Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2908 0 пікір 14 Ақпан, 2011 сағат 08:44

Сағат Арынұлы. Бұлар Абайға неге қарсы?

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы қазақ драма театрына алпыс жыл бұрын Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, содан бері Абай атындағы қазақ драма театры аталып келген. Алайда, қазіргі сенатор Өмірбек Байгелді Жамбыл облысының әкімі болып тұрған уақытта театрдан Абай есімі алынып тасталған еді.

Төмендегі мақала осы жайтты егжей-тегжейлі баяндайды.

«Абай-ақпарат»

Сағат Арынұлы. Бұлар Абайға неге қарсы? Немесе аруақтарды алалағанды қашан қоямыз?

Қазақ халқы өзінің ар-намысына айналған ұлдары мен қыздарын лайықты құрметтеп, әрқашанда ұмытпайды. Бір Алладан кейінгі сыйынары да, арқа сүйері де солар. Аруақтарды әспеттеу - ежелден қалыптасқан игі дәстүріміз. Халқымыз жақсылыққа, парасаттылыққа және имандылыққа үндейтін данышпандарын, ақыл-ойдың шамшырағын жаққан ғұламаларын және ел қорғаған батырларын үнемі мақтан етіп, артқа қалдырған өсиеттерін рухани азық етеді. Сондықтан да еліміз әлемдік өркениеттің төрінен лайықты орын алып, өміршеңдік қадір-қасиетімен дүние жүзіне барған сайын кең таныла түсуде.

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы қазақ драма театрына алпыс жыл бұрын Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, содан бері Абай атындағы қазақ драма театры аталып келген. Алайда, қазіргі сенатор Өмірбек Байгелді Жамбыл облысының әкімі болып тұрған уақытта театрдан Абай есімі алынып тасталған еді.

Төмендегі мақала осы жайтты егжей-тегжейлі баяндайды.

«Абай-ақпарат»

Сағат Арынұлы. Бұлар Абайға неге қарсы? Немесе аруақтарды алалағанды қашан қоямыз?

Қазақ халқы өзінің ар-намысына айналған ұлдары мен қыздарын лайықты құрметтеп, әрқашанда ұмытпайды. Бір Алладан кейінгі сыйынары да, арқа сүйері де солар. Аруақтарды әспеттеу - ежелден қалыптасқан игі дәстүріміз. Халқымыз жақсылыққа, парасаттылыққа және имандылыққа үндейтін данышпандарын, ақыл-ойдың шамшырағын жаққан ғұламаларын және ел қорғаған батырларын үнемі мақтан етіп, артқа қалдырған өсиеттерін рухани азық етеді. Сондықтан да еліміз әлемдік өркениеттің төрінен лайықты орын алып, өміршеңдік қадір-қасиетімен дүние жүзіне барған сайын кең таныла түсуде.

Осындай теңдесі жоқ тұлғаларымыздың алдыңғы сапында ұлт ұстазы атанған ұлы ақын-философ Абай Құнанбайұлы тұр. Бұл данышпанды тек қазақ халқы емес, елімізді мекендеген басқа да көптеген ұлт өкілдері орынды мақтаныш етеді. Сол кісінің гуманистік өсиеттеріне әрқашанда сай болуды олар өздеріне зор абырой санайды.

Тәуелсіз Қазақстанда Абай есімі үлкен құрметке бөленген. Бізде мектептер, жоғарғы оқу орындары, мәдениет мекемелері, қала мен аудандар және көшелер ақын атымен аталады. Соның бірі - Жамбыл облысындағы қазақ драма театры болатын. Бұл мәдениет орталығына Абай есімі 1945 жылы берілген.

Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігінің арқасында Абайдың даңқы бүгінде дүниеж үзіне кең жайылды. Ол тәуелсіз қазақ елінің бірден-бір нышанына айналды. Абай десе, шетелдіктер қазақты бірден танитын болды. Президентіміздің бастамасымен әлемдік ұйым - ЮНЕСКО шеңберінде ғұламаның 150 жылдық мерейтойы зор салтанатпен атап өтілгені белгілі. Тағы да Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен беделі арқасында Ресей мемлекетінің төрі - Мәскеуде Абайдың тамаша ескерткіші бой көтерді. Ақын есімі теңдесі жоқ тұлға ретінде көптеген шетелдерде әспеттеліп отыр. Атап айтсақ, Египетте, Түркияда, Германияда, Францияда және басқа достас мемлекеттерде.

