Оның сөзінше, генерал Абдухалим Назарзоданың төрт адамы 2015 жылдың қыркүйегіндегі бүліктен кейін, Ауғанстанға қашып кеткен. Олар Бадахшан уәлаятында ұсталған.
Олар Ауғанстанда жүргенде қарулы топқа қосылды ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Озоди радиосына (Азаттықтың тәжік қызметі) белгілі болғандай, төртеуі де Язгул жазығының (Таулы-Бадахшан автономды облысының батыс бөлігі, Язгул өзенінің жағасы) тумалары. Олардың туыстарының бірі Душанбеге қайтарған азаматтардың Мұхаммад Наврузов, Парвиз Назрибеков, Махмуд Рахматхудоев және Абдуджаббор Сайдалов екенін айтты. Парвиз бен Абдуджаббордың жастары бар болғаны 23-те екен.
Тәжікстан билігі қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзоданы 2015 жылдың қыркүйек айында билікті күшпен тартып алмақ болды, қарулы шабуыл жасады деп айыптаған. Генералдың өзі сол жылы қыркүйек айындағы арнайы операция кезінде өлтірілді. Ресми мәлімет бойынша арнайы операция кезінде 52 адам қаза тапқан.
Abai.kz