Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Күбіртке 17183 45 пікір 22 Мамыр, 2018 сағат 07:49

Ішкі істер вице-министрі  Ресей азаматшасы үшін бір отбасының тағдырын тас талқан етті

Даламыз кең, қаламыз көп. Бірақ, қазақ баласы оған сыя алмай-ақ қойды. «Отырсақ  – опақ, тұрсақ  - сопақпыз». Алматыға келсек – «мәмбетпіз»,  қазақша сөйлесек –  «нацпатпыз».    Мемлекеттің егесі қазақтан гөрі,  орыс-казактың  құқы басым. Ұзын саны оннан аспайтын, бірақ  «ресми көкіргенде», 130-ға  барып жығылатын  «көп ұлттардың» мүддесі үшін, ылғи, «жығылып»  қала береміз.   Менің бұл сөздерім елдегі басқа ұлттарға деген жек көрушілік емес,  билік үшін «неге тек біз жек көрінішті болып қала береміз ?»  деген  сауал. Неге біздің шенділер «өзіміздікі» болмай тұр? Өзге елдің саяси мерекесін тойлаймыз, тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін  қылықтарын үнсіз мойындаймыз.  Әрине, ұлтына қарап, алалау дұрыс емес, бәріміз де бір елдің азаматтарымыз – заң алдында құқымыз тең. Алайда, жеме-жемге келгенде, қазақтың құқы кем түсіп жататыны қынжылтады.

Кеше ғана осы «Abai.kz» сайты көтеріп,  ел болып, жабылып жатып, елге кіруі әрең мүмкін болған Жайнагүлдің оқиғасы естеріңізде шығар. Қытай азаматы болғанымен, Қазақстанда тұруға ыхтиярхаты бар, күйеуі мен ұлы біздің елдің азаматтары. Шекарашылар шек  қойып, «кеудесінен итерді». 18 күн бойы отбасынан айырылды. Тіпті, оны Қытайға қайтарып жіберсе, күні не болар еді? Өйткені, ондағы қазақтың сол елдің билігінен қандай теперіш көріп жатқаны белгілі.  Неге біздің өзімізге өзіміздің жанымыз ашымайды?!

Қазақ шекарашылары қазақ қызының басын қатерге тігіп жатқанда, Атырауда шенділер Ресей азаматының мүддесін қорғап әлек. Соның кесірінен, жергілікті   отбасы жәбір көріп отыр.  Енді осы оқиға туралы кеңірек таратып айтайық.

Дариға Райымқұлова  есімді Атырау тұрғынының отбасы –  қызы, күйеу баласы, немерелері бірлесіп, жылжымайты мүлік нарығына қатысушыларға кеңес беруші (консалтингтік) фирма құруды ұйғарады.  Қазақстан азаматтарына  мұндай рыноктік  қадам жасауға мүмкіндік беріліп отыр, сондықтан оны орынды пайдалануға әркім қақылы. Осыны ескерген Райымқұловтар мемлекетке масыл болмай, өз еңбектерімен,  ел қажетіне жарай отырып, өз қамын өздері жасай алатындарына  нық сенімді болатын. Атырау қаласы Сәтбаев көшесіндегі 36-шы үйдегі өздеріне тиесілі 22-ші пәтерді кеңейте отырып, олар кеңірек кеңсе жасауды ұйғарады. Сол үшін, үй маңындағы жер телімін әкімдіктен сатып алады. Кәсіпкерлер бар ісін заңды түрде жүзеге асыру мақсатында, Атырау қаласының сәулетшісі мақұлдаған, эскиздік жобаның негізінде жасалған  техникалық шешімді де  алып, осы № 36 үй тұрғындарының  жалпы жиналысында  олардың келісіміне қол жеткізеді (ол жиналыстың хаттамасы бар).  Пәтерді қайта жобалау туралы да заңды рұқсат алады.  Енді, мәселе қатар пәтердегі көршінің  қолдауы  қажет.  Жолы түскен сол болар – көршілері де  қарсы болмай, екі жақ , келісімге  келеді.  Бар заңдылықтар сақталған соң, өз иеліктеріндегі, әкімдіктен сатып алған телімге,  пәтеріне  жапсарлап, кеңселік ғимарат салып алады.

«Келісіп пішкен тон келте болмайды» ғой!  Оның үстіне, бәрі заңды! Ал, енді, аянбай еңбек ет, Отаныңа пайдаңды тигіз! Елдің ертеңін жақсартсам деген Елбасының үндеуіне қосыл!

