Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 29498 1 пікір 11 Маусым, 2009 сағат 08:35

Жаназа пәтуасы (жалғасы)

30. Қасиетті Құран оқу және сауабын бағыштау үкімі
Мәйітке арнап Құран оқуға, “Хатым Құран” (Құранды басынан аяғына дейін оқып шығу) түсіріп және оның сауабын марқұмға бағыштауға болады. Сауабы иесіне тек Алла тағаланың әмірімен ғана тиеді.
Абд ар-Рахман әл-Жазиридің (р.а.) “Фиқһу-л-Жазири” атты кітабында: “Мәйітке арнап Құран оқудың мәйітке пайдасы бар”, - делінген.
31. Қаралы үйде тамақ жеу үкімі
Марқұмның отбасына көршілері тамақ дайындап берулері - сүннет. Оларға тіпті “тамақ алыңыз”, - деп қолқалап отырса да болады. Өйткені, қайғылы жандар тамаққа қарамауы немесе ұялуы да мүмкін. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам ат-Тирмизи және Хаким (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде:
“Жағфар (р.а.) қайтыс болды” деген хабар келгенде: “Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның отбасы  шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)”, - деген.

30. Қасиетті Құран оқу және сауабын бағыштау үкімі
Мәйітке арнап Құран оқуға, “Хатым Құран” (Құранды басынан аяғына дейін оқып шығу) түсіріп және оның сауабын марқұмға бағыштауға болады. Сауабы иесіне тек Алла тағаланың әмірімен ғана тиеді.
Абд ар-Рахман әл-Жазиридің (р.а.) “Фиқһу-л-Жазири” атты кітабында: “Мәйітке арнап Құран оқудың мәйітке пайдасы бар”, - делінген.
31. Қаралы үйде тамақ жеу үкімі
Марқұмның отбасына көршілері тамақ дайындап берулері - сүннет. Оларға тіпті “тамақ алыңыз”, - деп қолқалап отырса да болады. Өйткені, қайғылы жандар тамаққа қарамауы немесе ұялуы да мүмкін. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам ат-Тирмизи және Хаким (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде:
“Жағфар (р.а.) қайтыс болды” деген хабар келгенде: “Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның отбасы  шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)”, - деген.
Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан әрі қарызға батып ас берулері дұрыс емес. Ол үйден ас шығартпау керек. Тағамды туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде жасауына болады. Өздері жақындарынан айрылып қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, қонақ күтудің қамына кірісу күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Туған-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаңдары қаза иесіне және алыстан келген көңіл білдірушілерге ас дайындап беруіне болады.
32. Мәйітті шығару мен жерлеуге апару үкімі
Мәйітті жуу, кебіндеу және жаназасын шығару сияқты, марқұмды жерлеуге апару да парыз кифая.
Нәрестені немесе одан үлкен баланы ер кісі қолына алып, қабірстанға көтеріп апарады. Баланы түсіріп алмау үшін басқалардың демеп жүруіне болады. Баланы ат үстінде отырып та апаруға болады.
Үлкен кісіні ат үстінде т.б. көтеріп апару мәк¬рүһ. Бірақ үзірлі (себепті) жағдайда рұқсат етіледі. Мәйітті жерлеуге апара жатқанда мәйіт табытта қатты селкілдемейтіндей орташа жылдамдықпен жүру - мұстахаб.
Әйел табытының үстіне мата не сол секілді т.б. нәрсемен жауып қою -  сүннәт. Мәйіт  үстін жер¬леп біткенше мата яки т.б. нәрсемен көлегейлеп  тұру ләзім.
33. Мәйітті шығарудағы жанама нәрселер үкімі
Мәйітті жерлеуге көлікпен апаруға болады, алайда жақын болса жаяу апарған абзал. Көлікпен мәйіт алдына түсіп жүрмеген жөн.  Өйткені, шаң көтеріп немесе батпақтатып мәйіт әкеле жатқан арттағы адамдарға кедергі жасалуы мүмкін. Сондықтан мәйітті шығарып салушылар мәйіт артында жүргені абзал. Ал мәйіт алдынан ұзап кеткен болса жүруге болады (оң жақ немесе сол жағында жүруден, артында жүру абзал, тым қалып қоймай жақынырақ болу - мұстахаб). Мәйітті шығарып салуда орташа жылдамдықпен жүру - мұстахаб.
Мәйітті қабірстанға дауыс шығармай апару сүннәт. Құран Кәрім оқып, зікір, өнегелі сөздер айтып дауыс шығару да мәкрүһ. Алланы зікір еткісі келген адам іштей зікір айтсын, сондай-ақ жаназаға шырақ немесе түтін түтеткіш апарылмайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадис шәріпінде:
“Мәйітті шығарып салғанда дауыс шығарып та, (шырақ алып та) жүрмеңдер”,- деген.