Ал, Жамбыл жерінде бұлай емес. Мұндағы бойкүйез шенеуніктер мемлекет Басшысының: «Абай қазақ халқының ұлттық ұраны болу керек!» деген мәртебелі нұсқауын орындауға мән бермеуде. Сондай жауапсыздықтың салдарынан жергілікті рушылдар көп жылдан бері Абай аруағына қуғын ұйымдастыруда. Солардың «қырағылық» танытумен  кешегі коммунистік партияның «қатесі» түзетіліп, облыстық қазақ драма театрынан 60 жыл өткеннен кейін Абай есемі біржолата өшірілді.

Абай есімін Жамбыл облыстық қазақ драма театрынан алып тастаудың «тізгінін» әу бастан ұстаған облыс әкімінінің сол кездегі бірінші орынбасары Ә.Исақ болатын. Ол уақытта облыс әкімі Ө.Байгелдиев еді.

Әлі есімде, 1995 жылдың мамырында Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерекесіне дайындықтың барысы туралы әкімиятта атүсті бір жиын өткізілді. Бұған тәуелсіз жорналшы ретінде мен де қатыстым. Ә.Исақ самарқау кейіппен: «Шабылатын ештеңе жоқ, Абайды өздері тойлап алар. Келер жылы Жамбыл бабамыздың туғанына бір жарым ғасыр толады. Міне, соған осы бастан жан-жақты әзірлік жасауға тиіспіз», - деді. Мұның мұрнын шүйіріп Абайды менсінбегені жиналғандарға кері әсер етті. Елбасы Абай мерекесін ЮНЕСКО аясында өткізгелі жатқанда, әкім орынбасарының бүйректен сирақ шығаруы қалай?

Қазір менде облыстық мұрағаттан алынған ҚК(б) Жамбыл облыстық комитетінің 1945 жылдың 13 маусымында қабылданған бюро мәжілісінің №215 қаулысының көшірмесі бар. Мұнда туғанына 100 жыл толуына байланысты Абай Құнанбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Қазақ ҚСР Жоғары Кеңесі Төралқасынан: Абай есімін Жамбыл қаласындағы педучилищеге, Жамбыл облыстық қазақ драма театрына және Мерке ауданындағы балалар үйіне беру сұралған.  Ескерте кететін бір жай, қазақ біткенді айықпас қасіретке душар еткен 1937 жылдың қанды зобалаңынан кейін бүкіл Қазақстанда бетке ұстар, ел-жұрттың құрметіне лайық үш қана қоғамдық қайраткер қалғаны мәлім. Бұлар әлдеқашан бақилық сапарға аттанған, иманды болғыр Абай Құнанбайұлы мен Аманкелді Иманов еді. Тірі жүргені - Жамбыл Жабаев болатын. Міне, осы үш арыстың есімдері ешбір кедергісіз шаруашылықтарға, мәдениет ошақтары мен оқу орындарына беріліп жататын. Сондықтан облыстық қазақ драма театрына Абай есімі берілмей қалуы мүмкін емес. Ол кезде облыстық партия комитетінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын. Жасаған ұсынысы мүлтіксіз орындалатын, әрі бірінші хатшысы аузынан жалын атқан орыс М.Ткаченко сияқты мықты болса. Осы себептен 1974 жылғы Қазақ Совет энциклопедиясының 4-томындағы 254-бетте: «Абай Құнанбаевтың 100 жылдығына орай 1945 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Абайдың есімі берілді» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ал, ҚСЭ-ның анықтамалық құжат саналатын есте ұсталық. Көңілді мазалайтын тағы бір күдік бар. Нарық заманында адам өмірі түкке тұрмай отырғанда, мұрағаттағы бір жапырақ қағазды жыртқызып тастау сөз емес.

Қашанда керітартпалықтың жетегінде жүретін Ә.Исақ жоғарыда келтірген  бұлтарғысыз фактілерді көзге ілмей, ылғи да бетімен лағады. Ол жауапкершіліктен жалтарып былай деп соғады: «1995 жылы ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысына сәйкес барлық мемлекеттік мекемелер заңды тұлға ретінде тіркеуден өткен кезде бұл театрға Абай атының берілуі заңдастырылмағаны анықталды».

