Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4031 0 пікір 11 Маусым, 2009 сағат 07:14

«Отанды сүю – иманнан!»

 

 

Бүгінгі күні Қазақстанның Қарулы күштер саласында сарбаздарда ұлттық рух, қазақы мінез қалыптастыру – елдің қауіпсіздігі үшін әскерді қаруландырып, машықтандырумен қатар жасалатын өте маңызды шаруа. Сондықтан, есте жоқ ерте замандағы батырларымыздан бастап, кеше дүниеден өткен Бауыржан Момышұлындай тұлғалардың ерлігін, шығармаларын жас сарбаздың бойына сіңіруге барынша мұқтаж болып отырмыз.
Шыны керек, бүгінде біздің сарбазымыздың мерейі үстем. Әлемдегі бірден бір бейбіт елдің қорғаушысы. «Алайда, сарбазды сардар ететін, жүрегінің түгі бар рухты, хас қаһармандық күшті қайдан табамыз?» деген сұрақ – елге жаны ашыған кез-келген адамның көкейіндегі сауал. Бабаларымыз ол қуатты қайдан алды? Жарқын бейнесі ел есінде мәңгі қалатындай нағыз ЕР азаматты қалай тәрбиелейміз?
Байқасаңыз, қазақы ертегіде бала батырды әуелі әжесі баулиды. Ғайыпқа сенуге үйретеді. Сол әжеден естіген ертігі-жырдың кейіпкерін бала түсінде көріп, батырлар әлемін қиялдап өседі. Сосын барып қана ата тәрбиесіне өтеді. Онда да, беліне шоқпар байлап, бірден тәжірибеден бастап кетпейді. Құдайдан тілеп, мейірімділік, ақжүректілік, адалдықты бойына сіңіріп, сынап, шыңдайды. Ақтамберді жыраудың: «…Бала берсе тезінен, пірлердің бітсе демінен, Шілтеннің тиіп шылауы, артылып туса өзімнен!» дегені – осы сөзіміздің жарқын мысалы. Демек, қазақтың әр сарбазы: тәрбиелі, мейірімді, сабырлы, ақылды, нағыз ер тұлғалы болған. Оған әулет, ел арқа сүйеген. Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек Райымбек батыр, Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы – Бекет деген аяулы есімдер осылай елдің мәңгі есінде қалды.
Ал, енді сол сарбаз тәрбиесі бүгінде қалай беріліп отыр?
Өткен аптада ғана сондай бір ғибратты бастаманың куәсі болдық. Жамбыл облысының Қордай ауданы Отар ауылындағы №82796 және №75263 әскери бөлімдерінде жас сарбаздар отан алдындағы қасиетті сөз – ант қабылдады. Ел ішіндегі өзекті мәселе ұлттық тәрбиеге барынша атсалысып келе жатқан «Сенім.Білім.Өмір» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып, «Ясауи» вокалды тобының рухани кеші подполкивник Ерман Қасымбековтің қолдауымен №82796-ші әскери бөлімінде өтті. Ант қабылдау рәсімінде қазақы тәрбиенің басы, рухани бірлігіміздің өзегі Қожа Ахмет Ясауи хикметтері орындалды. Әскерилердің марапатына ие болған хикметшілер түс ауа подполковник Берік Қабылов және подполковник Ербол Абуовтың шақыртуымен № 75263-ші әскери бөлімнің инженерлік-саперлік бригадасында жалғастырды. Сарбаздарға «Киелі Қазақстан» атты этно-мәдени экспедиция аясында дайындалған хикметтер орындалды. Әсіресе, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани хикметтері, Қашаған, Ақтамберді жыраудың жырлары қатты әсер қалдырғандығын олардың аяғынан тік тұрып, құрмет көрсетіп тамашалағанынан көрдік. «Мұндай жиынға куә боламыз деп ойламап едік», – дейді кеш соңынан ой бөліскен жауынгерлер.