Шариғатқа теріс іс байқалса (музыка ойнау немесе әйелдердің айқайлап жылауы және т.б.), оған тыйым салу керек. Қазалы үйге көңіл айта келгендердің мәйітті қабірстанға дейін шығарып салуы және жерлеу рәсімі біткенге дейін күткені абзал. Көңіл айтуға келе тұра жаназа намазына қатыспау - мәкрүһ.
34. Мәйітті жоқтау үкімі
Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау - харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады. Мәйіттің бар жақсылығын санамалап, өксіп, бетін тырнап, киімін жыртып, немесе шашын жұлып шариғатқа қайшы сөздер айтып жылауға болмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам әл-Бухари мен Муслим (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде:
“Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес”, - деген.

 

35. Мәйітті жерлеу және оның үкімі
Мәйітті шариғатқа сай жерлеу - парыз кифая. Жерлеуге мүмкіншілік болмаса, мысалы, бір кісі теңізде кеме үстінде қайтыс болып, оны жағаға жет¬кіз¬генше мәйіт бұзылып кетер болса, онда мәйітке ауыр бір нәрсе байлап, суға тастауға болады.
Жерді аң қаза алмайтындай және өлік иісі шықпайтындай терең қазу уәжіп. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы бойынша қабірдің тереңдігі кем дегенде орта бойлы адамның жартысындай болуы қажет. Бұдан  тереңірек болса абзалырақ. Мәйітті жерлеген соң ысырапқа жол беріп, күмбездер салу, атағын шығару үшін бәсекелесу, таласу шариғатымызда жоқ амал.
Жер қыртысы қатты болса, лахад жасау (астын үңгіп қазу) - сүннәт. Лахад қабірдің төменгі қыбыла жағынан мәйіт сиятындай етіп қазылады. Ал жер қыртысы жұмсақ болса, лахад қазу қажет емес. Қазихан Махмуд әл-Узғандидің пәтуасында: “Жер жұмсақ болса, лахат қазбай-ақ, қабірдің ортасын төмен қарай тағы да қазып, ішіне мәйітті қойып үстін және айналасын қышпен қалау керек”, - деген. Әл-Аләмгирия мен Миғражу-л-дираяда да осылай делінген. Мәйітті қабірге қойғанда жүзін қыбылаға қаратып жатқызу - уәжіп.
Мәйітті қыбылаға қаратып, оң жақ бүйіріне жатқызар кезде: “Бисмилләһи уа ъалә милләти Расулилләһи” (с.ғ.с) деп айту сүннет. “Фатху-л-Қадир” шархында: “Мәйіт қабірдің қыбыла жағына қойылады. Мәйітті қабірге қоятын кісі, мәйітті лахадқа қойғанда қыбылаға қарап тұрады”, - делінген. Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен жүзін қыбылаға қаратып қояды. Егер жүзін қыбылаға қаратпаса немесе шалқасынан сол бүйір жағына жатқызып үстін топырақпен көміп қойғаннан кейін дұрыс қойылмағандығы байқалса да қабірді қайта қазбайды. Бірақ жоғарыдағы айтылған жәйттерді көму алдында біліп қалса, тіпті лахад қышпен өріліп қойылса да, мәйітті туралап жатқызу үшін ашу керек. Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен қойғанда, қыбылаға қарап жатуы үшін бас-аяғын қышпен немесе топырақпен сүйеп қою - мұстахаб. Мәйітті табытқа салып жерлеу - мәкрүһ, тек оған жер құмды немесе сазды болса ғана рұқсат етіледі. Бірақ табыт темірден болмауы керек. Мәйітпен бірге көрпе-жастық сияқты заттарды қабірге салу - мәкрүһ. Мәйіт лахадқа қойылған соң адамдардың үш уыс топырақ салуы - мұста¬хаб. Топырақты мәйіттің бас жағына тастайды.
1-ші уыс тастағанда “Минһә холақнакум”, (топырақтан жараттық) - деп айту, 2-ші уыс тастағанда “Уә Фиһа нұидукум”, (және топыраққа қайтарамыз), ал 3-шісін тастағанда “Уә минһә нухрижукум тәротан ухро”, (және топырақтан қайта шығарамыз), - деп айтады.
Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі - мұстахаб. Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабірдің төбесін гипстеу немесе неше түрлі майлы нәрселер жағу - мәкрүһ.
Қабір үстіне тас немесе ағаш, мәйітті белгілеу үшін қойылады. Ал мақтан үшін, байлығын көрсету үшін қою - харам. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді. Бірақ сурет және мүсін қойылмайды.
36. Қабірде отыру, ұйықтау, қабірге дәретке отыру және оның үстімен жүру үкімі
Қабір үстінде отыру немесе ұйықтау яки жүру - мәкрүһ. Қабірдің үстіне үлкен немесе кіші дәретке отыру - мәкрүһ тахрими (харамға жақын мәкрүһ). Ата-анасы, бауыры, туысының қабіріне барғысы келген адам басқа қабірді баспай, айналып өтуі ләзім. Қабір басына ешқандай шүберек байланбайды, тиын-тебен тасталмайды.