Жарайды, солай екен делік. Ешкім қолына ұстап көрмеген үкімет қаулысы дейтін оған ілік болды. Бізде қаулы біткен сөзсіз орындалатындай, ол бұған тісті бақаша жармасты. Жоғарыдағылар бірдеңе айтса «ләппай, тақсырлап» әдеттенген Ә.Исақ аттанға айқай қосып, қанына сіңген партократтық ұрыншақтығына басты. Абай есімінің театрдан алынып қалатынына қыңқ етпеді. Тіпті, Абай еліне күйеу екенін, кімнен өсіп, өркен жайғанын да ұмытып кетті...

Әйтпесе, Абай аруағын қолдап мәселе көтеру - соның азаматтық борышы, қала берсе қызмет бабындағы міндеті емес пе? Әншейінде «аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін сабазың неге үнсіз қалды? Коммунистік режимнің қылышынан қаны тамып тұрғанда облыстық драма театры жарты ғасырдан астам Абай есімімен «заңсыз» аталып келген болса, енді Қазақстан тәуелсіздік алғанда бұл қалайша заңдастырылмады? Біреу оның қолын қақты ма? Егер кезінде тиісті құжат дайындалып үкіметке ұсынылған болса, ондай ізгі ниеттің ешбір кедергісіз қолдау табатыны белгілі. Амал не, Ә. Исақ жоғары лауазымға кездейсоқ келген өресі тарлығын танытып, теріс қарап жатып алды. Көп ұзамай орынтағынан мұрттай ұшып, жұмыссыз қалды. Осыдан соң «Құдай жоқ, аруақ қарғамайды» деп кім айта алады?

Ә.Исақты қашан көрсең танаурап, осқырынып жүргені. Ылғи да қоғамға пайда келтіріп, жұртқа жақсылық жасағандай желпінеді. Расында, солай ма?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аңқау елге арамза молдалық жасаған қомағай басшылар қоғамдық байлықты пышақ үстінен бөлісіп алуға қарақшылық ниетпен кіріскені белгілі. Жамбыл облысында да маңдай термен жиналған мол дәулетті талан-таражға салу науқаны қызу жүргізілді. Басқаларын былай қойғанда, көптеген мәдениет ошақтары мен оқу орындары «прихватизацияның» бодауында кете барды. Осы талапайдың бір «көкесі» Ә.Исақ болатын. Соның «фатихасымен» Шоқан атындағы, Кенен атындағы кинотеатрлар тәркіленіп, малшы балаларына арналған облыстағы жалғыз мектеп-интернат шетелге - Түркияға су тегінге сатылып жіберілді. Бүгінде шалғайдағы малшылар балаларының мектеппен қамтылмай қалуының басты себебі осында.

Жалған айтуға бейім тұратын Ә.Исақ 2003 жылы баспадан шыққан Жамбыл облысының энциоклопедиясында (291-бет): «Мен 1986-1991 жылдары облыстық партия комитетінің 2-хатшысы болдым» деп өтірік айтқан. Неге олай жасады?

Мен Ә.Исақтың табиғатынан жағымпаз, барып тұрған мансапқор әрі екіжүзді адам екенін бұрыннан білетінмін. Соның қазақ халқының құныкері, қандыбалақ Колбинның қол шоқпары болып, 1987 жылы Меркі ауданының жақсылары мен жайсандарына жасаған адам айтқысыз қиянаттарынан толық хабарым бар еді. Бұл туралы белгілі жазушы Талаптан Ахметжанның «Ақиқат жолы» деген кітабынан да оқыған болатынмын. Бұл жолы сол трагедияның қазіргі тірі кейіпкерлерімен жүздесудің сәті түсті.

Алғашқы ат басын бұрғаным, өзіме бұрыннан таныс Батырбек Сүйімқұлов қарт болды. Кезінде Жамбыл ауданында бірге қызмет істедік. Ол кісі Крупская атындағы колхоздың төрағасы, мен аудандық «Шұғыла» - «Радуга» газеттерінің редакторы едім.

