Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2299 0 пікір 10 Маусым, 2009 сағат 21:38

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ. ТАЖАЛ – ТЕМЕКI өскелең ұрпақтың келешегiне балта шабуда

Темекiге қарсы күрес жариялағандар елiмiздегi шылым шегетiн 13-15 жасар жасөспiрiмдер саны былтыр 120 мың болса, биыл 140 мыңға жеткенiн айтады. Езуiне темекi қыстырғандардың ең жасы – 8-де. Бұл – ресми дерек. Бейресми деректердi сөйлетсек, небiр сорақылықтың бетi ашылары анық. Ал, Қазақстанда нәпақа тауып жүрген темекi компаниялары, тапқан табыстарының 80-90 пайызын өз елдерiне қарай шекара асырады екен. Демек, қазақ жастарының санасын улаған темекiден түскен пайданың қызығын жатжұрттықтар көруде.

 

 

Темекiге қарсы күрес жариялағандар елiмiздегi шылым шегетiн 13-15 жасар жасөспiрiмдер саны былтыр 120 мың болса, биыл 140 мыңға жеткенiн айтады. Езуiне темекi қыстырғандардың ең жасы – 8-де. Бұл – ресми дерек. Бейресми деректердi сөйлетсек, небiр сорақылықтың бетi ашылары анық. Ал, Қазақстанда нәпақа тауып жүрген темекi компаниялары, тапқан табыстарының 80-90 пайызын өз елдерiне қарай шекара асырады екен. Демек, қазақ жастарының санасын улаған темекiден түскен пайданың қызығын жатжұрттықтар көруде.

 

 

Табыс сыртқа кетіп жатыр
Санаулы күн бұрын ғана ҚР Мәжiлiсi мақұлдаған «Денсаулық сақтау жүйесi туралы халық кодексi» ендi Сенат талқысына түспек. «Темекi түтiнiнен азат Қазақстан үшiн» халықтық коалициясының мүшелерi тарапынан ұсынылған бұл құжатта темекi компанияларына демеушiлiк жасауға тыйым салу; шылым қораптарының сыртында темекi тарту салдарының зардаптарын анық етіп жазу; темекi өнiмдерiн сататын нысандарды барынша азайтып, оларды бiр-бiрiнен алшақ орналастыру сынды мәселелер көтерілген. Кейбiр дамыған елдерде анықталғандай, қораптың бел ортасына дейін жазылған темекiнiң зияны туралы ескерту адам психологиясына айтарлықтай әсер етеді екен. Заңды ресми түрде бекiтiп алғаннан кейiн Коалиция мүшелерi акциздердiң көбейтiлуi, балалардың шылымды сатып алуына тосқауыл қою, т.б. өзектi мәселелер жолында күресудi мiндет етiп отыр.
Салауатты өмiр салтын қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ұлттық орталықтың бас директоры Қазбек Төлебаев, үкiмет акциздiк мәселенi дұрыс жолға қойса, темекi өндiрушiлердiң тұтынушыларға қаржылық, психологиялық және денсаулыққа зиян тұрғысынан келтiретiн шығындарын өндiрiп алуға болатынын айтады. Сарапшылардың пiкiрiнше, бiр қорап темекiнiң бағасын 10 пайызға жоғарылату, дамыған елдердегi шылым шекпейтiндердiң санын 4 пайызға, дамушы елдерде 8 пайызға азайтады. Оның үстiне, келешек ұрпақтың ертеңiне қауiп төндiрген темекiден қазақстандық бюджетке түсетiн кiрiс ауыз толтырып айтарлықтай емес. Өйткенi, елiмiзде шаш-етектен пайда табатын темекi компанияларының кiрiсiнiң 80-90 пайызы еліміздің мемлекеттiк бюджетiне емес, шет мемлекеттерге асырылады. Басқаша айтқанда, Қазақстан азаматтарын улап жатқан темекi табысының қызығын жатжұрттықтар көруде. Мұны ҚР Сауда-өндiрiстiк палатасындағылар да мойындап отыр. Демек, темекiге қарсы күрестiң ел экономикасына тигiзер керi әсерi жоқ.

