ­мұрат Ибрагимов туралы некрологтың не­гізінде айтылып отыр. Онда «Шаһмұрат И.И.Иб­рагимов жоқта «Түркістан уәлаяты газетін» редакциялайды» деп жазылған. Бұл арада газеттің И.Ибрагимов деп отырғаны - Шаһмардан Ибрагимов. Бұл жаңсақтық Шоқан Уәлихановтың 1986 жылы жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағында да орын алған. Онда Шаһмардан да, Шаһмұрат та емес, «Ибрагимов Ишмурат Мирасович» деп берілген. Таңғалдыратын жай - екеуінің жоғарыда сөз болған анкеталарының о бастан шатастырылып толтырылуы. Бұл жағдай өздерінің көздерінің тірісінде де анықталмай, біраз қиындықтар келтіргенге ұқсайды, өйткені 1882 жылы Шаһмардан отставкаға шығар тұста генерал-губернатор кеңсесінің Ибрагимовтер жұмыс істеген жергілікті жерлерден олардың қайсысы қай жұмыста болғанын анықтайтын қосымша құжаттар сұратқан жеделхаттардың кө­шір­мелері Өзбек КСР-і Мемлекеттік мұрағатында сақталған.
Революцияға дейінгі қазақ баспасөзі тілін зерттеу үстінде бұрыннан белгілі деректерге қосымша Өзбек КСР-і Мемлекеттік мұрағатында, Мәскеудегі Сыртқы істер ми­нистрлігінің мұрағатында сақталған жоғарыдағы мәселелерге қатысты құжат­тармен толығырақ танысуымызға мүмкіндік туды. Соларды пайдалана отырып, ағайынды Ибрагимовтер жайындағы өз пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік.
Бірінші дерек - Шаһмұраттың 1881 жылы қайтыс болуымен байланысты «Туркестанские ведомости», «Түркістан уәлаяты газеттерінде» жарияланған мынақыптар (қазанамалар). Алғашқы газеттің 1881 жылғы 10 ақпандағы нөмірінде «3 ақпанда Ташкент қаласында надворный советник Федорович (Шагимурат Мирясович) Ибрагимовтің қайтыс болғаны» хабарланып, оның Ташкенттегі қызметінің 1870 жылы облыстық басқармада аудармашылықтан басталғаны, И.И.Ибрагимов жоқта оның орнына «Түркістан уәлаяты газетінің» редакторы қызметін атқарғаны, ақырында 1879 ж. Түркістан генерал-губернаторы басқармасы жанындағы өзбек, қазақ, парсы тілдері бойынша аудармашылыққа бекітілгені жазылған. Мақала авторы - «Туркестанские ведомости» газетінің редакторы Н.Маев. Оның бұл газеттің ашылуынан бастап редактор екенін және «Түркістан уәлаяты газетінің» о баста жоғарыдағы газетке «қосымша» болып шыққанын ескерсек, Н.Маевтың Ибрагимовтермен жақсы таныс болғанына күмән келтіруге болмайды, сондықтан оның Ибрагимовтерді бірін-біріне шатастыруы мүмкін емес.
Ибрагимовтердің өздері кезектесіп редактор болған «Түркістан уәлаяты газетінің» сол жылғы 21 ақпанындағы нөміріндегі мынақыпта былай делінген (Газетке шы­ғарушы ретінде Шаһмардан қол қойған): «Түркістан генерал-губернаторының тілмашы Шахмұрад Мирас баласы Ибрагимов бір ай науқас болыб жатыб үчінчі февралда дүниеден көшті. Шаһмұрад көб жақсы тура адам еді, жасы қырық үшке жаңа келіп еді».
Бұл мақалалар Шаһмұраттың Ташкентке 1870 ж. келгенін, «Түркістан уәлаяты газетін» інісі жоқ кездерде ғана редакциялағанын, 1879 жылдан генерал-губернатор тілмашы қызметіне бекітілгенін айғақтайды. Сонда қазақ халқы жайлы этнографиялық мақалалар жазған, Шоқанның досы болған, әртүрлі дипломатиялық жұмыстар атқарған және «Түркістан уәлаяты газетінің» негізгі редакторы болған, алғашқы формулярда көрсетілгендей, Шаһмұрат емес, оның інісі Шаһмардан болып шығады.
