Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 6709 18 пікір 14 Маусым, 2018 сағат 10:49

Қазақтың тілі - майшелпек

1989 жылдан бері қазақтың саяси сахнасынан бір мезетке де түспеген тақырып - мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекетіміз жылына млярдтап қаржы құйса да, баяғы жартас - сол жартас. Бүгін әлеуметтік желіден мына бір суретті көріп, дәл төбеме алма тарс етіп түскендей әсерде қалдым. Қазақ тілі - биліктің, яғни әр деңгейдегі шенеуніктердің ақша табатын майшелпегіне айналып кеткен жоқ па?

Осы сауалды өз өзіме қоя салдым да, Энштейн көкем секілді "Эврика" дедім. Рас, бастапқы жылдары "мемлекеттік тілді дамытамыз" деген ұранмен миллиондап қаржы бөліне бастады. Әжептәуір қозғалыс болып, енді бірнеше жылдан соң әр қазақ баласы қазақ тілінде жыр жазатын жағдайға жетеріне сенім мол еді. Өзге диаспоралар да қазақ жерінде өмір сүру үшін қазақша сайрайтын күн де таяп келе жатты. Бірақ, бұл бюджеттің қақпағын ұстаған адамдарға ұнамай қалды.

Тіл проблемасы қалай тез шешілсе, ол салаға бөлінетін қаржы да тоқтайды.

Қаржы жайлы сөз болып қалған соң, мына үш (мұндайдың мыңын мысал етіп, сараптама да жасауға болады) деректі ғана мысал келтіре салайын.

1. 1989 - 2005 жылдар аралығында тілді дамытамыз деп 108 миллион АҚШ долларын шығындаппыз.

2. Бір ғана 2014 жылы Мемлекеттік тілді дамытуға арналған 28 ғылыми жобаға  161,5 млн. теңге қаржы жұмсалған.

3. Мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың бағдарламасы (алғашқысы 2001-2010, ал келесі кезеңі 2011-2020 жылдар аралығын қамтығаны белгілі. Бағдарламада бекітілген меженің бірі де орындалған жоқ) 2001-2003 жылдары тілге 100 миллион теңге қаржы бөлінсе, бұл сан 2006 жылы 560 миллион теңгеге ұлғайып, 2007 жылы бөлінген қаржы 3 миллиард теңгеге жетті. Ал 2008 жылы мемлекеттік тілге 5 миллиард теңге бөлінді. Содан бері бұл сома жыл санап, Толағайдай толыса түсуде.

Осындай мол ақшадан айрылып қалатындай билік-тізгінділерде ес жоқ дейсіз бе? Сосын бұл саланы күрделендіре түсіп, тіл проблемасы ешқашан да шешілмейтін жүйе қалыптастыруға кірісті.

Мемлекет жағынан дұрыс идеологиялық қолдау болып, халықтың еркіне жіберсе, екі-үш жылда шешілмейтін мәселе жоқ. Ал, біздікілер мемлекеттік тіл мәселесі бір ыңғайлы болуға таяғада "үш тілділік" деген ғаламат идеяны ойлап таба қойды. Бұрынғы бөлінген қаржы ақша ма, тәйірі. "Мемлекеттік тілді үйретіп жатырмыз" деп бір асайды, "ағылшыншаны шемішкеше шағуға тиіспіз" деп екі асайды, "о орекеңдер өкпелеп қалмасын" деп үш асайды.

Нәтиже сұрасаң, көп сандарды қолыңа ұстата салады! Әлгі бітпейтін курстарға қатысқан тіл үйренушілердің дөңгелек үстелдері, конференциялары, жарыстары. Құмға сіңген су секілді. Осыған бола көл-кесір шығын жасап жатырмыз. Әлі де жасай береміз.

Қазақтың жер астындағы байлығы ғана емес, аузындағы тілі де біреулерге майшелпек болған заман-ай!

Тілден тиын сорып үйренгендер енді қанша жыл халықтың қаржысын қымқырады екен-ә? Ендігі сауал осы.

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

 

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435