Сейсенбі, 9 Маусым 2026
Араша 169 0 пікір 9 Маусым, 2026 сағат 14:32

Қырғыздар қазаққа аға ұлт болған ба?!

Сурет: Егемен Қазақстан сайтынан алынды

Алда Қырғызстанда президент сайлауы өткелі тұр. Осы сайлау салдарынан бір кездері жақын араласқан екі саясаткердің жолы екіге айырылып, бүгінде олардың бірінің үстінен сот ісі қаралып жатыр. Жалпы, алдағы саяси науқан бұрынғылардан өзгеше өтуі мүмкін. Тіпті оның соңы солтүстік пен оңтүстік арасындағы қайшылықтардың күшеюіне алып келу қаупі де жоқ емес.

Әрине, Қырғызстанда тыныштық пен тұрақтылықтың сақталғаны біз үшін де маңызды. Көрші елдегі келісім - бүкіл Орталық Азияның тұрақтылығы. Біз әрдайым Қырғызстанның бейбіт және берекелі болғанын қалаймыз.

Дегенмен, ірі саяси науқан қарсаңында кейбір саяси технологтар қоғамды біріктіру үшін сыртқы "жау" бейнесін қалыптастыруға тырысатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл жолы "таңдау" қазақ халқына түскендей. Соңғы уақытта Қырғызстанның ақпараттық кеңістігінде қазақтарға қатысты жағымсыз пікірлердің жиілей түскені байқалады, өшпенділік өршіп тұр десе артық емес.

Егер мұны тек әлеуметтік желідегі сауатсыз маргиналдардың жазбалары десек, аса мән бермеуге болар еді. Бірақ бұл талқылауға кейбір қаламгерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының да араласа бастауы алаңдатады.

Бұл құбылыстың себептері әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен, уақытша сайлау үшін ғасырлар бойы ауылы аралас, қойы қоралас қос бауырлас халықтың арасына сызат түсіретін әрекеттердің ешқайсысы жақсылыққа апармайтыны анық.

Енесай аңғарында  8-9 ғасырда құрылған Қырғыз империясы көп ұзамай құлап қалды. Ал қазақ “қазақ” деп аталмай тұрып, қазіргі Жетісу жерінде біздің эрамызға дейін Үйсін империясын құрып - біздің жыл санауымыздың 4-5 ғасырына дейін Ұлы Жібек жолының сақшысы қызметін атқарды. Одан 2-ғасырда Қаңлы империясы бөлініп шықты. Сол дәуірде дүниені дүркіреткен Ғұн империясының, одан кейінгі әйгілі Түрік қағанатының халқы да оғыз бен қыпшақтың арғы тегі, қазіргі қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр және т/б түркі әлемінің түп тамыры екені баршаға мәлім. Шыңғысханның кезіндегі әрқайсысы жеке-жеке хандық құрған Жалайыр, Керей, Қоңырат, Найман және тағы басқа халықтар да дәл қазіргідей “қазақ” деп аталмаса да қазіргі қазақтың аталары екені тарихи факт.

Abai.kz

 

 

0 пікір