Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 16668 88 пікір 5 Маусым, 2018 сағат 12:49

Елбасымыздың сапары сәтті болсын! 

 

Алла қаласа, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 6-10 маусым күндері Қытайдың Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мемлекет басшыларының кезекті кездесуіне қатысады.

Шынын айту керек, Елбасымыздың осынау сапарын, басқаны былай қойғанда, әлемнің әр шалғайында тарыдай шашырап жүрген бес миллион қазақ демін ішіне тартып, күтіп отыр. Екі жылға таяу уақыттан бері Қытайда жүргізіліп жатқан саяси қысымға ұшырап, тағдыры қыл үстінде тұрған Шыңжаң өлкесіндегі қандастарымыздың жалғыз үміті тек қана Нұрсұлтан Әбішұлының осы сапраына байланып тұр! Үміт пен күдіктің алма-кезек шарпысуы түн ұйқымызды қашыруда.

Ел болған соң мұндай қиын сәтте әртүрлі пікірлер мен болжамдардың айтылуы сөзсіз. Біреу екі ел басшыларының кезекті кездесуінде бұл мәселе  көтеріледі десе, екінші біру оны жоққа шығарып, зәреңді ұшырады.

Бұл жерде бір нәрсе анық: Қазақ Көшінің – авторы Елбасы. Оның үстіне, Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕЛ тәуелсіздігін жарялаудан бұрын жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты!  Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған БАТЫЛ әрі ТАРИХИ шешімі! Қысқасы әлемдегі барша қазақтың атасы да, иесі де тағы сол Нұрсұтан Назарбаев! Сол үшін де мәртебелі Президентіміз Қазақ көші туралы тұңғыш Қаулы шыққан 1991 жылдың 18 қарашасынан бері шетелдегі қандастарын Атажұртына «Кел-кел!» деп, шақырумен келеді.  Сөз Қытайдағы қазақтар туралы болып отыр ғой, Елбасымыз осынау алып көршімізге барған әр сапарында, ҚХР-дың қай басшысымен кездесуінде болсын, ол елдегі қазақ мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Тіпті, Құлжаға дейін келіп, қандастарының дастарқанынан дәм татқаны да бар...

Мысалы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, атақты дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев 1995 жылдың қыркүйек айындағы Елбасымыздың Қытайға жасаған сапарын, сол кездегі Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминьмен кездесуін еске алып, өз кітабында былай деп жазады: «... дегенмен, бұл мәселе жөнінде де принципті уағдаластыққа қол жеткіздік: Қазақстанға тұрақты тұруға көшкісі келетін ұлты қазақ ҚХР азаматтарына Қытай үкіметі тарапынан ешбір кедергі жасалмайды. Бұл маңызды келісім Қытайдан көшіп келем деген оралмандар санын арттыра түсуге жәрдемдесері анық» (Қ.Тоқаев, «Беласу» кітабы, 212-бет).

Өзіміздің осынау орайды қолдан жіберіңкіреп алмағанымыз болмаса, Тәуелсіздіктің 27 жылында, бекер обалы не керек,  Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев  қандастарын жат жұртта қалдырмауға тырысып-ақ бақты...

Қазақ «Нар жолында жүк қалмайды» дейді, туған халқының бағына туған азамат «Қытайдағы қандастарымыздың бүгінгі қиын тағдырынан хабарсыз, ШЫҰ сәмитінде Си Цзиньпинмен болатын екеу ара кездесуде бұл мәселе көтерілмейді» дегенге өз басым сенбеймін, Цзян Цзэминьмен сөйлескен президент Си Цзиньпинмен де келісімге келеді. Шыңжаңдағы қазақтар туралы әңгіме сөзсіз қозғалады, қозғалуы керек!

Жалпы Шаңхай ынтымақтастық ұйымы, бір сөзбен айтқанда, мақсат-мүддесі әлдеқашан айқындалған, жұмысы бір ізге түскен құрылым ғой. Кезекті бас қосуда да сол өткенді саралап, жаңа жағдайға байланысты іс-қимыл жасаудың тетіктері қарастырылуы мүмкін. Ал, менің көңіл түйсігімде Елбасымыз бұл жолы аталған жиналысқа арнайы Шыңжаңдағы қандастарымыздың мәселесі үшін кетіп бара жатқандай сезіледі!

Оның үстіне, жақында ғана (4 сәуірде) Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына   алғыс хат жолдап,  «Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында еліңіз əлеуметтік үйлесім мен тұрақтылықты сақтау, экономиканы дамыту жəне халықтың əл-ауқатын жақсарту ісінде мол жетістіктерге жетті. Бүгінде Қазақстан халықаралық аренада зор беделге ие болып отыр. Мен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ерекше мəн беремін, табысты байланыстарымыз бен берік достығымызды қадір тұтамын. Еліміз бен халқымыздың игілігі үшін жан-жақты стратегиялық əріптестікке бағытталған Қытай-Қазақстан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру жолында Сізбен бірлесе күш жұмылдыруға дайын екенімді білдіремін. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитінде Өзіңізбен тағы да жүздесуді асыға күтемін», – дегені есімізде!

"...Жүздесуді асыға күтіп" жүрген ҚХР басшысымен ҚР Президенті геоэкономикалық мәселелермен қатар біз жоғарыда сөз қылған қазақ көші туралы да кезекті рет келелі әңгіме қозғап, келісімдерге қол қояды деп сенейік. Ендеше, Елбасымыздың сапары сәтті болсын!

Ауыт Мұқибек

 05.06.2016

Астана

Abai.kz

88 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052