Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3704 0 пікір 31 Қаңтар, 2011 сағат 03:04

Ғалым Бақыткерейұлы. Мәзхаб және мемлекет

Аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Мемлекет пен дін ажыратылғанмен мемлекет қашанда дінге деген мұқтаждықтан құтыла алмайды. Өйткені, мемлекет уақытша тәннің қажеттіліктерін басшылыққа алып, дүниелік істермен ғана шұғылданса, дін мәңгілік рухтың қажеттіліктерін басшылыққа алып, ақирет пен дүниенің істерін де бірдей назарда ұстайды. Сол себепті де діни құндылықтардан ажырап қалған мемлекет дұрыс бағыт-бағдардан жаңылып, рухани дағдарысқа ұшырап, тұйыққа тірелетін болады.

Діннің толыққанды, қуатты мемлекет құрудағы  маңызын түсінбеуден қоғамымызда дінге қатысты дұрыс көзқарас қалыптаспауда. Соның ішінде  Ислам дініне қатысты белгілі бір сақтық, тіпті белгілі бір шамада үрей де орын алып, соның салдарынан хақ дініміз ақпарат көздері мен басылым беттерінен тиісінше насихатталмауда. Мұнан  зардап шегіп, зиянда қалып жатқан ең әуелі  өзіміздің төл мәзхабымыз болып табылады. Өйткені, келімсек жат ағымдар ондай насихатқа мұқтаж емес. Олардың өз насихаттары мен таратылу жолдары бар. Және олар мемлекетке алақан жайып, тәуелді болып отырған жоқ. Олардың қаражат көздері шет елдерден, әрі өз қажеттіліктерінен артылып кетпесе кемімейді. Сол себепті де,  елімізде мәзхаб тарапынан жүргізілетін дін насихаты кенже қалып,  мәзхабымыз еңсе тіктей алмай жатса, бұл олар үшін өте пайдалы болатыны сөзсіз.

Аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Мемлекет пен дін ажыратылғанмен мемлекет қашанда дінге деген мұқтаждықтан құтыла алмайды. Өйткені, мемлекет уақытша тәннің қажеттіліктерін басшылыққа алып, дүниелік істермен ғана шұғылданса, дін мәңгілік рухтың қажеттіліктерін басшылыққа алып, ақирет пен дүниенің істерін де бірдей назарда ұстайды. Сол себепті де діни құндылықтардан ажырап қалған мемлекет дұрыс бағыт-бағдардан жаңылып, рухани дағдарысқа ұшырап, тұйыққа тірелетін болады.

Діннің толыққанды, қуатты мемлекет құрудағы  маңызын түсінбеуден қоғамымызда дінге қатысты дұрыс көзқарас қалыптаспауда. Соның ішінде  Ислам дініне қатысты белгілі бір сақтық, тіпті белгілі бір шамада үрей де орын алып, соның салдарынан хақ дініміз ақпарат көздері мен басылым беттерінен тиісінше насихатталмауда. Мұнан  зардап шегіп, зиянда қалып жатқан ең әуелі  өзіміздің төл мәзхабымыз болып табылады. Өйткені, келімсек жат ағымдар ондай насихатқа мұқтаж емес. Олардың өз насихаттары мен таратылу жолдары бар. Және олар мемлекетке алақан жайып, тәуелді болып отырған жоқ. Олардың қаражат көздері шет елдерден, әрі өз қажеттіліктерінен артылып кетпесе кемімейді. Сол себепті де,  елімізде мәзхаб тарапынан жүргізілетін дін насихаты кенже қалып,  мәзхабымыз еңсе тіктей алмай жатса, бұл олар үшін өте пайдалы болатыны сөзсіз.

Ал, өзге діндер жайында айтудың да қажеті жоқ. Ондай діндер мен секталар үшін елімізде Ислам дінінің мүлде жойылып кеткені жақсы. Олардың көпшілігі елімізге осы мақсатпен де келіп, оны жүзеге асыру үшін барларын салуда. Олар да мемлекеттен қаражат сұрап жатқан жоқ. Оларда да бұл жағынан бәрі  ойдағыдай шешілген. Олар үшін тек мемлекет тарапынан  ешқандай кедергінің болмағаны ғана қажет. Және бұл жағынан да оларда ешқандай қиындық жоқ. Тек ши шығармай өз ісіңді атқара бер.

