Дәулет Төлендіұлы. Таразда «тентек» неге көп?
Былтырғы Елбасымен болған тікелей эфир кезінде тараздық ата-ананың шырылы бүкіл Қазақстанды үрейлендірген болатын. Содан бері облысымызда жасөспірімдер қылмысына байланысты бірнеше ілкімді істер жүргізіліп, тіпті, облыс прокуроры мен ішкі істер департаментінің басшылары да ауысқан еді. Бірақ, қанша жерден жұмыс жүйеленгенімен, Таразда «тентек» көбейіп бара жатқаны шындық.
Былтырғы Елбасымен болған тікелей эфир кезінде тараздық ата-ананың шырылы бүкіл Қазақстанды үрейлендірген болатын. Содан бері облысымызда жасөспірімдер қылмысына байланысты бірнеше ілкімді істер жүргізіліп, тіпті, облыс прокуроры мен ішкі істер департаментінің басшылары да ауысқан еді. Бірақ, қанша жерден жұмыс жүйеленгенімен, Таразда «тентек» көбейіп бара жатқаны шындық.
Облыстық ішкі істер департаментінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылы облыста жасөспірімдер қолымен жасалған 186 қылмыс тіркелсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 5,1 пайызға өсе түскен. Бір өкініштісі, жалпы, кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған қылмыстың 91-і (48,9 пайызын) оқушылар тарапынан болған. Қылмыстық оқиғалардың 116-сы Тараз қаласында тіркелсе, 70 қылмыс аудандарда орын алған. Балалар жасаған қылмыстың түрлері де сан алуан. Мәселен, олардың қатарында ұрлық жасаушылар ең көп тіркелген болса, қарақшылық шабуыл жасау, денеге ауыр жарақат салу, қаруды заңсыз сақтау сынды қылмыстарға барғандар да көп. Ең сорақасы, олардың арасында 3 кісі өлтіру, 3 зорлық жасау сынды адамдық қасиеттен кеткен ең ауыр қылмыс түрлері де кездесіп отыр. Бұл мәліметке қарап отырып, он беске толар-толмастан ойран салып, бесіктен белі шықпай жатып-ақ «қылмыскерлер қатарына» қосылған жетесіз жеткіншектер қайдан шығады деген сұрақ туады. Көптен бері бала тәрбиесімен айналысып, баланың мінез-құлқын жіті танитын Айман Тілеукеева: «Бала тәрбиесі туралы сөз еткенде, алдымен оның ата-анасына, яғни тегіне, содан кейін өскен ортасына қарау керек. Әрине, әрбір ата-ана баласының қылмыскер, бұзақы, зорлықшыл болғанын қаламайды. Бірақ, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, өз отбасында ата-анасының бір-бірімен қабақ шытысып, жаға жыртысқан әрекеттерін көрген балалардың көбі келешекте қатыгез, тәртіпсіз болып өседі. Неге? Себебі, ондай балалар ата-анасының мейірімін, адамгершілік, сыйластық, түсінісу дегеннің не екенін білмейді. Өйткені, бұл балалар отбасында өзіне лайықты тәрбие алған жоқ. Оның үстіне үлгі көрсетер ата-анасы баланың көз алдында неше түрлі қылық шығарса, мұны көрген балақай қайдан оңады? Сол жасаған ата-анасының қылығын ойға тоқып, басқа жерде көрсетіп бағуы әбден ықтимал», - дейді. Құқық саласының қызметкерлері де жаман әдетке бой алдырғандардың басым бөлігін шаңырақтағы жарастығы бұзылған, ұрыс-керіске толы ерлі-зайыптылардың отбасынан шыққан балалар мен ата-анасының бақылауынсыз кеткен жеткіншектер құрайтынын айтады. Сөзімізге дәлел керек десеңіз, өткен жылдың 6 қарашасы күні түнгі сағат 23.00 шамасында Жамбыл ауданындағы Сартаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысының қатысуымен төбелес орын алған. Ал, бұл кезде төбелеске қатысқан баланың ата-анасы үйде болмай, қонақтап, балаларының әрекетінен мүлдем бейхабар болып шыққан. Сонымен қатар, Т. Рысқұлов ауданы Көкдөнен мен Жақсылық ауылдары мектептерінің жоғары сынып оқушылары болмашы телефон әңгімесі кезінде жанжалдасып, арты екі ауыл балаларының төбелесіне ұласқан. Нәтижесінде жазықсыз Көкдөнен ауылының тұрғыны Б. Ақылбеков есімді азаматқа шолақ мылтықтың оғы тиіп, бүгінде аудандық ауруханада хал үстінде жатқан көрінеді. Сонда осы балалардың ата-аналары бауыреттерінің қолына қару алып, беліне қанжар байлап жүргенін байқамай ма? Әлде, қару ұстауға рұхсат беріп қойған ба? Бұл аз десеңіз, облыс орталығындағы білдей бір оқу орнының студенті қала іргесіндегі Жамбыл ауданы Гродикова ауылындағы «Айша-Бибі» бақылау-өткізу пунктінен облыс аумағына 80 грамм есірткінің «марихуана» түрін алып өтпекші болып, қолға түсіпті. Ал осындай оқу орнында оқытып отырған баланың жағдайы қалай нашар деп айта аласыз? Міне, осындай мәліметтерге қарап отырып, еріксіз ойға шомасың... «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, өткен жылғы облысымыздағы жасөспірімдер арасындағы қылмыстарға қатысы бар 106 мектеп оқушысының 56-сы жағдайы жақсы, толық отбасынан шыққан екен. Бұлар тойымшылық пен еркеліктен «секірмегенде» қайтті дейсіз? Ал, негізгі қылмыстың басым бағыттары осы жетіспеушіліктен, отбасының аз қамтылғандығынан болып отырғандығы бүгінгі шыңдық. Қысқасын айтқанда, жеткіншектер үлкендер білмеген сұмдықтың бәрінен хабардар деуге болады.