Қайдағы?..  Бұлардың жасамақшы тірлігіне, «ә» дегеннен-ақ,  келісе кеткен қатар пәтердегі көршінің шын көздегені нағыз қатер  болып шықты. 2008 жылдан бері Ресей азаматтығын алып, сол елге көшіп те кеткен, бірер жыл бұрын кәрі шешесінің пәтерінен "дәм етіп" уақытша қайтып келген Аделина Бражникованың  Санкт-Петербургтен  баспана  сатып алмақшы ойы бар екен. Ол  Дариға Райымқұловаға  «шешемнің мына пәтерін 150 мың АҚШ долларына  сатып алсаңшы» деген ұсыныс жасайды. «Бұл баға әсіре қымбат, біз банктен несие алып, 75 мыңға сатып  алайық» дегенге көнбейді. Бұған дейінгі төрт жыл бойы  көршілеріне таққан еш  кінәсі жоқ Аделина ханымды  Нева жағалауында өмір сүру арманы әбден иектеп алса керек, Дариғаның үстінен арыздан арызды бұрқырата бастайды.

Бір қызығы, көршілерінің «заңсыз» тірлігіне наразы Аделина Бражникованың өзі нағыз заң бұзушы болып шығады.  Қазақстан заңнамасына сәйкес, бөтен елдің азматтығын алған соң, бір жылдың ішінде, мұндағы мүліктің өзіне тиеселі  бөлігінен бас тартуы (отчуждение) керек еді. Бірақ, Петербор пәтерінен дәмелі адам олай істеуші ме еді? Қазақстан заңын белден баса отырып, ықтиярхаты да жоқ, яғни, №21 пәтерде  тек тұруға ғана құқы бар Бражникова Дариғаны балаларымен бірге соттан сотқа сүйрей бастайды. Ал, Атырау соттары өзі тұрып жатқан пәтерге қатысты қандай да бір әрекет  жасауға  еш құқы жоқ шет ел азаматының арызын қабылдап, іс қозғайды. Кешегі ықтиярхаты болса да, жақындарынан айырылып, жат елге қуылған Жайнагүлден (сілтемеден қараңыз) бұл шет елдік азаматтың несі артық? Осыдан кейін, біздің соттарды түсініп көр.

2011 жылдың 10-шы мамыры күні А. С. Мұқанғалиеваның төрағалығымен өткен Атырау қалалық соты  Ресей азаматы  Бражникованың арызын жартылай қанағаттандырады. Яғни, арыз берушінің рұқсатымен,  жапсарлай салынған ғимараттың  оның лоджиясын жауып қалды-мыс деген  65 см бөлігін бұзуды жүктейді.  Ал, осы тартысқа орай,  «Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс  бойынша бақылау  Басқармасының»  «жапсарлай салынған ғимаратты заңсыз деп тауып, бұзып тастау»  туралы өтінішін қанағаттандармай тастайды.  Сот шығарған шешімде арызданушының  басқа талаптарының еш дәйексіз екені толық дәлелденіп, жазылған.  Жауапқа тартылған тарап сот шешімін толық  орындап шығады.

Бірақ, «петерборлық арман» Бражниковаға тыным бермейді.

Келесі сот отырысы 2014 жылдың 24 қаңтарында А. Ізтелеуованың төрағалығымен өтеді.  Бұл мәжіліс жоғарыда сипатталған сот шешімінің дұрыстығын растап, жәбірленушінің өз құқықтарының бұзылып жатқанын дәлелдейтін дәйектер келтіре алмағандығынан, Бражникованың арызын қанағаттандырмай тастайды.

Екі ай өтпей, 11-ші наурыз күні жиналған апелляциялық  сот коллегиясы да Бражникованың арызын қанағаттандырмайды. Сот барысында  Аделина ханым келтірген  дәйектердің ешбірі дәлелденбейді, ал, Д. Райымқұлованың балалары көтерген жапсарлас ғимараттың заңға сәйкес салынып, ешбір нормативтерді бұзбағаны, олардың бар әрекеті заңды екені ескеріледі.