Бәтекең - көпшілік құрмет тұтатын дуалы ауыз қария. Соғыс және еңбек ардагері. Жасы тоқсанға аяқ басса да әлі дилі екен. Ойы ұшқыр, сөзі ширақ. Елдегі жаңалықтарды біліп отырады. Менің қазақтың марқасқалары Абайдың, Шоқанның және Кененнің аруақтарын қолдап жазған мақаламды «Қазақ әдебиетінен» оқыған екен. Соған ризашылығын білдіріп, Ә.Исақтың Абай аруағын көкпарға салған әрекетін қатты айыптады.

- Әй, бұл нағыз саппас екен. Тірілермен арбасқанын місе тұтпай, енді аруаққа қол салғаны сұмдық емес пе? - деді ол.

- Бәтеке, әлгінде Сіздің: «И. деген інім ... И. деген обкомның хатшысы» деп бүркемелеп отырғаныңыз кім?

Ол терең күрсініп алып, ауыр денесімен маған еңсеріле бұрылды.

- Бұл, әлгі Исақ Әлмұқан деген жүзіқара, - деді. - Атасы Исақ елге сыйлы адам еді. Сол аруақтың есімін жұғымсыз Әлмұқанға қосақтауға дәтім бармайды. Әйтпесе, содан қорқып-үркіп тұрған жоқпын. Мансап үшін Колбин сияқтылардың сойылын соғып, қазақтың намысын аяққа басып, айрандай ұйыған Меркі ауданының шаңырағын ортасына түсіруге жанын салған «қайраткерлердің» бірі ол.

Қазекемнің осындайға айтатын өлеңінің бірер жолы тілге оралып тұрғанын қарашы.

- Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,

Жақсыдан жаман туса оңбас деген, - деуші еді бұрыңғылар, - деп Бәтекең миығынан бір күліп қойды.

Бұдан әрі осы тақырыпты біраз қаузай түстік. Сонымен...

Әңгімеге сол ойран-тойпанның куәгері, өзі де жазықсыз жапа шеккен Қынат Шайхиев араласты. Қынаттың ол кезде тепсе темір үзетін жас шағы. Бүгінде жігіт ағасы, ел-жұртқа беделді азаматтардың бірі. Ол әкім болып істейтін «Ойтал» кенті экономикалық көрсеткіштер бойынша ауданда алда келеді.

- Ә.Исақ туысқанымның «белсендігі» арқасында, - деді Қынат одан әрі, - аупарткомның VІІІ пленумында ауданның 1-хатшысы Сауранбаевқа дауыс берген 30 коммунисті обком қатаң жазалады. Аудандық партия комитетінің 19 мүшесін, 2 мүшелікке кандидатты және тексеру коммисиясынан 2 адамды жұмыстарынан қудалап, КПСС-тің 8 мүшесін партия қатарынан шығарды. Жазықсыз жазалы болғандар әділдік жолындағы күресте талай азапты айларды бастан кешірді. Соның бірі - менмін. Партиялығымды Мәскеуге үш рет барып, әрең дегенде қалпына келтіріп, күнәсіздігімді дәлелдеп шықтым. Бұл келеңсіз оқиға кезінде «Известия» газеті мен «Гласность» журналы арқылы бүкіл Кеңес одағына белгілі болды. Құдайға шүкір, әділдік жеңді. Солай десек те көңілде бір сыз қалды. Ешбір кінәсіз адамдарды ақиқатты жақтадың деп қайғы-қасіретке душар еткен опасыздар жазадан құтылып кетті. Солардың бірі - менің Исақ бауырым. Бұлайша іштартып сөйлетінім біз, Сауранбаев үшеуміз аталаспыз.

Қынаттың сөзін бөліп жібердім:

- Қазақ қанына тартпағанның қары сынсын, - дейтін еді ғой. Сонда Исақ қалай көзі қиып Сіздерді дозақтың отына итерді?

- Бірдеңе білсем, ол кісіде тектілік шамалы. Әйтпесе, тек саясат емес, мансабы үшін бәрімізді ұлардай шулатпас еді, - дегенде оның қалың қабағы түйіліп қалды. Ол сөзін әрі қарай жалғастырды.

- Сол бір қаралы күндерден бері 20 жылдан асты. Бірақ, Ә.Исақ әлі теріс жайылғанын қоймаған сияқты. Жұдырық түйіп, әкіреңдегенін жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыдым. Абай аруағын менсінбей, мұрын шүйіретін ол кім еді, сонша? Турашылдықты айттың деп Сізге тиісіп, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығуы кісілікке жата ма? Жасы жетпістен асқан адамның тәубаға келмеуін Құдайдан безгендік демеске амал жоқ, - деп Қынат қатты ширықты.

