Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 17668 18 пікір 24 Сәуір, 2018 сағат 11:07

«360 әулие» атауы қайдан шықты?

«Маңғыстау сонадайдан тоңазытқан.

                                                           Жүрегін талай ердің қобалжытқан» (Көне жырдан)

Маған соңғы кездері ең көп қойылатын сұрақтардың бірі ««360 әулие» атауы қайдан шықты және олардың кім екендіктерін қалай  анықтауға болады?» делінеді.

Қазіргі таңда 360 әулиелер жайлы біздің білетініміз:

Қаразым (Хорезм) жерінде «360 әулие» атты көне қорым бар.

«Әулие үш жүз алпыс, сен де аман бол» (Сүгір жырау Бегендікұлының «Хорезмнен көшерде айтқаны»).

«Ер Едіге» жырында Тоқтамыстың елімен қоштасатын тұсы былайша берілген:

Ей, байтағым, байтағым,

Бастап сені алдырттым.

Ал, аман бол менен соң.

Байтағымның ішінде

Он сан елім ноғайлы,

Сені тағы алдырттым.

Он сан ноғай ішінде

ҮШ ЖҮЗ АЛПЫС отау қазағым,

Сені тағы алдырттым,

Ал, аман бол менен соң». Біз бұл жолдардан бастапқы Он сан Нұқ атамыздың елінен (ол жөнінде алда арнайы тоқталатын боламыз)  бөлініп шыққан  360 отау елдердің бәрі қазақ деп аталғанын көреміз. Қазақ отау деп, өзі енші беріп, бөлек шығарған ұлды айтады, яғни қазақтың отбасында қалай болса, елдік (мемлекеттік) деңгейде де тура солай табиғи түрде елге айналып тұр.

Осы қасиетті 360 саны адам баласының өмірінде мықтап орын алған. Қазіргі ғылымда сол аталарымыз айтып кеткен қасиетті 360 санынан асып ешқайда кете алған жоқ.

Шеңбер 360 градусқа бөлінеді. Жер өз шеңберін (360°) бір тәулікте (24 сағатта) айналып шығады.

Осы 360 саны заманауи ең озық технологияда да қолданылады. Мысалы,  Bublcam – бұл 360 градус шолу бұрышымен кең аумақты бейнетүсірілім жасай алатын әлемдегі ең алғашқ ыэкшн-камера. Оның кең аумақты қамтитын түрлі жақтарға бағытталған төрт объективі бар. Үшеуі бүйір жақтарына, ал төртіншісі – үстіге қаратылған.

360 саны Европалықтардың жазба тарихында сонау ежелгі Бабыл (Вавилония)  заманынан бері қасиетті ұғымды білдіретіні айтылады. Бабылдықтар астрономия ғылымының негізін салған. Бір аптаны жеті күнге бөлу, шеңберді 360 градусқа, сағатты 60 минутқа, минутты 60 секундқа, секундты 60 терцияға бөлу солардан бізге мирас болып қалған делінеді. Жұлдыздарға қарап болашақты болжау, яғни астрология да солардың арқасында туған. Біздің «Ата-баба» деп сөйлейтініміздегі Баба мен Бабылдың түбірлес (аталас) болатыны осыдан. Маңғыстауда Қаңға-Баба, Темiр-Баба, Кентi-Баба, Баба Түкті Шашты Әзіз, Омар баба атты әулие-қорымдар күні бүгінде де бар.

Түсініктеме: Қазақтың Ата-Бабасы, бүгінгіше айтқанда Аталар мен Әкелер деген мағына береді. Бабаларымыз арғы Аталарымыздың ұрпағы. Біздер сол Ата-бабалардан тараған ұрпақпыз. Біз оның «айдай айғағын» мына жолдардан көреміз:

«Түркістанда түмен бап,

Сайрамда бар сансыз бап,

Отырарда отыз бап,

Баптардың бабын сұрасаң,

Ең үлкені Арыстан бап.

Пірлердің Пірін сұрасаң,

Медине де Мұхамбет,

Түркістан да Қожа Ахмет

Маңғыстау да Пір  Бекет».

Арабияда 360 әулие атты қорым бар.

Мекке маңын қоныстанған күллі араб тайпаларының ислам діні қашан аяғынан нық тұрып кеткенше 360 балбал тасты «Әз әулие» тұтып табынған.

Маңғыстауды бүкіл әлем елдері «360 әулиелі киелі Маңғыстау» деп атайды.

XIX ғасырдың әйгілі ақындарының бірі Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906) өзінің «Үш қиян» атты толғауында:

Қарақұм, Борсық қасынан

Мал суарып асқан жер.

