Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 21333 49 пікір 25 Мамыр, 2018 сағат 09:22

Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару – елдігімізге сын!

Редакциядан: Күні кеше ғана «Abai.kz» ақпараттық порталының редакциясына Асан Нұрболат есімді азамат бас сұғып, жеңгесі Сайрагүл Сауытбайды шекаралық полиция (ҰҚК) өкілдері келіп, алып кеткенін хабарлады. Артынша Асанның айтуы бойынша  «Шекаралық полиция өкілдері «Қытай сұратып жатыр» деп жеңгемді алып кетті»  атты мақала жария болды. Қоғам белсенділерімен кездескен Асан бейнеүндеу жасап, әлеуметтік желіге шығарды.

Сол күні «Қамшы.кз» сайты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми жауабын жариялады. 

«Abai.kz» көтерген мәселеге және «Қамшы.кз» сайтында жарияланған ҰҚК жауабына орай, белгілі адвокат Абзал Құспан өз пікірін жазып, поштамызға жолдаған еді.


Кешегі «Қамшы.кз» сайтында жарияланған ҰҚК жауабына орай мынаны мәлімдегім келеді:

Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару, ол – елдігімізге сын! Сайрагүлдің ісі - ол оның және оның отбасының немесе оралмандарға ғана қатысты іс емес, барлық, өзін қазақпын деп есептейтін Халықтың ісі!

Мен әзірге Сайрагүлдің адвокаты емеспін, ол үшін туыстарымен келісім-шартқа отыруым керек. Заң талабы солай. Алайда, «Қамшы.кз» сайтындағы қысқа ғана ҰҚК жауабын оқи отырып, мынадай ой түйіп отырмын;

«Сайрагүл Сауытбайдың ҚР аумағына кіретін заңды құқығы болмаған. Себебі оның ҚКП (Қытай коммунистік партиясы болар) мүшелеріне шетелге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжаты тартып алынған (балабақша меңгерушісі болып жұмыс істеген).

Сәуір айында Қытайдың шекара қызметіндегі жемқор шенеуніктердің көмегімен "Қорғас" ШЫХО-ға кіретін жалған рұқсатнама жасап алып, шекараны заңсыз кесіп өткен» - дейді.

Енді осы сөздерге назар аударсақ, шекараны кесіп өту фактісі екі айға жетпейтін уақыт аралығында, яғни сәуір айында болған. Сонда қалай, осы уақыт ішінде Қытай жағы «шекара қызметіндегі жемқор шенеуніктерді» анықтап, оларға сот үкімін шығартып, ол заңды күшіне еніп үлгерген бе? Қытайда сот үкімі шығарылмаған адамды айыптап сөйлеуге заң мүмкіндік бере қалған жағдайдың өзінде, Қазақстанның заңы бойынша ол мүмкін емес, бұл жерде біздің ҰҚК өз заңымызды басшылыққа алуы керек.

Одан кейін, балабақша меңгерушісі Қытайдан шығуға болмайды, оның төлқұжаты тартып алынған деген не сөз? Біз сонда шынымен Қытай жағының бұл уәжімен келісіп, өз қандастарымызды осылай оп-оңай жығып бере салмақпыз ба? Егер ол Қытайдың қауіпсіздік органдарында қызме етсе түсінуге болады, ал балабақша меңгерушісі біз білмейтін қандай мемлекеттік құпияны жария етуі мүмкін?

Сонымен қатар, Қытайдан Қазақстанға төлқұжатсыз, бір реттік рұқсатнамамен өте алады дегенге өз басым сенімсіздікпен қараймын. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, адамның жеке басын сәйкестендіру (идентификация личности) төлқұжат арқылы жүзеге асырылады. Ал, рұқсатнама төлқұжатты алмастыра алмайды. Осыған байланысты, Қазақстан тарапынан шекара қызметі өкілдеріне қатысты Сайрагүл Сауытбайдың ҚХР-дан ҚР-ға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды ма екен, әлде іс тек қана Сайрагүлге ғана қатысты қозғалып отыр ма деген заңды сұрақ туындайды менде.

Әрине, әзірге ол іске тікелей араласа алмаған соң, қолда бар ақпарат бойынша болжам жасау ғана қолдан келеді, дегенмен қазір барлық БАҚ өкілдері бұл мәселені барынша таратып қоғамназарына ұсынбаса, ҰҚК шекара қызметі Сайрагүл Сауытбайды Қытайға беріп жіберуі әбден мүмкін нәрсе, ол өздерінің профильді заңдарымен нақты көзделген.

Сондықтан, заңгер ретінде Сайрагүл Сауытбайға немесе оның туыстарына менің тарапымнан нақты ұсыныс, ол – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия алдында Сайрагүл Сауытбайға саяси баспана сұрау!

Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырап жатқаны қазіргі таңда бүкіл әлемге мәлім, оның үстіне ҰҚК жауабынан-ақ көрініп тұрғандай балабақша меңгерушісі қызметін атқарғаны үшін, елден шығуға тиым салу фактісінің өзі-ақ, Сайрагүлдің азаматтық құқығын аяққа таптау болып табылады.

Сонымен қатар, бұл мәселеге адам құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни омбудсмен Асқар Шакировтың да назарын аудару қажет. Сайрагүлдің мында, Қазақстанда заңды некедегі күйеуі және кәмелетке толмаған балалары бар екенін есте ұстайық.  Сайрагүл Сауытбайдың өзі әзірге Қазақстанның азаматы емес шығар, бірақ ол бірінші кезекте АДАМ! Әншейінде, боқтан өзгенің бәріне араласатын, ал қазақ мәселесіне келгенде жұмған аузын ашпайтын омбудсменнің біз үшін пайдасы бар ма, жоқ па сыналатын кезі келді.

Бұл мәселені, бір Сайрагүлдің туыстарының мойнына артып қоймай бүкіл ел болып, қоғам болып көтеруіміз қажет! Сонда ғана нәтиже болуы мүмкін! Сонда ғана қандасымызды АЖАЛдан аман алып қала алуымыз мүмкін...

Абзал Құспан, адвокат

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371