Келесі бір көңіл аударатын дерек, Ибрагимовтердің отбасылық жағдайымен байланысты. Жоғарыда Е.Масанов келтір­ген, 1869 жылғы Шаһмарданға толтырылған формулярда оның әйелі (Чанышевтің қызы Омыгүл Османдиярова), 3 баласы болғаны жазылған, ал, керісінше, 1863 жылы Шаһ­мұратқа толтырылған формулярда ол бойдақ деп көрсетілген. Өзбек КСР-нің Мемлекеттік мұрағатында Ибрагимовтің қызы Бибірәбиға Арсланованың (күйеуінің фамилиясында) «Әкем Шаһмұрат Ибрагимов генерал фон Кауфманның қарамағындағы аудармашы болып, немере ағам Ибрагимов Шаһмар­дан дипломатиялық қызмет атқарған» дей келіп, солардың послужной списоктерінен көшірме беруді сұрайды (І қор, 28-тіркеу, 1366-іс). Бұдан да біз Ибрагимовтердің балалары болғаны - Шаһмұрат та, баласы жоғы - Шаһмардан екенін көреміз. Сол мұрағатта сақталған тағы бір құжатта, яғни Шаһмардан Ибрагимовтің зейнеткерлікке шығуымен байланысты 1881 жылдың ая­ғында (ағасы Шаһмұрат қайтыс болғаннан кейін) Г.А.Колпаковский атына жазған өтінішінде: «Маған тағайындалған пенсия (жылына 500 сом) менің жеке басым үшін аздық етпеген болар еді, бірақ бұл сома ағамнан менің қамқорлығымда қалған үлкен отбасын асырауым үшін тіпті де жеткіліксіз» деп көрсетеді. Бұған қарағанда да, Шаһмарданның өз отбасы болмағанын, айтып отырғаны - ағасы Шаһмұраттың отбасы екенін байқау қиын емес. Сол істегі Ибрагимовтің аттестатында: «Ибрагимов (Шаһмарданды айтып отыр. - Б.Ә.)» 1840 жылы дворян отбасында туған, Сібір кадет корпусында оқып, анасының сұрауымен бітірмей кеткен. Қасымов саудагері Яхия Бакиевтің қызы Ғайникамалға үйленіп, 1880 жылы одан ажырасқан, баласы жоқ», - деп жазылған (Өзбек КСР Мемлекет мұрағаты. 1-тізім, 2171-іс).
Сонда әйелі мен 3 баласы бар Шаһ­мардан болмай, Шаһмұрат болып шығады. Шаһмұраттың әйелі - Омыгүл де, Шаһ­марданның әйелі - Ғайникамал болады. Бұл дерек те алғашқы формулярдың қате толтырылғанын байқатса керек.
Ибрагимовтердің туған жері, ұлты жа­йында қызмет бабы тізімінде де, тағы басқа ресми құжаттарда де айтылмайды. Бір ғана құжатта (Ибрагимовтің 1868 ж. толтырылған формуляр тізімде) «Орынбор губерниясындағы әскери дворян отбасынан» деп жазылған. Олардың ұлты туралы әр зерттеуші әртүрлі пікір айтып жүр. 1878 жылы Орыс география қоғамының жазбаларының VIII томында көзі тірісінде жарияланған Ш.М.Ибрагимовтің «Қырғыз соты жайын­да заметка» деген мақаласына жазған ре­дактордың ескертпесінде оны «Түркістан генерал-губернаторының тілмашы, білімді башқыр» деп таныстырады. Ал 1912 ж. шыққан А.И.Добросмысловтың «Ташкент­тің өткені мен бүгінгісі» аталатын кітабын­да «Түркістан уәлаяты газетінің» алғашқы редакторы болып 1870 жылғы 1 апрельде татар, генерал-губернатордың тілмашы, то­лық стат кеңесшісі Шагимұрад Мирясович Ибрагимов... тағайындалды деп көрсетілген. Міне, осы кітапқа сүйеніп, одан кейінгі зерт­теушілер (Т.Ерназаров, А.Г.Каримуллин т.б.) Ибрагимовтердің «ұлты - татар» деп жазады. Ибрагимовтер жайында көп мұрағат деректерін жиған Е.А.Масанов жоғарыда аталған мақаласында проф. М.И.Фетисовтің «Қазақ публицистикасының тууы» (1961) деген кітабындағы «Ибрагимовтің ұлты - қазақ» дегеніне қарсы шыға отырып, оны башқыр деп сенімді түрде жазған еді.