Маңғыстаудың үш түбек,

Үш жүз алпыс әулие

Бес намаздың жайы үшін

Қадамдап аяқ басқан жер,–деп келетін жыр жолдарында да әулиелердің санын 360 тіркесімен беріп, сол әулиелердің Ұлы Жаратушыны (Құдайды, Тәңірді, Алланы) алғаш таныған жері Маңғыстау екенін айшықтап көрсетеді. Қадамдап аяқ басу, сол жолға алғаш шыққан жер дегенді білдіреді.

Содан бері қанша заман, дін, заң өзгергенмен әу бастағы 360 отау қазақты Аталарымыз әулие деп әспеттеп ауыздарынан тастамай келеді. Қазақ баласы тірі тұрса олардың қастерлілік ұғымы адамзат ұрпағының есінен ешқашан шықпақ емес.

«Маңғыстау жерінде сақталған аңыздар бойынша мұнда жергілікті халық әулие санаған 360 сопы өмір сүрген және жерленген делінеді» (http://www.engime.org/mafistau-jerinde-satalfan-aizdar-bojinsha-mnda-jergilikti-hali.html?page=2).

Соңғы жазба деректерде Маңғыстаудағы әулиелер саны 360 емес, 362 делініп жүр.  Оған айтарымыз, ежелгі шежіре-дастандарда 362 деп айтылмаған:

«Әуелі Алла, екінші

Үш жүз алпыс әулие

Қолдаған күні кеңідік» (Сәттіғұл Жанғабыұлы «Замананың сазына»).

«Үш жүз алпыс әулие –

Инабатты қартыңнан…» (Бәйімбет Телеуұлы «Бәйімбеттің термесінен»).

«Хош, аман бол, киелі

Үш жүз алпыс әнбие» (Қалнияз Шопықұлы «Хош, аман бол, қалған жер»).

«Маңғыстаудың ойында

Үш жүз алпыс әулие,

Күнәлі пендең болмасам

Осы жерде бір сүйе...» Қалнияз ақынның Жаскелеңмен айтысынан).

«Тілі басқа, діні бөлек жұрт ұққан,

Бұ тірлікте жанға тірек бір тұтқам —

Үш жүз алпыс Маңғыстауда әулием,

Қанша ғасыр қанша ұрпақ "Пір" тұтқан.

...Үш жүз алпыс әулиелерім бір-бір күн едің. («360 әулие». Кітап - Менің ақ ордам - Qamba.info).

Күні бүгінде де “Маңғыстаудың ойында үш жүз алпыс әулие, қысылғанда ұлыңның қолтығынан бiр сүйе” деп сиынып келеміз.

Қарияларымыз «Медина да Мұхамбет, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстау да Пір Бекет, 360 әулие желей гөр, жебей гөр, сүрінсек қолдап демей гөр!» деп баталарын беріп жатады.

«Әр адамның жаратылысында 360 буын бар. Олай болса, Алла тағаланы ұлықтаса, мақтау айтса, «лә иләһа иллаллаһ, субханаллаһ» десе, Құдайдан кешірім тілесе, ел жүретін жолдан тас, тікен немесе сүйек секілді нәрселерді жол шетіне алып тастаса не болмаса жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса, осы жасаған жақсылықтарының барлығы 360-қа жетсе, сол күннің кешіне дейін тозақ отынан қорғалады». Бұл буын жайында айтқан Мұхамбет Пайғамбарымыздың хадистерінен үзінді. (http://mazhab.kz/kk/maqalalar/qulshylyq/360-buyn-turaly-ne-bilemiz-2595/).

Қазіргі анатомия кітаптарын зерделесек, адам денесінде 360 буын бар екенін көреміз. Пайғамбарымыз айтып отырған бұл сан медициналық зерттеулермен де дәл шыққан. Бұл бүкіл адамзаттың және жеке адамдардың жаратылысы Алланың қалауымен қатар өріліп тұр деген сөз.

Аталарымыз мынадай таңғажайып уақыт жүйелерін пайдаланған:

«1. «Тоғыз шілде»: 40 күн х 9 шілде = 360 күн.

  1. «Төрт тоқсан»: 90 күн х 4 маусым = 360 күн.
  2.   «Азаматтық ай»: 30 күн х 12 ай = 360 күн.

Қазіргі біздің күнтізбеміздегі қазақша ай атаулары — «Азаматтық ай» есімдері.

