Алаш Ахметұлы. Жаңармаған әдеби сана
«Сын» журналына хат
Соңғы кездері жалпы әдеби ортада, не болмаса бейресми кездесулерде, оқырмандар ортасында үнемі қайталанып қойылып келе жатқан бір сауал бар. Бүгінгі саясиланған тілмен айтқанда, «Қазақ әдебиеті бәсекеге қабілетті ме? Қабілетті болса, өзгелер түгіл, өзіміз тұщынып оқитын бірегей туындылар Тәуелсіздік кезінде неге жазылмайды?». Осы сұрақтың жауабын әр қырынан қозғауға болады. Меніңше, әуелгісі әдебиеттану ғылымының тым қасаңдығы, ескілігі.
«Сын» журналына хат
Соңғы кездері жалпы әдеби ортада, не болмаса бейресми кездесулерде, оқырмандар ортасында үнемі қайталанып қойылып келе жатқан бір сауал бар. Бүгінгі саясиланған тілмен айтқанда, «Қазақ әдебиеті бәсекеге қабілетті ме? Қабілетті болса, өзгелер түгіл, өзіміз тұщынып оқитын бірегей туындылар Тәуелсіздік кезінде неге жазылмайды?». Осы сұрақтың жауабын әр қырынан қозғауға болады. Меніңше, әуелгісі әдебиеттану ғылымының тым қасаңдығы, ескілігі.
Өнердің қай саласының болса да өзіндік теориясы бар. Әрине, ол да айнымалы, өзгермелі. Кешегі кеңестік кезеңде қаланған өнертанушылық мектеп - бәрібір бүгінгі уақытқа жауап бере алмайды. Айталық, әдебиеттану ғылымында қызыл империяның идеологиялық бояуы қоюлығы сондай, әрбір шығарманың астарынан қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді іздейтін, сол арқылы кеңестік жүйеге қызмет еткізуге ұрынған том-том талдаулар, диссертациялар, сыни еңбектер жетерлік. «Кеңестік шындықтың» кесірінен қаншама шығармалар көркемдік тұрғыдан ақсады десеңізші. Әдебиеттану ғылымы солай құрылғандықтан, қаламгерлер де бірте-бірте саналы түрде әр шығармасына кеңестік «менталитетті» кіргізуге тырысқан. Бұл сол дәуірде өмір сүрген қай ақын-жазушының шығармаларын оқысаңыз да байқалады. Бұл өткен дәуірді жоққа шығару емес, оларды кінәлау да емес, бұл бар болғаны олардың қандай дәуірде өмір сүргенін еске алу ғана. Демек, әдебиет теориясының қаламгерлердің қалыптасуына жасар ықпалы бөлек. Біздің айтпағымыз, әдебиеттегі бүгінгі сынның мәселесі. Ия, әдебиет теориясы кемелденбей, әдеби сананың кемелденуі, жетілуі неғайбыл. Бірақ ең өкініштісі біздегі әдеби сана өткен ғасырдың белортасындағы нүктесінен әлі жылжи қойған жоқ. Сонда бүгінгі сыншыларымыз, әдебиеттанушыларымыз, білдей бір академияның мүйізі қарағайдай академиктері мен докторлары, ғылым кандидаттары қайда қалады дейсіз ғой. Кешірерсіз, егер Тәуелсіздіктің 20 жылдығының өпшелесінде жаңа ғылым кандидаттары, докторлар мен академиктердің саны артса, ол осы саладағы айрықша ізденістің, заманға бейімделудің, жаңа сананы қалыптастырудың көірінісі емес. Бұл да кешегі жаңармаған санамен, жаңармаған теориямен жүзеге асқан бүгінгі «жетістігіміз». Тұрсын Жұртбай ағамызша айтқанда, «жалған ғылымның» жарқын үлгісінің бір парасы. Әдебиеттану біраз кемшіліктерден, «қызыл шапанынан» арылған шығар. Бірақ қазір біз «сары шапан» киіп алдық та, «біз жаңардық» деп жар салдық. Мүлде олай емес. Бұл сөзіме келіспесеңіз, айтыңызшы, бізде дәл қазіргі уақытта әдеби процесті елеп-екшеуге қауқарлы кім бар? Менің есіме ешкім түспей тұр.