Салтанатты кездесуде сөз алған техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбырай былай деді: «Ахмет Ясауи бабамыздың мазарына ұлтымыз ең аялуы ұлдарын жерледі. Сол орыннан жай табу – әр қазақ үшін қай заманда да ең үлкен бақыт болған. Міне, осындай тұлға толғаған хикметтер бірлік пен ерліктің негізін насихаттап жатыр. Елбасы Қ.А.Ясауи атамызды “қазақ халқының рухани бірлігінің символы” деп көрсетіп отыр. Міне, осы бірліктің арқасында ғасырлар бойы еліміз ел болып келді. Сонау Орхон-Керуленнен бастап, Дунай-Днепрге дейінгі ұлан ғайыр жерді қазақ елі осы рухани ілімнің арқасында гүлдендірді. Біздің халқымыз – бұрын-соңды дүниеде болмаған демократия үлгісін жасағаны, тарихымыз адам сенгісіз ерліктің үлгілеріне толы болатындығы, бауыр-машылдықтың, мейірім-махаббаттың сәулесін танытқандығы – осы ілімнің арқасы», – деді ғалым.
Бұл жиында батырлықтан барымташыға, барымташыдан ұрыға айналдырған жалған намыс, соқыр ерлік туралы да сөз қозғалды. Филология ғылымының кандидаты, фольклортанушы ғалым Болат Қорғанбек қарындасты ағаға, ағайынды туысқа айдап салатын қиянатшылдық өз ішімізде отырғанын айтты. «Оны жеңу – нағыз батырдың белгісі. Қазақ: «жауды жеңген – жарты батыр, өзін жеңген – нағыз батыр» деген осындай айтылса керек», – деді.
Рухани кештің қорытындысында «Сенім.Білім.Өмір» РҚБ-нің рухани ұстазы Нарымбай Разбекқажыұлы бөлімше сарбаздарын ант қабылдау сәтімен құттықтай отырып, түйінді аталы сөз айтты:
«Құдай ұрған оңалады, ал ант ұрған екі дүниеде де жақсы болмайды. Антқа берік болу – ең алдымен сардарға, әскербасыларға қалтқысыз бағыну. Өзара ымыралы болып, темірдей тәртіпке мойынсұну – антқа адалдық», – деді.
Осы жерде сарбаздарға, қатысып отырған біздерге «ант» деген ұғым мен антқа адалдықтың басы ашылғандай болғаны сөзсіз. Себебі, ғалым әскербасын тыңдамау – отан сатқанмен бірдей екендігін ескертті. «Ер азамат деген кім?», – деп ортақ сұрақ қойды да, сөзін өзі жалғастырды. «Ер азамат елін, жерін риясыз шын ықыласпен қорғайтын болса, сол нағыз азамат болмақ. Оны «Ер азамат!» дейді. Ер азамат өзі үшін туып, отаны үшін өледі. Сондықтан да отан қорғаудан абыройлы істің болуы мүмкін емес. Отанды сүю – иманнан. Қазір дін атын жамылған неше түрлі жат пиғылдылар қиянатты іс жасап жүр. Ондай сыртқы күштер бізге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіріп тұр. Солардың айтқандарына еріп, алданып қалып жүрмеңіздер. Шәкәрім қажы кезінде:
Қазақтың көзсіз баласын,
Қаңғыртып қайда барасың?
Арыңды сатып арамға,
Адалдап қайтіп аласың?
– деген. Сол айтқандай, бұл топтардың құрамына кіргендер міндетті түрде отанына жау болып шығады. Олардың дінмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Дін – ең алдымен халыққа адал қызмет етуге үйретеді. Одан басқа оның мақсұты жоқ. Адал қызмет жасағанға Алла Тағала разы болады. Алла Тағала разы болғанға екі дүние де шаттық бар. Отанға, елге қызметтің ризалығын табу сіз бен біздің мұратымыз» – деді.
