Сенбі, 23 Қараша 2024
Шынның жүзі 9050 14 пікір 18 Мамыр, 2018 сағат 11:19

«Қазақша сөйлеңдер!» деп айқайлайтын ағаларымыздың балалары орысша сөйлейді»

Аймырза Жаманқұлов (суретте). Бұл азамат – Ақтөбе қаласындағы игі-жақсыларға: мәдениет саласындағы майталмандарға, ақын-жазушыларға, баспасөз өкілдеріне, бизнестегі жігіттерге белгілі азамат. Ал, жаманқұловтар әулетін жалпы облыс жұртшылығы жақсы біледі. Аймырза зиялы отбасында дүниеге келді. Оқыды, ер жетті. Замана ырқымен орыс балабақшасына барып, орыс мектебін бітіріп, жоғары оқу орнындағы дәрісін орыс тілінде жалғастырған ол жалғыз-ақ күнде шешім қабылдап, қазақы ортасына оралуға бел байлайды. Сөйтіп, Құдайберген Жұбанов атындағы Университеттің филология факультетіне қабылданады. Аймырза Тілектесұлының содан бергі қам-қаракеті ортасына оралған оғыланның қам-қаракеті болып жалғасын табуда. Біз бүгін Аймырзамен аз-кем сұхбат құрдық. Ол сұхбат барысында Тайчыбековтан емес, соның сөзіне сенетіндерден абайлау керек дей келіп, тіл үшін жаны күйіп, патриот болып жүрген кейбіреулердің бала-шағасы қазақша білмейді деген ащы шындықты да ақтарып салды.   

Аймырза, қазақ баласының ана тілін үйреніп, үйрге қосылып жатқаны бұл заманда таңсық емес шығар? Әйтсе де, сен сияқты орыс бала бақшасына барып, орыс тілінде мектеп бітіріп, жоғары оқу орнындағы оқуы да орысша болған азаматтың саналы түрде қазақы ортаға оралуы үлгі боларлықтай екен. Сондықтан әңгімені осыдан бастасақ деймін. Сенің өз тіліңде сөйлеп кетуіңе не түрткі болды?

Ең бастысы мен тілімді ешқашан ұмытқан емеспін. Қазақша сөйлеп, қазақша жауап беруге ешқашан қиналған емеспін. Қазақ тілінде фильмдерді де қарап, түгел түсінетінмін. Менің проблемам: қазақша кітап оқи алмайтынмын және жазуға да шорқақ едім. Кейде күрделі сөйлемдерді талап ететін ойларды айтуға қазақша сөздік қорым жетпей қалатын. Ата-анам ол үшін қазақша кітап оқу керек дейтін, бірақ, мен оқып бастаған кітаптарымды аяқтай алмай жүрдім.

Жалпы  арманым нағыз музыкант болу еді. Көпшілік баян, балалайканы бірыңғай орыс халық аспаптары ретінде қабылдайды. Негізі бұл аспаптар орыс халық аспаптары шеңберінен шығып скрипка, фортепиано, флейта, кларнет секілді әлемдік классикалық музыкалық аспаптарының деңгейіне жеткен аспаптар.  Қарасақ, осы аспаптарда, әсіресе, баянда барлық халықтар ойнап келеді екен. Ал домбырада өзге халықтың бірер  өкілі бір екі шертіп, ән айтса, не бір екі күй орындаса, соған мәз боламыз ғой.

Бірақ, қандай мамандық иесі болсам да, ана тілімді жетік меңгеру – міндетім деп санадым. Музыкант бола алмасыма көзім жеткен соң, тілге барынша күш салу керек деген ойға тоқтадым.

Сонда Құдайберген Жұбанов атындағы универстиеттің филфагіне ана тіліңді терең меңгеру үшін түстің бе? Әлде  деканат филология факультетіне баянда ойнай алатын бала керек болған соң қабылдады ма сені? Қазір сенің мамандағың нақты қайсысы: тілші-филолог пе, әлде, музыкант па?

Филфакқа болсын, басқа факультетке болсын, баянист қашанда керек. Түрлі шараларда өнерлі студенттер қандай да болмасын факультеттің мерейін үстем етіп жатады. Жалпы музыкадан хабарымның болғаны өмірімнің көптеген жағдайларына, шаруамның оң шешілуіне себепші болып келе жатыр. Білуімше, Мәскеуде банкке жұмысқа тұрмақшы болған үміткерлердің резюмесінде қандайда бір музыка мектебіне қатысы бар мәлімет болса, соған бірінші ұсыныс жасайды екен. Музыка мектебіне қатысқандардың бойында тұрақты еңбектену (усидчивость), бастаған істі аяқсыз қалдырмау қасиеттері болады.