Киіз үйдегі күнтізбе:

  1. Киіз үйдің 1 қанат керегесі – 12 қанатты киіз үйде жылдың бір айын, 6 қанатты киіз үйде жылдың екі айын білдіреді. Яғни, киіз үйдің жарты шеңбері 6 ай жазды, екінші жарты шеңбері 6 ай қысты бейнелеп тұр.
  2. 12 айды керегенің 30 тор көзіне көбейтсек (оны 30 күн санап), 360 күн шығады. Жыл санына жетпейтін 5 немесе 6 «қонақ» күндер – киіз үйдің есігіне тиесілі. Өйткені қонақтар киіз үйдің есігінен кіреді ғой.
  3.   Шеңбер түріндегі шаңырақтың қақ ортасы қосу белгісі (+) тәрізді бір-бірімен айқасып тұр. Ол төрткүл дүниені 4 бөлікке теңдей бөлген көне түркі ұғымын білдіреді. Түнде шаңырақтың түндігін ашсаң, Темірқазықты айналып қозғалған жұлдыздар көрінеді. Сол арқылы түнгі уақытты анықтауға болады. Күндіз шаңырақтан ішке икс (х) белгісі тәрізді түскен көлеңкесі бойынша күндізгі уақытты ажырата аласың. Яғни, шаңырақ күн сағаты тәрізді.
  4. Алты қанат керегеге әрқайсысы он-оннан барлығы 60 уық байланады. Қай жағынан алып қарағанда да 60 саны 6 ай жаз немесе 6 ай қысқа, 1 сағаттың ішіндегі 60 минөтке, 360 күндік жылға, немесе 360 градустық шеңберге өте ыңғайлы, ол қалдықсыз бөлінеді.
  5. Астыңғы ұшы керегеге байланатын, жоғарғы ұшы шаңырақтың арнайы тесіктеріне шаншылатын уықтардың әрқайсының арасы күнтізбелік көзбен қарағанда 6 күнге, астрономиялық шеңберлік көзбен қарағанда тең болып шығады: 60 уық х 6 күн немесе градус =360 күн немесе осыншама градус.
  6. Киіз үйдің сыртқы пошымы – жарты шарға ұқсас. Жер шарының қай нүктесінде де адамдардың тас төбесінен тұтас шар емес, соның тең жартысы болып саналатын жарты шар төніп тұрады, дейді зерттеушілер. Қазақтардың ежелден-ақ соны біліп, оны киіз үй пішімінде бейнелеуі өте таң қаларлық іс», екендгіне кімнің қандай дауы бар? (http://malimetter.kz/kun/).

Даналық деп осыны айт! Өздері тұратын «Алты қанат ақ Ордасына» дейін дәл осындай табиғи сәйкестікпен жасау Қазақтан басқа кімнің қолынан келіп көрген?

Аталарымыз негізгі уақыт мезгілін осы шаңырақтан сәулесі түсіп тұратын Күн арқылы белгілеген және бүкіл аспан денелеріне адамзат жаратылысының бастапқы даму кезеңіне сай «авторлық құқықтарымен» атаулар берген.

Сол «Күн» және үстімізден ешқашан өтпей алма кезек ауысып тұратын Күн мен Түн мезгілдері атауына келсек, Күн – Қу және Үн, ал Түн – Ту және Үн  деген екі біріккен сөзден тұрады.

Толық мағынасы, «Қу» дегеніміз бір деген сандық атауды иемденген Адай Атаның үлкен ұлы Қу Адай әке (Құдайке) болса, «Үн» дегеніміз Адайдың кенже немересі, яғни оныншы буын ұрпағы Мұңал болып табылады. Ал, «Т» дыбыс-таңбасы толып, толысқан Ата ұрпақтары, яғни рулар деген сөз. Бұлар қазіргі таңдағы «гендерлік саясаттың» салқынымен ру (ата) жайлы жағымсыз сөз айтып, келеке, күлкіге айналдырып, тарих сахнасынан кетіруге қанша тырысқандарымен оларынан түк шықпайды. Күн батып, түн келгенімен, түнде өтіп қайтадан Күн шығады. Адам Атаның қарашаңырағы Қазақтың үш арысы, Қазақтың қарашаңырағы Алшын - Адайдың екі ұлы мен сегіз немересі дәл қазір осы түннің мезгілінде тұр. Бірақ, ертең Күн қайта шығады. Күн қағанаты әлемге қайта нұрын шашатын болады. Мұны өзгерту Бір Алладан болмаса, Адам баласының қолынан келмейді.

