Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 7305 0 пікір 28 Ақпан, 2017 сағат 10:01

ЕҰУ-ДА ОРАЛМАН СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛУДА

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры

Е.Б.Сыдықовқа

Құрметті Ерлан Батташұлы!

Өзіңіз жақсы білесіз, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы №264 Қаулысына сай, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 2 пайыз оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы бөлінеді.

Атажұртына алыс-жақын шетелден білім алу мақсатында келіп, сол жеңілдікпен ЖОО-на түскен этникалық қазақ студенттердің бір бөлімі Сіз басқарып отырған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де оқып жатыр.

Бұл Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың республика шегінен тыс жерлерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың жас ұрпақтарының тарихи Отанына оралуы үшін жасаған зор қамқорлығы. Екінші жағынан олардың қоныстанып қалуына да мүмкіндік туғызып отыр!

Ал, сол студенттердің елге оралып, оқуға түскеннен кейінгі құқықтары мен міндеттері «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 33-бабында арнайы қарастырылған.

Онда, «Қазақстан Республикасына білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін:

1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге;

2) тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.» - деп, тайға басқан таңбадай ашық көрсетілген.

Бұл Заң соңғы рет қайта қабылданып, қолданысқа енгелі (2016 жыл 1 қаңтардан бері), міне, бір жыл үш айға таяды.

Өкінішке орай, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да оқып жатқан сол этникалық қазақ студенттердің «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында белгіленіп, Елбасы қол қойған осы құқықтары бұзылып жатыр. Студенттер тіркеуге тұратын үй іздеп, тентіреп кетуге мәжбүр болуда.

Этникалық қазақ студенттер аталған Заңда көрсетілген құқұқтарын пайдаланып, өздері тұрып жатқан университет жатақханасына тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат, одан ары азаматтық алайын десе, ЕҰУ –дың жатақханаға жауапты басшылары оларға қолдаухат бермей қинауда. Сондай студенттердің өтінішін тыңдап, Майра Мұсабекова ханымға телефон шалсақ, ол кісі ондай заң-паңыңызды білмейтін көрінеді. «Студенттер өздері үй тауып, сонда тіркеліп, азаматтығын ала берсін!» - деп, қарап тұр!

Шеттен келген студенттерде қайдағы үй?! Көбінде жоқ қой!

Қысқасы, Елбасы қол қойған Заңды пысқыратын түрі жоқ!

2015-жылы «Халықтың көші-қоны туралы» туралы Заң жобасы Елбасымыздың тапсырмасымен Парламентте қайталай түзетулер мен толықтырулар енгізіп қабылданғанда, этникалық қазақ студенттерінің әрі ЖОО-да оқып, әрі Қазақстан Республикасының азаматтығын алып бірақ шығулары үшін, олардың басқа тіркеуге тұратын үйлерінің жоқтығын ескере отырып, арнайы осы бапты енгізген болатынбыз. Өйткені, бұдан бұрынғы жылдары шетелден келіп оқыған қазақ жастары Үкімет қаражатымен оқып, азаматтық ала алмай, көбі келген еліне қайта кетуге мәжбүр болып келген.

Тіпті, басқа жерден үй тауып, тұрақты тіркеуге тұрған күннің өзінде, ол тіркеу туралы Заңға қайшы келеді. Тіркеу туралы Заңның талабы бойынша тіркелген мекенжайда тұруың керек. Тұрмасаң, айыппұл төлейсің. Ал, оралман студенттер  «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 49-бабына сай, әкімшілік құқықбұзушылық жазасына тартылып, тұрақты тіркеуінің күші жойылуы, тіпті елден шығарылып жіберілуі де мүмкін.

Құрметті Ерлан Батташұлы!

Сіздің шеттен оралған қабылетті қыз-жігіттерді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-не қызметке алып, зор қамқорлық жасап жатқаныңызды біз өте жақсы білеміз.

Енді қол астыңыздағы оралман қандас студенттерге де көз қырыңызды салып, олардың Заңда көрсетілген құқықтарына сай, университет жатақханасына тұрақты тіркеуге тұрып, жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) ықтиярхат немесе азаматтық алуына қолдаухат бергізуіңізді және амалсыздан сырқа тіркелген этникалық қазақ студенттерінің тұрақты тіркеуін оқу бітіргенше өздері тұрып жатқан бөлмелеріне жөткеп әкелтуіңізді сұраймын.

Құрметпен, Ауыт Мұқибек

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269