 

 

Табак өнімдері үшін табылған жарнама...
Әрине, темекiнiң дүкен сөрелерінен «сырғып түсiп қалуы» нәпақаларын никотиннен тауып жүрген халықаралық компания өкiлдерiне ұнамасы анық. Табак өнiмдерiн өндiретiн iрi кәсiпорындар, тiптi, Голливудпен тығыз байланыс орнатқан. Яғни, темекiнi жарнамалағаны үшiн актерлерге қырауар қаржы (150 мың доллар) көлемiнде сыйақы тағайындалған көрінеді. Темекінiң зияны туралы сот iсiн қарау барысында бiрқатар сорақы жайттың бетi ашылған. Мысалы, әлемге танымал бiр компания голливудтық актерлерге 1 жылда 3 млн. доллар көлемiнде сыйақы берген. Кейбiр мамандардың пiкiрiнше, 30-50 жыл аралығында түсiрiлген кинофильмдердегі темекiнiң жарнамалануынан күнi бүгiнге дейiн табак өндiрiсiнiң тасы өрге домалап тұр. Сол кездерi радио арқылы шылымды насихаттауға бағытталған бағдарламалар үшiн табак компаниялары кең ауқымда қаламақы тағайындаудан да тартынбаған. Мысалы, Warner Brothers студиясы 1937 жылы шыққан бiр бағдарламаға 13,7 млн. доллар алған. 30-шы жылдардағы «кеңшiлiк» әлi күнге дейiн сақталса керек. Мысалы, теледидар арқылы қаншама актер темекiнiң небір түрiн емiн-еркiн «әспеттейдi». Адам ағзасына, тiптi, өмiрiне аса қауiптi у – темекiге қатысты шығармашылық өнiмдер сүзгiден өткiзiлмей, қораптарының сырты көздiң жауын алатын табак өнiмдерiнiң құрсауына түскен жастар мен жасөспiрiмдер қатары әсте сиремек емес. Ең бастысы, тұлымы желкiлдеген мектеп оқушыларына темекi өнiмдерiн еш қымсынбастан сататын дүбәра сатушыларды тезге салып, темекіні дүкен сөрелерінен тездетіп алып тастауды ойластыру керек. Сонымен қатар орта бiлiм беру мен жоғарғы оқу орындарында темекi тартқан мұғалiмдер де жазасыз қалмауы тиiс. Өйткенi, олар ұстазына қарап бой түзейтiн оқушы мен студентке керi ықпал етуде. Мұндай тәсiл көршiлес Ресейде бiраз уақыттан берi қолданылып келедi. Англиядағы жүрек-қан тамырлары ауруларымен күрес қорының мамандары үкiметтерiне көше бойларында темекi самсап тұратын арнайы аппараттардың көзiн құрту керек деген ұсыныс айтуда. Бұл бесiктен белi шықпай жатып, езулерiне шылым қыстыратын балалардың жаман әдеттен аулақ болуын қамтамасыз етпек. Айтпақшы, халықаралық БАҚ түрі үздiксiз жарнамалап жүрген электронды темекiнi кейбiр мамандар адам денсаулығына қауiп төндiруi мүмкiн деген пiкiрде. Өйткенi, адам ағзасына ешқандай қауiп төндiрмейтiнiн дәлелдеген айғақтар аз.
Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәлiметiне сүйенсек, Жер шарындағы 2 миллиард жас жеткіншек темекiнiң түтiнiмен уланған. Ал Қазақстан халқының 29 пайызы (4 миллионнан астам адам) темекi тартады. 4 миллионның 600-ден астамы қыз-келiншек болса, 140 мыңы – 13-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер. Отандастарымыздың басым бөлiгi жиырмаға толмай жатып, шылымның «дәмiн» татады екен. Сорақысы сол, елiмiзде жылына – 25 мың, күн сайын 70 пенде темекiнiң кесiрiнен туындаған дерттерден көз жұматын көрiнедi. Қазiр өскелең ұрпақтың шылым шегуге әуестенуiне жарнаманың тигiзер ықпалы көп. ДДСҰ өкiлдерi әлемдегi барлық мемлекеттiң үкiметтерiн темекiнi жарнамалауға заң жүзiнде қатаң тыйым салуға шақырды. Халықаралық ұйым өкiлдерi жүргiзген зерттеу жұмыстары балалар темекi тартуды неғұрлым ерте бастаса, никотиннен бас тарту соғұрлым қиынға түсетiнiн дәлелдеген. ДДСҰ ұйымдастырған бағдарламалардың бiрi – Tobacco Free Initiative жетекшiсi Дуглас Беттчер Жер шарын мекендейтiн тұрғындардың небары 5 пайызы ғана темекiнi әспеттейтiн жарнамалық дүниелерден аулақ екендiгiн айтады. Ал қалған 95 пайызы темекiнi насихаттаған жарнамадан күнi-түнi көз ашпайды. Егер тиiстi шара қолға алынбаса, ғасыр соңына дейiн 1 миллиард (!) адамның ажалы темекiден болмақ.

