Қызыл қырғын
Лениннен кейін Сталиннің билікке келуі КСРО-да түбегейлі өзгерістерге алып келді. Ол өз пікіріне, әрекетіне қарсының көзін құртып, партияны өзінің бағытында жұмыс істеуге жұмылдырды. Елдегі «жауларына», оппозициялық күштерге қарсы жазалаушы орган Ішкі Істер Халық Комиссариатын (НКВД) құрды. Орган Сталиннің жеке өзінің қол шоқпарына айналып, «мәртебесін» шарықтатып жіберді. Халықта қатты үрей мен қорқыныш қалыптасты.
Бірнеше жылға созылған репрессия 1934 жылғы 1-желтоқсанда Саясибюро мүшесі және ВКП(б) ОК хатшысы, Ленинградтық обкомның бас хатшысы С.М.Кировтің атып өлтірілуінен басталды.
Кировтің жерлеу рәсіміне дейінгі бес күн ішінде жалған айыппен, Ленинградта 39 адам, Мәскеуде 29, Минскіде 9, Киевте 28 адам атылған. Олардың барлығы жазықсыз жандар болатын.
Кировтің өлімі Сталинге өзінің қарсыластары мен халыққа қарсы күш қолдануға мүмкіндік берді. Бұрынғы Сталинге қарсы оппозиция өкілдері және саяси қызметтен кеткен тұлғалардың барлығы да тұтқындалды.
1937 жылдың басында Ішкі Істер Халық Комиссариатының басшысы қызметінен айрылған Г.Г.Ягоданың өзі ақпан-наурыз айларындағы ОК-нің Пленумында үлкен сынға ұшырап, 28-наурызда тұтқындалды. Ол кезінде үлкен қызметте жүргенде Сталинмен арақатынасы жақсы еді және НКВД-ң басшысы ретінде де жеке тапсырмаларын орындайтын. Ягода болса, Сталиннің қылмысының куәгері еді. Сондықтан Сталин одан сыпайы жолмен, яғни «оңшыл троцкистік блоктың» өкілі деп айыптап құтылғысы келді. Ягода барлық тағылған айыптарды мойындады.
Осы кездерде «сатқын», «халық жауы» деген түсініктер синоним ретінде пайдаланылды және жауапқа 12 жастағы баладан бастап тартылсын деген бұйрық та болды.
Ежов жұмысқа кіріскеннен кейін НКВД жұмысшыларының жағдайы жақсарып, «жендеттердің» айлық жалақылары көбейіп, әр түрлі марапаттарға ие болды. НКВД қызметкерлері барлық күшін «контрреволюциялық ұйымдарды», «зиянкестерді», «шпиондарды» ұстауға жұмылдырылып, олар өз жоспарын асыра орындау үшін барлық жауыздыққа барды. Сотсыз үкім шығарушы органдар «екілік» және «үштіктер» күшейе түсті. Олар тұтқындағыларды сырттай жоғарғы жазаға ұшыратты.
Одақтас республикалардың барлығында бұрынғы «ұлттық ауытқушылыққа» айыпталғандарына және партия өкілдеріне қарсы жаппай репрессия ұйымдастырылды. Әрине бірінші соққы ВКП (б) ОК-ның өкілдеріне тиді. Кезінде 1934 жылдың 10 ақпанындағы партияның ХYІІ съезінде ВКП(б) ОК-ге алынған 71 мүше мен 68 мүшелікке кандидаттың, бес жыл өткеннен кейін, яғни сол 139 адамның үштен екісі заңсыз репрессияланған. Нақтырақ айтқанда өз әріптестері тарапынан өлтірілген.
1937-1938 жылдары адам шошырлық репрессияға жалпы барлық республикалық, облыстық, обком және облисполкомдық, кеңестік ұйымдар өкілдері, қалалық және аудандық партия басшылары ұшырады. Осындай қызметтегі тұлғалардың РСФСР бойынша 90% көзі жойылды. Басшылық кадрларға үлкен соққы берілді. Тіпті, Мәскеу облысының партиялық хатшыларының 136-нан 1939 жылы тек жетеуі ғана қалған.
Осындай қиын сәтте Сталин Қызыл Әскер кадрларына да соққы беруді ұмытпады. 1937 жылы атақты қолбасшы маршалдар М.Н.Тухачевский, И.Э.Якир, А.И.Егоров, В.К.Блюхер т.б. ату жазасына ұшырады.