Біздіңше де, Ибрагимовтердің башқыр екені дұрысқа келетін тәрізді. Өйткені олардың өз көздері тірісінде жарық көр­ген мақаланың алғысөзі ретіндегі редактор ескертпесіне сенбеске дәлеліміз жоқ. Ал А.И.Добросмысловтың Ибрагимовтер қайтыс болғаннан 20-30 жылдай кейін шық­қан кітабына келсек, онда автор Иб­рагимовтердің ұлты жөнінен жаңсақтық жіберуі әбден мүмкін ғой деп ойлаймыз.
Шаһмұраттың туған жылы жөнінде де жаңсақтық кеткен сияқты. Өйткені жо­ғарыда сөз болған «Түркістан уәлаяты га­зетінде» жарияланған қазанамада оның қайтыс болғанда жасының 43-те екені көр­сетілген. Бұған қарағанда, ол алғашқы формулярдағыдай, 1841 жылы туған болмай, 1838 жылы туғанға ұқсайды, онда ол Шаһмарданнан 2-3 жас үлкен болады. Бұл деректің қисынды жері бар. Егер Шаһмұрат 1941 жылы туған болса, 1854 жылы оқуды тастап, полицияға жұмысқа кіргенде небәрі 13-14 жастағы бала болады, ол жаста ондай жауапты жұмысқа алынуы екіталай. Ал Шаһмарданға келсек, ол кейінгі құжаттарда көрсетілгендей, 1840 жылы туған болса, 1856 жылы 16 жасында сұлтанға хатшы болуы әбден мүмкін деп ойлаймыз.
Енді газеттің редакторлығында қайсысы қандай еңбек етті дегенге келейік. Өйткені бұл жөнінде де зерттеушілер арасында әртүрлі пікір бар. «Түркістан уәлаяты газетінің» қазақша нөмірлерін түгел парақ­тап шыққандағы байқағанымыз, газеттің алғашқы екі жылында редактор ретінде қол қойылмаған, тек «газет шығарушылар» делінген, тек 1872 жылдың 12-нөмірінен бас­тап «газет шығарушы Шаһмардан Ибрагимов» деп қол қоя бастаған. Ал 1873 жылы 27 ақпаннан бастап Шаһмардан Ибрагимовтің Хиуа, 1875 жылы Қоқан хандығына қарсы жорықтарға тілмаш ретінде қатысуын, сондай-ақ генерал-губернатор фон Кауф­манның әртүрлі іссапарларында оған аудармашы ретінде еруіне байланысты Ташкентте болмауын ескерген жөн. 1876 жылдың 15-нөмірінен бастап қайтадан Шаһмардан Ибрагимов қол қояды.
Қорыта айтқанда, 12 жылдай шығып тұрған газеттің 9 жылдан астам уақытында оны редакциялаған Шаһмардан Ибрагимов болды деп айтуға толық негіз бар.
Жоғарыдағы деректерді айқындай түсетін ең негізгі құжат - Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақталған «действительный статский советник Ибрагимовтің послужной списогі». Бұл құжат Шаһмарданның Жиддеге консулдық қызметке жіберілуіне байланысты 1890 жылдың 26 маусымында Шаһмарданның өз қолымен толтырылған.
Бірақ, бір қызығы, мұнда да сыртына «Шагимурад Мирясович Ибрагимов» деп жазылып, «Шагимурадтан» кейін жақша ішінде «Шагимардан» деп жазылған.
Әрине, Шаһмұраттың 1881 жылы қай­тыс болғанын ескерсек, мұның, сөз жоқ, Шаһмардан екені күмәнсіз. Олай болса, сол құжаттағы деректерді келтірейік.
Ибрагимов Шаһмардан Мирясович дворян семьясында 1840 жылы туған, әйелі Қасымов көпесі Яхия Бақиевтің қызы Ғайникамалдан 1880 жылы ажырасқан, баласы жоқ, бірнеше орден, медальдардың иегері. Одан әрі Ш.М.Ибрагимовтің істеген жұмыстары саналған. Сібір кадет корпусында оқып, отбасы жағдайына байланысты оқудан шығып кеткен (бұл арада жылы көрсетілмеген). 1856 жылы Көкшетау округтік приказында сұлтанның хатшысы (письмоводитель) болып тағайындалады. 1863-67 жылдары Омбы қазақ мектебінде қазақ тілінен сабақ береді. 1865 жылғы июль-декабрь айларында қазақтарды басқарудың болашақ жобасын дайындау мақсатында ел арасына шыққан комиссияның құрамында болады.
