Диплом кәдеге жарамай тұр
Сұранысқа ие, бәсегеге қабілетті маман болып, қоғамда өз орнын табу – әрбір жастың басты арманы. Қазір жақсы қызметке орналасқысы келетін жас маманға қойылатын талап та жоғары. Хат танитын сауаты бар адамды білімділердің қатарына қосатын кез әлдеқашан өткен.
Тақырыпқа тұздық ретінде алдымен мына бір мысалды айта кетсек. Жақында асығыс бір шаруамен жолай такси тоқтаттым. Жүргізуші жігіт Қостанайдан екен. Өзі Астанадағы медицина академиясын бітірген, мамандығы – кардиолог. Әңгімеден әңгіме шығып, оның неге өз саласында жұмыс істемей жүргенін сұрадым. Жүргізуші жігіт: «Астанада пәтерді жалға алудың бағасы айына – 60-70 мың теңге. Ал біздің айлығымыз 40-50 мың теңге. Оны бір ай жүріп алғанша, күніне – 6-7 мың теңге тапқаным артық. Мен өзімді де, әке-шешемді де асырауым керек. 40 мыңмен қалай өмір сүремін? Әрине, тапқан табысымның біразы көлігімді жөндеуге және салық төлеуге кетеді», – деп ағынан жарылды.

Осы шағын әңгімеден жастардың бюджеттік қызметке не үшін қызықпайтынын білуге болады. Оқу бітірген жастардың кейбірі жұмыс таппай жүрсе, енді біразы жұмыс бар болса да жалақысының аздығынан ол салаға аяқ баспайды. Мұның салдарынан елімізге қажетті деген мамандардың тапшылығы туындайтыны рас. Тағы бір ескеретін жайт, бізде шетелде оқып келген маман мен қазақстандық білімі бар жастарға деген көзқарас та әртүрлі. Ірі өндірістік компанияларда жұмыс істеу үшін шетелдік диплом өтімдірек.
Қолына күні кеше ғана су жаңа диполмын алып, үлкен өмірге қадам басқан жастар тапшы мамандардың орнын толтыра ма, әлде “дипломды жұмыссыздардың” қатарын көбейте ме? Біз мұны сол жастардың өз аузынан естігенді жөн көрдік.
Жазира, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың түлегі:
– Заңгер мамандығын алып шықтым. Әзірге қайда баратыным белгісіз. Өндірістік тәжірибеден өткен сот орнында «дипломыңды алған соң бізге кел» деп жұмысқа шақырған. Мүмкін, жалақысының аздығына қарамастан, сонда баратын шығармын. Әрине, одан гөрі жалақысы жоғары жұмыс табылып жатса, бас тартпаймын. Бірақ, жұмыс өтілінсіз, біз сияқты жас маманды жалақысы жоғары белді компаниялар қабылдамайды. Сондықтан, жалақысы аз болса да, сотта не басқа құқық қорғау органында істеп, тәжірибе жинақтайтын шығармын.
Айдос, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың түлегі:
– Агроном болып жұмыс істемеймін. Басында ҰБТ-дан жинаған ұпайыммен тек осы мамандыққа түсу мүмкін болғаннан кейін ғана, бос жүргенше деп оқы салғанмын. Дипломымды алған соң басқа оқуға тапсырамын. Ал агроном мамандығының болашағы зор деп айта алмаймын, онымен карьера жасай алмайсың.
Динара, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың былтырғы түлегі:
– Оқуды үздік бітірдім. Шымкенттегі бір жекеменшік фирмада жұмыс істегенмін. Бірақ қысқартуға ұшырап, сосын Астанаға келдім. Мұнда да 2 айдан бері жұмыс іздемеген жерім жоқ. Айлығы онша жоғары болмаса да, мемлекеттік қызметке қуана-қуана орналасар едім. Нарықты зерттейтін маркетологпын. Осы мамандық бойынша орын бар деген соң, жақында бір мемлекеттік мекемеге барғанмын. Сөйтсем, қазір мемлекеттік қызметке алмайтын болып, мораторий жарияланыпты.
Р.S. Білікті маман әрқашан да сұранысқа ие болады дегенге сендіріп еді бізді мұғалімдеріміз. Кейде соған күдіктеніп қалатын болдық. Қалай десек те, жас буынның рухын жұмыссыздық, баспанасыздық, қылмысқа бой ұрушылық сияқты күйзелістер басып қалмаса жарады. Бұл мәселелерді шешуде жастар тек өздеріне ғана сене алатынын түсінеді. Қоғам қашан да ақылды да, ерлікті де, жаңа идеяны да сол жастардың өздерінен күткен…
Клара ЕРЕХАНҚЫЗЫ
«Нұр Астана» газеті 4 маусым 2009 жыл