 

 

Рұқсаты бар қауіпті өнім...
Темекi – адам өлiмiне себеп бола тұра, заң жүзiнде тұтынуға рұхсат етiлген әлемдегi жалғыз қауіпті өнiм. Езуiне шылым қыстырғандардың үштен бiрi, кейде тiптi, тең жартысы ажалынан 15 жыл бұрын өледi екен. Олардың 95 пайыздан астамы өкпенiң қатерлi iсiгiне ұшырайды. Бүгiн Қазақстандағы емханалар мен ауруханалардың барлығында дерлiк темекiнiң зияны мен келешек ұрпаққа төндiретiн қаупi туралы айтылған ескертулер iлiнген. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары бүкiл әлем бойынша, 1,8 миллиард жастың (10-24 жас аралығы) темекi тартатынын айтады. Өкiнiшке қарай, бұл көрсеткiш уақыт өткен сайын арта түспесе, кемiмесi анық. Өйткенi, нәпақасын темекi өндiрiсiнен айыратындар тұтынушылық нарық аясын кеңейтуге, яғни кәрi-жастың жаппай темекi тартуына мүдделi. 2008 жылдың 22 қыркүйегiнде Еуропалық Комиссия темекiге қарсы күрестiң тағы бiр жобасын талқыға салды. Аталған құжатта Еуроодақ құрамындағы елдерде темекi өнiмдерiне салынатын мемлекеттiк салық көлемiн шылымның бөлшек саудадағы бағасының 67 пайызына дейiн өсiру керектiгi айтылған. Басты мақсат: адамдардың денсаулығына төнетiн қатердiң алдын алу және кәрi құрлықтағы барлық елде темекiнiң бағасын бiркелкi ету. Қазiргi таңда Франция, Германия, Бельгия секiлдi басқа да мемлекеттерде бiр қорап шылым едәуiр қымбат тұрса, Люксембург пен Еуроодаққа кейiн қосылған көптеген елдерде темекi арзан. Немiстер мен француздар жерiнде контрабандалық жолмен әкелiнген темекi өнiмдерiнiң көбейiп кетуi де осы себептi. Еуроодақ 2025 жылға дейiн темекi өнiмдерiн ашық саудадан мүлде алып тастауды мақсат етуде. Ал, Ресейде мектептер мен колледждерде темекi тартқан мұғалiмдерге қомақты айыппұл салынады. РФ Тұтынушылық бақылау ұйымының жетекшiсi Геннадий Онищенко жуырда Ресейдегi әлемдiк алпауыт кәсiпорындарды «ресейлiктерге қарсы «никотиндiк геноцид» ұйымдастырды» деп айыптап, сотқа шағымданатынын мәлiмдедi. Батыстың көптеген елдерiнде қоғамдық орындарда шылым тартуға заң жүзiнде тыйым салынған. Францияда мұндай заң күшiне енгенiне сегiз ай болыпты. Осы уақыт аралығында кафе, бар, мейрамханалардың қожайындары табатын пайда 10-15 пайызға қысқарса, жүрек пен қан тамырлары ауруынан көз жұматындар саны 15 пайызға азайыпты. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының өкiлдерi темекi өнiмдерiн жарнамалайтын насихаттық шаралар толық әрi тұтас тоқтатылса, шылым шегетiндердiң саны 16 пайызға төмендейтiнiн көлденең тартады. Сондықтан көшеле жарнамасы мен бұқаралық ақпарат құралдарынан (газет, журнал, теледидар, радио, Интернет сайттары, плакаттар мен билбордтар, қоғамдық көлiктердiң сырты, т.б.) никотиндiк өнiмдердi аластау өте маңызды. Сонымен қатар түрлi халықаралық жарыстарда, әсiресе, жастар мен жасөсiпiрiмдер қатысатын сайыстарға демеушiлiк жасап, темекi өндiрушi кәсiпорындардың брэндтерiн жарнамалауға да тосқауыл қою қажет.