Сталин елдегі репрессияны жүргізуде бірінші кезекте жазалаушы және сот-тергеу органдарына арқа сүйеген еді. Бірақ жаппай репрессия сан мыңдаған НКВД мен сот және прокуратура өкілдерін де назардан тыс қалдырмады. Ауыр соққы Кеңестік барлаушыларға да беріліп, әскери барлаудың басшысы Я.К.Берзиннен бастап И.Рейсс, В.Кривицкий тағы басқалары атылды.
1935 жылдың қарашасындағы НКВД органының ең жоғарғы әскери шені 1,2 және 3 рангалы комиссар атағын иемденген, және елімізде «Үлкен террор», мен «тазарту» жүргізген 38 адамның 1941 жылы тек екеуі ғана тірі қалған.
Ал, Қазақстанға келетін болсақ, осылардың бірі екінші рангалы мемлекет қауіпсіздігі комиссары П.Б.Залин Қазақстанда тура үш жыл (09.01.1935-20.01.1938) НКВД бастығы болып істеді. Соның соңғы бір-екі жылы тікелей Н.Ежовтың қарамағында өтті.
1937 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің құрамындағы 85 мүше, 35 мүшелікке кандидат, 11 ревком мүшесі – барлығы 131 адам болса, жыл аяғында одан 68 адам ғана қалған.
Қазақ елінде НКВД басқарған П.Б.Залин Мәскеуге ауысуына байланысты оның орнына орталық С.Ф.Реденсті жіберді. 1938 жылы қаңтардың соңында қызметіне кіріскен ол Алматыда 37-де басталған қызыл террор қарқынын өрістете түсті. Ол он күн ішінде бүтіндей Қазақстанның үкіметін атып тастаған. Келген он күні ішінде Жоғарғы Советтің төрағасы Құлымбетовтен бастап сегіз министрді, Орталық партия Комитетінің бас хатшысын, төрт меңгерушісін, бюро мүшесін түгел, Жоғарғы Совет төрағасының орынбасарларын, министрлер Советі төрағасының орынбасарларын атып тастаған. Солардың қатарында 14 облыстық атқару комитетінің төрағалары, 13 обком хатшысы бар. Қазақ мемлекетінің басшыларын жаппай жою саясаты осылай жедел, жантүршігерлік күйде жүргізілді.
Сөйтіп, репрессияның нағыз шарықтау кезеңінде, 1937-1938 жылдарда, қазақ елінде тіпті НКВД-ны басқарған Залин мен Реденстер де репрессиядан қашып құтылмады.
Сол жылдары бір ғана репрессия салдарынан қазаға ұшыраған қазақстандықтардың саны 25 мың адамнан асып жығылады. 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен бастап Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса, оның төрттен бірі «НКВД үштіктері» үкімімен, сот үкімімен атылып кеткен.
Мұндай қызыл қырғын қазақ халқын ерекше ойсыратты. Демограф М.Тәтімовтің айтуынша, 1937-1938 жылдары «халық жауы» болып атылған қазақтар пайыз жағынан грузиндерден екі есе, орыстардан үш есе, татарлардан төрт есе, өзбектерден бес есе көп болған. Елінің еркіндігін аңсап, арманда кеткен алаш арыстары, ғалымдар, әулиелер, ақын-жазушылар болды.
Цифрға сенер болсақ, біз бүкіл соғыс жылдары 600-дей генералдан айрылдық. Сталин болса, 1937-1938 жылдары 43 мың әскери басшыны репрессияға ұшыратқан.
Кейбір деректерге қарағанда 30-шы жылдардың соңында 23000 чекист өлтірілген. Нағыз қылмыскерлер Ягода, Ежов, Берия, Вышинский және Ульрихтер болатын. Олар Сталиндік жазалаушы жүйенің 30-шы жылдардағы іріктелген белсенді мүшелері еді. Сол белсеніп жүрген Ежовқа да «Польша, Германия, Жапониямен сатқындық, шпиондық байланыста болған» деген айып тағылып, 1940 жылы 4 ақпанда ату жазасына ұшырады.
Кейбір мәліметтерге қарағанда 1935 жылдың 1 қаңтарынан 1941 жылдың 22 маусымы аралығында КСРО-да 19 млн. 840 мың «халық жауы» тұтқындалып, оның 7 миллионы атылса, қалғандары лагерьлерде өлген.
Бұдан шығатын қорытынды, С.Кировтің қазасынан кейін басталған еліміздегі жаппай қуғын-сүргін адамзат тарихында болмаған қатыгездікпен жүргізілді. Зұлмат Кеңес Одағы құрамындағы барлық республикаларды қамтыды.
