Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5921 0 пікір 11 Маусым, 2009 сағат 07:30

ТАЖАЛ – ТАҒАМ

 

 

Біз газетіміздің өткен санында Фаст фуд тағамдарының адам ағзасына тигізетін зияны туралы сөз қозғағанбыз. Бүгін де сол тақырып аясындағы әңгімені жалғастырып, Алексейдің тәжірибенің келесі аптасында қандай күй кешкені жайлы және біздің күнделікті пайдаланып жүрген ет, сүт өнімдерінің, тағы басқа азық-түлік түрлерінің қалай өңделіп, тұтынушыға жететіні жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.
Өз ағзасында ұнамсыз өзгерістер біліне бастағанын байқаса да Алексей тәжірибені тоқтатпауға бел байлады. Ол тым күйгелек болып кетті, әріптестерімен тіл табысу да қиындай бастады. Басы қатты ауырып, жоғары қабатқа көтерілгенде ентігіп қалатын, ұйқысы да бұзыла бастады.
Осыдан кейін ол тәжірибенің екінші аптасында тек ет, сүт және қақталған құс етімен қоректенуді ұйғарды.
Құс етінің тез қорытылатын, өте жеңіл тамақ екені белгілі. Бірақ сол құстың тұтынушыға қалай келіп жететіне мән бере бермейміз.
Ал, құс өсірушілер балапандардың екі ай ішінде тез оңалып, салмақ құрауы үшін жемге түрлі дәрумендер мен ағзаның өсуін күшейтетін натрий глутаматы бар жасанды қоздырғыштар қосады. Мұндай гормондық дәрумендер мен антибиотиктердің адам ағзасына да зиянды әсері өте көп. Оған қоса, құс етін дайындауда көбінесе санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмайды. Етті қақтайтын, яғни пісіретін ыдыстар мен жабдықтар жиі тазаланып тұрмайды. Ал, бірнеше рет қолданылған май оны қыздырған кезде канцерогенді заттар пайда болып, адам ағзасына өте зиянды затқа айналады. Дәмдегіш заттардың құрамындағы химиялық элементтер де ыстықтың салдарынан құрамын өзгертіп, залалды нәрселер бөліп шығарады.
Міне, Фаст фуд тамақтарының адам денсаулығы мен жүйкесіне кері әсер етіп, Фаст фуд өнімдеріне деген тәуелділік пайда болады. Ал, артық салмақ ағзаға қосымша жүк түсіреді.
Бүгінгі таңда дамыған елдердің экономикасы, негізінен, фармацевтика саласына, косметология өндірісіне және Фаст фуд тағамдарын шығаруға тікелей тәуелді. Бұл компанияларға бүкіл адамзаттың аш, ауру, әрі шектен тыс семіз болғаны керек. Өйткені жүйкесі нашар семіз адам тек құлқынның қамын ойлап, қарын тойғызуды ғана біледі. Ауыра қалса, дәріханаларда түрлі дәрі-дәрмек толып тұр. Ал, бет-аузындағы «кемшіліктерді» косметиканың көмегімен әрлеп, «жөнге» келтіреді. Осылайша дүниежүзілік алпауыт компаниялардың ақша жасау диірмені тоқтаусыз айналып тұрады.
Малдың немесе құстың тамағына қосылатын антибиотиктер мен етті өңдеуде қолданылатын химикаттар оның құрамында сақталып қалады. Соңғы кездері ет өнімдерінен уланудың көбейіп кеткені содан. Ресейдің өзінде 2006 жылы жүздеген адам ет өнімдерінен уланып, ауруханаға жатып шықты.
Фаст фуд өнімдерін жиі пайдаланатын адам артық салмақ қосып, соның салдарынан ағзасы күйзеліске ұшырап, депрессияға түседі. Мұндай кезде одан құтылудың жалғыз жолы – антидепрессанттар. Стресс кезінде ағза энергияны есепсіз шығындайды. Оның орынын тек қана Фаст фуд өнімдері толтырады. Осылайша жүйкесі бұзылған, өз-өзіне сенімсіз тұлға қалыптасады.
