Айгүл Иманбаева: «Әзірге мен ешкімге ғашық емеспін»
- Айгүл, үнді фильміне түсуге шақырту алғаныңыздан хабардармыз. Қашан көзайым боламыз?
- Шақырғаны рас. Бір рет барып та қайттым. Бірақ әлі түскен жоқпын. Түсірілім басталар кезде өздері шақыратын болған. Әзірге тыныш...
- Ал жақында жаңа театр құрдыңыз... Жалпы, жобаңыздың бағыты қандай?
- Бұл жаңа жобамның шымылдығы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда түрілмек. Яғни ақпанның 14-15 жұлдызында, кешкі 18-30 да «Медея» спектаклімен ашып, көрерменге көзайым етпекпіз. Өйткені қазақтың болмысын, рухани байлығын әлемдік деңгейде танытудың бір саласы - кино мен театр өнері емес пе?! Мәселен, көршілес Ресейде жеке театрлардың өзі бес жүзден асады. Ал бізде оның бірі де жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға алдық. Бұл сатиралық емес, драмалық бағыттағы коммерциялық театр. Мұндай жоба біздің елімізде болмаған.
- Театрыңызды «А» деп атауыңыздың не сыры бар?
- Айгүл, үнді фильміне түсуге шақырту алғаныңыздан хабардармыз. Қашан көзайым боламыз?
- Шақырғаны рас. Бір рет барып та қайттым. Бірақ әлі түскен жоқпын. Түсірілім басталар кезде өздері шақыратын болған. Әзірге тыныш...
- Ал жақында жаңа театр құрдыңыз... Жалпы, жобаңыздың бағыты қандай?
- Бұл жаңа жобамның шымылдығы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда түрілмек. Яғни ақпанның 14-15 жұлдызында, кешкі 18-30 да «Медея» спектаклімен ашып, көрерменге көзайым етпекпіз. Өйткені қазақтың болмысын, рухани байлығын әлемдік деңгейде танытудың бір саласы - кино мен театр өнері емес пе?! Мәселен, көршілес Ресейде жеке театрлардың өзі бес жүзден асады. Ал бізде оның бірі де жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға алдық. Бұл сатиралық емес, драмалық бағыттағы коммерциялық театр. Мұндай жоба біздің елімізде болмаған.
- Театрыңызды «А» деп атауыңыздың не сыры бар?
- «А» деген атау - жұртшылық арасындағы алыпқашпа сөзден туған қауесет. Спектакльдің қоюшы режиссері, көркемдік жетекшісі болатын Қуандық Қасымовтың идеясымен - «Айгүл Иманбаеваның жеке коммерциялық театры» деген ғана аты бар. Бұл алғашқы жобам болғандықтан, әзірше спектакльде бес-ақ адам өнер көрсетпек. Яғни Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың әртістері - Гүлжамал Қазақбаева, Қадырқазы Қуандықов, Жұлдызбек Жұманбай, Әсет Иманғалиұлы және мен.
- Жақында Атырау қаласына арнайы барып, ансамбльмен концерт қойып қайтыпсыз...
- Иә, әкімдіктің: «Тәуелсіздік мерекесіне арнап, халыққа жанды дауыспен өнеріңізді тарту етсеңіз...» - деген тікелей шақыртуымен бардық. Осыдан екі жыл бұрын «Достар» атты ансамбль құрған едік. Сол құраммен 3 концерт бердік. Халық ықыласына, қошеметіне бөленіп, жанды ансамбльмен өнер көрсетудің айрықша әсер сыйлайтынын сезіндім.
- Аталмыш ансамбль тыңдарманға кеңінен таныс емес сияқты...
- Жеке продюсерім Баян Есентаева: «Биылғы жылы жеке есеп беру концертіңді жасасақ», - деген ұсыныс айтқан болатын. Бұл жоспарды 2011 жылдың аяғына таман іске асыру ойда бар. Сол кезде аталмыш тобымызбен бірігіп шығамыз. Қазір жеке театрымды заңдастыру сияқты біраз жұмыстармен айналысып жатырмын.
- Баян Есентаеваның «Ғашық жүрек немесе Коктейль для звезды» фильмін тамашаладық. Бірақ фильмдегі барлық әртістер өз есімдерімен шыққанда, Сіз неге Итаяқова болып кеткенсіз?
- Ол фильмде кәсіби актерлерден мен және кеше ғана өмірден озған Құдайберген Сұлтанбаев қана болды. Екеуміз ғана басқа кейіпкердің образын сомдадық. Қалғандары өздерін-өздері бейнелеп шықты. Өйткені менің образыма кәсіби әртіс қажет болғандықтан, басқа кейіпкердің рөлінде ойнауыма тура келді.
- Сол туынды жөнінде «Қазақ тілін жөнге сала алмай жатқанда, ортада ала-құла тілді дүние тағы да шықты» деген пікірлер айтылды. Сіз бұған не дейсіз?
