Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 5172 6 пікір 3 Мамыр, 2018 сағат 09:15

Көне Тұрпан әсерлері

 

Қазіргі күні ең енжар адам ғана Қытай асып, қыдырмаған болар. Біраз шет елдерге шығып жүргенмен, жолым ханзу еліне көштің соңында түсті. Бастапқыда маған Қытай жері суық та сұсты болып көрінді. Өзгемен бір ісі жоқ, құмырсқаша құжынап жатқан халық. Тілі де, діні де жат, бөтен, меңіреу. Адамбысың, жоқпысың – пысқырып қарамайды да. Басқа елдердей туристке деген ілтипаттың жоғынан жалғызсырап, жат жерде жүргеніңді қатты сезінесің. Ұзын-сонар дүкендеріне кіріп кетсең жағалай қытай жазуынан көз сүрініп, шығарға есік таба алмай, жөн сұрауға тіл білмей, ит қорлықты көріп жүргенің.Бұл жерде не орыс, не ағылшын тілі қолданыста жоқ, қытай тілін білмедің бе – шаруаң бітті. Амалсыз қарсы келгендердің бетіне шұқшия үңілесің. Түстес біреуді көрсең, жатып жабысасың; «Әй, көкем, ұйғырмысың?», «иә,» десе жерден жеті қоян тапқандай қуанасың. Шүңкілдесіп, мәре-сәре боласың да қаласың. Қиналғанда барып, қандасың, діні, тілі бір бауырың екенін анық түсінесің. Ұйғырлар да жалғызырайды, білем. Салған жерден шүйіркелесе кетіп, жол сілтеп, бар көмегін аямайды.

Әлқисса, қыстың күні Қытайға барған сапарым қызық болды. Бір қойшының қызы ауыл көшіп бара жатса «Бақайшықтың басында басбармақтай май қалды»,- деп жылаған екен деседі. Маған да сол қыздың кері келіп, дәндеген соң, Үрімжі дүкеніндегі дүниені тауыспаққа бел будым. Шығыстың Жаңа жылында екі апта бойы Қытайда сауда жоқ дегенге сенбегем. Жеті қабат қонақүйде жападан-жалғыз жаттым. Рас екен, дүкендер жабық, ығы-жығы көшелерінде адам жоқ. Үзбей патырлаған отшашулар ғана ауаны көктүтін қылып қалада, дегенмен, адам бар екенінен хабардар етеді. Не істерімді білмей дал болып жүргенмін. Бір кезде көмекші ұйғыр оғлы келіп: «Осылай жата бересіз бе, ел көріп, жер көріп қайтасыз, бізбен бірге Тұрпанға жүріңіз»,-дегені. Әрине, көне ұйғыр жерін көрмекке қуана-қуана келістім. Себептен-себеп болып, аты аңызға айналған Тұрпан жерін аралап келдім. Атауы ескі әуендей естілетін Ярғұл, көне Астана, уақытқа мойынсұнып, қабырғалары мүжілген Идиқұтта болдым. Ұйғыр халқының кешесі мен бүгінін сараладым.

Талай адам Тұрпанға қыдырып барып, болмаса, көгілдір экраннан көріп те жүрген шығар. Мен осы жерден алған әсерлерімді баяндап беруді жөн санадым.

Бұл сапарда мені аса тебіренткен – Тұрпан жеріндегі Ярғұл комплексі болды. Бұл кешен ұйғыр ұлтының ең асыл қасиеттері мен бар тарихын бойына жиынап, келген жанның алдына аса қарапайым да әсерлі түрде, сыпайылықпен ұсынғандай әсер етеді екен. Бір қарағанда, таңданарлық ешнәрсе де жоқ секілді, сары балшықтан соғылған көне ұйғыр үйі, алдындағы құдық, шаруа заттары... Ал, ойлана көз тіксең, осы қарапайымдылықтан ба, немесе әр заттың орны мен пропорциасының үндестігінен бе, ол жағын білмедім, әйтеуір ұлттың бар болмысы осы аядай жерде шоғырланғанын  терең ұғынасың. Алаң ортасындағы құдыққа сүйеп қойған орасан кетпен  ұйғыр халқының ықлым заманнан тер төгіп, жерді еміп келгендігін үнсіз айғақтайды. Үй ішінде сақталған көне ағаш құралдар, қолөнер бұйымдары, ыдыс-аяқ, кілемдер, мақта қалыптары, көне саз аспаптары ұйғырдың еңбекқор ғана емес, сонымен қатар өнерпаз ел екенін жеткізгендей.