Былай қарағанда елімізде діндердің дамуына тең мүмкіндік берілген тәрізді көрінуі мүмкін. Бәрі де заң алдында бірдей, ешқайсысының да мемлекет тарапынан артықшылықтары жоқ. Мұндай жағдайда есеңді жіберіп алсаң өзіңнен көр деуге болады. Бірақ, шет елдерден келіп жатқан топтардың қай -қайсысын алсаң да олардың арттарында тірек болып тұрған мықты да бай қолдаушылары бар. Ал, ел мүддесі үшін тырысып жүрген мәзхабтың ондай арқа сүйері жоқ. Қысқаша айтқанда бәрінің де «әкесі» бар да, тек еліміздегі төл мәзхабымыз  ғана «жетім баланың» кебін киюде. Сондықтан да ол «иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» дегендей Алладан ғана үміт күтуде. Бұл жерде тең мүмкіндік жөнінде айту  орынсыз.

Жалпы, қазақ өзгенің көңіліне қарап, әркімнің ығына жығылумен жүргенде өз қамын ойлай алмай пайдасынан қағылып жатады. Бірақ, дін мәселесінде есені жіберу тек пайдадан ғана қағылу емес, бұл арылмас бейнетке басыңды шырмау болып табылады. Діни ахуал осы бетімен кете берсе белгілі бір уақыт өткен соң әр дін, әр топ халықты ту-талақай етіп бөліп алатын болады. Мұндай жағдайда бұрын да басы бірікпей келген ала қазақтар енді әркімнің жетегінде жүрген шала қазақтарға айналып ұлт ретінде құрып бітуге бет бұрады.

Ұлт ретінде құрып бітумен ғана іс біте қойса жақсы, әбден жайғасып алған соң көптеген топтар билікке таласа бастайды. Өйткені, олардың арттарында тұрған күштер ел байлығына  қол созып, өз тобын осы мақсат үшін пайдаланып, оны билікке отырғызуға тырысады. Және олардың ешқайсысы да оңайлықпен  майлы шөміштен қағылғысы келмейді. Сондықтан да түрлі топтарға бөлініп  өзара қырылысатын жергілікті «аборигендер» бірін-бірі қырып тастаса да олардың қатты қайғыра қоймасы  анық.

Екі дінге бөлінген талай  ұлттардың «бастары бір қазанға симай» жатқанда жүз дінге бөлінген жағдайда қазақтардың басының «он қазанға» да сиюы неғайбіл екенін де ескерген жөн. Жалпы, қай жағынан алып қарасаң да жүз дінге ие болу қазаққа «демократияшыл  ұлтпыз» деген құр  мақтаннан басқа түк те жақсылық әкелмейді.

Шын мәнінде ешқандай мемлекет  өз азаматтарының түрлі сенімді ұстанатын сансыз топтарға бөлініп, қырық құрау болуына мүдделі емес. Бірақ, көптеген елдер сенім бостандығы деген демократия құндылығын ұстанамыз деп кім көрінгенге есіктерін ашып қойып, енді өздері осы бір қателіктерінің құрбандарына айналуда. Мысалға, мемлекетті мойындамайтын,  мемлекеттік, қоғамдық істерден қол үзіп, елді қорғаудан да бас тартатын,  адамгершілік құндылықтарды бұрмалап, халықты бұзумен ғана айналысатын түрлі секталарға қандай мемлекет мұқтаж. Бірақ, қоғамдары іштей іріп, халқы бірліктен айрылып жатса да ондай мемлекеттер өздері насихаттайтын басты құндылықтарынан бас тарта алмауда.  Олар шын мәнінде «өз қолдарын өздері кесе алмауда».

Діндегі ала-құлалық ешбір мемлекетке де тиімді емес. Сол себепті де мемлекет діни топтарды көбейту емес, оларды азайту бағытында жүйелі түрде жұмыс жасауы қажет. Халықтың санасын улап, бірлігін бұзып, іштей ірітетін жүз топтан, рухани тазалықты, биік мақсат-мұратты ұстанып, халықты ұйыстыратын өміршең екі-үш дін артық екені еш күмәнсіз.

Өміршең дін қашанда халықтың, ұлттың өміршеңдігін қамтамассыз етеді. Сондықтан да өзінің болашағын қамтамассыз еткісі келетін  мемлекет үшін толыққанды, өміршең бір дінге басымдық беріп, өз бағыт- бағдарын сол дін арқылы түзеп, сол дін арқылы өз азаматтарының бірлігіне қол жеткізу тиімді. Біздің жағдайымызда  мұндай діннің қызметін Ислам діні атқарса, Ислам ішінде де түрлі топтар көбейіп жатқан қазіргі кезеңде неше ғасырдан бері ұлттық ділімізге сіңісті болып кеткен Ханафи мәзхабына ешқандай да балама жоқ.