37. Мәйітті қайтқан жерінен басқа жерге апару үкімі
Мәйітті қайтыс болған жерге жерлеу - мұстахаб. Мәйіт денесі бұзылмайтын болса басқа жерге апарып жерлеуге болады. Жерленген мәйітті қайта қазып, екінші бір жерге көшіру - харам. Бірақ жерленген жер біреудің меншігі болып және ол әкетуді талап етсе немесе көпшілікке өте қажет құрылыс, не жол салынатын болса, яки, қабірдің су астында қалу қаупі төнсе, мәйітті басқа жерге көшіруге болады.
38. Қабірді қайта ашу үкімі
Мәйіт сүйегі қабірде әбден шіріп жоқ болды-ау дегенге дейін қабірді ашу харам. Бірақ та мәйіт біреуден тартып алынған кебінге кебінделген немесе тартып алынған жерде жерленген, яки жер иесі мәйіттің онда жерленуіне қарсы болса, немеcе мәйіт түрлі дүние-мүлікпен бірге жерленсе, қабірді қайта ашуға болады. Бұл ретте мәйіттің бұзылған-бұзылмағандығына қарамайды. Мәйіттің жақында¬ры жерді немесе кебін ақшасын иесінен сатып алса, яки басқа жолмен ризашылығын алған жағдайда қабір қайта ашылмайды. Сондай-ақ қылмысты тексеру секілді кейбір себептерге байланысты құзырлы органдар қабірді ашуды талап еткен жағдайда, талап орындалады.
39. Бір қабірге бірнеше кісіні бірге жерлеу үкімі
Бір қабірге үзірсіз (себепсіз) бірнеше мәйітті жерлеу - мәкрүһ. Оба (тырысқақ) ауруы тарағанда немесе соғыс кезінде қабір қазып үлгермесе, бір жерге бірнеше мәйітті қоюға болады.
Ас-Сарахсидің (р.а.) “Әл-Мухит” атты кітабын¬да аса мұқтаж болғанда ғана бір қабірге екі-үш адамды жерлеуге болатыны жайлы айтылады. Қабірге бірнеше адам қойылатын болса, олардың абзалырағы бірінші жатқызылады, содан кейін басқалары қойылады.
Егер үлкендермен бірге жастар да жерленетін болса, онда үлкендер алдымен қойылады. Егер ер-әйел аралас болса, онда ерлер бірінші қойылады. Мәйіттер арасын топырақпен бөліп қою қажет.
40. Тағзия (көңіл айту) үкімі
Қаралы адам (мәйіттің жақындары) көңіл айтушыларды қабылдау мақсатында үйінде 3 күн аза тұтуына болады. Тағзия кісінің жан тапсырған уақытынан басталады.
Көңіл айтушы мәйіт жақындарын сабырға шақырып, сауапқа кенелуін тілеп, оларға жұбату сөздерін айтады.
41. Қабірстанды зиярат ету үкімі
Ақыретті ойлап, қабірстанды зиярат етуге болады. Барған адамдар дұға жасауы, мәйіттер үшін Құран Кәрімді оқып бағыштағаны жөн. Мәйітке оның пайдасы бар. Қабірстанға жұма яки одан бір күн бұрын немесе кейін барса да болады. Зияратқа барған адамның мына сөздерді айтуы керек:
“Әссәләму ъаләйкум иә әһләл-қубуур, уә иннә инша Аллаһу бикум ләлаахиқун уа әс-әлуллоһа ләна  уә ләкумул ъафияһ”.
(”Уа қабірстан қауымы! Сізге Алланың сәлемі бол¬сын! Алла қаласа әлбетте біз сендерге қосыла¬мыз. Алладан бізді және сендерді кешіруін тілейміз”).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қабір-шәріпіне зиярат ету сауап.
Пайғамбарымыздың хадис шәріптерінде: “Қабірлерге зиярат етіңдер. Ол ақиретті еске түсіреді” делінген.
Зиярат етуші зияратты шариғат үкімдеріне сай атқаруы тиіс. Марқұмдардан еш нәрсе сұралмайды.

<!--pagebreak-->
ҚОСЫМША
Сұрақ: Исламда мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою бар ма?
Жауап: Мәйіт  жатқан бөлмеге шырақ жағып қою дұрыс емес.
Сұрақ: Өлген кісінің жаназасы шығарылғанға дейін түнде қасында бірнеше адам таңға дейін ұйықтамай күзетіп отыру дұрыс па?
Жауап: Жоқ. Оны шариғатымыз бұйырмаған.
Сұрақ: Мәйітті жууға неше адам түседі  және мәйітті қандай иіс сумен жууға болады? Кебінге қалампыр үгітіп салу шарт па?
Жауап: Мәйітті жууда шариғат бойынша жуушылардың саны шарт емес. Шамасы келсе бір кісінің де жууына болады. Алайда, көмекшілердің болғаны жақсырақ. Сондай-ақ сүйекке құда-жекжат, туыстарынан түсемін деушілер болса,  оған шариғат қарсы емес.
