Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 7738 6 пікір 16 Сәуір, 2018 сағат 13:17

Әбдірахманов мырза, Анаргүлге араша түсіңіздер!

Бүгін ғана Қытай түрмесінде қамауда отырған белгілі ғалым Қалибек Қанжарбайұлы жайлы жазған едік. Енді міне, тағы бір қызымыздың, яғни Қазақстанның заңды азаматының айдауда жүргендігі жайлы ақпар келіп түсті.

Бұл – Анаргүл Мұхтархан. 1985 жылы 5-қарашада Қытайда туған. Қазақстан Республикасының азаматы. Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауданының орталығындағы Воронкова көшесіндегі 84-үйде тұрған. Қазір Қытайдағы оқу-үйрету лагерьінде қамауда жатыр.

Бізге Шығыс Қазақстан облысы, Үржан ауданынан Өмірхан Дәулетбек атты оқырманымыз хабарласып, Анаргүлдің ұсталып кеткені жайлы ақпармен бөліскен еді.

Өмірхан Дәулетхан, көршісі:

- Анаргүлдің өзі Қазақстан Республикасының азаматтығын алған. Бүгінде толыққанды ҚР азаматы. Бұрын Алматы облысында, Ұзынағашта тұрған екен. Сол жақта жүріп азаматтығын алыпты. Одан күйеуімен ажырасып кетіп, біздің Үржарға көшіп келген. Кейін осында Мұрат Емілбек деген азаматпен көңіл қосып, отау құрды. Мұрат деген азамат менің көршім. Вороновка көшесіндегі 84-үйде тұрды. Анаргүл Жансүгіров көшесі 30-үйде тіркелген екен. Сол үй өз атында. Кейін Қытайға туыстарына барып келмек болып, шекарадан өтіп кеткен. Сол жерде Қытайдың полициясы тұтқындаған. Ол жақта әке-шешесі, бір сіңілісі тұратын. Олар қазір Анаргүлге араша түсе алмай отыр.  

Өткенде Қытайдың оқу-үйрету лагерінде болған жігіттермен кездескенбіз. Олар лагерден шығып, елге келген. Сол жігіттердің бірі Анарды көріпті. Түскі серуен кезінде жолығып қалыпты. Содан Анар сәлем жолдап, Қазақстан билігі өзіне араша түсуін сұрапты. Ол Қазақстан азаматы ғой. «Осы жақтан араша түссінші, іздеу салсыншы. Менің іздеушім болғанда, мен де лагерден босап шығар едім» депті.

Біз Анаргүлдің қалай және қашан тұтқындалғандығы жөнінде аз-кем дерек жиыстырдық. Енді соларды рет-ретімен баяндаймыз.

Анаргүл Мұхтархан. ҚР Азаматы. Тіркелген жері ШҚО Үржар ауданы, Жансүгіров көшесі, 30 үй.

Күйеуі – Мұрат Емілбек. ҚХР Азаматы. Ықтиярхаты болған. Тіркеуде тұрған жері ШҚО, Үржар ауданы, Вороновка көшесі, 84 үй.

Екеуінің неке қиғандығы жайлы заңды құжат жоқ. Некелерін мешітте қиған. Куәгерлер де, неке қию тойынан естелік суреттер де жеткілікті.

2017 жылдың қаңтар айында (шамамен 11-12 қаңтарда) Мұрат Емілбек пен Анаргүл Мұхтархан отау құрады. Мешітте неке қидырған.

2017 жылдың көкегінде Анаргүл Мұхтархан Қытайдағы туыстарына (әке-шешесі мен бір сіңілісіне) барып келмек болып, шекарадан өткен. Шекарадан өткен беті Қытай полициясы Анаргүлді тұтқындап әкеткен. Куәгерлердің айтуынша, Қазір ол Қытайда оқу-үйрету лагерінде жатыр.

2017 жылдың шілдесінде Анаргүлдің күйеуі Мұрат Емілбек қайтыс болған. Мұрат қайтыс болғаннан 2 ай өткенде ҚР Азаматтығын берілгендігі туралы құжаттар дайын болыпты.

Ең сорақасы сол, Қытайда оқу-үйрету лагерінде жатқан Қазақстан азаматы Анаргүл Мұхтархан өзінің жесір қалғанын әлі естімеген. Ол бізден, біздің биліктен араша сұрайды. Өз елінің толыққанды азаматшасы ретінде, бөтен елдің тәрбиелеу лагерінде жатқан Анаргүлдің жағдайы бізді де алаңдатып отыр.

Түйін. Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған ел. Өткен жолы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов мырзамен Алматыда жолыққан едік. Алқа-қотан жиында Қайрат Құдайбергенұлы, Қытайда түрлі себеппен саяси қысым көріп, қудалауға түсіп жатқан қандастардың жайын сөз еткен. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әрбір азаматымыздың артынан сұрау салып жатқанын айтқан еді, сол кезде.

Ендеше, тұп-тура 1 жылдан бері Қытайдың тәрбиелеу лагерінде жатқан ҚР Азаматы Анаргүл Мұхтарханды елге қайтару, Сыртқы істер министрлігінің құзырындағы жұмыс емес пе?!

Бір сөзінде Қайрат Әбдірахманов мырза былай деген еді: «Қытай елінің азаматы болса, басқа елдің ішкі саясатына араласуға мүмкіншілігіміз жоқ. Бірақ дипломатиялық арналар арқылы біз олармен тығыз байланыстамыз».

Иә, Қытайдың азаматы болса бір басқа. Бірақ, Анаргүл Қазақстан азаматы. Ел аман, жұрт тынышта адамымызды аждаһаның аранына тастап қойып, қол қусырып отырғанымыз елдігімізге сын! Керек болса, Сіз басқарып отырған министрлікке сын, Қайрат Құдайбергенұлы! Анаргүлге араша түсіңіздер!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489