Ал, қазіргі шұжық өнімдері бұрынғыдан мүлдем басқаша. Кеңес уақытында азық-түлік өнімдеріне ГОСТ жүйесі енгізілетін. Бүгінде бұл өнімдер техникалық шарттарға (ТУ) сәйкес шығарылып жатыр. Мәселен, ГОСТ талаптары бойынша, еттен жасалатын өнімдерге азықтық қоспалар қосуға мүлдем тыйым салынған еді. Ал, техникалық шарттарға сәйкес, мұндай нұсқаулар алынып тасталып, сапасыз етке соя ақуызын, өнімнің сапасын жасанды түрде арттыратын басқа да химиялық заттар қосуға шектеу қойылмады. Сенсеңіз, қазір дүкенде тұрған шұжықтың құрамында ет жоқ. Дайын өнім дам ағзасына өте зиянды соя концентратынан, дәмдегіш, салмақ көбейткіш, ет дәмін беретін түрлі химиялық қоспалардан тұрады. Солай бола тұра, ет өнімін шығарушылар тұтынушыны өнімнің құрамындағы химиялық қоспалар өте аз мөлшерде, еш зиянсыз деп сендіреді. Бірақ химиялық заттар жылдар бойы ағзамызға шөгіп, ішкі мүшелерімізді зияндап жатыр. Шын мәнісінде, мұндай шөгінділер адам ағзасында тіптен болмауы керек. Ал, Фаст фудты пайдаланған сайын ағзаның өзін өзі тазалау қабілеті жоғала береді.
Ал, сіз өзіңіз жақсы көретін жіңішке шұжықтың (сосиска) құрамында не бар екенін білесіз бе? Оның 25 пайызы – соя ақуызынан, 15 % – құс етінен, 7 % – мал етінен, 5 % – крахмал ұнынан, ал 45 % – малдың терісінен, тарамыс-тамырлары мен бүйрек-бауырларынан жасалған эмульсиядан тұрады. Міне, сүйіп жейтін тағамның сиқы осындай.
Ең сорақысы – өтпей қалған шұжық өнімдері ет комбинатында қайта өңдеуден өтіп, сауда нүктелеріне қайта әкелінеді. Мұндайда бұрынғысы аздай, оның құрамына қайтадан азықтық қоспалар қосылады.
Химиялық азықтық қоспалармен сауда жасайтын компаниялардың өз жарнамаларынан мынадай ұсыныстарды көптеп кездестіруге болады:
«Біздің өнімдеріміз бизнесіңіздің алға ілгерілеуіне көмектеседі, шұжық, тағы басқа ет өнімдерінің құрамындағы етті жасанды жолмен 10%-ға көбейтеді. Мұндайда өндірісті дамыту үшін қосымша қаражат талап етілмейді, жаңа технологияларды енгізудің қажеті жоқ. Жартылай ысталған шұжық өнімдерін 8-10%-ға көбейту үшін азықтық қоспаның 400 грамын ғана 100 кг фаршқа қоссаңыз жеткілікті. Өнімнің тартымдылығы, дәмінің ерекшелігі ойдағыдай болады». Мұндай жарнамаға пікір айтудың өзі – ағат.
Азық-түлік сатып алған кезде өнімнің тауар құлақшасындағы (этикетка) канцерогенді заттар туралы мәліметке мұқият назар салған жөн. Сапасы төмен, канцерогені өте жоғары өнімді тұрақты түрде пайдаланып жүрген кісінің дертіне дауа жоқ. Қылтамақ сияқты емі жоқ аурулардың бәрі де осы канцерогендік заттардан туатынын ғылым дәлелдеп отыр. Жылдар бойы улы заттар жиналған ағза генетикалық өзгерістерге ұшырайды. Ал, геннің өзгеруі адамның азуына, көңіл-күйінің құлдырауына әкеліп соғады. Бауырдың, талақтың, бүйректің қатерлі ісігіне шалдығуға осы канцерогендер себепші болады. Егер тамақтың тауар құлақшасында құрамында «Е» деген деген зат бар деп көрсетілсе, онда өнімге азықтық қоспалар, химиялық дәмдегіштер, жасанды бояу қосылды деген сөз. Олар өнімді бұзылудан сақтайтын күшті реагенттер.
