Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Жаңалықтар 3782 0 пікір 1 Ақпан, 2011 сағат 19:38

Бауыржан Берікұлы. Абайға абай болайық!

Сізге өтірік, маған шын. «Он ғасыр жырлайды» кітабында біраз ақындар аздап «түзетуге» ұшыраған екен.

Түсінікті болу үшін алдыменен кітаптың редколлегия алқасын таныстыра кетелік: Рақманқұл Бердібаев, Мұхтар Мағауин, Бекболат Тілеухан, Амангелді Айталы, Серік Қирабаев, Асқар Егеубаев, Сәрсенбі Дәуітұлы, Айгүл Смақова. Редакторы: М.Игілік.

Басқа-басқа, осы «Он ғасыр жырлайды» антологиясында Абайдың өзі «белгілі себептермен» төмендегіше «тәртіпке» келтіріліпті (бір-екеуін ғана келтірейік):

Әуелі аят, хадис - сөздің басы,

Қосарлы бәйітмысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз

Неге айтсын Пайғамбар мен оны Аллаһы.

Сізге өтірік, маған шын. «Он ғасыр жырлайды» кітабында біраз ақындар аздап «түзетуге» ұшыраған екен.

Түсінікті болу үшін алдыменен кітаптың редколлегия алқасын таныстыра кетелік: Рақманқұл Бердібаев, Мұхтар Мағауин, Бекболат Тілеухан, Амангелді Айталы, Серік Қирабаев, Асқар Егеубаев, Сәрсенбі Дәуітұлы, Айгүл Смақова. Редакторы: М.Игілік.

Басқа-басқа, осы «Он ғасыр жырлайды» антологиясында Абайдың өзі «белгілі себептермен» төмендегіше «тәртіпке» келтіріліпті (бір-екеуін ғана келтірейік):

Әуелі аят, хадис - сөздің басы,

Қосарлы бәйітмысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз

Неге айтсын Пайғамбар мен оны Аллаһы.

Дегенге сенесіз бе, сенбейсіз бе? «Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы?!» деген жолды «өзгертіп» тастаған кітап құрастырушылардың бұл тірлігі - «Абайдың «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» өлең жолына жасаған үлкен қиянаты емес пе?!» деген ой тудырады. Әйтпесе, «Абай шынымен де «оны Аллаһы» деп жазған, десе де жоғарыдағы асты сызылған жолдарды да соған сай етіп ұйқастыра алмай қалған екен ғой!» дегенге қалай сенбексіз?! Әлде оны ұйқас дегенді білмейтін сорлы көресіз бе? Абай өлең ұйқастыруды ұмытып кетіпті дерсіз бәлкім, онда хәкімге тағы да «сәл-пәл көмектесіп жіберіп», 1-2-ші жолдардағы асты сызылған сөздерді де өзгертейік те, төртінші жолдағы асты сызылған «сөзіне» сай қылып?! Бірақ, бұлай қолдан жасау не керек? Әлде, Абайға шайнап берген ас ас бола ма?.. Бірақ көнсең де осы, көнбесең де осы. Енді осылай жазасың, енді осылай оқисың. «Айтты - бітті, талқыланбайды!» деген осы. Сонымен мұндай өзгерісті осы кітаптың 269-бетіндегі өлеңнен де кездестіресіз:

Ақылға сыймас ол Аллаһ, (а)

Тағрипқа тілім қысқа аһ! (а)

Барлығына шүбәсіз, (ә)

Неге мәужүт Ол куа, (б)

Ал Абайдың бұрынғы жинақтарында бұл шумақ:Ақылға сыймас ол Алла, (а)

Тағрипқа тілім қысқа, а! (а)

Барлығына шүбәсіз, (ә)

Неге мәужүт Ол куә, (а) -

 

делінген.

Қайсы шумақ көңілге қонымды?

Бірінші нұсқадағы шумақ: а, а, ә, б түрінде. Бұл жерде алдыңғы екі жол ғана ұйқасқан, төртінші жол - көріп отырсыз (алдыңғы екі жолға «һ» әрпі жабыстырылғаны себепті) басқа сипатқа ие болып кеткен.

Екінші нұсқадағы шумақ: а, а, ә, а түрінде. Бұл - бұрын бәріміздің осы уақытқа дейін оқып келген нұсқамыз.

Абайдың сөзін Аллаһ деп неліктен өзгерткендіктерін 13-бетте: «1928 жылы алфабиттің ауыстырылуына байланысты араб әрпімен жазылып келген кейбір атау, терминдер өзгеріске ұшырады. Әсіресе, шағатай, парсы, араб және түрік тілдеріндегі сөздер. Аллаһ сөзінде «һ» әрпі қолданылып келгені белгілі, мысалы оны Абай еңбектерін көшірген Мүрсейіттің қолжазбасынан көреміз», - деп түсіндірген екен кітаптағы ғалымдарымыз.