 

 

Темекімен күресте ұтылып қалдық...
ҚР «Темекi тартуды шектеу мен алдын алу туралы» заңға сәйкес, темекi өнiмдерiн өндiрушiлер мен сырттан тасымалдаушылар жыл сайын iшкi нарыққа ұсынатын өнiмдердiң құрамы туралы үкiметке есеп беруге мiндеттi. 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қорап сыртындағы «Шылым шегу сiздiң денсаулығыңызға өте зиянды», «балаларды темекi түтiнiнен қорғаңыздар», «темекi шекпейтiндердiң өмiрi ұзақ» деген жазудағы әрiптердің көлемi 30 пайызға үлкейтiлдi. Бұл – Халықаралық темекiге қарсы күрес жөнiндегi конвенцияға Қазақстан да қол қойғаннан кейiнгi жаңалық. Оған дейiн жұртқа шылымның залалын ескертетiн жазу, тiптi, байқалмайтын-да. ҚР денсаулық сақтау министрлiгiндегiлер бұл ескертуді келешекте 50 пайызға дейiн жеткiзудi көздеп отыр. Ескертуге езуiне темекi қыстырған 4 миллион отандас селт етсе жақсы...
Нарықты зерттейтiн тәуелсiз агенттiк – «Бизнес сарап» таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2008 жылы Қазақстандағы шылым өндiрiсi 28-29 миллиард дана (1,4-1,5 млрд. қорап) болмақ. Бұл көрсеткiш бүгiнде 25 миллиард дана шамасында. Өнiм өндiру қарқыны тұтынушылық сұранысқа тәуелдi. 25 миллиард дананың 29 миллиардқа өсiрiлетiнiне қарап, темекi тартатындардың саны көбейіп келе жатқанын аңғарамыз.
Қазiргi кезде iшкi нарықта екi компания – «Филипп Моррис Қазақстан» (56,4%) мен «Галахер Қазақстанның» (40%) үлес салмағы басым. Қалған бөлiк шет елдерден темекi тасымалдайтын компаниялардың еншiсiнде. Еуропаның шылыммен күреске қатысты көтерген бастамасын  қыркүйектiң ортасында «Темекi түтiнiнен азат Қазақстан үшiн» ұлттық коалициясының өкiлдерi де қолдады. Салауатты өмiр салтын қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ұлттық орталықтың елiмiздегi iшiмдiк пен темекi өнiмдерiнiң заңды түрде сауда айналымына енгiзiлуiн жақсарту мақсатында жүргiзген сараптамалық зерттеу нәтижесiнде бiраз кемшiлiктiң бетi ашылыпты. Коалиция президентi Айқан Ақанов: «ЕО кеңесiне сәйкес, темекi өнiмiне салынатын жалпы салықтық салмақ 70 пайыздан (Қазақстанда – 26%), ал акциздiң үлесi 57 пайыздан (11%) кем болмауы тиiс. Сонымен қатар 2006 жылдың 1 шiлдесiнен бастап 1 мың дана шылымға салынатын салық жүгi 64 еуроға (10 370 теңге) теңгерiлдi. Бұл көрсеткiш Қазақстанда 58 есе төмен. Бiзде арақ-шарап пен темекiдегi акциздiң үлесi небары 2,03% немесе 2 337,0 миллиард теңгенiң 33,3 миллиарды ғана. Бюджетке түсетiн кiрiстiң көлемi 1 пайызға кем» дей келе, салық салмағын көтеру арқылы бюджетке түсетiн кiрiстi 10 есеге дейiн көбейткен Таиландтың тәжiрибесiн көлденең тартады. Әзiрге темекiге қарсы күресте Қазақстан ұтылып жұр. Былтыр халықаралық Gallup компаниясы жүргiзген сауалнаманың «Соңғы бiр аптада шылым шектiңiз бе?» деген сұрағына бас изегендер саны Кубада – 40%, Қазақстанда – 35%, Эстония, Латвия, Әзiрбайжан, Индонезияда – 36%, Ресей мен Беларусьта – 37%, Литвада – 34%, Аргентина мен Қытайда – 33%,Украина мен Вьетнамда – 32%, Кипр, Мавритания, Словакияда – 31%, АҚШ-та 24%-ды құрапты. Ең төменгi көрсеткiш Нигерияның үлесiнде – 6%. Айтпақшы, тәулiгiне 10-12 шылым тартатындар жылдық уақыт өлшемiмен алғанда, темекiге 24 күнiн жұмсайды екен. Шылыммен «қоштаса» алмай жүрген отандастың құлағына – алтыннан сырға. Сандық көрсеткiштер сөйлейтiн тұста көсемсiп, шешенсудiң өзi артық...

 

 

 

«Қазақстан Іскері», №11, 4-маусым, 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5564