Азықтық қоспаны адамзат ерте кезден пайдаланып келеді. Мысалы, табиғи ас тұзы етке, балыққа, көкөніске қосылса, астың дәмі кіріп, тәбет шақырады. Ал, химиялық қоспалардың адам ағзасына зияны ұшан-теңіз. Сондықтан дүниежүзілік тамақ өндірісінде азықтық қоспаның үш түрін мүлдем қолдануға тиым салынған. Олар Е-121 қоспасы – қызыл цитрус тағамдық бояуы, Е-123 – амарант бояуы, Е-240 – формалдегид консерванты. Бұл қоспалар шоколадқа қосылатын.
Бүгінде Е-240 консервантының азық-түлікке кері әсер ететіні дәлелденген. Кейбір азықтық қоспалар аллергиялық реакция туғызады, асқазан-ішек жолында қабыну пайда болып, таяныш-қозғалу мүшелердің жұмысының бұзылуына алып келеді. Бұл туралы ғылыми журналдарда жиі айтылып жүр.
Дәмдегіш екі түрге бөлінеді: жасанды және табиғи. Өңделген азық-түлік өнімдеріне жасанды дәмдегіш табиғи дәм береді. Бұлардың бәрі химиялық жолмен алынатындықтан мұндай қоспаларға өте сақтықпен қарау керек.
Эксперименттің он бірінші күні Алексейдің асқазанын шанши бастады. Ұйқысы бұзылып, түнде қайта-қайта ояна берді. Беймаза күйге түсіп, көңіл-күйі болмады. Ас қорыту қызметі нашарлады.
Мамандардың айтуынша, бұл талақ жұмысының нашарлауының белгісі. Енді Алексейге сүт өнімдерінен жасалған тағамдарды ішуге кеңес берілді.
Кейбір сүт өнімдері 100 пайыз жасанды екені, зауыттан шыққан сүт өнімдерінің адам ағзасына зияндылығы туралы көп айтылып жүр. Табиғи сүт асып кетсе 3-4 күн ғана сақталады. Сосын ашып кетеді. Ал, сауда нүктелеріндегі «табиғи сүт» белгілі бір температурада 6 айға дейін сақталады. Бізді де ойландыратыны – осы жағдай. Мәселе сүттің құрамына қосылған консерванттар мен сүт сақталатын асептикалық қорапта тұрған сияқты.
Асептикалық қорап дегеніміз не? Бұл қорапқа антибиотиктер сіңірілуі мүмкін, әлде ол залалсыздандырылатын заттармен байытылады. Мұндай қорапта көп сақталған сүт өнімдері адам ағзасына өте қауіпті азыққа айналып кетуі мүмкін. Айран мен йогурт 0 және -1 градуста көп сақталса, оның құрамындағы тірі микроағзалар өмір сүре алмайды. Йогурттың сақталу мерзімі – 3 ай. Мамандардың айтуынша, 3 айға дейін сақталатын йогурт өзінің тауарлық құнын мүлдем жойған болып есептеледі. Себебі йогурттағы микроорганизм өлмей, тірі сақталуы тиіс.
Айранды қалай сақтауға болады? Айтатыны жоқ, оған тек консервант қосу қажет. Немесе тұрақтандырғыштар, антибиотиктер қосып, радиация сәулесімен қайта өңдеуден өткізу керек. Йогурт, айран және тағы басқа сүт өнімдерінен жасалған өнімдерді тұрақты түрде пайдалансаңыз, өміріңізге қауіп төндіретініңізді де естен шығармаңыз.
Жақында Швейцария ақпарат құралдарында таң қаларлық деректер жарияланды. Бұдан отыз жыл бұрын жерленген адам мүрделері сол күйінде бұзылмай сақталған. Дәл бір жеті бұрын дүниеден озған адамдар сияқты дерсің!
Өлген адамның денесі 3-4 жылдың ішінде іріп-шіріп, тек қу сүйегі ғана қалуы керек еді. Бұл елдің заңнамаларына сәйкес, бұрын зират болған жерге 17 жылдан кейін ғана қайта адам жерлеуге рұқсат етіледі. Ал, отыз жыл бойы міні құрамай тұрған мәйіттер туралы не айтуға болады? Әрине, ғалымдар бұл жағдайды зерттей келе, денелердің бұзылмай сақталуына жеген тамақтарының құрамындағы когсерванттардың тікелей қатысы бар екенін анықтады. Консерванттар сол кездің өзінде газдалған ішімдіктерде, тәтті тағамдар мен сусындардың және Фаст Фуд өнімдерінің құрамында көп болған. Өмір бойы ағзаға жинақталған консерванттар ол өлгеннен кейін де денесінің бұзылмай сақталуына әсер етеді екен.
