Сенбі, 23 Қараша 2024
3658 0 пікір 16 Мамыр, 2018 сағат 10:07

Сирия келіссөзі бойынша келесі отырыс Сочиде өтеді

Астанада Сирия бейбіт келіссөзіне қатысушы тараптар келесі отырысты Сочиде өткізуге келіскен. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев хабарлады.

“Тараптар Сирия бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық кездесуді 2018 жылы шілде айында Сочиде өткізуге келісті” деді.

Ол Астанадағы келіссөздің уақытша аяқталғанын хабарлап, алдағы уақытта қайта жалғасуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

“Қазір басқа орындарда өтетін (Анкара мен Сочи) екі кездесу белгіленді. Бірақ кейінгі отырыстардың Астанада өту мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Әзірге, осы” деді Ержан Ашықбаев.

Оның айтуынша, Сирия бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы маусым айында Анкарада өтеді.

Иран, Ресей және Түркияның Сирия кездесуі бойынша жасаған ортақ мәлімдемесінде Сирияның тәуелсіздігі, бірлігі мен территориялық тұтастығын сақтап, 2017 жылдың 4 мамырында қабылданған деэскалация аймағын құру туралы меморандум және Астанадағы келіссөздер барысында келісілген өзге де құжаттарды жүзеге асырудың маңыздылығы айтылған.

Ортақ мәлімдемеде сонымен бірге барлық сириялықтардың қалыпты, бейбіт өміріне оралуы үшін көмек көрсетіп, осы мақсатта жылдам, қауіпсіз және тосқауылсыз гуманитарлық көмекпен қамтамасыз ету керектігі баяндалған. Оларға медициналық көмек беріп, босқындардың ерікті түрде қоныстарына оралуына жағдай жасау, Әл-Каида немесе ИГИЛ-ға қатысы бар террористік топтар мен ұйымдармен күресті жалғастыру сияқты жайттар жазылған.

14 мамырда Астанада Иран, Ресей және Түркияның қолдауымен тоғызыншы Сирия бейбіт келіссөзі басталған. Екі күнге созылған отырысқа БҰҰ мен Сирия делегациялары, Сирия қарулы оппозиция өкілдері келген. АҚШ делегациясы бұл жолғы кездесуге қатысудан бас тартқан.

СІМ бұған дейін кепіл елдер келіссөзде Сириядағы қазіргі жағдайды, оның ішінде деэскалация аймақтарындағы ахуал мен гуманитарлық мәселелерді және өзара сенімді нығайту шараларын талқылайтынын хабарлаған.

Астана келіссөзінен бөлек, БҰҰ Женевада Сирия бейбіт келіссөздерін тұрақты түрде өткізіп келеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5514