АЙТПАҚШЫ...
Жақында Жамбыл облысына еліміздің Бас прокуроры Қайрат Мәми арнайы келіп, өңірдің, оның ішіндегі тараздық жасөспірімдердің тәртібін «тексерді». Мінберге бірінші болып көтерілген облыс әкімі Қанат Бозымбаев күн тәртібінде қаралып отырған мәселе өте маңызды екенін, кәмелетке толмаған жастардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мемлекет пен қоғам үшін ортақ міндет болып табылатындығын айта келіп, Жамбыл облысында жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беру мәселесіне қатысты сұрақтар бүгінгі күнге дейін бар екенін айтып өтті. Тіпті, оны ешкім де жоққа шығара алмайтындығын Бас прокурорға бүкпесіз жеткізді. Сондай-ақ, Қанат Алдабергенұлы бұрынғы жіберілген кемшіліктерді жою жолдары мен алда жаңа міндеттер қойылғандығын да жиылғандарға жеткізуді ұмыт қалдырмады. Өңір басшысынан кейін сөз алған облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов қызметке жуырда кіріскенін алға тартып, жасөспірімдер қылмысына қарсы күресте білім беру, құқық қорғау органдары саласымен бірлесе жүргізілген жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтті. Оның айтуында, облыста қолданылған шараларға қарамастан жасөспірімдер қылмыстылығының ахуалы күрделі күйінде қалып отыр. 2009 жылы облыста жасөспірімдер қолымен жасалған 186 қылмыс тіркелсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 5,1 пайызға өсе түскен. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған қылмыстың 91-і (48,9 пайызы) оқушылар тарапынан болған. Қылмыстық оқиғалардың 116-сы Тараз қаласында тіркелсе, 70 қылмыс аудандарда орын алған. Балалар жасаған қылмыстың түрлері де саналуан. Мәселен, олардың қатарында ұрлық жасаушылар ең көп тіркелген болса, қарақшылық шабуыл жасау, денеге ауыр жарақат салу, қаруды заңсыз сақтау сынды қылмыстарға барғандар да көп. Ең сорақасы, олардың арасында 3 кісі өлтіру, 3 зорлық жасау сынды адамдық қасиеттен кеткен ең ауыр қылмыс түрлері де кездесіп отыр. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының міндетін атқарушы Марат Қожаев та жасөспірімдер қылмысының өршіп тұрғандығын жасырған жоқ. Дегенмен, бұл орайда жүргізіліп жатқан жұмыстар да бар екендігін жеткізген Марат Шадетханұлы бірнеше ұсыныс айтуды да ұмытқан жоқ. Оның мектеп инспекторларының басым көпшілігінде арнайы педагогикалық мамандық болса деген ұсынысы Қайрат Әбдір- азақұлының таңданысын білдірді. Жиын барысында облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бейқұт Жаманкөзов, облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Клара Қайырбекова, облыстық жастар қауымдастығының төрайымы Әлия Арзымбетовалар облысымыздағы жасалып жатқан қылмыстарға жауапты тек құқық қорғау органдарын ғана емес, ең алдымен ата-ана, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салалары, турасы қоғам болып баса назар аудару керектігін айтысты.
Бұл жиында Таразда «тентектер» неге көп екендігі тағы белгілі болмады. Тек, Бас прокурордың «таяғы» жамбылдық құқық қорғау органдарының қызметкерлерін бір серпілтіп, алда аянбай жұмыс жасаймыз дегізді. Нәтиже алда. Тек, оңды болғай!.
«Дала мен қала» газеті
Жамбыл облысы.