Сол кездегі факультет деканы Абат Пангереев шын айтты ма, қалжыңдап айтты ма, оның анығына жету қиын. Дей тұрғанымен, баянист болғаным жақсы болды. Әйтпесе музфактан филфакқа ауысуыма келіспес пе еді, білмеймін...

Бүгінгі таңда біздің елде өз мамандығы бойынша жұмыс жасап жатқандар бірен сараң болар. Әйтеуір бұйырған оқуына түседі. Оқу бітірген соң бұйырған жұмысына орналасады. Көп жағдайда ол дипломында көрсетілген мамандығымен сәйкес келе бермейді.  Бірінші дипломым бойынша, музыка мектебінде сабақ бердім, екінші дипломым бойынша, қазақ тілінен сабақ бердім, үшінші дипломым бойынша, заңгер қызметін атқардым. Соңғы еңбек еткен жерім газ саласының баспасөз-хатшысы. Бұнда жұмысым тілді білгендіктен өрге басты, корпоратив және мәдени шараларда өнерімді көрсетіп, әріптестерім мен басшылардың құрметіне бөлендім. Дегенмен,  қай жұмыста да, тұрақты болғанымен, айлығы аз. Сол себепті жеке кәсіпкерлікпен айналысқым келеді. Бұнда енді бар жиған білімімді барынша пайдаланармын. Жалпы мен музыкантпын, бірақ өзімнің орындаушылық деңгейіме риза емеспін. Ол Ақтөбедегі музыка мектептерінің оқыту сапасының төмендігі болар, өйткені мен өзім қашанда қатарымның алды едім. Ал республикалық деңгейде шыққанда олай емес екен.

Тіл үйрену, туған тілге оралу деген әңгімемізді қортындылау үшін және бір сұрақ. Аймырза, қазір, айтуға ғана оңай, әйтпесе, қазақ болып туғаныңмен қазақ тілін, әсіресе, жазу тілін үйрену орысша оқып, орысша қаріп таныған адам үшін оңай болмаған шығар? Оған, әрине, табандылық, төзім, ерік жігер, тілге деген асқан зор құрмет, сүйіспеншілік керек болған шығар? Тағы да не керек болды? 

Әрине оңай болған жоқ. Бірақ зейін қойып, бар ынтаңмен беріліп, ізденіп оқысаң қай шаруаны да болсын тындыруға болады. Алайда оны қай уақытта бастайсың? Мәселе сонда. Егер оқушы, студент кезіңде бастасаң нәтижесі болады. Ал одан кейін... оның үстіне отбасылы болған соң, қалды дей бер... Қазір үйге келіп, жата қалып кітап оқысам деймін ғой. Бұл қаншалықты мүмкін, көзге елестетіп көріңіз... Бір жағынан балаларың, жұбайың, т.б. үйішілік шараулар, күнделікті тіршіліктің қамы дегендей.  Негізі қазақ тілін игерудің басты құралы – қазақша кітап оқу. Мен студент кезімде қазақша оқуды «Балдырған», «Ұлан» басылымдарынан бастадым. Сәл тілім жаттыққан соң шағын әңгімелерге көштім. Ең бірінші қазақша оқыған ірі көлемді шығармам – Дихан Әбіловтің «Сұлтанмахмұт» трилогиясы болды. Сосын «Көшпенділер», сосын «Абай жолы». Не ғұрлым көбірек оқыған сайын төл мәдениетімізге, тарихымызға деген мақтаныш пен сүйспеншілігім өсіп, ұлғайып келеді.

Білмейтін, түсінбеген сөздер кездессе, оларды бөлек жазып алып, түсіндерме сөздіктерден іздеп, қарап жүруден жалықпайтынмын. Бастапқыда түсініксіз сөздер көп болатын. Сосын бірте бірте азайды.

Алдында айтып өткенімдей, арманым нағыз музыкант болу еді. Ол арманым орындалмайтына көзім жеткен соң, босқа уақытымды музыка факультетінде өткізбес үшін, қосымша мамандық игеру қажет деп шештім өзім үшін. Өзіме өзім қазақшамды жөндейін дедім. Бюрократиялық қиындықтардан соң , жақсы адамдардың көмегімен әйтеуір филология факультетіне ауыстым. - Бәрекелде! Ал, Аймырза, арада ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де (Тәуелсіздігімізді алғаннан бергі уақытты айтып отырмын), қазақ тіліне қырын қарап жүрген замандастарың туралы не айтасың? Олардың қайсыбірі қазақ тілін үйрену былай тұрсын, тілді мазақ етіп, қорлап жүр емес пе?

