Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 7836 9 пікір 7 Маусым, 2018 сағат 14:00

Путин: Ши Жипиң екеуміз арақ ішіп, шұжықты тіске бастық

Президент Назарбаевтың Қытайға сапарлап кеткені жайлы жазған едік. Ресейдің президенті Владимир Путин де Бейжіңде жүр, қазір. Шаңхайға мүше елдердің басшылары жиылып, саммит өткізеді. Қонақтарды күтіп алушы ҚХР басшысы Ши Жипиң. Үй - соныкі.

Енді, Шанхайға мүше елдер басшыларының жиыны әлемдік ақпараттың негізгі трендіне айналады. Әрине, Пәкістан мен Үндістан қосылғанын ескерсек, 3 миллиард адамы бар бұл ұйымның лидерлері не деп, не қоятыны кім-кімге болмасын қызық.

Міне, сол жиынға барған Владимир Путин біртүрлі сұхбат беріпті.  Ормандай орысты 18 жыл басқарып келе жатқан Володя ағай, Ши төрағаны туған күніне шақырып, онымен бірге арақ ішкенін айтыпты.

«Бәлкім, Ши Жипиң төраға менің туған күнімде менімен бірге болған жалғыз лидер шығар. Менің жұмыс графигім осы сәйкес келмей-ақ қойыпты. Сондықтан мен өз туған күнімді шетелдік әріптестеріммен атап өтпеппін. Ал Ши Жипиң төрағамен атап өттік. Жасыратыны жоқ, бір-бір стақан арақы іштік те шұжық турап тіске бастық», депті Владимир Путин.

Өткенде орыстың «Аctualcomment.ru» дейтін сайты ішімдікке іші қуыс саясаткерлердің есім-сойларын тізіп шыққан еді. Енді, сол ақпаратқа назар бұрыңыз:

Жалпы орыс басшыларының дені «ақаңа» әуес болып келетіні белгілі. Олар үшін арақ-шараптың түр түрі арнайы әзірленетіні де белгілі. Міне, солардың ішінде Владимир Путин арақты көп ішпейді екен. Бірақ сыра сіміруден бас тартпайтын әдеті бар екен.

Орыс ақпараты Володя ағайдың жиі ішетіні сырасы - Radeberger Pilsner екенін жазады. Неміс маркасы. Дрезденге жақын маңда орналасқан Радеберг дейтін қалашықта әзірленетін бұл сыра зауыты Алманияның ең үздік сыра өндірушілерінің алғашқы ондығына кіреді.

Ал Володя ағайдың оң қолы, Ресейдің запастағы президенті Дмитрий Медведьев – шарапқор. Ол Қырым мен Краснодарда шарап зауытын іске қосуды бастама етіп көтерген. Ал Путиннің оппоненті Алексей Навальный Дмитрий Медведьевтің меншігінде Италияда орналасқан шарап зауыты бар деп шулайды.

Айтпақшы, 2009 жылы дәл осы Дмитрий Медведьев G8 жиынына президент мәртебесінде қатысқан. Фотографтар Дәкеңнің жүріс-тұрысын жіті бақылап отырып, оның мас екенін анықтаған еді.

Ресей Думасындағы дүмше-депутаттарды жетектеп жүрген кәрісүйек, қубастардың екеуі де ішкіштер рейтингісінде бар. Путин басқаратын билік басындағы «Единия Россиядан» өзге Жириновскийдің ЛДПР-ы, Зюгановтың КПРФ-ы бар, солар жайлы да ақпарат шықты.

 

«Ойбай, біздің партиядағылардың ешқайсысы арақ дегенді аузына татып алмаған» деп ан-су ішкен Жириновский араққа әуестігі бар екенін біз емес, орыс ақпараты жазды. Жириновскийдің ақ суға сылқия тойып, екі қолын ербеңдете сөйлеп, сілекейіне шашалып тұрған бейнежазбалары әлеуметтік желіде жетіп артылады.

Коммунистердің көсемі, ендігі төрінен көрі жақын егде депутат Зюганов та араққұмарлығын ар санамайды екен. Кейде коняк ішетін көрінеді. «Аctualcomment.ru» сайтының жазуынша, Гена атай, бұрын жақсы ішкен. Тіпті, мас болып, өзінің шопырын сабаған. Қазір, шаутартып қалуына байланысты, ішуді қойған. Бұл орыс басшыларының бүгінгі қалпы.

Айтпақшы, 2015 жылы Қазақстанның Парламентінде арақ мәселесі қызу-талқыға түскен. Бүгінде жасы сексенге келген коммунист депутат Косарев ағай, Қазақстанға Ресейден заңсыз кіріп жатқан арзан арақ отандық арақ өндірушілерді қып-қызыл шығынға батырып отырғанын айтып, дабыл қаққан. Есімізде. Сол кездегі экономика министрі, Ерболат Досаевты діңкелеп алған.

«Заңсыз арзан арақтың саудадағы бағасы 450 теңге. Отандық акцизі бар арақ 2,5 мың теңге. Бұлар қалай кірген? Министр мырза, мен сізге арзан арақтың қай жерлерде сатылатынын көрсетейін» деп еді, егде жастағы коммунист ағай.

2015 жылға дейін Ресей мен Беларусиядан әкелінетін алкогольді өнімдер ел нарығында еркін саудада жүрді. Тек, 2015 жылдың 1-маусымынан бастап, орыстан келетін алкогольді өнемдерге шектеу қойылды. Әйтсе де, күні бүгінге дейін орыс жұрты Қазақстан нарығына алкогольді сусындар кіргізумен айналысып келеді.

Тағы бір қызық дерек. Ресейде ең ішкіш аймақтың рейтингісін түзген. Міне көрсеткіші:

Халықаралық «Tackling Harmful Alcohol Use» ұйымы рейтингісі бойынша, Ресей жастардың ішімдікке салынуы фактісі ең көп тіркелген мемлекет атанған. Бұл 2015 жыл.

Ал Путиннің саяси-әкесі Борис Ельциннің маскүнемдігі мұқым елге айтпаса да мәлім ақпар.

Солай, міне. Тақырыпқа қайта оралайық, дәл қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары Бейжіңге бара жатыр. Ұйымға тұрақты мүше 8 ел бар. Оған бақылаушы елдер мен Халықаралық ұйым басшыларын қосыңыз. ШЫҰ елдердің ортақ халқының саны 3 миллиардтан асып жығылады.

Міне, осындай жиынға қатысып жатқан көрші елдің басшысы Володя ағай, Ши төрағаны төріне шығарып, қонақ қылғанын, онымен қалай арақ ішкенін айтып, айдай әлемге ақпарлапты.

Ал біз Қытай билігінің этникалық аз ұлттарға жасап жатқан қатқыл саясаты жайлы аз жазған жоқпыз. Әсіресе, Қытайдағы 1,5 миллионға жуық қазақтың қуғынға түсіп, түрмеге тоғытылып жатқаны бізді алаңдатады. Бұл мәселеге біз түгілі әлем ақпараты алаңдайды. Елдің үміті басқа-басқы емес, Елбасының өзінде.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394