Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 4739 8 пікір 6 Наурыз, 2018 сағат 08:47

Трагедиялы экономика немесе Марста үй салатын қазақ...

Жаһандық тербелістер жүріп жатқан заманда мемлекет экономикасының басты қозғаушы күші отандық өнімге және жаңа жасыл технологиялардың жетістіктерін экономика мен әлеуметтік өмірде кеңінен пайдалану бір тұтастықтың кепілі бола алады. Замана ағымына ілесемін деп ұлттық құндылықтардан ажырап, жиырма бірдің жылтырағына қызығып сан ғасырлық байлықтан айырылып қалуға болмайды. Ұлттық сана мен ұлттық экономиканың көбіне қабыстыра алмай жататын жеріміз де осы, осал тұсымыз да осы. Тұралаған экономиканы аяққа тұрғызамыз деп жүріп оңбай сүрініп жатқан тұсымыз міне деп көрсетпесе де көрер көзге шодырайып көрініп тұр.

Әсіресе отандық өнім “KZ” маркалы тауарлар мен қызметтерді көбейтеміз деп жүріп сапасы бір жақта, тауары бір жақта қалып, жаппай науқаншылық дағдарысына ұшырау қаупі тағы да бар. Мұндай науқаншылдықтан біз екі түрлі зиян шегеміз. Біріншісі, отандық маркалы өнімдердің санын көбейтіп сапасын құлдыратып аламыз. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің сыртқы нарықтағы статусына нұқсан келтіріп, өзге де сапалы тауарлардың көрсеткішіне зор нұқсан келтіретін болады. Екіншісі, ішкі нарықтағы тұтынушылардан айырылып, мемлекеттің импортының өсуіне себепкер болады.

Ұлттық экономиканы өзгертуде біздің кемшілігіміз былайша айтқанда ең басты қателігіміз шет мемлекеттердің тәжірибесін айнытпай көшіріп алуымызда. Орташа есеппен еліміздегі әр салада шет мемлекеттердің тәжірибесін қолданудың түпнұсқамен жақындығы 70 – 75%-дық көрсеткішке жуықтайды. Сонда бұл тәжірибенің жартысынан астамын өзгеріссіз қабылдауды білдіреді. Аралас экономика жағдайында мұндай жағдайлар тым жиі кездесіп бір елдің экономикасы келесі бір елдің экономикалық һәм әлеуметтік артықшылықтарын бүркемелеп, көрсеткіштерін төмендетіп жататыны белгілі. Әр елдің экономикасы өзіндік сипат алып сан ғасырлық мәдени және халықтың жиған тәжірибесінен алыс кетер болса бұл жаһанданудың тереңіне жұтылудың басты белгісі болмақ.

Өзгешелік жақсы болсын жаман болсын ол оны әрқашан басқалардан ерекшелеп, тартымды етіп, өзгелердің әрқашан қызығушылығын туындатып отырады. Бұл құдды көлде жапырласа жүзген бір топ үйректердің арасындағы жалғыз аққудай көзге оттай басылып тұратындай. Көп бірдейдің ішінде ерекшелену қиынның қиыны. Алдағылар салып кеткен тап – тақыр, тегіс жолмен жүргеннен, олар жасамаған, олар жүрмеген, олар көрмеген батпақпен жүріп, тыңнан түрен салған артық. Сонда ғана сенің соңыңнан ерушілер саған қарыздар болады, сенің жүріп өткен жолыңды гүлге айналдырады. Егер біз бұл қарқынмен көшіре беруді жалғастыра берер болсақ онда сол мемлекеттердің әрқашан артында жүреміз, ешқашан алдына шыға алмаймыз. Себебі біз соқыр адамдай олардың басқан ізімен жүріп келе жатырмыз ғой. Біз алға шығу үшін, керісінше олар бізден көшіру үшін біз ащы болсын, тәтті болсын қорықпастан бәрінен дәм татып көруіміз керек. Сонда ғана дұрыс пен бұрысты өз бетімізше айырып, тиімдісін көре аламыз. Мәскеудің Жаңа заман кезіндегі дәрменсіздігі неде деп ойлайсыз? Ол кезде отарлық дәуірге бет бұрған бұл ел Еуропада жаңа қандай өзгерістер болады, мейлі техника, мейлі ғылым мен тұрмыста соны айнытпай өзіне көшіріп ала берген. Қауқары жеткен олар бұл қаржылай шығынның орын түгін тартсаң майы шығар байлығымен жауып отырды. Бірақ не керек сол кездегі Еуропа мен Мәскеудің территориясында қандай айырмашылық болса, ғылым мен білімінде сондай айырма болды. Рас, батыстың өзгерісімен біршама ғылыми еңбектер, техникалар құралды. Бірақ жалпы көрініс көшірмеден әрі аспай Қазан төңкерісіне дейін мешеу күймен өмір сүруге мәжбүр болды. өзінде талданып, сұрыпталып, өз идеясы қосылмаған ғылыми жаңалық ол жерге 100% қызмет ете алмайды. Идея ауысып қолдан – қолға өткен сайын, мемлекеттен мемлекетке жүрген сайын өзіндік сипатын өзгертіп, жаңарып, дамып отыруы керек. Мұны өміршең идея деп атайды.