Күн мен түннің шежіре-тарихын толығырақ тарқатар болсақ,  Кіші Жүз рулары аты айтып тұрғандай, Қазақтың үш ұлының ең кішісі, яғни Қазақ атамыздың қарашаңырағының иесі. Екі ағасының (Ұлы жүз бен Орта Жүздің) кенже інісі. Олар Бекарыс деп аталды. Ал, Кіші Жүз-Бекарыстың, сонымен қатар бүкіл қазақтың  қарашаңырағы Он екі ата Байұлы, Он екі ата Байұлының қарашаңырағы Адай, Адайдың қарашаңырағы Мұңал болып табылады (әлемге әйгілі Шыңғыс қағанның руы осы).  Атасының бар білгенін және оның ұрпақтарына арнаған аманатын тек қана кенже ұл алып қалады емес пе?! Атам Қазақтың Ата салтының, дәстүрінің, әдет-ғұрыптарының, тілі мен дінінің, бүкіл шежіре дерегінің Маңғыстаулық Адайларда толықтай сақталуының сыры осы.

«Адай шежіресі» бойынша Адайдың екі баласы бар. Үлкені Қу Адай әке (Құдайке, яғни Адам), кішісі Келімберді (Ман). Құдайкеден екі бала, үлкені Тәзіке (Әз әке «Т (Ата)» мен толысып Тәз атанып тұр), кішісі Қосай. Келімбердіден алты бала, үлкені Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Бұзау, Тобыш, кенжесі Мұңал. Барлығы екі бала, сегіз немере, яғни он буын ұрпақ. Әйгілі Нұрым жыраудың:

«Адам – Сафи баласы,

Бір теректен сан бұтақ,

Дүниеге келген сан болып

Буын-буын тақталы» деп жырлайтыны осыдан («Бес ғасыр жырлайды» Алматы.1989.129 б). Атамыз сандардың атауы Адам Атадан басталатын буын-буын ұрпақтарға байланысты дүниеге келгенін айтып отыр.

Адам атаның қарашаңырағы Адайдың кенже немересі Мұңалдың сөз түбірі «ұң, (ұн (авторлық құқық сақталып тұр), үн (ауыздан шыққан дыбыс, сөз)» болып тұр. Өздеріңіз көріп отырғандай, «бидай» мен «нанның» авторлық құқығы Би Адайлар мен Мандарда жатса, «ұн» мен «мұнайдың» авторлық құқығы Мұңалдарда жатыр. Аспандағы күннің түбірі «үн» болатыны да осыдан. Демек, Күн – Қу (Құдайке) және Үн (Мұңал) деген екі біріккен сөзден тұрады.

Күн қағанатының бастауы осылар. Күн, Гүн, Ғұн, Гүнну, Ғұнну, Хун, Хунну бәрі синоним.

Ал, мұңалдың монғол атанып жүргеніне келсек, монғолдың сөз түбірі «он». Мұңалдар Адам атаның оныншы буын ұрпағы болғандықтан ғана монғол деп аталып, бұл ұғым бүкіл әлем елдерімен толықтай мойындалды. Әлем тарихындағы сегіз оғыз, тоғыз оғыз, он оғыз, сегіз оқ, тоғыз оқ, он оқ атты ел атауларын еске алыңыз. Оғыз – Оқ (оғлан), яғни Қазақтан енші алып бөлек шыққан ұл мен қыз деген сөз.

Садақтың «жебесі» әрқашанда қорамсақта сақталып, садақпен бірге жүреді. Ал, «жебе» адырнадан атылып ажырағанда оққа айналады. Қазақ баласының жебе тиді демей, оқ тиді дейтіндерінің сыры осы.

Ең жоғарғы сана (санаудың) иесі Ұлы Жаратушы-Алла, Алладан кейінгісі Адам. Алланың қалауымен Адам ата ұрпақтары сандық жүйені меңгерді. Біз қолданып жүрген сандардың бәрі осы сандарды ойлап тауып, дүниеге әкелген ұлы аталарымыздың есімі. Сандық жүйе олардың дүниеге келу рет санын береді. Сол үшінде кейде біздер, санның орнына 1-а, 2-ә, 3-б, 4-г, 5-ғ, 6-д, 7-е, 8-ж, 9-з, 10-и т.т. деген дыбыстық таңбаларын да қолданамыз.

1 саны (бірінші буын) Адай Атаның екі баласы Құдайке мен Келімбердінің сандық атауы.

2 саны (екінші буын) – Адай Атаның бірінші немересі Тәзіке (Әз, Тәз, Тәж әке, бүгінгі атауы Қазақ), сөз түбірі Әз әулие атамыз бен Әжеміздің есімі. Таз, Тәз, Қаз синоним. Сонда Қазақтың хандары мен қағандары бас киімдерін «Тәж», деп атап әжеміздің өзі түгілі есімінде бастарына көтеріп бас киім етіп киіп жүрген болып тұр. Анаға деген құрметтің ең биік шыңы осы болса керек-ті.