А, айтпақшы, Тұрсынжан Шапай ағамызды атауыңыз күмәнсіз. Өз басым Тұрсынжан ағаның сарказмдік шенеумен жазылған біраз мақалаларын, көркем әңгімелерін білемін және шығармашылық әлеміміздегі өзіндік орнын да жоғары бағалаймын. Ал сыни мақалаларын алып қарасаңыз, ешқандай жаңалық таппайсыз. Жақсы мақалалары бар шығар, бірақ ол біз өлшем етіп айтарлықтай дәрежеде емес екені айқын. Әсіресе, поэзия туралы жазған мақалалары бүгінгі әдеби ахуалдың, қазіргі поэзияның тамырын дөп баса алмайды. Әмірхан Меңдеке ме? Жоқ. Себебі, ол кісі де әр шығарманың астарынан қоғамның түйткілді мәселелерін, дертін, соны қалай жеткізгенін іздеуден арыға бара алған емес. Шығарманың өзі айтып тұрғанды «О, мынаны айтып тұр ғой» деу біздіңше, әдебиет сыншысы көтерер жүк болмаса керек. Бұл белгілі бір шығарманы ала отырып, өзіңнің күнделікті қоғамнан көрген-білгеніңді, көкірегіңдегі запыранды оқырманға жеткізудің ең оңай тәсілі ғана. Соңғы кездері «Әдебиет сыншысы» деген тіркесіті фамилияларының соңына тіркеп жүрген біраз қаламгерлерді осыған жатқызуға болады. Амангелді Кеңшіліктің «Сөз патшасы» атты кітабын оқып отырып, бұған көзің жете түсеті. Сонда қазақтың ақындарының бәрі қоғамымызды мінеп-сынап, ащы өксігін ақтарып жүрген болды ғой деп ойлауыңыз да кәдік. Әуелі әдебиеттің әу бастағы міндеті не еді? «Ақындар өз қоғамын жырламай, оның қалтарыс-бұлтарысындағы келеңсіз жайттарды бүкпесіз айтпай, қалай ақын болады» деуіңіз мүмкін. Дұрыс айтасыз. Бірақ бұл ақындардың азаматтық позициясы ғана. Оны өзінің мақалаларында айтса, жеріне жеткізе сөз етсе құба-құп. Әйтпесе, айғай-аттанның бәрі өлең болса, екінің бірі ақын болып шығуға құқылы. Бұл жайлы тоқталып отырған себебіміз, осы секілді «сыни мақалалардың» көптігінен қазір оқырман қауым шатасып бітті. Олар өлеңнен көркемдік, астарлылылық, ойлылық, керек десеңіз, күңгірттік іздеп әуре болмайды. Ым мен меңзеуді қажетсінбейді.Оданша Пәленше Түгеншеев құсап қоғамның іріңді тұстарын неге ашықтан ашық іреп-іреп тастамайды деп жатып кеп сөгеді. Бұл киелі поэзияның ащы болса да қазіргі оқырмандар санасындағы көрінісі. Айтыс пен жазба поэзияның көтерер жүгі, ерекшелігі мүлдем басқа екенін де ұмытып қалдық. Бұған ең басты кінәлі де өзіміз. Әдеби сынның мүлдем жоқтығы. Біз қара танығанның бәрі көркем әдебиетті тұщынып оқып, оның астарына үңіліп, жан-дүниесіне керектісін іздеуге міндетті емес екенін де білеміз. Әңгіме олар туралы емес. Біздікі әдебиетке жаңадан келіп жатқан жас буын өкілдерінің әдеби түйсігін жетілдіру үшін әдебиет теориясының, әдеби сынның аса қажеттілігін сөз ету. Мұны дұрыс жолға қоймайынша, мына әлаулайымызбен жүрер болсақ, алдағы оншақты жылда қазақ әдебиетінен толыққанды көркем шығарма күту бекершілік. Қайта арнамызға түселік. Тағы кім бар? Әмірхан Балқыбек ағамыздың біраз мақалаларынан хабардармыз. Ол кісінің әдеби мақалалары негізінен салыстырмалы түрде жазылатындықтан, оқырманды ойлылыққа, көп білуге жетелейтіні даусыз. Алайда ол әдебиет сыншысы екендігін білдірмейді. Таным мен