Шариғат бойынша мәйітті жуу - парыз. Мәйіт иіс май қосылмаған таза сумен жуылса да парыз орындалған болып саналады. Бірақ мәйітті үшінші рет жуғанда суға иіс май қосу - мұтахаб. Ал қалампыр немесе басқа нәрселер кебінге қоса оралмайды.
Сұрақ: Егер мәйіт қос жынысты, яғни хунса болса, оны кімдер жууға тиіс? Ерлер ме, әйелдер ме?
Жауап: Балағат жасына жеткен әйелдік және еркектік жынысы бар (хунса мушкил) адамды әйелдер де, еркектер де жумайды. Жабылған күйде тәйәммүм алдырылады. Кебіндері ықтиаттық тұрғысынан әйелдердікі секілді бес қабат болғаны жөн. Үш қабат болған жағдайда да жарамды.
Сұрақ: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен, әлде аяғымен шығару керек пе?
Жауап: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен яки аяғымен шығару керек деген шариғаттың талабы жоқ. Мәйітті үйдің ыңғайына қарай басымен яки аяғымен де шығара беруге болады.
Сұрақ: Сүннеттелмеген мұсылманның жерлеу рәсімі өзге мұсылмандарды жерлегеннен өзгеше бола ма?
Жауап: Жоқ.
Сұрақ: Табыттағы мәйітті көлікке салғанша жерге үш рет қою және үстіне шай, нан тағамдарын қойып, басынан айналдыру қажет пе? (дұрыс па?)
Жауап: Бұлар дінде жоқ, адамдар тарапынан ойдан шығарылған амалдар.
Сұрақ: Кейбір жерлерде жаназа намазы сейсенбі күніне келіп қалса, намазды түс ауа оқу әдетке айналған. Бұған шариғатта негіз бар ма?
Жауап: Негіз жоқ.
Сұрақ: Өмірінде намаз оқымаған адамның жаназасы шығарыла ма?
Жауап: Ол мұсылман болса жаназасы оқылады.
Сұрақ: Шошқа баққан немесе оның етін сатқан адамдар өлсе, оған жаназа намазы оқыла ма?
Жауап: Доңыз етін сатқан, оны баққан кісі де шариғат бойынша күнәһар. Бірақ ол діннен шықпайды. Сол себепті ондай кісі дүниеден өткенде жаназасы оқылады.
Сұрақ: Өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығып қайтыс болған мұсылманға жаназа намазы шығарыла ма?
Жауап: Өзін мұсылман санайтын әйелдің өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығуы харам. Алла тағала Құран Кәрімде: “Мүшірік әйелдерге иман келтіргенге дейін үйленбеңдер. Сендерге ұнаса да азат мүшірік әйелден мүмин күң артық. Және иман келтіргенге дейін мүшірік ерге мүмин әйелдерді де тұрмысқа шығармаңдар…”, - деген. (”Бақара” сүресі, 221- аят)
Өзге дін өкіліне мұсылман қыздың тұрмысқа шығуы - үлкен күнә. Алайда, ондай әйел егер өзге дінді қабылдамай, өз дінінде қалған болса, яғни мұсылман боп жантәсілім етсе, жаназасы шығарылады.
Сұрақ: Мәйітті жуғанда қолданылған медициналық қолғаптар мен алжапқыш (фартук) т.б. заттарды не істеу қажет?
Жауап: Медициналық қолғаптарды қоқысқа тастау қажет. Алжапқышты тазартып жуғаннан кейін қайта қолданса болады.
Сұрақ: Мәйітке жаназа қай уақытта оқылады?
Жауап: Жаназа намазы мәкрүһ уақыттан басқа кез келген уақытта - күндіз  болсын, түн болсын оқыла береді. Мәкрүһ уақыт деп  күн шығып немесе батып бара жатқан және күн тас төбеде тұрған кездер айтылады.
Сұрақ: Мәйітті жерлеуді асықтыру және бұл рәсімді жедел атқару туралы дәлел бар ма?
Жауап: Имам Алау ад-Дин Касани әл-Ханафи (р.а.) өзінің “Бәдәиъус-Санаиъ” атты кітабында: Алла елшісінің (с.ғ.с.): “Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі болса тозақ иелері бізден алыс болсын”, - деген хадисіне байланысты мәйітті жерлеуді асықтыру мұстахаб, яғни жақсы амал, деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асықтыруды мұтахаб еткен.
Мәйітті жерлеуді кешіктіру - сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет. Қаншалықты кешіктірсе сонша оның қадір-қасиетін қашырады.
Сұрақ: Өзін-өзі өлтірудің діндегі орны не? Жаназасы оқыла ма?