Тұрпан қаласы әр үйдің жанынан  саз кірпіштен әртүрлі етіп, әсемдеп өрілген гүнчілерімен (жүзім кептіретін қоражай) көз тартады. Көшелері таза да кең. Көше бойы сап түзеген ағаш. Дарбазаға салынған гүл суреттері бақшадағы гүл мен жүзімдіктерге ұласады. Бәрі әсем, тәпчәсіне дейін тәптіштеп мұқият жиып қойған. Қыстағы көрініс мынадай болса, көктемі мен жазы қандай болды екен деп таңданасың.

Осы сапарда маған аса ұнағаны – ұйғырлардың бір біріне деген бауырмалдығы. Көшбасшым қай жерге барса да, хабардар болған тума-туыс, дос-жараны хабарласып, құшақ жайып қарсы алып отырды. Әсіресе, бір оқиға жайлы айта кетпеске болмас. «Тәте, осында келіп, сәлем беріп кетпесем, қатты ренжітіп аламын, басқасына бармасақ та, жеңгейіме соға кетейік», - деген соң, шәй-суымызды алып, сол үйге қонаққа бардық. Апайы құрақ ұшып, жылы қарсы алды. Дастархан жайып, асын алдымызға тартты. Ері үйінде екен, ол кісі де бізбен шүйіркелесіп, «хош келіпсіз» деп жатыр. Арғы-бергінің халы сұрастырылып, маған да ілтипат білдірілді. Біраз отырып, қонақжай үй иелерімен қоштасып, жүріп кеттік. Соншама жылы қабақ танытқан бұл қай туысың деп сұрағанымда, жауабы таңдандырмай қоймады: бұл әйел – әкесінің келіні екен. Күйеуі ертеректе қайтыс болып, ортада бала да жоқ, жеңгесі екінші рет тұрмыс құрған. Біздер сол екінші күйеуінің үйінде болыппыз... Бір туғанын ғана туыс деп санап, бауырмалдықтан ада бола бастаған біздер үшін, әрине, бұл таңғаларлық құбылыс.

Өзіме ұнаған тағы бір жәйт – жергілікті тұрғындардың оқуға деген ынтасы. Бүгінгі күннің тұрмыс-тіршілігімен таныспаққа кітап дүкеніне бас сұқтым. Көргенім көзге жағымды дүние болды. Дүкен іші адамға лық толы. Үлкенді- кішісі бар, Тұрпанның қолы бос адамы түгел осында жиылған ба деп қалдым. Киімдері жұпыны болса да, көзінде  ынтасы бар жұрт, қолдарында бір-бір кітап, шұқшиып бас көтермей оқуда. Сатып алуға қаражаты болмаған соң осылайша білімнен сусындап қалғысы келеді, шамасы. Әрбірінің теледидары бар да шығар, бірақ  нағыз рухани байлық жазба дүниеде екенін бұл жұрт шынымен терең ұғынғандай.

(Тұрпан қаласы - жүзім тұнған қала)

Ал енді Тұрпанда көңілімді құлазытқан көрініс – қырмандағы мейіз тазалаушылардың еңбегі болды. Маңдай термен суарып, баптап өсірген соң, жиып-кептірген соң да, бұл жүзімнің азабы бітпейді екен. Біздің базардағы жұтынып тұрған жүзімнің әр талы қаншама еңбекпен келеді десеңізші! Бұл күні әр құрық жүзімді аузыма салғанда, қара суықта қара жерде шұқшиып, бел жазбай отырып, оның әр талын қолымен іріктеп отырған ұйғыр ағайындар көз алдыма келеді. Осындай азаппенен әрбірі күніне 4-5 қап жүзім сұрыптайды екен. Бір мөшек  жүзімге төлейтіні 6-ақ юань, арғы есебін өздеріңіз шығара жатарсыздар...

Осы алған әсерлермен елге қайттым. Вагон терезесінен сыртқа үңіліп қараймын, ойға шомам...Ұйғырдың мұңлы мұқамдары, астарлы әндері құлағымнан әлі де кетпейді ... Шіркін, Қазақстанның жері қанша кең болса, сонша елді сыйғызған қазақтың құшағы да кең ғой, деймін. Шынтуайтқа келгенде, біздің елімізді мекендеген жүз ұлт пен ұлыс бітесіп қайнасқан бір тұтас организм емес пе? Қанымыз да, тынысымыз да бір, бірін де алаламаймыз. Адамның денесінде бір артық мүше болмайтыны секілді, біздерде басы артық ел жоқ. Күшіміз бен байлығымыз да бір-бірімізге сіңірген руханият пен мәдениетте. Сондықтан, әр нәрсені саралап, берекені барында  бағалай біліп, ынтымағымыздан ешқашан да айрылмасақ екен деген тілекпен көне Тұрпаннан алған әсерлерімді бопту, хош, деп аяқтаймын.

Маруана Хамзақызы

Abai.kz

 

 

 

 

 

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369