Осы арада, Атырау қаласының прокурорының сотқа түсірген арызынан соң, 2016 жылдың 28- қыркүйегінде Атырау қалалық соты А. В.  Бражникованы  Сәтбаев көшесі, 36 үй, 21 пәтердегі үлесінен айыру (отчуждение) туралы шешім шығарады. Ал, сол  жылдың 27-желтоқсанында осы мәселеге қатысты Бражникованың  апелляциялық шағымын қараған, Г. Қарабалина төрағалық жасаған сот отырысы Ресей азаматының арызын қанағаттандырып,  28-қыркүйектегі сот шешімін өзгертіп тастайды.  Оған мүмкіндік берген  ресейлік Бражникованың екі аралықта, яғни, қараша айының 2-сі күні ықтияр хат алып үлгергені болды.  Қыркүйек айында шыққан сот шешімін орындамаудың амалын осылай тапты.  Құқық органдары, яғни, сот Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 252 бабын  өрескел бұзды.  Бражникованың  аяқ астынан ықтиярхат алуына да жоғары лауазымды шенділердің көмектескені белгілі болып отыр. Кейбір деректерге қарағанда, Ресейдің бұл арызқой азаматы  Қазақстан Республикасы ішкі істер вице-министрі Ерлан  Тұрғымбаевқа арызданып, оған жалған  ақпараттар берген. Өзіне қатысты пәтер құқына иеліктен айыру туралы сот шешімінің шыққанын жасырып қалады. Әшейінде, Қазақстан азаматтарының арызын қабылдауға қолы тимейтін министрдің орынбасары мән-жаймен егжей-тегжейлі таныспастан, төменге қарай бұйрық түсіреді де, Бражникованың сот шешімін орындамай, апелляциялық сот шешімін  өз пайдасына  шешкізуіне  көмектесіп жібереді.   Облыстық  көші-қон полициясындағылар қатаң  ескерту алады.  Осы тұста, езу тарттыратын  бір  жәйт бар. Ресей азаматының проблемасын Қазақстан азаматтарының мүддесін, құқығын таптай отырып, шешіп берген  генерал «Билігін немесе қызмет нұсқауларын асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту» атты  ғылыми еңбектің авторы екен.

Енді, Ресей азаматы «атқа мықтап мінеді».  Бізді шет тілінде басқарып отырған шенділердің арқасында, өзі жақтыра бермейтін «калбиттер» мен «чуркалардың» сазайын  тарттыра бастайды.

2014-ші жылдың 14-ші мамыры күні Б. К. Карешованың төрағалығымен өткен  Атырау облыстық Кассациялық сот  коллегиясы  Бұған дейінгі сот шешімдерінің бәрін жоққа шығарып, құзырлы мемлекеттік органдар берген заңды рұқсат шешімдерін теріс деп тауып, Қазақстан азаматын Ресей азаматының алдында «жығып» береді.

Осылайша,  бірнеше жылға созылған  бірнеше сот процесі  Қазақстан соттарының, ішкі істер органдарының, жалпы қазақстандықтардың салығы есебінде жұмыс істеп отырған және солардың мүддесін қорғауға тиіс мемлекеттік органдарының  қарапайым ресейліктің алдында қауқарсыз екенін танытты. Соңғы сот шешімінен соң, Дариға Райымқұлованың отбасы адал еңбекпен келген ғимараттан айырылуға мәжбүр болды. «Азаматтардың дүние-мүлкін заңдастыру туралы» Заңға сәйкес,  2015 жылы заңды түрде  тіркеуге алынған  мүліктеріне қатысты шешімді кейінгі сот отырысы жоққа шығарып тастайды. Күйеу баласы жүйкесі сыр беріп, көз жұмды, ал қызы обырға шалдығып, екінші дәрежелі мүгедек болып қалды. Тіпті, сот шешімін орындауға да ақшалары жоқ. Ал, шет ел азаматын еш қиындықсыз қабылдап, мәселесін біздің азаматтардың есебінен шешіп берген жоғары шенділер, енді, Дариға Райымқұлованы қабылдаудан бас тартып отыр. Сол кездегі Жоғарғы Сот төрағасы Мәми мырза, тіпті, «мазамды ала берсеңіз, сізбен хат алмасу біржола тоқтатылады» деп те сұс көрсеткен.

Соттар, құқық қорғау органдары бірлесе отырып, ұйымдасқан түрде Қазақстан Конституциясының  77 бабының 2 тармағын өрескел  бұзды.  Дариға Райымқұлова бір әрекеті үшін екі рет сотталып, екі рет жазаға тартылды.

Бұл жерде біз, Қазақстан Республикасының  азаматтары түсінбейтін нәрсе – неге «біздің» билік бізге өгейлік танытады? Неге Қазақстан азаматы Ресей президенті туралы айтқан сындары үшін жазаға тартылып, сотталып кетеді? Неге келімсек ресейліктің мүддесі  қазақстандықтың мүддесінен биік болуы керек? Неге Қазақстан президенті халыққа қызмет жасасын деп тағайындаған лауазым иелері  бөтен ел президентіне табынады? Неге?

Асан Асхат

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

45 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006