Бізбен әңгімелескен П.Черноков, У.Қырғызбаев және басқалары Ә.Исақтың тек бас араздығы үшін марқұм Е.Сауранбаевтың қыр соңынан қалмағанын атап көрсетті. Ол ауданға қайта-қайта таныстарын салып, «Нұр Отан» партиясының беделін пайдаланып, «Құрметті азамат» деген атақты  қолын жайып сұрап алыпты.

Облыс жұртшылығының жағасын ұстатқан Ә.Исақтың тағы бір «ерлігі» 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне тікелей қатысты. Бостандықты аңсаған алматылық боздақтарымыздың тоталитарлық режимге қарсылығын Жамбыл қаласында алғашқы болып қолдаған мәдени-ағарту училищесінің білімгерлері мен оқытушылары еді. Соларға қуғын ұйымдастырып, соңдарына қауіпсіздік комитетінің жендеттерін салғызып, қорлап, оқудан шығартып, жұмыстан босаттырып жіберген қатыгездікте Ә.Исақтың да «қолтаңбасы» бар. Сол зорлық-зомбылықтарды А.Қабиева, Г.Молдиярова, С.Қонарбаев және басқалары әлі ұмытқан жоқ.

Міне, осы айтылған сойқанды да қылмысты әрекеттерін оқырмандардан жасырып қалу үшін ол өзін қоғамдық қайраткермін деп жоғарыда айтылған облыстық энциоклопедияда мадақтатқан өмірбаяндық мәліметтерінде 3-хатшылығын қасақана жасырып қалған. Адалдық қайда? Әлде сыбырлағанды Құдай естімей ме?

Кеудемсоқтығы тайқы маңдайын талай тасқа тигізсе де, Ә.Исақ өлермендігімен «көзге түсуде». «Әлін білмеген - әлек» демекші, Республика парламентіне депутат болуға жанталасып, тыраштанып бақты. Бір жолы сенатқа, екі рет мәжіліске өтпей тоңқалаң асты. Өйткені, сайлаушылар оның халықтың қамын ойламайтынын жақсы біледі.

Осы айтылғандардан Ә.Исақтың рухани дүниесінің қаншалықты таяздығын,  адамгершілік бейнесінің мүлде жұтаңдығын айғақтап тұрған жоқ па? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасиетті хадистерінде: «О дүниеде ең ауыр азапты залым басшылар тартады» дегеннен мүлде хабары жоқ-ау, бұл шіркіннің.

Ол мені мұқатам деп сандалып, ақиқатқа қалай аяқ басқанын аңдамай қалыпты. Мен туралы былай дейді: «Өзін ерекше Отан сүйгіш, ұлы Абайдың аруағын қорғаушы ретінде көрсетіп бағуға тырысуда». Солай екені рас қой. Осы тақырыпта 2004 жылдан бері жеті мақала жаздым. Олар республикалық басылымдар; «Азат», «Ар.Рух.Хақ.», «Алтын ғасыр», «Тасжарған», «Жас қазақ», «Қазақ әдебиеті» және «Жас қазақ үні» газеттерінде жарияланды.

Менің Абай аруағын қорғаған мақалаларымды қолдап республикалық басылымдарда бірнеше адам мақалалар жазған еді. Соның бірі «Қазақ әдебиеті» газетінің 2007 жылғы сәуірдің 4-ндегі санында жарияланды. Ол «Намысқа өртенген нала сөз...» деп аталынды. Авторы - елімізге кең танымал ақын-аудармашы, Үндістанның Халықаралық Падма Шри сыйлығының лауреаты Әубәкір Нілібаев еді.

Жамбыл өңіріне жабайы капитализмнің өтіп-бітпейтін кезеңімен ілесе келген жершілдік, рушылдық сеңінің көбесі әлі сөгілер емес. Тараз қаласындағы зиялылар да түк сезінбегендей. Атап айтсам, облыстық және қалалық мәслихаттардың депуттарды да жұмған аузын ашпайды. Тек кейбіреулері жүз көріскенде көңіл аулап, тілін емізеді. Әсіресе, бұл - сөзімнің өзім құрмет тұтатын үлкен ғалым М.Мырзахметов мырзаға тікелей қатысы бар. Ғұмыр бойы Абайды зерттеп, ұлықтаумен абырой-атаққа жеткен кісінің Абай аруағын қорлап жатқанда үнсіз қалуы мүлдем түсініксіз.