Енді бұл бір індет, эпидемия. 70 жыл бойы орыстандыру, отарлау саясатының «өрмегінде» болдық қой. Өзіме келер болсам, біздің отбасымыздың, әулетіміздің ұлттық иммунитеті әуел бастан күшті болды. Орыс тілін толығымен игердік, бірақ, ана тілімізден алшақтамадық. Адам баласы не нәрсені де ашықтан ашық мазақ етіп, қорласа, ол оның бойындағы мәдениеттілігінің төмендігі деп білемін. Ал «өз тілін білмеген – бейшара! Бейшарада не шара?» Шахановтың сөзі ме еді? Мен толық қосылам.

Ақын жазушылардың ана тілін білмейтін ұл-қыздары туралы не айтасың? Мысалы, әкелері қазақ тілінде шығармалар жазды. Ол шығармалары пәленбай мың тиржабен кітап болып шықты. Жазушының отбасы берекеге, молшылыққа кенелді. Жазушы бай болды. Балаларын қалаған оқуына түсірді, қалағанын әперді. Ақын жазушылардың ұл-қызы Совет өкіметі тұсында еш таршылық көрмей еркетотай болып өсті. Сол еркетотайлар бүгін әкесі шығарма жазып байыған, елге танылған тілге қарсы. Бұл қарсылықтан не байқайсың?- Негізі байқағаным, «Әй, қазақша сөйлеңдер! Қазақша сөйлеу керек!» деп көпшілік ортасында, көшеде айқай салатын аға-көкелеріміздің бала-шағасы, келіндері, немерелері орысша сөйлейді. Бұнда да солай болып тұр ғой, кейбір ақын жазушы ағаларымыз сөйлегенде ағып тұрған бұлақтай болса да, өз балаларына сол бұлақтан сусындатпапты. Кенес Одағы тұсында бір естігенм, бір жоғарғы оқу орнының ректорының баласы адам өлтірумен айналысыпты. Сонда бүкіл қоғам жағасын ұстады. Бұл қалай, осындай мейрімді, мәдениетті адамның баласы адам өлтіре ме деп. «Тәрбиелеген шәкірттері қаншама. Бұлай болу мүмкін емес!» - десті көпшілік.

Қалай да, балаңа дұрыс бағыт беріп отыруың керек. Өзіңнің қолың тимесе, бағыт беретіндер табылады. Теріс кетсе опық жейсің.

Ермек Тайчыбеков дейтін ес-ақылы кемдеу адамдар да өмір сүріп жүр арамызда. Олар Қазақстанды Ресейге қосып, бір губерния ету керек дегенді айтады. Тайчыбековтардың тайраңдауының себебі не деп ойлайсың?

Меніңше, Тайчыбековке емес, оның сөздеріне иланып, соны дұрыс деп санайтындар бар, солардан абай болу керек. Сондықтан ұлттық мүддеге қарсы  келмес үшін отандастарымыздың бойында отаншылдық иммунитет болуы керек шығар.

Қазақша сөйлеген қазақтарды, яғни өз бауырларын қорғайын деп қазақтың қызы соққыға жығылды. Әсел Назарбаева. Оны соққыға жыққан Диана Перегуда ресейлік екен. Әсел өзінің дене жарақатын алғанын, моральдық тұрғыдан күйзеліске ұшырағанын айтып, сотқа шағымданады. Алайда, сот істі созып келген. Мәселеге қоғам белсенділері мен Abai.kz сайтының тілшісі араласқан соң барып Әселдің арызы қанағаттандырылды. Егер қоғам бұл іске назар аудармағанда, «жабулы қазанның беті жабулы» күйінде қалар ма еді, қайтер еді, қалай ойлайсың? Ақтөбе де орысқолдау қала ғой. Бәлкім, осындай мысалдар өзің тұрып жатқан қаланың өмірінде де болып жатқан шығар. Ондай оқиғалар болса, әңгімеге тұздық ете отырсаң етті?..

Жалпы мұндай әрекеттерді қалт жіберуге болмайды. Адамға әлімжеттік көрсетіп, балағаттап намысына, ар-ожданына тигендерге қатаң жаза қолдану керек. Тіпті, тіл мәселесі бұл жерде көтерілмесе де, адамның құқығын бұзғаны үшін кім болса да жазалануы керек.