Жауап: Адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы адамдық тұрғыдан да, дін тұрғысынан да үлкен қате. Өйткені, жан - Алланың адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию - сол аманатқа жасалған қиянат. Сонымен қатар ол үлкен күнә жасағандығы үшін тозақта азап тар¬тады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадисте¬рінде өзіне қол жұмсаған адамның үлкен күнәға бататынын, тозақта азап шегетіндігін айтқан.
Өзіне қол жұмсау бұрынғы үмметке де тыйым салынған. Жундуб ибн Абдуллаһ Пайғамбарымыз¬дың (с.ғ.с.): “Сіздерден бұрынғы үмметтер арасында жараланған бір адам ауруына шыдай алмай қолын пышақпен кесіп, қан тоқтамай қансырап өлді. Сонда Алла тағала “Құлым мен берген жанымды қолдан алды. Мен оған жұмақты харам еттім” деген хадисін риуаят еткен.
Өз-өзін пышақтап өлтірген адамның жаназасын Пайғамбарымыздың оқымағандығы айтылады. Алайда сахабалар бұл адамның жаназасын оқыған.
Имам Ағзам мен имам Мұхаммед және өзге де ғұламалардың көпшілігі өз-өзін өлтірген адамның жаназасы оқылады деп пәтуа берген. Расында өзіне өзі қол жұмсауға діни, рухани өресі төмен адамдар, яки психологиялық ауру  немесе жындар ықпалымен де барып жатады. Өзіне қол жұмсаған кісі ауыр күнәға батқанымен, діннен шықпаған¬дықтан, жаназасы шығарылады. Алайда, күнәнің ауырлығын білдіру, әрі басқаларға сабақ болу мақсатында жаназаны мүфти, дін ғалымдары, бас имамдар емес, жаназа шарттарын білетін басқа кісілердің шығарғаны жөн.
Сұрақ:  Қарызы бар кісінің жаназасы шығарыла ма?
Жауап: Қарызы бар кісінің жаназасы оқылады. Ал қарызы артында қалған мүлкінен беріледі.
Сұрақ: Егер де мәйіт жаназа намазы оқылмай жерленген болса не істеу керек?
Жауап: Марқұмның жерленгеніне көп уақыт өтпеген болса, онда қабір басында тұрып жаназа намазын оқу қажет. Бұл ретте жаназа намазы қабір алдында құбылаға қарап оқылады.
Сұрақ:  Жаназа оқылғаннан кейін митинг жасау дұрыс па?
Жауап: Дұрыс емес. Өйткені, жаназа намазы¬ның өзі діни, шариғи іс-шара болып есептеледі.
Сұрақ: Кейбір кісілер мәйітке жаназа намазы оқылып болысымен, мәйітке конфет, тиын шашады. Қабірге жерлеген соң қабірдің бас жағына ыдысқа су құйып қояды және айналасына күріш шашады. Осындай істердің шариғатта негізі бар ма?
Жауап: Мұндай істер шариғатымызда жоқ қате амалдар.
Сұрақ: Мәйіттің бас жағынан бауырсақ салын¬ған ыдысты айналдырып, үйге алып қалу дұрыс па?
Жауап:  Ешқандай пайдасы жоқ, бұл шариғатқа қайшы амал.
Сұрақ: Мұсылмандарды кремация (өртеу) арқылы жерлеуге бола  ма?
Жауап: Кремация, яғни, мәйітті өртеу - исламда харам.
Сұрақ: Мәйітті қабірге қоярда аяғымен кіргізу керек пе, жоқ әлде  басымен кіргізу керек пе?
Жауап: Мәйітті қабірге қоюдағы шариғаттың талабы - оң жағына жантайтып, жүзін қыбылаға қаратып қою. Ал қабірге басымен яки аяғымен  кір¬гізу мәселесі, қабір ыңғайына қарай атқа¬рылады.
Сұрақ: Мәйітті қабірге жайғастырғанда мәйіттің бетін ашып тастау керек пе?
Жауап: Мәйіт бетінің ашылмағаны жөн.
Сұрақ: Мәйіттің колы немесе аяғы протез болса, протезді не істеу керек?
Жауап: Протезді, алмалы тісті шешіп тастау қажет. Ол мәйітпен бірге көмілмейді. Өйткені, оның ағзасы емес.
Сұрақ: Зиратқа құлыптас орнату дұрыс па?
Жауап: Қабір басына құлыптасты белгі  ретінде суретсіз, мүсінсіз орнатуға болады.
Сұрақ: Қабір басына салынатын құрылыс нысанын бір жүйеге түсіруге бола ма? Яғни, орнатылатын көк тастың көлемі белгіленсе және марқұмның бейнесін қашап естелік орнатылуына тыйым салынса дұрыс болар еді.
Жауап: Ханафи мәзһабының ғұламалары мәйіт жерленген орынды қиындықсыз табу үшін қабір басына белгі қойып, аты-жөнін жазуға рұқсат берген. Алайда, зәулім тас,  қажетсіз қоршау, үлкен сәнді күмбездер орнату, қашап сурет салу және т.б. осы сияқты амалдар ысырап әрі бәсекелестік болғандықтан, шариғатымыз тыйым салған.