Шимайланған цифрлар мен графиктерсіз де логикамен түсінуге болады. Ал график пен цифрды есептеу компьютерлердің міндеті. Техниканы адамзат өзіне қызметші болу үшін жасады емес пе. Адамзаттың алдағы болашағы идеяларға ғана бағытталу тиіс, қара жұмысқа емес.

Отандық “Қазақстанда жасалған” маркалы өнімдер мен қызметтердің болашағы қандай болатынын стратегия алдағы жүз жылға болжам құрып тастады. Менің жобалауым бойынша алдағы елу жылдықтағы Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік саласы мынадай бағыттарды дамытуға бағытталады.

1. Жасыл экономика және жаңа жасыл технологиялар.

Еліміздің бір салада болсын үздік етіп көрсететін тамаша мүмкіндігі жасыл экономика. Оның іргесін биылғы жылы өтетін ЭКСПО – 2017 Халықаралық көрмесі қалады. Жасыл экономика әлем елдерінің көшбасшылары саналатын АҚШ, Жапония, ҚХР, Франция мен Ұлыбритания секілді елдерде енді ғана қанат жайып келе жатыр. Бұл көшке ілесуге Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктері зор. Еліміздің оңтүстік өңірлері күн энергиясына, шығысы су мен жел энергиясын өндіруге қауқарлы. Бұл бағытта “Қазақстанды түбегейлі экономикалық аудандастыру” атты ғылыми мақаламда энергетикалық ресурстарды қалай тиімді пайдалануға болатынын жазған болатынмын. Мақаланың қысқаша мазмұны мынадай. Еліміздің шығыс өңірі саналатын екі облыс Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының жел мен су сонымен қатар тау – кен энергиясын біртұтас етіп біріктірсе республиканың барлық аумағын энергиямен қамтамасыз етуге қауқары жетер еді. Артылған энергия көздерін экспортқа бағыттау керек. Қай тұсынан қарасақ та жасыл экономиканы дамытуға еліміздің потенциялы толық жетеді.

2.Ұлттық ғылым және ғарыш саласы.

Адамзат тарихында үш ұлы ашу бар. Біріншісі, құрлыққа таралу, жаңа жерлерді игеріп, қоныстану. Екіншісі, теңізді шарлап жаңа құрлықтар ашу, жерді толық қоныстану. Үшіншісі – ғарыш. Алғашқы екеуі шектеулі, соңғысы шексіз сонымен қатар мүмкіндігі де шексіз. Бірінші саяхатқа адамдар жалпы әлемдік қалыптасқан теория бойынша Африкадан дәлірек айтқанда ежелгі Кения жерінен таралған. Екінші саяхат Испанияның Полос портынан Колумбтың кемелері Жаңа жерге аттанды. Үшінші шексіз саяхатқа адам баласы ең алғаш рет Қазақ жеріндегі киелі Байқоңырдан самғады. Алайда бастау алған жердің бәрі керемет болып кеткен жоқ. Керісінше, көштің соңында қалды.