Адамзаттың 70 000 жылғы ғұмырында (шежіре осылай дейді) Анаға деген құрметтің бұдан асқан озық үлгісін бүткіл жер бетінде олардан асып ешкім көрсете алған емес, көрсете де алмайды.

3 саны (үшінші буын) – Адай атаның екінші немересі Қосай, бұл Нұқ пайғамбардың атасының (руының) есімі. Нұқ пайғамбар заманындағы топан суға кететін «көш» осы екі буын, яғни Құдайкенің екі ұлының елі. Ел аузындағы «суға кететін Құдайке елі көшінің» негізгі сыры осы. Ел аузы Ата шежіреге қатысты ешқашан жалған сөйлеген емес. Сөйлем соңына қойылатын «қос нүктенің де» сыры осы. Қос нүкте – Қосай Нұқ Ата деген сөз.

Төрт амалдың біріншісі «қосу амалында» осы Қосай аталарымыздың «авторлық құқығы» сақталып тұр.

4 саны (төртінші буын) – Құнанорыс (Рысқұл), бұл Нұқ пайғамбардан тарайтын қауым, Шежіредегі Адайдың кіші ұлы Келімбердінің бірінші баласы, яғни Адайдың 4-ші буын ұрпағы. Қазіргі өздерін Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп, Шыңғыс ханға таласып жүрген Төрелердің тегі осы. Төре мен төрттің бір түбірден (бір Атадан) болатыны осыдан. Олардың «төр иесі» деп аталатыны да осыдан. Төрелердің арғы тегі Адайдың төртінші буын ұрпағынан тарап тұр. Осы төрттің ішіне алдыңғы үш буын ұрпақ түгел кіреді.

5 саны (бесінші буын) – Ақпан. Аға мен ақиқатқа түбір, яғни ақиқатқа Ата болған осы Ақпандар, яғни Сақтар. Сақтың түбірі Ақ болатыны осыдан. Бүгінгі балалардың біліміне баға бергендегі бір өте жаман, екі жаман, үш қанағаттанарлық, төрт жақсы, бес өте жақсы деп баға берілетінінің сыры осы. Аға мен Ақиқатқа бес деген баға беріліп отыр. «Су ақпайтын ба еді сағадан, сөз басталмайтын ба еді ағадан» деген мақалдың да сыры осы.

6 саны (алтыншы буын) – Балықшы (Шыбынтай, Қыпшақ). Біздің Ал, Алғи, Алан, Алаш, Алаша, алты Алаш, Алтай деген ұғымдарымыздың бәрі осының ішінде. Ежелгі қазақтар ұранға шығарған, қазаққа ұран болған Алаш батырдың елі осы. Қазіргі кейбір «білгіштер» айтып та, жазып та жүргендей, Қазақ Алаштың баласы емес, Алаш Қазақтың баласы болып табылады.

Алты саны ерекше сан. Алтының басқа сандардан өзгешелігі оның өзіне тән ерекше қасиеті бар. Ол өзі бөлінетін сандардың қосындысы мен көбейтіндісінен тұрады. 6 саны 1-ге, 2-ге, 3-ке бөлінеді. Оларды қосып немесе көбейтсек қайтадан алты саны шығады (1+2+3=1*2*3). Мұндай қасиет басқа ешбір санда қайталанбайды. Алты саны – жетістіктің, еркіндіктің белгісі. Осы еркіндік пен жетістік он еселеніп алпысқа жеткенде, кім-кімніңде пысын басқанына қандай дау бар?

Төрт амалдың екіншісі «Алу амалында» Алаш (Балықшы) Аталарымыздың «авторлық құқығы» сақталып тұр.

7 саны (жетінші буын) – Бұзау. Бұзаудың екі баласы бар, үлкені Айтумыс, кішісі Жеменей. Қазақтың туыстығы бөлінбейтін, қыз алыспайтын жеті аталық жүйе, қасиетті жеті санының авторы осылар. Жеті санының Жеменеймен, Адайдың таңбасы Жебемен түбірлес (аталас) болатыны осыдан. Осы қасиетті жеті саны Торы атта (Тауратта) 500 рет айтылады.

8 саны (сегізінші буын) – Семит, яғни қазіргі Еврей мен Арабтардың аталары, жеті санын иемденген Жеменейден бөлініп шығады. Сегіздің түбірі егіз. Демек, «сегіз кіммен егіз?» деген сұрақ өз-өзінен туындап тұр. Әрине сегіз тоғызбен егіз бола алмайды. Себебі тоғыншы ұрпақ, сегізден бір буын кейін тұр.

Мына көрші орыстар жетіні семь, сегізді восемь деп атап, өздерін біз жеті - Жеменеймен егіз емеспіз, біз жетінші буын Жеменейдің ішінен шықтық, біз Жеменейдің баласымыз деп отыр.

