Түркістанның стратегиялық мүмкіндіктері мол
Өткен аптада Елбасы жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қала статусын иеленіп, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгенін сүйіншілеп хабарладық. Ал осы істер қалай жүруі керек, оларды жүзеге асырғанда нені ескерген абзал деген сұрақтарға жауап іздеп, көрнекті экономист, академик, Түркістан туралы мегажобаның авторы Оразалы Сәбденді әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Былтыр біздің басылым арқылы «Түркістанды рухани астанаға айналдыру туралы» ұлттық идеяны ұсынғаныңыз есімізде. Орын алып жатқан өзгерістер сіздің ойыңыздың өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Бұндай ой қашан, қалай туды?
– Иә, бұл шынымен де қуанышты, тарихи оқиға. Жалпы аталмыш ой сонау 2000 жылдары Түркістандағы Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін басқарып тұрған шақта келген-тін. ХХI ғасырда әлем аса жылдам өсуде. Жаңалықтар сәт сайын тарайды. Технократиялық қоғам салтанат құрып, адамдар рухани тұрғыда мешеуленіп барады. Сонда Мағжан ақын айтпақшы «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі – Түркістан» ойыма келді. Бұл жоба бірнеше жыл бойы пісіп-жетіліп, ақыры толық жасақталып 2012 жылы Елбасыға жолданды. Президент әкімшілігі Үкіметке тапсырып, Үкімет, Мәдениет министрі жобаға оң баға бере отырып, бірақ қаржының жоқтығынан жобаны жүзеге асыру мүмкін еместігін айтты. Оның үстіне ЭКСПО – 2017 іске асырылуы керек еді.
Басынан бақайшығына дейін кәсіби мамандарға есептелінген жобаны үкімет мақұлдамады деп ұмыта салуға болмайды ғой. Сөйтіп ел ішілік, халықаралық конференция, жиындар талқысына салынды. Алдымен Түркістан кейін, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан тіпті Лонданда өткен конференцияларда жоба қолдау тапты. Бәрі заңды болсын деп жобаға халықаралық патент те алып қойдық. Не де болса Түркістанның облыс орталығы болғанына шынайы қуаныштымын.
– Облыс орталығын ауыстыру бұған дейін тәжірибемізде кездескен-ді. Ал Түркістанның жағдайында нені қаперде ұстаған жөн?
– Түркістан идеясы жай ғана облыс құру, облыс орталығын екінші қалаға көшіруден әлдеқайда маңызды, стратегиялық мүмкіндіктері бар жоба. Бұл жоба бірінші қазаққа, екінші түркі әлеміне серпіліс беру үшін қажет. Оған ортаазиялық, еуразиялық деңгей биігінен қарауымыз керек. Бұл Ұлы Жібек жолында экономикалық-әлеуметтік һәм мәдени белдеудің орталығы бола алатын мүмкіндіктері ескеріліп, Түркістанның дамуы толыққанды жүргізілуі тиіс. Бұл жерде «жарлық шықты, ғимараттар салынды, тапсырма орындалды» деген келте ойға, өкінішке қарай көп ұшырасып жүрген сиырқұйымшақтыққа орын жоқ.
– Ол үшін қандай нақты ұсыныстарыңыз бар?
– Ең маңыздысы алты кластерден тұратын бұл жоба толыққанды іске асса екен. Олар рухани кластер, технологиялық, логистикалық, жаңа ауыл, туризм, инфрақұрылым кластерлері.
Ойымды жалпы екі бағытта ұсынғым келеді. Бірінші бағыт Елбасының еуразиялық интеграциялық идеясын дамыта отырып Түркістанды рухани астанаға, мәдени, ғылыми, діни орталыққа айналдыру. Ол үшін мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет.
Парламентте «Жаңа Түркістан – Рухани астана» туралы заң қабылдау керек. Астана туралы, Алматы туралы заңдар бар енді сол сияқты Түркістан – рухани астана туралы заң болғаны орынды.
Түркістан өңіріне «еркін экономикалық аймақ» статусын беру қажет. Бұл жердің еуразиялық үлкен экономикалық белдеу болуға мүмкіндігі бар.
Түркістан аймағындағы кіші кәсіпті 5 жылға дейін салықтан босату қажет. Қаланың тарихи бөлігін сақтап қана қоймай, ескі нақышта қала салып, оны байыта түсуге тиіспіз. Лондонда көне тарихтан бастап қазірге дейінгі тарихты көрсететін атақты географиялық музей бар. Біз де неге сондай музей жасамасқа. Тас дәуіріннен бастап, сақ, ғұн, қаңлы, үйсіндерден, кейінгі Түрік қағанаты, бергі Қазақ хандығындағы хандарымыз, ұлт-азаттық күрес басшылары, алашордашылар, желтоқсандағы жалындаған жастар осының бәрі тарихтан сыр шертіп, бір үлкен халықаралық мұражайға топтастырылса ежелгі империялық күшіміз көрінер еді. Томирис пен Атилладан бастап, Абылайхан мен Қонаевқа дейінгі хандарымыз бен батырларымызға арнап пантеон салса да болады. Осы идея бір халықаралық жиында айтылғанда қырғыздар «бастама іске асса біз басқасына ақша таппасақ та Манастың пантеонын қоюға қаржы табамыз» деп қолдау көрсеткен болатын. Осындай істер арқылы түркі халықтары шынайы жақындай түседі. Сонда халықаралық туризм де дамиды. Киелі Түркістан арқылы түркі әлемінің бірігуі басталады.