1867 жылы Түркістан генерал-губер­наторы фон Кауфманның бұйрығымен губернатор мекемесінің парсы және татар тілдері бойынша тілмашы болып тағайындалады. 1868 жылы патша әске­рі­нің Бұхар хандығына қарсы шабуылына қатысып, кезекті шен, награда алады. 1870 жылы генерал-губернатордың бұй­рығымен Ш.М.Ибрагимовке «Түркістан ве­домстволарының» өзбек, қазақ тілдерінде­гі қосымшасының, яғни «Түркістан уәлаяты газетінің» редакторлығы тапсырылады. Арада аздаған үзілістерін (іссапарда болған кезерін) қоспағанда, бұл жұмысты ол 1881 жылдың аяғына дейін атқарады. 1882 жылдан 1884 жылға дейін екі жыл (М.Г.Черняевтің генерал-губернатор болған жылдары) отс­тав­када болады.
1884 жылы Ш.М.Ибрагимов Түркістан генерал-губернаторының қарамағына қайта шақырылып, әртүрлі дипломатиялық тапсырмалар орындайды.
1890 жылы Сыртқы істер министрлігінің қарамағына алынып, сол жылдың аяғында Сауд Арабиясындағы Жидде қаласына кон­сулдық қызметке жіберіледі. Сол жерде 1891 жылы холера ауруынан қайтыс болады.
Шаһмардан Ибрагимов өз заманының білімді, асқан талантты қайраткері болған. Ұзақ жылдар жергілікті орыс әкімшілігінің қоластында қызмет етсе де, идеялық жағынан Шоқан Уәлихановпен үндес прогрестік пікірде болған адам.
Ибрагимов туралы пікірін сұраған Обер-прокурор Победеносцевке 1885 жылы жазған хатында белгілі миссионер ғалым, түрколог Н.И.Ильминский құпия түрде төмендегі­дей мінездеме береді:
«Ибрагимов өткен жылы Петербургтен Қазан арқылы Ташкенге қайтып бара жатқан жолында маған кіріп, ілтифат көрсетіп еді. Азия тілдерінің аса білгірі, іскер дипломат ретінде марқұм К.П.Кауфманның сеніміне ие болғанын бұрын да естіп едім. Черняевтің тұсында өлкеден кетіп, генерал Розенбахтың келуімен байланысты Орта Азияға қайта оралған. Оның адамгершілік жағы мен саяси бағыты жайында ешкімнен ештеме естіген емен. Ол біршама бойшаң, сымбатты, жұқа өңді, мәдениетті, жанып тұрған адам деуге болады. Бұған действительный статский советник шенін қосыңыз. Батыл, шешен, қызу сөйлейді. Біздің қолапайсыз дін қызметкерлерінен жүрексінуі мүмкін. Ол да ештеңе емес-ау, бір қорқатын нәрсе мынау: Түркістан өлкелік басқармасында ұзақ жылдар қызмет ете жүріп, ақылды және зерделі адам ретінде мұсылман елдерінің халықтары мен үкіметтерінің егжей-тегжейін өте жақсы біліп алған тәрізді, тіпті бүкіл дүниежүзіндегі мұсылман әлемінің барлық тынысын өзінің бес саусағындай көріп, білсе керек. Ресейдегі, Орта Азиядағы, Индиядағы және қазақ даласындағы көптеген адамдармен жүзбе-жүз таныс. Жаман айтпай, жақсы жоқ, алда-жалда оның ойына панмұсылмандық идея кіре қалса, оны жүзеге асыруға жетерлік білімі де, одан өзге рухани құралдары да өз бойынан табылары хақ. Сонымен бірге орысша тамаша сөйлей білетіндігімен, прогресшіл, тіпті қажет десе либералшыл идеяларымен, сұңғыла ақсүйектік тәлім-тәрбиесімен, өзін кімнің алдында болсын еркін де батыл, бірақ мейлінше инабатты ұстай білетіндігімен біздің мырзаларымыз бен жоғары мәртебелі басқарма қызметкерлерінің аузын аштырып, көзін жұмдырып кете алатыны сөзсіз» (Н.И.Ильминскийдің хатта­ры, Қазан, 1885, 176-177 бб.).
Одан ары Н.И.Ильминский өз хатында Шаһмарданның өзі басқаратын миссионерлік жұмысқа тартуға келмейтінін, ондай іске бұндай адам емес, «орысша екі сөздің басын құрай алмай, кез келген стол басшысының алдында қызарып тұратын адам» керек екенін айтады.
Бұған қарағанда, Шаһмарданның бұра­тана халықтарды христиан дініне кіргізу, жалпы орыстандыру саясатына қарсы болғанын байқау қиын емес.