Бүгінгінің биігінен қарасақ, сөз бостандығы бар, кім Алла деп жазса өз еркі, Аллаһ деп жазбағаны үшін оны сөге алмайсыз ғой. «Тек Аллаһ деп жазу керек деген» бұйрық бар ма әлде? Неге осы өзімізден өзіміз шала бүлінеміз де жатамыз?

«Түпнұсқада (араб тілінде) солай жазылады, ендеше Аллаһ деп қана айту керекпіз һәм жазу керекпіз!» деуге бола ма екен? Болса онда неге араб тілінен кірген басқа да кірме сөздерді де түгелдей түпнұсқадағыдай жазбаймыз, айтпаймыз деген ой да тууы мүмкін ғой? Керісінше ондай сөздер өз тілімізге икемделіп, төл сөзіміз сияқты болып кеткен ғой. Сол себепті кез келген кірме сөз қазақ тілінің табиғатына сай өзгеріп отыруы, икемделіп отыруы, сол арқылы тілдік қоржынымызды толтырып отыруы - заңды құбылыс болып есептеледі.

«Аллаһ сөзінде «һ» әрпі қолданылып келгені белгілі, мысалы оны Абай еңбектерін көшірген Мүрсейіттің қолжазбасынан көреміз», - деген сөз әлі де дәлелдеуді қажет ететін сөз. Неге Мүрсейіттің қолжазбасын көрмеске? Расында солай болса, бұл - Абай өлеңдеріне әлі де терең үңілуді қажет етеді. Абай «Аллаһ» деп жазған дейді. Мүмкін. Біз қателесіп келген шығармыз? Енді солай  бүгінгінің биігінен қарап «түзетіп» жатырмыз. Бұл «дұрыс» та шығар.

Және бұдан басқа Бұқар жырау да:

Ханның сөзі түзік деп,

Орынсыз сөзді жолдама.

Бұрынғы өткен бәрі өлді,

Қарсы болма Аллаһқа, -

 

деп «жөнделіпті». Ал сіз «жолдама» мен (дұрысы: Аллаға) «Аллаһқа» деген жерден қандай үндестік көріп тұрсыз?!

Міржақып, Мұқағали өлеңдерінде де осындай «өзгерістерді» көзіміз шалды. Оны қалай түсінеміз? Немесе қалай түсіндіреміз?

Жалпы «Аллаһ» деп қана жазу - дұрыс та, «Алла» деп жазу - қылмыс па? Тіпті кейбіреулер: «Аллаһ деп сөйлеуіміз керек!» - деп жұрттың аузын бағатын хәлге жетті. Алла деген қазаққа ала көзбен қарайтын болдық. Бір әріп үшін дауласқанша неге біз ауылдық, аудандық, қалалық жерлерде бір мешіт ашуды оңайлатпаймыз? Ал бұған ешкім бас ауыртқысы келмейді.

«Қалауын тапса - қар жанады». Оңай емес нәрсе жоқ дейміз. Десе де мешіт ашудың мехнаты - мың сан. Осыдан-ақ әлгі мақалдың тура осы салада шатыры кеткен бе деп те қаласың. Есесіне жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптаған түнгі клубтардың іргетасын бүгін көрсеңіз, ертеңіне шатырын көресіз. Осыған қарап-ақ қиюын тапса, шешпеуге болмайтын мәселелер жоқ екенін түсінесіз. Бірақ мешіттерді тездетіп, көптеп ашу проблемасы - алдағы ғасырларда да маңызын жоймайтын шығар.

Есесіне сөз қуып, сөзден сөз тудырып, ұзын сөзді сағыздай соза беруден, сөзбұйдаға сала бергеннен, көпсөзділікке бара бергеннен - қазаққа келіп кетер пайда аз екенін бір ұқпай-ақ келеміз.

Жақсы, Аллаһ деп жазайық, Аллаһ деп сөйлейік, жұрт тыныш болсыншы әйтеуір. Сіз де солай жазыңыз, мен де солай жазайын. Бірақ Абай шалды абайлап-абайлап өзгертейікші. Бүгінігінің көзқарасымен - кешегінің тілін түзей алмайсыз ғой. Олар ол үшін айыпты емес болар.

Менің айтайын дегенім - абайлайық, науқаншылдық дертінен аман болайық, халайық.

«Абай-ақпарат»

0 пікір