Адамзаттың туыстықтарының бөлінуі осы сегізден басталады. Мысалы, әлемдік кез-келген сайыстарда, жарысқа жеті ел қатысса, ол сайыс халықаралық сайыс деп аталмайды. Халықаралық сайыс деп, қатысушылар саны сегізден асса ғана саналатынының сыры осы. Адамзаттың жікке бөлінуі осы Семиттерден басталады. Жікке бөліну дегенді шығарғандар да осылар. Бүгінгі ауыздарын ашса руды (Қазақтың Атасын)  жамандап келемеж, күлкі, мазақ етіп, Қазақтың бір атадан (бір рудан) тараған бүгінгі ұрпақтарының арасына жік салып, өздері жасаған барлық ылас, былапат  бәлелерінің бәрін Қазақтың рулық (аталық) жүйесіне жауып, өздері «судан таза, сүттен ақ» болып жүргендер, жеңілдетіп айтқанда, қазаққа дос еместер. Демек, қазақ баласына Ақ пен Қараны, яғни Ақиқат пен жалғанды ажыратып, Алланың Хақ жолына бет бұратын кез келді. Бұл мәселені бүгін шешпесек, кейін кеш болады.

Төрт амалдың үшіншісі «Бөлу амалында» осы сегіз саны атауын иемденіп «бөлінуші» Аталарымыздың «авторлық құқығы» сақталып тұр.

9 саны (тоғызыншы буын) – Тобыш. Сөз түбірі «об, (ов)». Бүгінгі Ресей жерінде қалған Батыс Сібірді бойлай ағатын  Об  су бассейіні мен Об өзені ұлан ғайыр аймақты бойлай ағады. Осы өзенге жан-жағынан қосылатын өзендер күні бүгінде де Том, Тобыл, Таз, Қазым, Назым, Қия, Ертіс, Кете, Шылым деп аталады. Осы өзеннің жағасында Маңғыстаудағы Шерқала тауымен аттас, Шерқала атты қала бар. Демек, Біздің Аталарымыз осы өзен бойын жайлап, осы ұлан-ғайыр аймаққа өздерінің есімдерін мәңгі өлместей етіп жазып қалдырған.

Сонда бүгінгі орыстардың өз тектеріне қосып жүрген «ов, (об), ова (оба)» дегендері олардың өз тектерін осы Тобыш атамыздың атынан алатынын білдіргені. Бұл тарихи деректермен де толықтай сәйкес келеді. Себебі, олардың қазақ халқынан бөлініп, бөлек отау тігуі әлемдік аренада Тобыштардың билігі кезеңінде болды. Орыстардың өз тектеріне қосып жүрген «овы» осыны мойындағандық. Олардың өз тектерін Иванов, Петров, Сидоров деп жазып жүргендерінің сыры осы.

Қазақтарға «ов, ова» - ларды Ата-тегімізге қосып жазуға болмайды. Бұл Атасын немере, шөбере, шөпшегіне бала етіп қойғанмен бірдей, яғни өзіміздің тоғызыншы буын ұрпағымызға бала болып шығамыз. Біздің бұл ісіміз «Тегін білмейтін тексіздің» әрекеті болмақ. Бізге Әке деген сөздің орнына «ич»-ті де (Робинович, Исакевич) қолдануға мүлдем болмайды. Бұлай жасау, Біздің өз туған әкемізді Әке деп өз атымен айтуға жігеріміз жетпей, еврей тілінде, еврейше әке деп сөйлеу болып табылады.

Тоғыз саны толып, толысу дегенді білдіреді.

Төрт амалдың төртіншісі «Көбейту амалында» Тобыш Аталарымыздың «авторлық құқығы» сақталып тұр.

10 саны – Мұңал (монғол). Өздеріңіз көріп отырғандай, 5 саны (5 деген баға) Ақиқатқа берілген, ары қарай алты мен Балықшы, жеті мен Жеменей, сегіз бен Семит, тоғыз бен Тобыш, он мен Монғол (Мұңал) бір түбірден, яғни бір атадан болып тұр.

Адайдың қарашаңырағы Мұңалда, сондықтан олар «Мұңал ошақ» деп те аталады.

Қазақтың Күн деген ұғымы атауының шығу тегі осы он буын аталарымыздың есімі.

Осы онға дейінгі сандардың атауын бүткіл жер бетінде күніне бірнеше рет аузына алмайтын (санамайтын) адам жоқ. Триллионға дейінгі барлық сандар атауы да, тек қана осы он санды қайталау арқылы жасалады. Осы он буын Аталарымыздың Ұлы Жаратушы – Алланың берген санасының арқасында сандық жүйені меңгеруі, адам баласының санасы, яғни ақылы мен білімінің ең биік шыңы болып бүгінгі күнге дейін сақталып қалып отыр.