Тағы да тарихқа оралайық. Осы үш ашудың алғашқысы Кения дедік. Ал қазір адамзаттың ең алғаш қоныстанған Кенияның жағдайы қандай, аборигендерді есептемегенде соңғы болып қоныстанған Австралияның жағдайы қандай? Екінші саяхаттың бастау Испания дедік. Ал енді Испанияның қуаты қандай, өздері ашқан Американың қуаты қандай? Үшінші саяхаттың бастауы Байқоңыр дедік яғни Ресей. Қазір ғарыштық салада Ресейдің жаңалығы қандай, АҚШ – тың жаңалығы қандай? Айналып келгенде бұл алғашқы арна мықты болады дегенді білдірмейді, адамдарының жаңалыққа құштарлығы қандай дегенге меңзейді. Бұл жерде әрқайсысының өзіндік кемшіліктері болды. мысалы, Кения алғашқы адам таралған табиғаты жылы, қолайлы жер болғанымен ескі дәстүрден, қасаң қағидалардан арыла алмады. Әрқашан ескіден тас қылып айырылмай, жаңа нәрседен үрейленгеннен осындай дәрежеге жетті. Бұл құдды үсті кір – қожалақ баланың денесіне салқын су тигенде тұра қашатын әдетіне ұқсайды. Есіңізде болсын, жаңа идея қашан болсын алғашқыда майдай жағып, жылылық сыйламайды. Осынысымен ол жаңашылдығын көрсетеді. “Басы қатты, аяғы тәтті” деп қазекеңдер бекерге айтқан жоқ. Екіншісінің қателігі білікті кадрлардан айырылып, қатып қалған қарабайырлық жолды таңдауы. Тағы да, тарих. Осы кезге дейін тарихта аты аталмаған, Пиреней түбегінде мүлгіп жатқан бұл испан мен португал халқының шамын жағып, қара танытқан еңбекқор араптар мен ісмер еврейлер болатын. Ұлы географиялық ашуға дейін және кейін сіз бұл ұлттың әлемдік держава болғанын естідіңіз бе? Тек сол кезде ғана олар тағдыр тарту еткен 100 жылдық даңққа бөлену дәуренін сүрді. Одан кейін бұрынғы таз қалпына түсті. Португалия да, Испания да дәл осының кебін киді.

Мұның себебі дүмшелік инквизицияда жатыр. Өздерінен басып озып, ғылым мен білімде, техникада барлық жетістіктің кілтін ұстап отырған араптар мен еврейлерді түп тамырымен жоюға бекінген олар, көре алмаушылықтың салдарынан өздерінің тамырын өздері кесті. Қаншама білімді, іскер адамдар өлді, тірілей азаптады, отқа өртеді, аман қалған шет елдерге қашты. Испандардың бұл ақымақтығын түрік сұлтаны II Баязит қуана қабылдады. Ол Фердинандты келеке етіп, қашқан еврейлерді қабылдай берді. Бұл сөзсіз оның ырысын арттырды. Ісмер еврейлер Испаниядағы жаңа технологияларды, кеме жасауды, баспа ісін, жаратылыстану ілімін Стамбулда жүргізді. Сұлтан оларға инквизицияда өртелген балалары, ағалары, әкелері мен аналары үшін кек алуға жәрдемдесті. Көп ұзамай испандар осы ісінен таяқ жеді. Жерорта теңізінде испандық, венециялық кемелер жаңа қалыптасқан түрік флотынан жеңілген үстіне, жеңіле берді. Осылайша жауыққан бөріні өз мақсатына тиімді пайдаланған сұлтанның бағы жанды, ал өшін алған еврей мен араптардың да көңілі тыншыды. Сол іскерлердің арқасында аз уақыт қоқаңдаған екі ел 50 жыл өтпей жатып бықсыған түтінге айналды. Бұл трагедия әлі күнге дейін ұмытылған емес. Үшіншісінің қателігі айтпаса да түсінікті. Бізде инквизиция жасап ғалымдарды қырып жатқан жоқ жәй ғана шет елде қалуға мәжбүр. Күндердің күнінде сіз Марста үй салып, Плутонда зауыт ашқан қазақ азаматы деп газеттен оқып отырсаңыз таң қалмаңыз. Әрине, ол АҚШ – та немесе Қытайда тұрып жатқан қазақ болуы мүмкін. Бірақ Қазақстанда емес.