Ханафи мәзхабы қазіргі кезеңде мемлекетіміздің ең басты одақтасы болып табылады. Өйткені, мемлекет халықтың, соның ішінде де ұлтымыздың мүддесін басшылыққа алып, өз саясатын осы тұрғыдан анықтаса, мәзхабтың да мақсаты осы бағытта мемлекет мүддесімен толық ұштасады. Әрине, мәзхаб ең әуелі діннің мүддесін, Ислам құндылықтарын басшылыққа алады. Және оған осы негізде мемлекеттің де, ұлттың да мүдделерін ескеріп, осы бағытта неғұрлым тиімді шешім табу қажет болады. Осы  тұрғыдан алғанда мәзхаб басшылығының мойнына алған жүгі де ауыр, жауапкершілігі де үлкен.

Өзінің осы бір қиын міндетін атқару барысында мәзхаб басшылығы мемлекеттің жәрдеміне өте мұқтаж. Өйткені, оның қолда бар мүмкіндіктері, оның атқаруға тиісті міндеттеріне толық сай емес. Осындай жағдайда мемлекет те оған өз тарапынан  белгілі бір тапсырмалар жүктеп,  діни ахуалға  байланысты туындап жатқан қиындықтарды шешкенін қалайды. Бірақ, шындығына келгенде,  барынша қолдау көрсетіп жатпаған жағдайда мемлекеттің мәзхабтан көп нәрсе талап етуі орынсыз болып табылады.  «Аласы қолым бересі» дегендей кім де болса алғанына қарай беруге тырысады. Сол себепті де мемлекеттің «асатпай жатып құлдық дегізуге» тырысуы әділдік емес.

Мемлекет дін мәселелерінде өзіне мәзхабтан артық сенімді одақтас таба алмайды. Өйткені, мәзхабтан басқа топтардың түгелдей дерлігі келімсектер болып табылады. Және олардың негізгі орталықтары шетелдерде орналасқан. Сондықтан да олардың арттарында өз мүдделерін көздеген белгілі бір күштердің тұрғанын  жоққа шығаруға болмайды. Олай болса келімсек топтардың мемлекеттің мүддесін қорғап, ел үшін, ұлт үшін қызмет етпейтіні анық. Олардың бар іс-әрекеттері сыртқы күштердің қолжаулықтары қызметін атқарудан артылмайды. Сондықтан да мемлекет үшін  ондай топтар үшін қам жеп, бәйек болудың қажеті шамалы.

Мұндай келімсек топтар күшейген сайын мәзхабтың әлсірей беретінін ескерген жөн. Өйткені, халықтың дінге бейім бөлігі өздеріне адам тартудың айла тәсілдерін жетік меңгерген, қалталары да қалың сондай топтардың ықпалдарына түсіп, солардың пайдасына таңдау жасайды.  Тіпті, мәзхаб ұстанатын намазхандардың да жікшілдер тарапынан жүргізіліп жатқан күшті насихатқа саналары уланып, мәзхабты тастап жатқандары белгілі. Олай болса келімсек топтардың көбеюі мәзхаб жамағатын азайтатыны, сол себепті де олардың күшеюі мәзхабтың әлсіреуі есебінен жүзеге асатыны ешқандай да күмәнсіз.

Мұндай жағдайда мәзхабтың артынан тірек болуға тиісті мемлекет өз орнынан табыла алмаса, мәзхабтың хәлі өте мүшкілге айналуы мүмкін. Ал,  өзінің ең сенімді одақтасы  болып табылатын мәзхаб әлсіресе, мемлекеттің де күшті болуы неғайбіл. Өйткені, мәзхаб дегеніміз өз елі үшін, өз ұлты үшін уайым жеген отаншыл мұсылмандардың бірлестігі. Сол себепті де мұндай мұсылмандар азайған сайын мемлекет те өзіне тірек болар сенімді азаматтарға деген мұқтаждықты қатты сезінетін болады.