Сондай-ақ бұл хаттан Шаһмарданның Шығыс халықтарының тілі мен әдет-ғұрпын тамаша білгенін де айқын байқаймыз. Ол шын мәніндегі полиглот болған деуге болады.
Негізгі жұмысы губернатордың парсы, түркі халықтары тілдері бойынша аудармашылық бола тұрып, айына 4 рет шығатын қазақ, өзбек тілдеріндегі газетті бір өзі (тілші, әдеби қызметкер, корректорсыз) қай жағынан да мінсіз етіп шығарып тұру оған қаншалықты оңай болмағанын көзге елестетудің өзі қиын. Әсіресе, газет тілінің өзге тілдік элементтерден тазалығы мен қазақ тілінің сөз байлығын еркін де орынды пайдаланғаны ерекше сүйсінуге тұрарлық.
Шаһмардан Ибрагимовтің ғалымдық істері де айта қаларлықтай. Шаһмардан Ибрагимов Орыс география қоғамының Ташкенттегі бөлімшесін, басқаша айт­қанда, «Жаратылыстану, антропология және этнографияға құмарлардың Түр­кі­стан­дық бөлімін» 1870 жылы алғаш ұйым­дастырушылардың бірі болды. 1871 жылғы 8 сәуірдегі бөлімнің мәжі­лісінде «Қазақ даласындағы мұсылман молдаларының іс-әрекеті жайында» деген тақырыпта баяндама жасайды. Жалпы, Шаһмардан - қазақ тұрмысын, мәдениеті мен әдет-ғұрпын, тілін жетік білген адам. Оның «Қазақ халқының этнографиялық очеркі» (1872), «Қазақ даласындағы молдалар туралы» (1874), «Қазақ тұрмысының очеркі» (1876), «Қазақ соты туралы заметка» (1878) сияқты көлемді ғылыми мақалалары сол тұстағы Орыс географиялық қоғамының әртүрлі жинақтарында (жеке кітапша болып та) жарық көреді және өз әріптестері тарапынан жоғары баға алады. Өзі жинаған қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарын, «Қа­зақ тіліндегі кейбір термин сөздердің тү­сіндірмесі» тәрізді мақалаларын «Түркістан ведомстволарының» бірнеше нөмірінде жариялайды.
«Қазақ халқының этнографиялық очеркі» аталған жоғарыдағы кітапханасының кі­ріспесінде Шаһмардан Ибрагимов былай деп жазады:
«Өзім арасында өсіп, жиі байланыста болған, көрген сайын менің өздеріне деген шынайы сүйіспеншілігімді арттырған, мінез-құлықтарынан көптеген жарқын нышандар сезілетін халықтың тұрмысы, мінезі және әдет-ғұрпы жайындағы жинаған материалдарымды тұтастай бір еңбекте беруді дұрыс көрдім».
Шындығында да, оның мақалаларынан қазақ халқына деген мейірімділік, сүйіспен­шілік, оның тағдырына жаны ашушылық байқалып тұрады. «Қазақ даласындағы молдалар туралы» деген мақаласында:
«Қазақ халқына молдалардың тигізіп отырған зиянды әсерін ойлағанда, шын мәніндегі оқу-ағарту ісінің бұған қарсы тұратын күнінің тезірек келуін тілемеске болмайды. Жергілікті орыс әкімдерінің 150 жылдан астам өз боданында отырған 3 миллионға жуық қазақтың тағдырын ойлайтын уақыттары әлдеқашан жеткен сияқты», - деп жазды. Ш.Ибрагимовтің бұл пікірі көп жағдайда Шоқан Уәлихановпен үндесіп жатады.
Шаһмардан Ибрагимов - тек қазақ халқы жайында ғана емес, түрікмен, өзбек этнографиясы жайында да мақалалар жазып, өзбек тілінде алғаш рет 1871 жылы «Өзбек календарін» шығарған адам.
