Сенбі, 23 Қараша 2024
Әкім мен халық 3543 0 пікір 6 Маусым, 2018 сағат 14:02

Индустрияландыру картасы һәм науқаншылдық ауруы

Облысымызда индустрияландыру картасында көрсетілген мақсатқа сәйкес өнеркәсіп орындарын көбірек ашып, экономиканы өркендетуге деген құлшыныс айқын  байқалады. Құптарлық бастама, әрине. Алайда мұндай іргелі де ірі жұмысты терең жоспарлап, мұқият сараптап, мүлтіксіз атқарудың орнына кей-кейде орынсыз асығыстыққа ұрынып, оның аяғы шешілмейтін түйінге тап болып қалатыны да жасырын емес. Мұның бәрі сол баяғы жоғары жаққа жақсы атты боламын ба, сөйтіп өзгелерден бұрын көзге түсіп қаламын ба деген науқаншылдық ауруы.

Фактілерге жүгіне кетелік. Биыл Қостанай өңірінде кезінде айдай әлемге жариялап, жұрттың бәріне уәде беріп қойған екі бірдей ірі кәсіпорынның жағдайы мүлдем мүшкіл болып тұр. Олардың іске-қосылу-қосылмауы неғайбыл күйде. Себебі тым құпия да емес, қарапайым ғана. Қаржыдан қалта қағылған. Кезінде бұл неге ескерілмеген, кәсіпорынға қанша ақша жұмсалатыны неге шотқа салынбаған деген сауалдарға жауап іздеп бас ауыртпаңыз. Бізде ондай-ондай ұсақ-түйекке ешкім де көңіл бөлмейді.

Мінекей, осылайша дұрыс жоспарлай алмаудың салдарынан облысымыздағы Рудный қаласындағы цемент зауытының ашылуы белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды. Бұл жағдай бұрын да қайталанған. Тағдыры белгісіз күйде. Дәл осындай таз кепешті Арқалық қаласындағы нефрит өңдеу зауыты да киіп отыр. Бұл екеуі де кезінде облысымыздағы индустрияландыру картасының ойдағыдай жүзгеге асырылып жатқанын байтақ елімізге мақтан етіп көрсететін кәсіпорындар еді. Енді міне жағдайы әлгіндей. Бәрінің айтатын сылтауы — қаржы тапшылығы. Мәселен Рудныйдағы цемент зауытының қожайындары тағы да қосымша 1,3 миллиард теңге бөлуді өтінеді. Ал Арқалықта құрылтайшылар мен қала әкімдігінің жауапсыздығы салдарынан аталмыш кәсіпорынды іске қосу 2019 жылға дейін созылатын түрі бар.

«Жығылғанға — жұдырық» дегендей, талай жылдан бері жыры таусылмайтын Комсомол құс фабрикасы мен Қостанай қаласындағы май зауытының да жағдайы пәлендей мәз емес. Құс фабрикасын өйтіп-бүйтіп амалдап алып қалуға болар, ал май зауытынан мүлдем үміт жоқ. Құлдырауға ұшырағаны соншалық, енді тек банкротқа кетуден басқа амалы қалмады. Мұны тіпті облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтың өзі де мойындауға мәжбүр болды.

- Мен бұл зауытта болып қайттым, - дейді ол амалсыз. - Орасан зор көлемде бөлінген қаржының дәл сол мақсатқа жұмсалғанына менің үлкен күмәнім бар. Құрылтайшы ештеңемен де айналысқысы келмейді. Сот-құрылыс сараптамасының жүргізілгені немесе жүргізілмегенін ешкім де білмейді.

Сонда дейміз-ау, құрылыстың қалай жүргізіліп жатқанын қадағалайтын органдар қайда қараған? Әкіміміз зауыттың құрылтайшысына шүйліккенше қарамағындағылардың не  тындырып жүргеніне көңіл аударғаны әлдеқайда тиімді емес пе? Әйтпесе кәсіпорындардың дер кезінде іске қосылмағанына тек қана құрылтайшылар кінәлі де, облыс әкімідігі судан таза, сүттен ақ болып шыға келе ме? Бұл қандай қисынға жатады?

Жалпы, жақсы атты көрініп қалуға деген ерекше құлшынысты ешкім де тоқтата алмайды екен. Облыс басшылығы жақында жоғарыдағы келтірілген проблеманы шешіп алмастан, тағы баяғы индустрияландыру картасын аса қысқа мерзімде жүзеге асыруға ерекше белсенділікпен кірісіп кетті. Ол үшін аталмыш карта мүлдем қайта қаралды. Бұл құжатқа биылдың өзінде іске қосылуға тиісті 6 кәсіпорын кіргізілді. Және бұлар анау-мынау ұсақ-түйек емес, жедел саты жабықтарын өндіретін зауыт, кондитер фабрикасының бір линиясы, құрама жем шығаратын кәсіпорын, сондай-ақ бидайды тереңдетіп өңдеу жөніндегі биотехнологиялық өндіріс секілді алыптар. Бұлардың бірқатары осы жылғы шілде айында Елбасының тікелей қатысуымен өтетін телекөпірде ашылып қалар деген асқақ мақсат та қойып отыр. Әрине, бұлардың бәрі ойдағыдай іске қосылса, облысымыздың өнеркісібі бір сілкініп қалары сөзсіз. Алайда жоғарыда жағдайлар еске түскенде үміттен гөрі күдік көбірек ойға орала береді.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

    

     

  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364