Тек бұл емес, мұның М.Жодасбекұлына, Ш.Мұртазаға және Ө.Байгелдіге тікелей қатысы бар. Олар Тараз қаласына ат құрғатпай қайта-қайта келіп, той-домалақтарын облыстық қазақ драма театрында өткізіп жүргенде данышпан Абайдың аруағына тағзым етуді білмейді. Өздерінен мықты, даңқы асқан ешкім жоқ сияқты. Ең болмаса, ақын есімі театрдан не себепті алынып қалғанын және оның аруағын қорлайтын ескерткішсымақтың неге қойылғанын сұраған емес. Сонда бұларды зиялы, аузы дуалы деп несіне дәріптеп жүрміз?!

Ұлы Абай есімінің театрда сақталуына қамқорлық көрсетіп, белсене атсалысуға міндетті облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ә.Әмзеев еді. Бірақ, Исақтың «көрегендік идеясына» қос қолымен жармасып, бұл да Абай есімінің театрға заңсыз берілгендігін «дәлелдеумен» жалықпай шұғылданды.  Астанаға қайта-қайта шапқылап, сондағы шенеуніктердің құлағына сыбырлаумен болды. Ол бұрын мәдениет саласында әр шөптің басып бір шалып, түк бітірмегенінен хабардармыз. Содан бұл жұмыстан қуылған-ды. С.Үмбетов облысқа әкім болып келісімен Ә.Әмзеев 1999 жылы облыстық мәдениет басқармасына бастық болып қонжиды. Содан бері он жылдан астам уақыт өтсе де мәдениет орындары жекешелендіру кезіндегі қираған қалпы, ауылдық жерлерде мәдени-ағарту жұмыстары жолға қойылмаған, құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Бұдан соң ол облыстың мәдениетіне басшылық жасауға лайықты ма деген күдік қылаң береді.

Мен театрда өзіме көптен таныс белгілі әртіспен пікірлестім. «Сөзімді біреу естіп қалмасын», - деген соң оңашада жолықтық.

- Жалғыз мен емес, - деп бастады ол әңгімесін. - Театрдың бүкіл творчестволық ұжымы іштен тынып жүрміз. Жұрт бетіне қараудан қалдық. Таныстарымыз «Абайды неге қорлайсыңдар?» - деп бас салып, кінә тағады. Көрермендер де азайып кетті.

Тағы бір айтарым, Асанәлі Әшімов ағамыздың Әмзеевтің шашпауын көтеріп, Алматыда топ жинап, Абай есімін театрдан алдырып тастауға адвокат болып жүргені ұят емес пе?

Аруаққа қарсы  мықтының тағы бірі - А.Момышев деген. Ол кинотеатрды «прихватизация» жасағанда ғимараттың төбесінде мыспен өрнектеп, айшықталып жазылып қойған Шоқанның аты-жөні көзіне сүйел болып шыққандай талқандап, бұздырып тастаған. Қазір ол - парламенттің дүрдей депутаты. Мәдениет орталығының маңдайшасына Шоқан есімін жаздыруға мойны жар берер емес. Керісінше, білгішсініп, оңды-солды ақыл айтудан жалықпайды.

Осы сабаздардың бәрі «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесіміз деп желкесін күжірейтіп, әбден дандайсып кеткен. «Қой дейтін қожа, әй дейтін ажа жоқ» жоқ па?  Осындай солақайлықтың салдарынан Кенен Әзірбаев та ұмытылып барады. Соның атындағы кинотеатр арақханаға айналдырылғаны қашан.

Бұдан біраз бұрын Елбасы «Нұр Отанның» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында:  «Алдымен «Нұр Отанның» қатарын партия атына кір келтіргендерден  тазартып алу керек», - деді. Бәлкім, енді сең бұзылар?!