Мемлекетіміз зайырлы, демократиялық ел ретінде діндерге есігін айқара ашып, олардың таралуына  қолайлы жағдай жасап жатыр. Бұл оның әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін қажетті қадамдардың бірі екеніне келісуге болар. Өйткені, қалтарысы көп саясаттың қыр-сыры билік басындағы басшыларға жақсырақ аян. Тек  еліміздегі діни бостандық ел мүддесі үшін қызмет етіп жатқан Ханафи мазхабын өркендетумен ұштастырылып отырылғаны жөн болар еді. Бұл мемлекет үшін «қасқырды да тоқ қылып, қойды да аман сақтайтын» бірден-бір оңтайлы шешім болып табылады. Бар мүмкіндігі толық ашылып,  насихатталуы да жақсы жолға қойылған жағдайда Ханафи мазхабы  келімсектерге қарсы жақсы бәсекелестік танытып, мемлекетті сенімді тылмен қамтамассыз ететін болады. Өйткені, өте өміршең Ислам дінінің бір мәзхабы болып табылатын Ханафи мәзхабы  келімсектерге өз есесін  жібере қоймайтын зор әлеуетке ие.

Дін ісінде насихаттың маңызы өте зор екенін ескеру қажет. Күшті және уақтылы насихат жүргізген топ неғұрлым қабілетті, неғұрлым жігерлі жандарды  өз туының астына топтастырып алады. Ал, мұндай жандар істің барысын сол топтың пайдасына шешіп беретін болады. Өйткені, қабілетті де жігерлі көшбасылардың соңына халық ойланбастан ереді.

«Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дегендей  насихаттың күшті болуын қаражат шешеді. Қаражат өз ұстанымдарын кеңінен ұсынып, оның қолжетімділігін  қамтамасыз етіп, сол  арқылы оны халықтың санасына  сіңіруге  мүмкіндік береді. Осындай жолмен тамыры тереңге жіберіліп, әбден бекіген діни көзқарасты кейін қайта өзгерту оңайға соқпайды. Сондықтан да елімізде дініміздің дамуын бетімен жібермей, оны мемлекет тарапынан жіті қадағалап, оның шешімін күткен мәселелерін кешіктірмей қолға алып, оған қажетті бағытта барынша қолдау жасап отыру қажет.

Егер мемлекет мәзхабқа тиісінше көңіл бөлмей, оны нығайтуға немқұрайлылық танытатын болса,  онда бұл зор ағаттық болар еді. Өйткені, халықтың дінге деген рухани сұранысы айтарлықтай жоғары. Сондықтан да олар  өздеріне жол тауып өз сұраныстарын қанағаттандыруға ұмтылады. Және оларға осы бағытта өз жәрдемін ұсынушылар да жетерлік. Сол себепті де еліміз қазіргі кезеңде шешімі қиын зор мәселеге айналып бара жатқан жікшілдік мәселесімен бетпе-бет келіп отыр.

Өзі  дінге көп мән бермесе, өзгелер де солай деп ойлап бейқамдыққа салыну да мемлекет үшін үлкен аңғырттық болып табылады. Шындығына келгенде өзіміз игеруге асықпай жүрген рухани кеңістігімізді өзгелер басып қалуға тырысып, жанталасуда. Олар бар мүмкіндікті мейлінше пайдаланып, қаржыларын да аямай шашып жатыр. Сондықтан да олар өз істерінің нәтижесін  көруде.

Мұндай жағдайда өз елімізде, төл мазхабымызды өркендетуге тырысып, ел игілігі үшін іс жасап жатқан Діни басшылық пен мазхаби ұйымдарға мемлекет тарапынан тиісінше қаржы бөлініп тұрғаны дұрыс болар еді. Мұнсыз дін ілімін терең зеріттеп, ізденістерді қажетті бағыттарда өрістету, және сол негізде насихат ісін жолға қойып, халықтың діни сауатын көтеру қиынға соғады. Осындай қолдың қысқалығының  салдарынан да мазхабымызды тану, және оны насихаттау кемшін болып, қалталары қалың өзгелер алдымызды орап кетуде.

Егер мемлекетіміз осы дін мәселесінде ұтылатын болса, онда мол қаржы салып жатқан басқа салалардың игіліктерін көре алмай қалуы да әбден мүмкін. Өйткені, рухани дағдарыс пен діни алауыздық көптеген мемлекеттердің  бар жетістіктерін жоққа шығарып, алға басқан қадамдарын кері кетіруде. Сондықтан да мемлекетімізге осы кезден бастап дінге көбірек көңіл бөліп, оған дұрыс бағыт беріп, оны бір арнаға салып жіберу бағытында ауқымды шараларды атқарған жөн болар еді. Сонда еліміз осы күштің арынымен алға қарыштай басып, ешкімге де дес бермей кететін болады. Өйткені, діні берік елдің ісі де берекелі, қауіпсіздігі де мығым болатыны сөзсіз!

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019