Одан әрі Нарымбай Разбекқажыұлы сарбаздар арасын-дағы ең ауыр мәселе әлімжеттікке қатысты да сөз қозғады: «…Бауырлар, түбіміз бір: қарға тамырлы қазақпыз. Бір-біріңді кешіре біліңдер. Біздің қаншама әскерге кеткен ұлдарымыз отбасына мүгедек болып келіп жатыр. Адам тағдырымен ойнауға ешкімнің хақысы жоқ. Ол жарымжан болып, ертең ата-анасына масыл болса, кімге қандай пайда?! Үкіметке, халқымызға қандай зиян келеді десеңізші. Оң қолың ашуға тартса, сол қолың арашашы болсын! Алла тағала елімізді тыныш, Елбасымызды аман қылсын!» – деп бата берді. «Мен енді сөзімді ҚР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ауыз сөзімен аяқтағым келеді» деп, Президенттің 2002 жылы Түркістанда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында сөйлеген сөзін үнтаспадан тыңдатты.
Үнтаспадағы сөзді біз де мәтін түрінде бере кеткенді жөн көрдік. «…Ел бірлігі туралы сөз болғанда біз өз дініміз – Исламға тоқталмай кете алмаймыз. Біз бұл арада Исламның тарихи тұрғыда қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі жұртының қалыптасуына игі ықпал жасағанын тілге тиек етпекпіз.
Діннің тұтастығы – қашан да елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан баршамызға белгілі. Бірнеше дін өкілдерінен тұратын халықтардың мұсылман, христиан болып, ал бір дінді ұстанып отырып-ақ оның тармақ-тармағына бөлініп, өзара алакөз болған елдердің бастан кешіп отырған тауқыметтерін көріп те, біліп те отырмыз. Сондықтан, қалыптасқан дінге өзгеріс енгізбек болып, өздерінше жаңашылық таппақшы болып жүргендерге отпен ойнауға болмайды деген ескерту жасағымыз келеді.
Қазақ даласында данышпан бабамыз Ахмет Ясауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы Ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрменен мінеки, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді. Сондықтан ұлттық сипатқа айналған дәстүр мен дүниетанымымызға сырттан келіп, түзету жасағысы келгендерге жол бере алмайтындығымызды ашық айтамыз».
Анығында, сарбаздарға арналған түрлі жиын өтеді. Ал, нақты тәрбие мәселесінде ұлттық дүниетаным негізін арқау еткен, ауылынан алыста жүрген азаматтың көңіліне жақын мұндай шараның жиі өте бермесі анық. Тәрбиенің өзегін, ұлттық болмысының тамырын көрсеткен осындай кешке ұйытқы болған азаматтарға сарбаздардың алғысы шексіз болды. Сахнадағы «Ясауи» тобын жібергісі келмеген олар қол соғып және бір хикмет орындатты. Бұл сұраныс түске дейін де, түстен кейін де өткен екі әскери бөлімде де қайталанды.
№82796 әскери бөлім жетекшісі полковник Ерман Қасымбеков, №75263 әскери бөлім жетекшісі Берік Қабылов, тәрбие жөніндегі орынбасар Ербол Абуовтардың сарбаздардың тәрбиесіне, олардың ұлттық дүние таным көкжиегін кеңейтуге жасаған жұмыстарын өзгеге үлгі етерлік.
Рас, біз ерлерді, ерлікті айтамыз да оған жетер жолды, сырды аша алмай қаламыз. Сарбазға ең керекті отаншылдық өр рухтың бастауынан еркін қана алмай, анттың қасиеттілігін білсек те антқа адалдықты жете сезіне бермейтініміз шындық. Кешегі рухани жиын дәл осы жайдың ара-жігін ашып бергендей болды…



Абылай МАМЫРАЙХАН, Алмас ҚУАНБАЙ,
«Үш қиян» газеті 4 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576