Енді бұл үшеуіне де тән ортақ кемшілікті іздеп көрейік. Бұл – жаңа нәрсеге бейімделе алмау және оны ой елегінен өткізуге, тәжірибеде сынап көруге құлықсыз болу.

Бұл біз үшін, отандық ғылым мен экономикаға орасан зор табыс берер еді егер ғарыш айлағының игілігін өзіміз ғана көрсек өзгелер емес. Міне, бізде бар мүмкіндікке келгенде ақсап, қолымыздағы сыйды далаға шашатын тұсымыз да осы. Экологияның зардабын халық тартады, ал игілігін өз еліміз емес өзге елдер көруі тиіс. Күн астында әділдік орнамайтыны, тек әділдік үшін күресуге болатынын жақсы түсінемін. Кадр саласы жетіспейді. Міне, біздің басты кемшілік. Ал ол Ұлттық білім мен Ұлттық ғылымға тікелей тәуелді.

Тәуелсіздік жылдарынан бері есептейтін болсақ біздегі қатып қалған коммунистік кезеңдегі білім беру сарқыншақтары сақталып қалғанын, оның Ұлттық менталитетте білім беруге салқынын тигізіп отырғанын бүгінгі халық жақсы сезініп отыр. Біздегі білім беру жүйесі көбіне мәжбүрлеу мен қатып қалған ережелерге сүйенеді. Ал ғылымның жолы тіке жол емес. Оны игерушілердің әрекеттері де сан қилы. Ғылымға апарар ақиқат жол біреу болғанымен аралап өтер сан тарауы барын ұмытпауға тиіспіз. Егер Ұлттық ғылым мен білім жүйесін жаңадан құрар болсақ ешбір шет мемлекеттің элементін, әдісі мен тәсілін араластырмау керек. Онда дәл бүгінгі ісімізді қайта қайталайтын боламыз. Ұлттық ғылым мен білім жүйесінің ең пайдалысы, ең берері мол қажеттісі мемлекетке берілген, адал қызмет етуші мамандарды береді. Міне, нағыз отандық өнім деп айтуға болады. Әлемдік бренд жасайтын осындай мамандар ғана.

3. Ауыл шаруашылығы.

Қазақстанның жер үсті мен жер асты байлығы өзге мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Мысалы, Ресей немесе АҚШ-ты алайық. Әр штат пен губернаторлықтың өз жері бар, өз заңы мен өз шаруашылығы бар. Олар тек белгілі бір міндеттемелер ала отырып бір бірін толықтырушы ғана қызметін атқарады. Былайша айтқанда сансыз құрандыларды жалғап, тігіп қойған жүйе. Егер саяси жағдай ушығар болса бас басына ту тігері анық. Ал Қазақстан біртұтас. Халқы қазақтар, жері байырғы бабаларынан қалған қазынасы. Демек ол атап өткен ең үлкен мемлекеттердің территориясынан да басып озады. Бұл еліміз үшін әсіресе аграрлық сектор үшін тамаша мүмкіндік. Осы кезге дейін шаруашылықтың екі аксиомасы болатын болса соның біріншісі көшпенділік тәжірибенің әлі күнге дейін жаңа технологиямен салыстырғанның өзінде одан басым тұруы. Адамның ең бірінші қажеттілігін тек тамақ ғана қамтамасыз етеді десек, осы өнімдердің тұрақтылығын тек өзімізде ғана реттеуге мүмкіндік бар. Дәстүрлі мал шаруашылығының үзіліп қалған желісін қайта жалғасақ ел экономикасы тұрақтылық деңгейіне оңай жетері сөзсіз.

Атап өткен үш артықшылық мемлекетіміздің болашақтағы дамуының басты негізін құрайтыны сөзсіз. ТМД әлемінен жаһандық нарыққа шығуда Қазақстан өзін осы салалардағы жетістіктерімен ғана мойындата алары сөзсіз.

Рысбек Рамазанұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364