Сұрақ:  Жол апатынан қаза болғандарға арнап жол бойына белгітас қою шариғатта бар ма?
Жауап: Апат болған жерде белгітас қою шари¬ғатта жоқ. Марқұм үшін ондай белгі қойғаннан гөрі оның атынан сауап үшін садақа беруге болады.
Сұрақ: Қабірстан басына гүл шоқтарын (венок) қоюға дініміз рұқсат ете ме?
Жауап: Қабірстан басына венок және гүл шоқтарын қоюға шариғатымыз тыйым салған. Сондықтан оларды сатып алған қаражат мұқтаж жандарға садақа етіп берілсе сауап болады.
Сұрақ: Зиратты жөндеуге бола ма?
Жауап: Болады, тек қазуға болмайды.
Сұрақ:
А) Біреулер марқұмның киімін үлестіргенде жаңа киім талап етеді.
Ә) Мәйіттің мал-мүлкін бөліске салады.
Жауап: Марқұмның киімі, қаржысы, яғни бар¬лық мал-мүлкі оның дүниесі саналады. Сондықтан ең әуелі артында қалған мал-мүлкі марқұмды кебіндеуге, жерлеуге, қарызы болса өтеуге жұмса¬лады. Одан артылған жағдайда өсиет етілген адам болса, соған беріледі.  Өсиет етілген мөлшер қалған мал-мүлкінің үштен бірінен аспауы шарт. Ал одан қалған мүлкі шариғат бойынша  мұрагер саналатын жақындарына дінде көрсетілген есеп бойынша бөлініп беріледі. Марқұмның киім-кешектерінен тәбәрік ретінде таныстарына немесе садақа ретінде мұқтаж адамдарға беруге болады.  Жаңа киім сатып алып тарату, яки таратылуын талап ету дұрыс емес.
Сұрақ: Жыртыс жырту, киім үлестіруге бола ма?
Жауап: Біріншіден, бұл амалдарды дініміз жүктеген, міндетті түрде істелуі тиіс “парыз” амалы деп түсінбеген жөн. Бұларды  жасамаған жағдайда ешкім күнәһар болмайды. Екіншіден, ешкім кәдесіне жаратып, пайдасына асыра алмайтын бір жапырақ жыртыс таратқаннан гөрі, сол жыртысқа кететін қаржыны жетім-жесір, жоқ-жітіктерге таратқан әлдеқайда сауапты. Үшіншіден, қайтыс болған кісінің киімін ертеректе “тәбәрік” ниетімен елге тарататын. Ал бүгінде бұл әдет жағымсыз әдетке ойысқан сияқты. Кейбіреулер кісінің күнделікті киімін емес, керісінше, дүкеннен жаңадан сатылып алынған жаңа киімді таратуды шариғат қағидасы секілді талап етіп жатады. Тіпті базбіреулер “ұят болмасын” деген түсінікпен қарыз¬данып, қымбат киім алып, аяғы бұл іс өзге¬лермен  бәсеке, бақталастыққа да ұласып жатады. Сондықтан мұндай амалды атқармаған жөн.
Сұрақ: Кейбіреулер жерлеу рәсімі біткен соң мәйітке жабылған кілемді үйіне  алып   кетеді. Осы дұрыс па?
Жауап: Мәйітке жабылған кілем де мәйіт иелерінің мүлкі саналады. Сондықтан мәйіт иесі мүлікті қаласа садақа ретінде, әйтпесе,  өздеріне алуы немесе мешітке беруіне болады.
Сұрақ: Құранды бастан-аяқ хатым етіп, сауабын өліге бағыштауға бола ма?
Жауап: Болады. Құранды бастан-аяқ хатым етіп, сауабын өліге бағыштау сауапты амалға жатқандықтан, шариғатымызда рұқсат етілген.
Сұрақ: Кейбіреулер мәйітке Құран оқығаны үшін ақша талап етеді. Сол дұрыс па?
Жауап: Шариғат бойынша Құран оқығаны үшін ақша талап етуге болмайды.
Сұрақ: Кейбір жерлерде бейіттің әр бұрышына арнап “төртқұлақ” деп орамал таратылып, төрт адамға Құран оқытылады. Құран оқу ұзақ уақытқа созылады. Осындай амал шариғатқа сай ма?
Жауап: Шариғатымызда бейіттің әр бұрышына арнап “төртқұлақ” деп орамал таратып, төрт адамға Құран оқыту жоқ, бірақ Құран оқытып, сауабын өліге бағыштау бар. Қабір басында Құранды бір адам оқыса да жеткілікті. Ауа райының ыстық-суық¬тығын, әрі бейіт басына барған  кейбір адамдар¬дың қарт, науқас және асығыс екендіктерін ескеріп, қабір басында бірнеше адамның ұзыннан-ұзақ Құран оқымағаны жөн. Құранды кейіннен толықтай хатым етіп, сауабын бағыштауға да болады.