Азық-түліктің сақталу мерзімін ұзарту – тамақ өнеркәсібімен айналысатын көптеген компаниялардың басты мақсаты. Көкөніс және жеміс-жидектерді, әуелі, химиялық қоспалармен «өлтіріп», залалсыздандырады, сосын консерванттардың көмегімен тағы да қайта өңделеді.
Ананас, банан, жүзім, т.б. көкөніс өнімдері міні құрамай тұтынушыға жету үшін химиялық жолмен алдын-ала өңделеді. Мысалы, алма қабығы парафиннің жұқа қабатымен қапталады. Осындай тәсіл алманы екі жыл сақтауға мүмкіндік береді. Алманы жемес бұрын жәй ғана сумен жуу жеткіліксіз. Оны щеткамен мұқият ысқылап, бірнеше минут ыстық сумен жууымыз қажет.
Базардағы көздің жауын алғандай өрік қағы – табиғи түрде осындай болып қақталып қалуы екіталай нәрсе. Егер өрік табиғи түрде кептірілген болса, оның құрамындағы адам денсаулығына пайдалы заттардың бәрі де мінсіз сақталады. Ал, химиялық жолмен қақталған өріктегі керекті заттардан дәнеңе қалмай, адам ағзасына пайдасынан зияны көп затқа айналады.
Сөзіміз тиянақтырақ болуы үшін бір мысал келтіріп кетейік. Картоптан жасалған фри – әлемде ең көп тараған жеңіл тағам. Макдональдсте оны дайындау үшін қыруар уақыт жұмсалатын. Бірақ ол гамбургермен бірге тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болып, фирма үшін орасан зор табыс көзі болғандықтан, қанша уақыт кеткеніне қарамастан, оны дайындай берді. Міне, осыны ескерген картоп өсіруші фермер Джей Арсинг картоп өңдеудің жаңа технологиясын ойлап тапты. Қазіргі картоп зауыты осылайша пайда болды. Өндірістік процесс бұл жерде толық автоматтандырылған. Картоп іріктеліп, жуылып кептірілгеннен кейін ыстық будың көмегімен қабығы сыдырылады. Одан соң ол автоматты қондырғыда туралып, үлкен ыдыстардағы қайнап тұрған майға салынады да қытырлақ күйге келгенше қуырылады. Тоңазытқышта мұздатылады. Міне, осыдан кейін дайын тауар дүкен сөрелеріне жол тартады.
Картоптың пышақпен кесілген орны 4-5 минуттан кейін-ақ қарайып кететінін білеміз. Ал Фаст фуд өнімдерін дайындайтын фирмалар картоптың осы қасиетіне қарсы қандай әдіс қолданды? Бұл жерде тағы да консерванттардың, қышқылдардың, реагенттердің көмегі тиді.
Картоптан жасалған фри мен үй жағдайында пісірілген картопты бөлек ыдысқа салып сақталды. Арада 45 күн өткенде үйде пісірілген картоптың бұзылып, шіріп кеткенін, ал Фаст фудта дайындалған фри өзінің тауарлық түрін жоймай сақтағанын көрдік.
Сауда орындарында сатуға шығарылған азық-түлік заттарының 80 %-ы алдын ала өңдеуден өткен нәрселер. Сондықтан да олар бұзылмай көп уақыт тұра береді. Осылай біз соңғы 50 жылда химиялық зиянды заттармен өңделген тамақтарды ғана жеуге мәжбүр болып отырмыз.