түйсікке сүйене отырып, тарихи оқиғалардың астарына сүңгу арқылы белгілі бір шығармаларды түсіндіруге болатындығы айқын. Десес де, көркем әдебиеттің қыры мен сыры мың қатпар болғандықтан, таза сыншылық дәстүр керек. Бізде ондай мектеп мүлдем жоқ десек те болатындай. Асқар Сүлейменовтың айрықша мақалаларын, Мұқаметжан Қаратаевтың кейбір еңбектеріндегі ізденіс соқпақтарын, Зәки Ахметовтың кейінгі еңбектерін, Әбіш Кекілбаевтың белгілі қаламгерлерге арналған санаулы мақалаларын қоспағанда, бізде әдебиет теориясы әлі қалыптасқан жоқ деп кесіп айтуға негіз бар. Тәуелсіздік жылдарында өз басым оқып тұшынған мақаланың бірі Таласбек Әсемқұловтың «Абайдың ұлы жұмбағы» атты көлемді талдауы мен Ардақ Нұрғазыұлының «Жұмекен Нәжімеденов» атты ақын өлеңдерін пайымдауы. «Абайдың ұлы жұмбағын» оқысаңыз бұрын сіз оқып жүрген санаңыздағы Абайдың өзіңіз ойлағаннан анағұрлым тереңде екенін біле түсесіз және ақын шығармашылығына үңілу үшін оның әрбір сөзінің мән-мағынасының көкейіңіздегі мәнінен әлдеқайда арыда жатқанын бажайлайсыз да, өзіңіздің тым таяз ойлайтыныңызға налисыз. Сенбесеңіз, оқыңыз! Өкінбейтініңізге кепілдік беремін. «Жұмекен Нәжімеденов» атты мақала Жұмекен туралы жазылған барлық сыни мақалалардың ішіндегі ең үздігі деп ашып айтуға болады. Ә. Кекілбаевтың «Менің топырағым» атты ақын жыр жинағына жазған алғысөзіне пара-пар жаңа талдау мен пайымдаудың тосындығы ұштасқан. Осындай бірен-саран мақаланы ғана атауға болатын шығар. Ондай танымдық-философиялық тұрғыдан жазылған талдауларыдың аздығы әдеби сынның жұтаңдығын көрсетеді. Сондықтан да біздегі әдебиеттану ғылымы көркем әдебиеттің көкжиегін барлау үшін жас сыншыларды дайындаулары керек. Оларға ең алдымен белгілі бір шығарманы талдатпас бұрын «Қазақ әдебиеттануының академиялық жинағын» құрастырып, айрықша биік өреде жазылған мақалаларды оқытқан абзал-ақ (ҚазҰу-дегі «Әдебиеттану» мамандығы бойынша бітіргендердің әдеби ортаға араласпақ түгіл, оқу бітіргесін ізім-ғайым болатындығы, біздегі оқу орындарының кәсібилігінің қай деңгейде екенін білдреді. Ол бөлек әңгіме). Ол жинаққа «сыншы» атағын алғандардың бәрінің жазған дүниесін тіркемей, санаулы, қадау-қадау мақалаларды іріктесе, жарасар еді.
Айта берсек сөз көп. Бүгін поэзиямыз өркендеп, дамып кетті дейтіндер баршылық. Ол қалай дамыды, қай бағытта дамып барады, негізгі ерекшелігі, бұрынғы поэзиядан артықшылығы яки кем тұсы қайсы дегенге ешкім жауап берместен, осылай айтады. Тыныштықбек пен Есенғалидың мектебінен түлеген бірен-саран жастың жақсы өлең жазғаны шындық шығар. Әйткенмен, тұтас, толымды, ауқымды кеңістігі бар қай жасты атауға болады? Меніңше, әртүрлі соқпақтың барлығы жақсы. Бірақ ізденістің иіріміне сүңгу үшін де дұрыс бағыт-бағдар көрсететін бөгенайы бөлек талдаулар, танымдық мәні зор мақалалар керек-ақ. Егер солай болғанда, бүгінде өзін «Әлемдік өреде жазамыз» деп ойлайтындардың талайының желі шығар еді әлдеқашан. «Аңқау елге арамза молда» болудың әдебиет үшін өткінші ғана кезең екенін түсінер де еді...