Сұрақ: Қайтқан кісіге әр жұмада Құран оқыту үшін ас дайындап, молда шақыру қажет пе?
Жауап: Бұл нәпіл садақа түріне жататын амал. Яғни, істесеңіз сауабы өліге жетсе деп үміт етіледі. Бірақ жасалмаған жағдайда күнә емес. Сондай-ақ Құран оқыту үшін міндетті түрде ас дайындап, дастарқан жаю да шарт емес. Дастарқан жаймай-ақ, кез келген уақытта өзіңіз білген аятты оқып, сауабын марқұмға бағыштай беруге болады. Ал егер көп кісі шақырсаңыз, жұртқа діни уағыз-насихат, ғибратты әңгімелер айтылуы үшін имам, молдаларды шақырған жөн.
Сұрақ: Мәйітке арнап жетісін, қырқын, елу екілігін және жылын беру шариғатта бар ма?
Жауап: Ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Сондықтан, жетісі, қырқы, жылы деп нақты күндерді санап жатпай-ақ, кез келген күні сауабын қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да туған-туыс, жора-жолдас¬тарын жинап ас беруге де шариғат қарсы емес.
Жетісі, қырқы және жылы шариғатта белгілен¬беген¬діктен, оны тек рәміздік атау ретінде ғана орын¬даса болады. Сондай-ақ “жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал елу екінші күні еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен” деген таяз түсініктердің исламда ешбір негізі жоқ.
Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Ас ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.
Сұрақ: Қайтқан кісінің 5, 10, 15, 20 жылдығы деген атпен ас беруге бола ма?
Жауап: Жағдайы бар адамға қайтқан кісінің артынан құдайы ас беруге шариғатта тыйым салынбаған. Бірақ, сол үшін қарызданып, несие алып, өзіне қиындық тудыру дұрыс емес. Ол ысырапкершілікке жатады.
Сұрақ: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сою да талап етіліп жатады. Осы дұрыс па?
Жауап: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сой деп талап ету - харам. Оны бәсекеге айналдыру дұрыс емес. Садақаны әркімнің шамасына қарай беруіне болады.
Сұрақ: Кісі қайтыс болған үйде немесе мей¬рамханаларда ас беруге шариғат қалай қарайды?
Жауап: Қаза болған үй иесінің мәйіт жерлен¬геннен кейін қоғамдық дәмханаларда ас беруіне болады. Бірақ, ас беру әрбір мұсылманға міндет болмағандықтан, ас беруім керек деп қолындағы аз дүниесін шашуға немесе шаш-етектен қарыздануға болмайды. Әркім ол істі шама-шарқына қарай атқаруы тиіс.
Сондай-ақ ас кісі жерленгеннен кейін ғана беріледі. Алыстан келген көңіл айтушыларға көрші, ағайындары тамақ әзірлеп берсе болады. Алайда, кейбір жерлерде кісі жерленбей жатып, көпшілікті, жергілікті тұрғындарды  шақырып қонақасы беріп жатады. Бұл дұрыс емес.
Сұрақ: Ас беру кезінде жарыса сөз сөйлеген дұрыс па?
Жауап: Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұрттың имандылыққа шақырылғаны дұрыс.
Сұрақ: Кісі қайтыс болған үйде сол жылы құрбан айттан бір күн бұрын шек шалу дұрыс па?
Жауап: Сауабын өліге бағыштап кез келген уақытта құрбан шалуға болады. Бұл жайлы Пайғамбарымыздың екі қошқардың біреуін өзі үшін, ал екіншісін үмметі үшін шалғандығы сахих хадистерде риуаят етілген.
Кейбір адамдар құрбан айтта өз атынан құрбан шалу уәжіп бола тұра, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалумен шектеліп жатады. Бұл дұрыс емес. Яғни, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан айтта мал  шалғысы келген кісі, егер, өз атынан құрбан шалу міндеттелген жан болса, (қарызы жоқ және негізгі қажеттілігінен тыс 85 гр алтын яки құнына тең қаражаты бар адам) онда өз атынан да құрбан шалуы шарт. Ал егер екі құрбан шалуға шамасы жетпесе, онда тек өз атынан шалады. Бұл құрбан айтта құрбан шалу уәжіп болған жандарға тиесілі үкім. Ал шариғатта құрбан шалуға міндеттелмеген жандар (негізгі қажеттілігінен тыс 85 гр алтын яки құнына тең қаражаты жоқ жандар) өздерінің атынан немесе қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалуларына рұқсат. Тағы бір ескеретін жәйт, сауабы қайтыс болған кісіге бағышталып шалына¬тын құрбанның құрбан айтқа бір күн қалғанда шалынуы шарт емес. Құрбан айт күндері шалы¬натын малдар өте көп болғандықтан, нәпіл құрбандарды бір күн бұрын шалып, етін мұқтаж жандарға тарата беру кейбір жерлерде  үрдіске айналған.  Алайда, нәпіл құрбандарды құрбан айт күндерінде де, басқа уақыттарда да шала беруге болады.