- «Біткен іске сыншы көп». Сынның айтылуы - заңдылық. Бірақ біздің тіліміздің «алашұбар» екенін несіне жасырамыз? Құдайға шүкір, мен өз елімнің патриотымын. Жүрегінде, көкірегінде «қазақ» деген намысы бар адаммын. Дегенмен көптеген әріптестерімді көргенде, «қарным ашады». Ел ішінде рухы жоқ, намыссыз, нағыз дүбара қазақтардың талайын көріп те жүрміз. Ал енді кино - өнер болғандықтан, «біздің сондайымыз бар, осындай дүбара тіліміздің ала-құлалығы басым» деп көрсету, меніңше, қателік емес. Керісінше, сабақ алатын, халықтың намысын оятар дүниеге жетелеудің бір жолы - осы.
- Бұл ойыңыз ұлт рухы көтерілген жоқ дегенге сая ма?
- Меніңше, Кеңес үкіметі кезіндегі ұлт рухы әлдеқайда биік сияқты болып көрінеді. Алысқа бармай-ақ 1986 жылдың өзіндегі көкірегі ояу қыз-жігіттерге қарайықшы. Бізде отансүйгіштік қасиет жоғалып бара жатқан сыңайлы...
- Оның себебі неде деп ойлайсыз?
- Жастарды намысқойлыққа тәрбиелеу керек шығар. Мәселен, менің балам ана тілінде ғана сөйлеп, өзінің елін, тілін, жерін айтып қазақ екенін мақтан тұтады.
- Ал мәдениет саласындағы олқылық деп нені айтар едіңіз?
- Жалпы, театр өнерін насихаттау жоқтың қасы. Неге бұл салаға көңіл бөлінбейді, халі неге мүшкіл? Біздің ортамызда айтар ойы салмақты, асыл сөзді жіпке тізген маржандай етіп ой түйіндей алатын өнер тұлғалары жетерлік. Небір тарландар, небір қамал бұзар таланттар өз сәтін күтіп ашыла алмай, өмірден өтіп жатқандар бар. Бар дарынды дер кезінде бағалап, халыққа таныта білгеннің өзі шеберлік шығар.
- Ғабит Мүсірепов атындағы театрда талай жылдан еңбек етіп келесіз. Бұл ортаның кемшін тұсы қайсы?
- Тек бұл театрда ғана емес, жалпы еліміздегі барлық өнер ордаларында драматургия мәселесі қиындап кетті. Ақсаңқырап тұрған тұс осы дер едім. Халыққа ұсынар жақсы да жаңа тақырып болмаған соң, кешегіні қайталай береміз. Әйтеуір «көш жүре түзеледі» деп жұбатумен келеміз. Тамақ ішіп отырған қазаным ғой, өз қазаныма өзім түкіруден аулақпын. Бізде жастар театры болғандықтан, «әкемтеатрға» қарағанда, репертуар сәл басқашалау. Көбінде жастардың бағыт-бағдарында жұмыс істейміз. Кейде басқа театрлардан озып, биіктен көрініп жатқан тұсымыз да бар.
- Ал театр көрермендерінің мәдениеті жайлы не айтасыз?
- Кейде көрермен залындағы үлкенге де, кішіге де қарап: «Театр көрмеген бе?» - деп қаласың. Бірде алдыңғы қатарға отырған бір үлкен кісі ұялы телефонымен: «Мен театрда концерт дей ме, бірдеңе көріп отырмын», - деп айғайлап сөйлеп отыр. «Театр» деген ұлы дүниені түсінбеген әлгі кісіге қарап: «Баласына қалай тәрбие береді?» - деп таңғаламын.
- Сахнада ән айту үшін «көркемдік кеңестен өту керек» деген пікір айтылып жүр ғой...
- Бірауыздан қосыламын. Бізге бұл ауадай қажет болып тұр қазір. Бүгінгі таңда өнердің қай саласы болса да, саны бар, сапасы жоқ, жеңіл-желпі құнсыз дүние көп. Тіпті кино саласында да адамның көргісі келмейтін дүниелер түсіріліп жатыр. Сондықтан бізге елек керек сияқты.
- Кезінде Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әні көркемдік кеңестен әлдебір себептермен өтпей қалыпты. Ал қазір тамыр-таныстық жең-ұшынан жалғасып жатқанда, мұндай жағдайдың болмауы мүмкін емес қой?..
- Әрине, ондайлар «алпыс әпкем, жетпіс жездем» бар деп ілініп-салынып, телеарнадан түспей, «жұлдыз» боп жүр. Бірақ әсіреқызылдың тез оңатыны - ақиқат. Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұратындықтан, ондай жағдайлардың болуы да - заңдылық. Тек қана шын таланттардың бар ауырлықтан өтіп барып, қартайғанда ғана көрініп жататынына көңілім құлазиды.