Менің Абайға қатысты баспасөзде жарық көрген мақалаларымның бәрі ҚР Мәдениет министірлігіне жіберіліп, хат жазылды. Мұрағаттардан алынған құжаттар да қоса жолданылды. Амал не, Абай есімін театрға қайтартуға ешбір әрекет жасалмады. Мұндағылардың немқұрайдылыққа бойы әбден үйреніп алса керек.

Бұл төрешілдік сонау жылғы Д.Қасейіновтың, содан соң Е.Ертісбаевтің билік жүрген кезінде қалыптасса, енді оны М.Құлмұхаммед мырза «творчестволықпен» жалғастыруда. Ол Президенттің баспасөз хатшысы болып жүргенде осы мәселе туралы айтқанымда: «Менің құзіретіме жатпайды», - деп телефон трубкасын сарт еткізген-ді. Енді ше?

Сонымен бірнеше жылға созылған бұл мәселе оң шешімін табар емес. Абайдың, Шоқанның және Кененнің аруақтарын дау-дамайға айналдыру одан әрі жалғасып келеді. Кезінде әппербақан әкім атанған А.Тшанов біліксіздік танытса, «Абайды жастанып жатып оқимын», - деп мақтанатын С.Үмбетов сөзінде тұрмады. Ал, Б.Жексембин жоғарыға жалтақтаудан әрі бара алмады. Дәл соның кезінде бір топ соғыс және еңбек ардагерлері үкіметтік «Айқын» газетінде әкімге Ашық хат жазды. Бұдан соң әлгі ақсақалдар 2009 жылдың 13 қарашасында болған Елбасының тікелей эфирінде Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы сұрақ қойған еді. Бұл сұрақтың облыстық әкімге жіберілгенін білемін. Амал қанша, жауапсыз қалды.

Мен осы маңызды мәселе жөнінде облыстың жаңа әкімі Қ.Бозымбаевқа бір емес, екі рет айттым. Қолымдағы дәлел-дәйектерді көрсеттім. Бұдан әкімнің орынбасары М.Төлепберген де толық хабардар. Содан бері жарты жыл өтсе де «баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер, түкті байқамастың» кебі келді. Орын алған кемшіліктерді түзетуге ешбір шара қолданылған жоқ.

Бұл түгіл биылғы тамыз айында ұлы Абайдың туғанына 165 жыл толды. Өкінішке орай, Жамбыл облыстық қазақ драма театры 2004 жылдан бері жергілікті рушылдардың кесірінен ақын есімінсіз жетімсіреп, иесіз қалғандай қаралы күндерді бастан кешуде.

Бүкіл әлем таныған жоғары мәртебелі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Біз бәріміз де Абайдан тәлім алайық, бар мінез-ісімізбен соған ұқсауға тырысайық. Жаңа өркенді Абай сөзімен тәрбиелейік»,- деген ұлағатты өсиетін жамбылдық басшылар да, қосшылар да құлаққа ілер емес. Ештеңе болмағандай. Марғаулық түнегі маңайды тұмшалап алған сияқты.

Өмір бойы ақиқат  жолында аянбай күресіп келемін. Сондықтан ел газеті «Егемен Қазақстанның» әділдікпен  тура қазылық жасайтынына сенген едім. Амал не, бұл үмітім ақталмады. «Егемен Қазақстан» ел газеті емес, Абдрахманов пен Солтиеваның меншігі тәрізді. Бұл қалай?

Қазақ әдебиетінің Абайдай мәуелі бәйтерегін, тек ол емес, Шоқан мен Кенен сияқты ел даңқын шығарған арыстарымыздың аруағын қорғауды өзімнің Құдай алдындағы, Алаш алдындағы абыройлы борышым деп санаймын.

Айтпасқа болмайды. Егер А.Пушкиннің аруағына осындай опасыздық жасайтындар болса, онда оларды орыс халқының  зиялы қауымы тірідей өртеп жіберер еді. Әулиедей асылдарымызды ардақтауды қашан үйренеміз? Осылай рушылдықтың жетегінде кете береміз бе? Санамызға кісіліктің нұр-сәулесі түсе ме, жоқ па?

Сағат АРЫНҰЛЫ,

Соғыс және еңбек ардагері,

Тәуелсіз жорналшы.

Тараз қаласы,

«Үш қоңыр» газеті

Түпнұсқадағы тақырып: "Бұлар Абайға неге қарсы? Немесе аруақтарды алалағанды қашан қоямыз?"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534