Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 6925 6 пікір 5 Шілде, 2018 сағат 09:52

Оралман студенттер Заң білмегендіктен көлденең көк аттыға жем болып жүр

Көрнекі сурет

Кеше «Abai.kz» ақпарттық порталында жарық көрген журналист Нұргелді Әбдіғаниұлының «Қытайдан қашқан ағайын делдалдарға жем болып жатыр» атты мақаласына орай, бір-екі ауыз сөз айтуға тура келіп тұр.

Мақалада Қазақстаның Жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттердің тұрақты тіркеуге тұра алмай, делдалдарға жем болғаны сөз болыпты.

Алдымен осы келеңсіздіктің бетінің ашылуына ықпал еткен "Атажұрт жастары" еріктілер бірлестігінің азаматтарына алғыс айтуымыз керек!

Ашығын айту керек, Жоғарғы оқу орындарына оқуға түскен этникалық қазақ студенттер үшін жай тіркеуге тұруға және тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мәселесі «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы (2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV) аясында толық шешіліп қойған. Атап айтар болсақ, аталған Заңның «Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттері» деген 33-бабында былай деп жазылған:

Қазақстан Республикасына білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін:

1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге;

2) тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.

Бұл норма «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына 2015 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген кезде еніп, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бері атқаруға берілген.

Өкінішке орай, шеттен келген ұлты қазақ студенттер Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған Заңдағы осы құқығын өз деңгейінде пайдалана алмай келеді.

Қазақта «Өзі жаман кісіні түйенің үстінен ит қабады» деген керемет мақал бар. Студент деген – зиялы қауымның өкілі! Оның үстіне, Заңның бұл  бабы жайында аз жазылып, айтылып жатқан жоқ, түсінетін уақыт әлде қашан жетті! Енді Құдайдың өзі беріп тұрған осынау жеңілдіктен пайдалана алмаса, студент іні-қарындастарымның өз обалы өзінде, ит пен құсқа жем болғаны – болған!

Қандас студенттердің делдалдарға алданып, осылайша қаңғып қалуына тағы екі басты себепші кісі бар. Оның біреуі – Жоғары оқу орындарының Жатқханасын басқарушылары болса, екіншісі – көші-қон қызметі полициясының инспекторлары!

Жасыраты жоқ, міне, Заң жобасы қолданысқа енгелі үш жылға таяп келеді, осы екі мекеменің екеуі де осы бапты (жеңілдікті) әлі күнге дейін білмейді. Астанада орналасқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті ғана біздің айғайымыздың арқасында (https://abai.kz/post/48285 ), әрең дегенде осы норманы орындағандай болды.

Аталған Заңда құқықтары ашық жазулы тұр, студенттер Жатақханада тұрып жатқан соң, жай тіркеуге де, тұрақты тіркеуге де сол Жатақханада тұруға міндетті.

Егер, басқа мекенжайға тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхатқа немесе азаматтыққа құжат өткізсе, сол жерде тұруың керек. Болмаса, тіркелген жерінде тұрмағаның үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 517-бабының 2 тармағына сай, жауапқа тартылып, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейсің, не Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберілесің! Студенттер мұны жақсы білгені жөн!!!

Отанды сүюдің басы – өз мемлекетіңнің заңын сыйлаудан басталады. Әрине, барлық заңды білу міндет емес те шығар, дегенмен шеттен келіп, Қазақстан топырағына аяқ басқан соң, мүмкіндік бар, барлық қандастарымыз, өздеріне қатысты «Халықтың көші-қоны туралы» заңының тармақтарын ақтарып, өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуі керек! Олардың басында, әрине, студенттер мен зиялы қауым өкілдері тұруға міндетті. Сонымен бірге, Жоғары оқу орындары да жаңа оқу жылы бастала салысымен арнайы мамандарды, көші-қон қызметі полициясының жауаптыларын шақырып, шеттен оралған студенттерге Заң жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы тиіс! Сондай-ақ, кезінде шеттен келіп, ЖОО-да қызмет атқаратын ғалымдар мен мұғалімдер де бұл жұмысты қаперіне алып, артынан келген жерлестеріне жол сілтеп отырса, артық болмас еді.

Қықартып айтқанда, бұл іске өз құқығын білмеген студенттер де, олаға Заңды түсіндіру жұмысын жүргізбей қаңғытып, делдалдарға жем қылған Жоғарғы оқу орындарының жатақхана басшылары да, дұрыс кеңес бермеген көші-қон қызметі полициясының инспекторлары да кінәлі!

Ал, делдалдардың әрекеті – қылмыс!

Қазақстан – құқықтық мемлекет. Егер, этникалық студенттерге жатақхана басшылары тұрақты тіркеуге тұру туралы қолдаухат бермесе, ал берген қолдаухатты көші-қон қызметі полициясының инспекторлары қабылдамаса, ол студенттің ана екеуін қосып сотқа беруге толық құқығы бар және сотта сөзсіз ойсырата жеңіп шығады!

Ауыт Мұқибек

05.07.2018

Астана

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052