- Ал қоғамдағы қандай жағдайға алаңдайсыз?
- Мәңгүрттену бар бізде. Жалпы, тіліміз де, дініміз де шиеленісіп кеткен жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бәріміз бала тәрбиелеп отырмыз ғой. «Ертеңіміз қалай болар екен?» - деп, жүрегім ауырады. Қай жағынан бас-көз боп, қай жағынан жауап табамыз. Қазір ортамызда өзін «қазақпын» деп айтуға, қазақша сөйлеуге намыстанатын қазақтар бар.
- Бізде еліктеушілік басым деп жатамыз. Дегенмен шетелдік өнер иелерінің қандай қасиетін өзімізден көргіңіз келеді?
- Еңбекқорлықтарын. Біздің ел еңбектеніп алға ұмтылудың орнына, тек етектен тартады. Алысқа бармай-ақ өзім жүрген ортамда да «қойшы соны, оған анау көмектесіп жатыр» деген сияқты қауесеттен аса алмайтындар жетіп артылады. Әттең, қазақтар аяқтан шалып, өсек тергенше, бір-бірінің тілекшісі болса, біздің ел әлдеқашан өсер ме еді?! Шетелдіктерге қарасаң, еңбекқорлықтарына жаның сүйсінеді. Олардың концерттері - 1000 доллар төлеп кірсең де өкінбей, рақаттанып демалатын орта. Талпынсақ, ондай мүмкіндік бізде де бар. Біз тек өз-өзімізге кедергі жасап, оны қойшы, мұны қойшы деп, бас-басына «жұлдыз» болғанды ғана білеміз. Біздегі ең үлкен дерт - осы.
- «Ерлеріміз ұсақталып, қыздарымыз сұйықталып бара жатыр» дейтін «жанашырдың» бас шайқауына не дейсіз?
- Меніңше, түбі ауылдан шығып, өмірдің ақ-қарасын бағамдай білген жан - нағыз жігіт, нағыз еркек. Ал енді асфальтта туып, күндіз-түні компьютердің алдынан шықпайтын біздің кейбір қалалық балаларда жігіттік, мәрттік жігер жетпей жататын сияқты. Өзім ауылдан шыққандықтан емес, жалпы, салыстырмалы түрде айтып отырмын. Қыздарымыз сұйықталып жатқан жоқ, керісінше, осы нәзік жандылар - ер жүрек. Яғни ер-азаматқа бергісіз тірлік атқарып жүр. Бұл, әрине, қуантады. Бірақ «байтал шауып бәйге алмас» деген қазақтың сөзі бар. Олардың таққа отырып, «матриархат» болуының қажеті жоқ. Қашанда ер-азамат бір саты биік тұруы қажет. Бірақ ғасыр солай ма, қазіргі заман осы ма, қыздарымыз ерлерге қарағанда, төзімді, іріленіп тұрған жағдайымыз бар.
- Осы сөзіңізге қарағанда, әріптестеріңізге айтар назыңыз бар сияқты...
- Кейінгі кезде тележүргізушілер: «Әншілер біздің нанымызды тартып жеп жүр», - дегенді айта бастады. Кімнің қолын кім байлап тұр екен? Әншілер жүргізуші болмасын десе, оқу саласы теле-радио жүргізушілерін он есе қадағалаулары керек. Сын-сымбаты келіспей тұрған тілші эфирге қалай шығады, әрине, телеарналар әншілерге жүгінеді, амалдың жоқтығынан. Ал әншілер «көк иненің... түртпейді» деген жалпақ сөздің керін келтіреді. Білімін ұстартып, тереңнен ой түзейтін әншілер - жоқтың қасы. Парасат деңгейлері төмен. Ал сахна айна сияқты, қандай әрекет болса да, бәрі ап-анық көрініп тұрады. Менің тележүргізушілік қызметті қоса алып жүргенім - журналистика саласын бір кісідей-ақ білетінімнен.
Себебі, оқып-тоқығанмын. Мен үшін шетелге барып демалу - баламмен сырласу, кітап оқып, білім деңгейімді жетілдіруге қолайлы мүмкіндік сыйлайтын сәт. Өйткені адам баласы білімін ұстартып отырмаса, күндердің күнінде «барабан» образында қалуы мүмкін.
- Сіз бір сұхбатыңызда: «Жеме-жемге келгенде тұрмысқа шығу керек пе өзі деген ой келді де... бас тарттым», - депсіз... Бұған не себеп?
- Бас тартқан себебім - «асыл тас» деп жүргенім жай тас боп шықты. Бар мәселе осында. Ал менің қадіріме жетіп, жанымды түсінетін жігіт кездессе, ойланбастан отбасын құрар едім. Ал әзірге ешкімге ғашық емеспін!
Әңгімелескен -
Ардақ Иманбекқызы
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 03 (86) 26 қаңтар 2011 жыл.