Сонымен, бұл туралы айта берсек, таусылмайтын әңгіме бар: ол жас қаламгерлердің әдеби біліктілігі мен білім деңгейінің тым саяздығы, аударма мәселесінің жүйесіздігі, аударлыған үздік туындылардың артықшылығын, әр елдегі әдеби әлемнің өзіндік ерекшелігін көрсетуге шорқақтығымыз, шетел әдебиеті десе «Олар біздің қасымызда кім еді» деп жөнді-жөнсіз мұрын шүйіретіндігіміз, бүгінгі әлемдегі әдеби ағымдардың аяқ алысынан мақұрымдығымыз, ағым десе болды, түрпідей жыиырылатын «шартты рефлекстің» пайда болуы, әңгіменің әлқиссасын «Дүниеде орыс әдебиетінен ұлы әдебиет жоқ» деп бастауға бейсаналы түрде бейімділігіміз, онда да өткен ғасырдың 50 жылдарынан бергі әлем әдебиетін там-тұмдап қана білетініміз, Филология факультетінің студенттері Мұхтар, Ғабит, Сәбит, Мұқағалидан бергі әдеби буынның шығармашылығынан хабарсыздығы, мектепте әдебиеттен сабақ беретін ұстаздардың қазіргі қазақ әдебиетінен хабарсыздығы, әдеби оқулықтардың кеңес кезеңіндегі күйінше қалуы, әдеби процестің көркемдік көкжиекпен емес, тамыр-таныстық деңгейде қалыптасуы, әдеби басылымдардың «шөп пен шөңгені» ажыратпастан оқырманға бірдей ұсына беретіндігі, талғам таразысының мүлдем теңшелімсіздігі, т.б. осылардың бәрін ретке келтірер тетіктің жоқтығы мен әдеби сананы қалыптастыруға, жаңартуға керекті әдебиеттану ғылымының баяғы ескі үлгіде болуы. Бұлардың әрбірінің өзіндік мәселелері шаш-етектен. Жүйесіздіктің мейлінше «өркендеуі» әдеби ортаны «Авгийдің атқорасына» айналдырғаны жасырын емес.
Әдеби басылымдар демекші, елімізде не көп, әдеби басылымдар көп. Әркім әліне қарай шабатыны түсінікті болса да, оқырман іздеп, әр санын күтіп оқитын бірде-бір басылым жоқ. Көркем проза мен поэзияны үйіп-төгіп бергенімен, сол жарияланған шығарманың өзгешелігі мен кемшін тұстарын туралы тіс жармайды. Сол үшін оқырман үшін Әбіш Кекілбаевтың повесі мен кейінгі жас жазушылардың жын-шайтандар туралы талғаусыз әңгімелерінің айырмашылығы жоқтай көрінуді мүмкін. Қажет десеңіз, көркем мәтіннің бірегей үлгісі дерлік Әбіш ағамыздың «Ханша-дария хикаясы» емес, жастардың ібілістермен би билеп, аруақтармен сүйісетін «пошымы бөлек» «туындылары» анағұрлым қызық болуы да ғажап емес. Кімнің қалай жазатыны өз еркінде десек те, талғам өспейінше, әдебиеттің өсуі де қиын екендігін еске сала кету біздікі. Ал таза әдеби процесті бақылап отыратын, ағы мен қарасын, асылы мен жасығын анықтайтын газет не журнал жоқ. Жазушылар одағының құрылтайшылығымен екі-үш жылдан бері «Сын» деген журнал шығып келеді. Бас редакторы - Бақыт Сарыбала. Ниеттері түзу екендігіне кепілдік беремін, әдеби процесті бақылап-барлап отырсын деп арнайы осы журналды шығарған болулары керек. Бірақ журналдың аты бар да, заты жоқ. Басылымдарға шыққан бірер мақаланы топтастырып беруден ұзай алмай келеді. «Жастарға жеті сауал» дегенінің өзі Бақыт ағамыздың қай дәрежедегі «сыншы» екенін айғақтап тұрғандай. Жоғарыдағы толып жатқан әдеби проблемалардың өзегіне өзінше үңіліп, жастар арасынан сыншыларды тәрбиелеу, әдебиеттанушыларды өсіріп шығаруға тиісті басылымның бүгінгі өресіне қарап өзегіңе өрт түседі...
«Абай-ақпарат»