Ш.Ибрагимовтің Шоқан Уәлихановпен таныстығы олардың Омбы кадет корпусында оқып жүрген кездерінен басталға­нын байқаймыз. Шоқан жас жағынан Шаһмарданнан 5-6 жас үлкен, корпустың соңғы кластарында оқып жүрсе де, 12-13 жасар Шаһмарданға ағалық қамқорлық жасап жүрген тәрізді. Бұл таныстық, қамқорлық кейін де үзілмейді. Жоғарыда ай­тылғандай, Шаһмардан отбасылық жағ­дайымен оқуды тастап кеткеннен кейін бірер жыл өткен соң сұлтанның хатшысы болып, дәл Шоқанның әкесі Шыңғыстың қа­рамағына жұмысқа келуі, одан әрі Омбыда қазақ тілінен сабақ беруі кездейсоқ нәрсе деуге болмайды, осының бәріне Шо­қанның қатысы болған деуге толық негіз бар. Шоқанның К.К.Гутковскийге жазған ха­тындағы «Ибрагимовті біздің приказға хатшы етіп жіберуге болмас па екен?» деген өтініші де бұған айқын дәлел. Кейін Ибрагимовтердің Түркістан генерал-губер­наторының қарамағына жұмысқа ауысуына да Шоқанның Г.А.Колпаковскиймен жақсы таныстығы себеп болмады ма екен деген ой туады.
Шаһмарданның 1882 жылы аяқастынан отставкаға шығып, «Түркістан уәлаяты газетінің» редакторлығынан да босатылып, Петербургке кетуі қайтыс болған Кауф­манның орнына М.Г.Черняевтің ке­луімен бай­ланысты екенін ескерсек, Чер­няев Ш.Иб­рагимовтің Шоқанмен ты­ғыз бай­ланыста болғандығын жақсы біл­гендігінен деп ойлаймыз. М.Черняевтің ке­зінде Шоқанмен арасында болған кикіл­жіңнің салдары Шаһмарданға тигені күмәнсіз. Өйтке­ні 1884 жылы М.Черняев губернаторлық­тан кетіп, орнына Н.А.Розенбах келісімен, Шаһмардан губернатор қарамағына қайта шақырылып, әртүрлі дипломатиялық қызмет атқарады.
Шаһмардан Ибрагимов те Шоқанның істеген қамқорлығына, достық көңіліне іспен жауап беруге тырысқан. Шоқан 1861 жылы Петербургтен ауылына оралғанда, Шаһмардан оны Көкшетаудан қарсы алып, бірсыпыра уақыт бірге болады. Кейін Шоқанның алғашқы шығармалар жинағын баспаға даярлап, шығаруда да көп еңбек еткен. Шоқанның көптеген қолжазбалары баспаға басар алдында Шаһмарданның қолымен қайта көшірілген. 1904 жылы басылған Шоқанның шығар­малар жинағында Н.И.Веселовский, Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцевтермен бірге Ш.М.Ибрагимовтің де естелігі жарияланған. Онда Шаһмардан Шоқанның Петербордан ауылға оралған тұсын, оның өз ауылында өткізген күндері жайлы толық жазған.
Шоқан мен Шаһмардан Ибрагимовтің бір-біріне сенерліктей достық көңілде болғанын оның Шоқан туралы естелігіндегі мына бір деректен де көруге болады. Шоқан әке-шешесіне ренжіп, Көкшетауға, одан әрі Омбыға кетерінде әкесіне ұзақ хат жазып, оны әкесіне оқып беруді Шаһмарданға тапсырады.
Ш.Ибрагимовтің Шоқанның Алтыне­мелдегі зиратын фон Кауфманмен бірге 1870 жылы келіп көргенін, ол жайында «Түркістан уәлаяты газеті» бетінде екі мақала жарияланғанын жоғарыда айттық. Шоқан моласының басына қойылатын қазақша мәтінді де Шаһмардан жазған. Алайда ол дайындалған мәтін тасқа ойылғанда, неге екені белгісіз, бірсыпыра өзгерістерге ұшыраған. Сондай-ақ тағы бір өкінішті жағдай - Шоқанның 1985 жылы жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағында Ш.Ибрагимовтің Шоқан туралы біз әңгіме еткен мақаласының қазақшасы тұрғанда, оның өзбекше нұсқасы беріліпті.
Қорыта айтқанда, Шоқан Уәлиханов бауырлас башқыр халқының перзенті Шаһмардан Ибрагимовке қызмет бабында ғана қамқорлық жасаумен бірге оның өмірге деген көзқарасының прогрестік бағытта қалыптасуына да зор ықпал еткенін көреміз. Ол - «өзі арасында өскен» қазақ халқының болашағына алаңдап, мәдениеті мен білімінің дамуына үлкен үлес қосқан қайраткер.
Біздіңше, Шаһмарданды «Шоқанның досы» деуден гөрі оның идеялас серігі немесе ізбасары деуіміз жөн сияқты.

Бабаш Әбілқасымов,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы
мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

«Ана тілі» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373