Сталиндік зорлық-зомбылық ақырында тарихи жеңіліске ұшырады. Сталиндік жүйенің 30 жылдық тарихындағы КСРО-дағы адам шығыны, Романовтар әулетінің 300 жылдық тарихындағы адам құрбандығынан бірнеше есе көп.
Әлем тарихында ХХ ғасырдың бейбіт кезеңдерінде әлемнің түрлі елдерінде 170 миллион адам қырылып жойылыпты. Солардың 110 миллионы, немесе шамамен үштен екісі, коммунистік бағдардағы елдердің үлесіне тиеді. КСРО-да 1917-1987 жылдары 62 миллион адам жойылған, «коммунистік Қытайда» (1949-1987) – 35 миллион, Германияда (1933-1945) – 21 миллион, «ұлттық Қытайда» (1928-1949) – 10 миллион, Жапонияда (1936-1945) – 6 миллион, Түркияда (1909-1923) – 2,8 миллион» «Социалистік қауымдастық» деп аталатын бұрынғы 23 елде 110, 286 миллион адам жойылыпты. Сондай-ақ адамдарды жойқын қырғаны үшін басшылардың жеке жауапкершілігі туралы айтатын болсақ, бұл тізімнің ең басында Сталин тұр. Оның мойнына 42,6 миллион адамның қаны жүктеледі. Одан кейін: Мао Цзедун – 37,8 млн, Гитлер – 20,9 млн, Чан Кайши – 10,2 млн, Ленин – 4 млн, Хидэки Тодзио – 3,9 млн, Пол Пот – 2,4 млн адам.
жедел сұхбат
Талас Омарбеков
– Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңдегі қуғын-сүргін мәселесінің зерттелу деңгейі қалай?
– Қуғын-сүргін, жалпылама алғанда науқандар бойынша зерттелуі бітті деуге болады. Мысалы, түрікшілдікке айыптау, ұжымдастыру, кеңестендіру, қазақты ұлтшылдыққа айыптау жолындағы қуғын-сүргіндер, елде болған көптеген шаруашылық саяси науқандар, депортация да біршама дұрыс зерттелді.
Біздің қоғамда осы мәселеге турасында шатастыру орын алды. Ашаршылықты 1929-1931 жж большевиктердің әлеуметтік-саяси реформасының қателігі. Оны апарып қуғын-сүргінге жатқыздық. Ашаршылық құрбандары ешқандай қылмыстық іссіз әртүрлі науқандарға байланысты қырылды. Ал, оларды саяси қуғын-сүргінге жатқызуға болмайды. Қуғын-сүргіндер арнайы айыптаумен, жала жабумен жойылған адамдар. Енді осы тұрғыдан ашаршылық құрбандарын қуғын-сүргін құрбандарынан ажырату керек. Оларды атап өту үшін арнайы күн белгілеу керек. Ашаршылық құрбандарына (2 млн астам қазаққа) арнап барлық облыстағы қалаларға ескерткіш орнатсақ, артық болмайды. Ал, қуғын-сүргін құрбандарына да монументтер орнатайық. Міне, осы мәселені зерттеушілер күн тәртібіне қойып, айтып келеді, бірақ оны тыңдар құлақ жоқ. Жалпы мен қуғын-сүргіннің көп томдық кітабын шығару керек деп ойлаймын.
– Қуғын-сүргін мәселесіне шетел тарихшылары қаншалықты мән беріп отыр?
– Шетел тарихшылары қуғын-сүргінге де, ашаршылықа қасіретіне де жақсы мән береді. Осы жылы ғана менен екі шетелдік келіп, аштан қырылған қазақтарға байланысты арнайы лекция тыңдады. Оның біреуі Американдық, екіншісі Италияндық доктарант. Міне, Европалық тарихшылар біздің тарихқа қызығып жатыр. Себебі, өз тарихын зерттеп бітті. Оларға мемлекет жағдай жасады. Сондықтан зерттейтін обьекті таппай біздің тарихқа көшіп жатыр.
Посткеңестік елдердің тарихшыларынан қазіргі кезде қол үзіп қалғанбыз. Олармен байланыс өте нашар.
Біз халық боламыз десек, тарихымыздағы қуғын-сүргін секілді ақтандақ мәселелерді шынайы түрде зерттеп, оған обьективті түрде баға беру керек. Сонда ғана ұлт өзін-өзі толық таниды.
Талғат ЖОЛДАСҰЛЫ, тарихшы
«Үш қиян» газеті 28 мамыр 2009 жыл