Мектепте қабырғасында жүрген кезім. Бастауыш сыныпта оқимын. Оқу жылы аяқталуға таяған мезгілде  класымызға ауылдық жерден бір Мұрат есімді баланы ата-анасы алып келді. Ол бала орысша мүлдем  білмейді екен. Бірақ, ата-анасы сонда да, қалай да  орыс мектебінде оқытпақ. «Орысша білсең адамсың, білмесең надансың» деген заман ғой.

Сонда біздің сыныпта қазақ тілінде Мұратпен тілдесе алатын мен болып шықтым. Сол себепті ол менің қасымнан шықпайтын. Үзілісте кітапханаға барып сөрелердің арасына кіріп сөйлесіп тұрғанымызда, кітапханашы айқайға басты: - Э, вы где находитесь? Говорите по-русски! деп. Біз үндемей сыртқа шығып кеттік. Класка келсек, апайымыз мені шақырып алып, «По казахски он и так разговаривает? Ты его по русски учи говорить» деп бұйырды.  Кейін ол екінші жылға қалып, орысшасын түзеді.

Жалпы менің ойым орысша білгеннен еш зиян жоқ. Тіпті, қай тілді білсеңде пайдасы бар. Мен қосымша ағылшын тілін үйренуге тырысып жүрмін. Қытай тілімен де «шұғылданып» көргенмін.

Орыс классиктерін тұпнұсқасында оқыған әлдеқайда ұтымдырақ.

Басты мәселе – өз тіліңді ұмытпау, өз тіліңді қастерлеу.

Аймырза, сен мақалаларыңда, сұхбаттарыңда Ақтөбедегі музыкалық білім беретін оқу орындарының нашар екендігін ашық айтып жүрсің. Ахмет Жұбановтай әйгілі композитор, музыка зерттеушісі дүниеге келген Ақтөбеде қалайша музыкалық білімнің бәсі төмен болуы мүмкін?

Бұл сұрақ мен үшін жаралы жеріме тұз сепкендей. Ахмет Жұбановтың туған жерінде классикалық музыка саласында білім алу жүйесіне тиісті деңгейде назар аударылмай келеді. Білікті мамандар бар, дей тұрғанымен олар көбіне көлеңкеде қалады. Әлгі Михаил Боярский сомдайтын Дон Сезар де Базанның жырлағанындай

«Кто шустрый и быстрый,

Метит в министры.

А кто гордый с отвагой,

Станет бродягой»

Облыстағы білікті мамандар тізімін жасап, оларға тиісті деңгейде білім беруге қолайлы жағдай болса ғой деп армандаймын. Жалпы бұл мәселенің шешімін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев тапқан сынайлы. Қай облыста әкім болса да, міндетті түрде камералық оркестр жасақтайды ол. Орындаушылық шеберлігі жоғары дәрежедегі музыкантарды жинап, бас басына пәтер сыйлайды. Сосын олар концерт берумен қатар музыка мектептерінде сабақ береді. Сөйтіп  жергілікті орындаушылар пайда бола бастайды. Оралда солай болды, Ақтауда да солай болды. Енді Қызыл Орда да классикаға жанданып келеді.

Өкінішке қарай, біздің облыста жеңіл әуенге құмарлық басым.  Жалпы жергілікті билік тарапынан өнердің осы саласына оң көзқарас болса, қиындықтың барлығы шешіледі. Мен классикалық музыканы тыңдау үшін өз еркімен филармонияға келген облыстың бірде бір шенеунігін көрмеппін. Бір жолы сондай концерттің бірінде бүкіл билік өкілдері залда отырды. Қатты таң қалдым. Тіпті, ауыл шаруашылығы мен спорт басқармасының басшыларын да көзім шалды. Сөйтсем концертке әкім келеді екен. Осы ретте өңірде классикалық музыканы жандандыру үшін облыс әкімінің қолдауы керек-ақ. Ал негізі бұл жайында сөз етсең, біздің музыка мектептері ақылы байқаулардан жинап алған лауреаттық дипломадарын алға тартады. Бұндай байқауларда тиісті жарнасын төлеген соң жүлделі орындарды жаппай барлық қатысушыларға береді. Жалпы байқаулар мықты орындаушыны анықтау үшін емес, ақша жасау үшін өткізіледі. Сол себепті Білім беру басқармасы байқаусымақтардың қара тізімін жасап, мектептерге жария ету қажет. Осы байқаудың дипломдары портфолиоға қабылданбайды деп.