Жеңіл тұздалған селедка балығын алып қарайық. Оны ұзақ мерзімде сақтау үшін уротропин қоспасымен өңдейді. Бірақ, тамақ өнеркәсібі мамандары осындай жолмен сақталған балықтардың одан әрі де көбірек сақталуын көздеп, балықты сірке қышқылымен өңдеуді ұсынады. Сірке қышқылына қосылған уротропин өте улы формальдегид қоспасына айналады. Бұл – адам ағзасы үшін өте қауіпті зат. Ол көру, есту, дем алу мүшелеріне залал келтіріп, орталық жүйке жүйесін де зақымдауы мүмкін. Формальдегид кинотаспа шығару өндірісі мен ағзаларды консервациялап сақтауға керекті химиялық нәрсе. Бір сөзбен айтқанда, өлікті бальзамдау жұмысында пайдаланылады.
Қазір гені модификацияланып өзгертілген азық-түлік түрлері де қаптап кетті. Бұдан 35 жыл бұрын Стендфорд университетінің ғалымдары түрлі ағзалардан алынған екі генді біріктіріп, бір ген жасады. Міне, осылайша, бірінші рет ағзаның гендік кілтін өзгертуге жол ашылды. Бұл зерттеу нәтижесінде гені өзгертілген өсімдіктер өмірге келді. Бірнеше жылдан соң АҚШ-та гені өзгертілген өнімдерді индустриялық түрде шығару жолға қойылды. Бұл әдістің арқасында түрлі өсімдіктер мен көкөністер суыққа төзімді, ұзақ сақталу қасиетіне ие болды. Оларды зиянкестер де жемейді. Гені өзгертілген дақылдан алынатын өнімнің көлемі де жоғары. 1994 жылы қарапайым қызанақтың генін камбала балығының генімен шатыстырды. Осындай томаттан жасалған кетчуптер әлемнің барлық елдерінде сатуға шығарылды. Ал, картоп геніне бәйшешек гүлінің гені кіріктірілді. Қазір дүние жүзінде мыңға жуық гені өзгертілген өсімдіктер пайда болды. Солардың жүз шақтысын қолдануға рұқсат етілген. Бұлардың ішінде соя, жаңғақ, жүгері, бидай және картоп та бар.
Тәжірибеге қатысушы Алексей екінші аптаның соңғы күнін клиникада өткізді.
Жүрек, қантамыр жүйесі, асқазан жұмысында күрделі ауытқулар байқалды. Сондай-ақ, тахикардия, өкпе тұсы шаншуы басталып, қан қысымы жоғарылады. Орталық жүйке жүйесі де бұзылды. Ұйқысы қашып, мазасыз түс көретін. Есте сақтау қабілеті төмендеді. Егер Алексей осылай Фаст фуд тағамдарымен тамақтануды жалғастыра берсе, аталған аурулардың асқынып кету қаупі туды.
Қанның гендік сканерлеу сараптамасы қанының құрамында оттегінің азайып, жасушалардың дәрменсіздігін анықтады. Денсаулығы күшті жігітке осылай әсер еткен Фаст фуд балаларға қалай әсер етеді? Егде жастағы немесе денсаулығы нашар адамарға ше?
Алексейге бұдан былай тамақтану үрдісін түпкілікті өзгерту қажет, болмаса, гипертония, қант диабеті, атеросклероз ауруларының пайда болу қаупі бар. Мұндайда иммундық қабілеттің төмендеуі де ғажап емес.
«Соңғы сараптамадан кейін Фаст фуд тамақтарымен қоректенетін кісінің қан құрамы қандай болатынын өз көзіммен көрдім. Бұдан былай гамбургер, хот-дог, жалпы Фаст фуд тағамдарын жемейтін боламын», – дейді Алексей.
Ол екі аптаның ішінде 6 келіге семіріп, бауыры үлкейіп, қандағы холестерин деңгейі 1,5 есеге артты.
“Алексейдің ағзасы жарты жылдан соң қалпына қайта келеді”, – дейді дәрігер мамандар.
Бұдан шығатын қорытынды – шұжықтың орнына сиыр етін жеп, табиғи сүт ішу керек. Йогурт, басқа да өңделген айран өнімдерін шектеп, көкөніс, жеміс-жидектерді тек базардан сатып алып, қайнатылған еттің сорпасы, жеміс-жидектің сөлі, шай, су сияқты сусындарды жиі ішу – адам ағзасына пайдалы.
Өйткені денсаулықтан қымбат еш нәрсе жоқ.

 

 

Жақан Төлеген
«Үш қиян» газеті 4 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578