Міне Біз осылайша, жерімізге жарығы мен жылуын беретін КҮН деген ұғымымыздың қалай дүниеге келгенін және олардың «авторын» анықтап алдық.

Енді ЖЕРГЕ ауысайық. Жердің сөз түбірі (өз түбі, өз атасы) Ер (Ер-азамат). Ал, ердің алдында тұрған «Ж» таңбасы, алдыңғы жеті буын ұрпақ дегенді білдіреді. Жеті ең қасиетті сандар қатарына жатады. Себебі, ең алдыңғы жеті буын ұрпақтың туыстығы бөлінбеген. Қазақтың жеті Атаға дейін қыз алыспайтыны осыдан. Бөліну сегіз-семиттерден басталған.

Күн – Күн жүйесіндегі орталық дене болып саналады, Күн жүйесіне кіретін барлық 9 үлкен планета, (ішінде жерде бар) Күнді айнала, дөңгелек дерлік орбита бойымен, бір бағытта қозғалады.

Жер өз осінде және күнді айналады. Ал, адам өмірінде, бүкіл Ер-азамат, ең алғашқы он буын ұрпақты айналады. Себебі, бүкіл адам баласы сол он буын Аталарымыздан тараған.

Ежелгі Аталарымыз жердің өз осін бір тәулікте бір рет және Күнді бір жылда 360 рет айналатынын есептеп шығарып, артық қалған 5 күнді «бес қонақ» деп атаған.  «Бес қонақ» жайлы деректер Маңғыстаулық «Авеста да» айтылады.

Ал, қазіргі ғылым жердің күнді айналуын әртүрлі етіп белгілеп қойған. Ол, ақпан айының соңғы күндері қалған айлардағы сияқты 30 мен 31-нен емес, әр түрлі 28-29 болып  бітетіні.

Жыл 12 ай. Сол 12 айдың жетеуі 31 күн, төртеуі 30, бір айы 28 кейде 29 күн. Сонда 7 айда жер өзінің осін 31 рет, 4 айда 30 рет, ал ақпанда 28 немесе 29 рет айналып, жер Күнді кейбір айларда тезірек, кейбір айларда баяулау айналуы мүмкін бе?

Демек, қай патша келіп қандай күнтізбе енгізсе де, Алланың берген жаратылыс заңынан аса алмақ емес. Құран Кәрімде "Тәубе" сүресінің 36 аятында "Расында Алла көктер мен жерді жаратқалы ұлық Алланың кітабындағы айлар саны - он екі" делінген.

Ежелгі қазақтарда жылды он екі айға бөліп, жыл басын Наурыз деп атаған. Маңғыстаулықтар  14-ші наурызды - Ұлыстың Ұлы күні, Амал мерекесі, жыл басы деп, есте жоқ ескі замандардан бері тойлап келеді.  Міне осы 14 күні жаңа ай туады. Демек, жаңа жыл жаңа айдың тууымен басталады. Еш ауытқу жоқ. Алланың жаратуына сай табиғи үйлесімділік.

Ай – Адай атамыздың екінші буынында тұр. Демек, Ай – Анаң. Әйелдің сөз түбірі Әй (Ай). Әйел (Ай мен Ел) «Әй, ел болайық!». Әйел ердің серігі, Ай жердің серігі. Аспанда Ай жерді айналады, жерде әйел ерді айналады. «Ә» - әке мен әйел деген мағына береді. Осы «Ә» болмаса, бұл сөздер бұл дүниеде болмаған болар еді.

Ұлы Аталарымыз Аллатағаланың  он сегіз мың ғаламды жарату сырын елден бұрын танып, солардың бәріне өз аттарын қойған және сол жаратылыспен бірге біте-қайнасып, бірлікте ғұмыр кешкен болып тұр.

Бүкіл әлем елдерінің барлығы Ұлы Жаратушы –Алланың алғашқы жаратқан саналы тіршілік иесін (маймылды Ата деп мойындап жүргендерді есепке алмаған да)  «Адам» және «Ман», ал ең алғашқы елді (мемлекетті) Қазақ деп атаған. Осылардың үшеуі де Манқыстауда дүниеге келген. Адам атаның атын Адай ұстап отырса, Мандардың атын Манқыстау ұстап отыр. Ал бүгінгі күнге Қазақ деген атпен жеткен ұлы елдің түп атасы Аз (Әз) әулиенің де моласы осы Маңғыстауда. Сондықтан да ол 360 әулиелі киелі Маңғыстау деп аталады. Біздің сөздік қорымыздағы «Ол Әз әулие ғой!»,  «Ол не соншама, Әз әулие ме?», «Тасташы әрі Әз әулие қылмай», «Ол Әз әулие емес қой» дейтіндеріміздің сыры осы. Әз әулие Маңғыстаулық 360 әулиенің бас әулиесі, яғни ең біріншісі, ең ұлысы, ең ардақтысы болып саналады. Қазақ елі атауының түбірі Аз (Әз) болатыны осыдан.