Халықаралық дін академиясын құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын сол жаққа көшіруге болады, жобада тағы басқа ұсыныстар берілген.
Екінші бағыт Кентау технологиялық кластерін құру идеясы. Онда жаңа өндіріс орындарын салып, ондағы экскаватор, трансформатор зауыттарын, Ащысайполитметалл АҚ-ның т.б. зауыттарды модернизациялау керек. Жібек жолы транспортты-логистикалық кластер, шағын инновациялық бизнес орталық, технологиялық колледж бен инфрақұрылымдар салынады. Бір логистиканың өзін алып қараңыз. Түркістан арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа бағатында барлық Орта Азия мемлекеттерінің көлік-жүгі өтеді. Жоба бойынша тек логистика кластерінен жалпы табыстың 30 пайызы түспек. Бұл дегеніңіз Түркістанның аймақаралық логистикалық хаб болуға мүмкіндігін танытады. Біз рухани әлемімен жаңа технологияны бір тізгіндеп қосу арқылы оза аламыз. Бұл жобаның негізгі жаңалығының бірі осында да жатыр. Әне Түркістанға әуежай, жаңа автовокзал салынғалы жатыр. Осылайша инфрақұрылым дамиды. Халықаралық деңгейде «Тұран телеорталығы» құрылып, Еуразиялық кеңістікте көрсетулер жүрер еді.
– Алып жобаның қаржыландыру жағы қалай болмақ?
– Ғасырларға кететін болашақ үшін жасалынатын бұл жоба үшін ақшаны аямау керек. Қаражатты бірнеше қаржы көздерінен алуға болады. Олар жобада көрсетілген. Айталық, ұлттық қор, республикалық, жергілікті бюджеттер бар. Арнайы халықаралық қор ұйымдастыруға болады. Инновациялық жобаларға тартылатын шетелдік инвестицияларды қосыңыз. Жобаға қызығушылық танытып отырған көрші туыстас елдердің қаржылай көмегі болуы мүмкін. Тәуелсіздік алғалы бері халықтың есебінен байыған қаншама миллиардер, миллионерлер бар. Соларды неге тартпасқа, бизнес адамдарының патриоттық сезімін неге оятпасқа.
– Жарлықтың шыққаны кеше болғанымен облыс орталығын ауыстыру ісі жоспарланған, күтілген оқиға екені белгілі. Осы іске сіз қатыстырылдыңыз ба?
– Алғаш жарлық шыққанда күллі зиялы қауым хабарласып, «жобаң іске асқалы жатыр екен» деп құттықтап жатты, Түркістаннан да көптеген қоңырау шалынды. Билікте қозғалыс басталды ғой. Енді шақырып, сұрап жатса мен келешегіміз үшін, халқымыз, жастар үшін, еліміз әлемдік өркениетке қосылуы жолында риясыз еңбек етуге дайынмын. Батыста осындай идеялары үшін еңбегін пұлдап миллиондаған доллар ақша сұрайды. Бізге ондай ой қаперімізге де кірмейді. Түркістанның бірегей жоба болуға әбден мүмкіндігі бар. Екі шылбырды тең бір қолда ұстап, технологиялық кластер мен руханиятты қатар дамытсақ жаңағы мүмкіндікке жақындаймыз.
Руханиятқа неге сонша көңіл бөліп отырмыз? Өйткені технологиямен ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Түркістанның АҚШ-тың Силикон алқабынан айырмашылығы да сол руханият болмақ. Осы бастаманың негізінде Семей облысын неге ашпасқа? Абай шыққан жерді, алаш қайраткерлері шыққан жерді неге ұлықтамасқа? «Қазақ текті халық» дейміз. Тегіміз терең, мықты болса да өкінішке қарай рухани әлемімізді бір жерге жинай алмадық. Енді осының уағы келді. Ол Түркістанды рухани жаңғырту жобасы.
– Сұхбатыңызға рахмет, әлі де болса Үкімет Сіздің жобаңызға үлкен мән береді, шақырады деген үміттеміз. Себебі, Түркістанды рухани орталыққа айландыру жобаңызды бүкіл халық, зиялылар біліп, қолдап және ризашылық білдіріп жатыр! Іске сәт!
Меліс Сейдахметов,
Abai.kz