Пәтуа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барлық облыстардағы барлық өкіл имамдарының қатысуымен ҚМДБ төралқасында талқыланып бекітілген. Барлық жерде орындалуы міндетті.

Қолданылған әдебиеттер
1. “Шарх әл-Хидая”, аш-Шейх әл-Ислам Бурхан ад-дин Абу әл-Хасан Али ибн Абубакр ибн Абду-Жалил  әл-Марғинани әл-Ханафи (һижри 593 жылы дүниеден өткен).
2. “Әл-Кифая фи шарх әл-Хидая”, Маулана Жамалуддин  әл-Хауарозми әл- Карлани
3. “Фатх әл-Қадир”, аш-Шейх әл-Имам Камалуддин Мухаммад бин Абдул-Уахид бин Масъуд ас-Сайуаси әл-Мәруф бин ибн әл-Хумам әл-Ханафи (һижри 681 жылы дүниеден өткен).
4. “Әл-Жаухара  ан-Наййира”, әл-Имам Абубакр Али әл-Мәруф бин Хаддади әл-Ибади (һижри 800 жылы дүниеден өткен).
5. “Шарх әл-Уиқая”, әл-Имам Садр аш-Ша¬риф ас-сани  Убайдуллах бин Масъуд әл-Махбуби әл-Ханафи (һижри 745 жылы дүниеден өткен).
6. “Радду  әл-Мухтар”, әл-Аллама аш-шейх Мухаммад Амин аш-шахир бин Абидин.
7. “Әл-Мазахиб әл-Арбаъа”, аш-Шейх әл-Алим әл-Фадил Абд ар-Рахман  әл-Жазари  (һижри 1391 жылы дүниеден өткен).
8. “Фатауа Қазихан”, әл-Устаз фахр әл-Милла уа-д-дин Қазихан Мухаммад   Мансур әл-Аузажанди әл-Фирғанани әл-Ханафи (һижри 295 жылы дүниеден өткен).
9. “Фатауа Аләмгирийя”, әл-Аллама әл-Хумам Маулана аш-шейх Низам
10. “Иъана ат-Талибин”, Зайн ад-дин ибн Абд ал-Азиз ал-Малибари әл-Фани
11. “Әл-Мабсут”, әл-Имам әл-Ажал аз-Захид Шамс әл-Аимма Абубакр Мухаммад бин Абу Сахл Сарахси әл-Ханафи.
13. “Жамиғ ас-Сағир”, Әл-Имам әл-Фадил Мухаммад ибн Хасан аш- Шайбани
14. “Сахих әл-Бухари”, аш-Шейх әл-Имам әл-Хафиз Абу Абдулла Мухаммад бин Исмаил бин Ибраһим бин әл-Муғира (һижри 194 жылы туған, 256 жылы дүниеден өткен).
15. “Сахих Муслим”, аш-Шейх әл-Имам Абу әл-Хасан Муслим бин әл-Хужжаж бин Муслим әл-Қушайри ан-Найсабури (һижри 204 жылы  туған).
16. “Ас-Сираж әл-Уаххаж”, әл-Аллама әл-Фадиль әл-Мухаққиқ әл-Камиль аш-Шейх Мухаммад аз-Захри әл-Ғамрауи (һижри 1852 жылы дүниеден өткен).
17. “Әл-Хуласа фи әл-Фатауа”, әл-Алим әл-Фадил аш-Шейх Тахир бин Ахмад Абд ар-рашид әл-Бұхари (һижри 542 жылы дүниеден өткен).
18. “Шарх әл-Жамиғ ас-Сағир”, Шамс әл-аиммаһ Мухаммад ибн Ахмад бин Әбу Сухайл ас-Сарахси (һижри 483 жылы дүниеден өткен).
19. “Әл-Мұхит әл-Бурханийю фи әл-Фиқһи ан-Нуғмани”, аш-Шейх әл-Алим аш-Шахир Махмұд бин Умар аш-Шағби әл-Ханафи.
20. “Әл-Бахр ар-Раиқ шарх канз ад-дақаиқ”, Шиһаб ад-Дин Ахмад бин Мухаммад бин Мұстафа (һижри 1192 жылы дүнеиеден өткен).
21. “Шарх манийат әл-Мусалли”, аш-Шейх әл-фадил Ибрахим ибн Мухаммад ибн Ибрахим (һижри 956 жылы өмірден өтті).
22. “Муснад әл-фирдаус”, әл-алим аш-Шейх Шаһр Дар ибн Шайравияһ ад-Дайлами (һижри 558 жылы дүниеден өткен).
“Әл-Фатауа ат-Татарханийа”, аш-Шейх ад-Даһлауий, тахқиқ әл-Қади Сажад Хусайн. Пәкстан Құран және ислами ғылымдар басқармасы һ. 1411 жыл.

 


ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ.
«Егемен Қазақстан» газеті, 26 мамыр 2009 жыл.

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588