360 және одан арғы басқа да сандардың не мағына беретінін мына жерден оқи аламыз: «Сандардың атауы және латын әліппесі қайдан шықты?»  http://abai.kz/post/51832).

Санасы, яғни ақылы мен білімі жететін жандарға сандарда тура адамдардың сөзбен айтып тұрғанындай болып шежіре-тарихтан шынайы сыр шертеді. Мысалы,

360 градусты 2-ге бөлсек = 180 градус,

3-ке бөлсек = 120,

4-ке бөлсек = 90,

5-ке бөлсек = 72,

6-ға бөлсек = 60,

7-ге бөлсек = 51,4

8-ге бөлсек = 45,

9-ға бөлсек = 40,

10-ға бөлсек = 36. Өздеріңіз көріп отырғандай, 7 қалдыққа, 8 саны тақ санға бөлініп, ал қалған сандардың бәрі жұп санды құрап, жұптарынан (жұбайларынан)  айрылмай тұр. Бөлінушілердің сопылық ілімді қатты жек көретіндерінің сыры осы. Бұл сандарды сөзге аударсақ, туыстығы да, жұбы да бөлінбейтін қасиетті 7 санын бөлінуші 8-діктер жұптарынан айырып (жетім-жесірге айналдырып), өздері де жалғыз қалып отыр. Сопылық ілімнің «Адамды алдағаныңмен Алланы алдай алмайсың» дейтіндері осыдан.

Осы айтылғандардан шығатын қорытынды, 360 дегеніміздегі 360 санының әрқайсысы бір-бір адам және сонымен қатар Ұлы Жаратушы Алланың адам баласын жаратқалы бергі буын-буын қауымдары болып табылады. Олар Қазақтың үш Арысы, яғни үш Жүзі және осы біздің Қазақтан тараған, яғни Қазақтың ұранға шығарған Алаш батыры, солардан тараған Алты Алашы. Алты Алаш толып, толысқан да Алпыс деген сан атауына ие болады. Кезінде Қазақтың және одан тараған алты Алаштың аузы бір болған кездеріндегі кім-кімнің де пысын басқанына қандай дау бар?

Алты саны (алғашқы Ад қауымы), 60 (шежіредегі Алаштың, алты Алаштың, жиынтық атауы Адайдың алтыншы буын ұрпағы Балықшылардың сандық атауы. Балықшы аталарымыздың 60 санын ауыздарынан тастамай аса қастерлейтіндерінің сыры осы. Мысалы, Балықшы Балуанияз батырдың Түрікпеннің 300 аламаны Адай елін шапқанда, алпыс кісі болып аттанып, жауды жеңіп, жесір айырады. Ол жайлы Қалнияз жыраудың «Балуанияз батыр» атты дастаны бар), 66 (алғашқы он еселенген 60 күнге қосылған, алты буын ұрпақ), 666 (3*6=18 ғаламымыз міне осы жерден шығады), 6666 (Бүкіл әлем ежелде біртұтас Қазақ деген жалғыз ғана қағанатты құраған. Сол кезеңде солар бүкіл жер шарының әр жеріне қазіргі Египеттегі сияқты алып пирамидалар шоғырын салған. Сол пирамидалар шоғырының арасы артық та емес, кем де емес тура 6666 км құрайды. Қасиетті Құран Кәрімнің 114 сүре мен 6666 аяттан тұратынының сыры осы. Осылардың үстіне Күннің қатты қызған, беткі температурасы – 6000С екенін қосып қойсаңыз тіптен жаңылыспайсыз.

Әлем халықтары күні бүгінде де жоғарыда айтқанымдай, Маңғыстауды «360 әулиелі киелі Манқыстау» деп атайды. Біз осы сөз тіркестерінен жер бетіндегі барлық 360 әулиелердің, яғни Қазақ Атамыздан енші алып, бөлініп шығып, отау тігіп, ел болған 360 әулеттің иесі де, киесі де ұланғайыр Қазақ даласының кәрі шаңырағы Маңғыстау екенін көреміз.

Маңғыстаудың 360 әулиелерінің шынайы тарихы міне осылай оқылады.

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы 

Маңғыстау

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364