Егер облысымыздың басшысы Бердібек Мәшбекұлы қажет деп, тапсырма берсе, оның әдістемесін мен тегін жасап берер едім.

Жалпы классикалық музыка қоғамның «денсаулығына» оң әсерін тигізеді. Әсіресе, психикалық «денсаулығына». Оны да әйгілі ғалымдар барлық тараптан дәлелдеп берген болатын.

Сен әйгілі Мұхтар Арын Қ. Жұбанов атындағы университетте ректор болып тұрған кезде оқыған студентсің. Ректор-ұстазың туралы не айтасың? Ол кісі қандай иігілікті істерімен шәкірттер жүрегінен орын алды? Мұхаңның үздік шәкірттері кімдер қазір?

Ректор Арынов жұмыс жасаған кезеңді Университеттің Ренесанс заманы деуге болады. «Эпоха возрождения», былайша айтқанда, жаңару, жаңғыру, өркендеу, өрлеу заманы болды. Мұқтар Ғалиұлын шарқ ұрып іздеудің керегі жоқ еді, ол кісі үнемі студентердің арасында болатын. Әттең, ерте кетті. Ақтөбеде жоғары музыкалық және хореграфиялық оқу орнын ашу еді ғой ол кісінің арманы.

Мұхаң Университеттің қазақ халық аспатар оркестрін құрды,  хореография бөлімін ашты. Жалпы музыка факультетіне қатты қамқор болды. Ең қызығы өзге факультеттерде үлгерімі нашарлап  жүрген, бірақ, мәдени шараларға белсене қатысып жүргендерді сол музыка факультетінде оқытып шығаратын еді.

Ол кісінің дүниеден озғанына 20 жылдан асты. Кім бар кім жоқ. Ең қызық жылдар еді сол студенттік кез.

Енді аз сөзбен отбасың туралы айта кетсең. Зайыбың да музыкант па? Балаларың өскенде кім боламыз деп армандайды? Жаңылыспасам, үлкен ұлың Алматыдағы әйдік музыка мектептерінің біріне оқуға қабылданды ғой деймін. Оның болашағынан қандай үміт күтесің?

-  Зайыбым Айымжан – Ақтөбе облысының  виолончель аспабының тұңғыш әрі жалғыз орындаушысы. Және жалғыз оқытушысы. Шәкірттерінің бірі Ресей консерваториясында білімін жалғастырып жатыр, екі шәкірті музыка колледжінде. Ақтөбе филармониясы ұжымынының құрамында жүр. Менің ойымша, 2004 жылдан бері Ақтөбе облысының мәдениеті мен музыкалық білім беру саласына сіңген еңбегі аз емес Айымжанның, бірақ, жергілікті билік тарапынан еш еленбей келеді.

Үлкеніміз Мейірхан Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатына 6 сыныпқа кларнет аспабына 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қабылданды. Алысқа жіберген себебім: Ақтөбенің Алматыдағыдай деңгейде оқыта алмайтыны айдай анық. Уақытын өзім сияқты бос өткізіп алмасын дедім. Үйді қанша сағынса да, қайтқысы жоқ. Бұндай мектеп Ақтөбеде жоқ екенін түсінеді.

Болашақта баламыздың музыкант болу міндетті емес, тек сол салада оқығысы келгесін жоғары деңгейде оқысын дедік.  Болашақта мамандықты өзі таңдайды. Негізі музыкамен айналысқан адамдар кейін қай салада да үздік болады. Қаржы саласында  болсын, ғылыми салада болсын т.б. Себебі: классикалық музыка мидың дамуына ерекше әсер етеді. Ол баяғыдан ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Қызым биыл бірінші сыныпқа бару керек, ол сурет салуға әуес. Кіші ұлымыз 9 айдан асты.

Сұхбатымыздың  қортындысы ретінде бір қысқа әңгіме айтайын: Айымжан Мәскеуде Гнесиндер атындағы Ресей  музыка Академиясының аспирантурасында оқып жүргенде бір хабарландыру көрдік. Еуропаның бір музыка мектебіне орыс тілді оқытушылар керек екен. Жалпы орыс классикалық музыка мектебі әлемде ең үздік мектептердің бірі болып саналады.

Сол хабарландыруды көріп, барсақ па дедік. Сосын тоқтадық. «Қой, балаларымыз бөтен елде жүріп мәңгүрт болып кетер!» - дедік. Сөйтіп елімізде еленбесек те, қолымыздан келгенше еңбек етіп жүре берейік деп шештік.

Сұхбаттасқан Дәурен Қасенұлы

Ақтөбе қаласы

Abai.kz

 

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485