Сенбі, 23 Қараша 2024
Африкалықтың арманы... 5721 15 пікір 6 Шілде, 2018 сағат 09:48

Құлдық менталитеті басым Қытай әлемге жетекшілік етпек пе?

АҚШ-ның бүгінгі супердержавалық ықпал мен жетекшілік қарымға қалай қол жеткізген тарихы кімге болмасын қызықты екені ақиқат. Қазіргі таңда құлдық менталитеті басым бола тұра Қытай қазір әлемге жетекшілік ету үшін барын салып жатқаны белгілі. Осындай тұста өткеннен сабақ алу үшін АҚШ-тың жүріп өткен жолын бір саралап қойғанның артықтығы болмас деген оймен төмендегі мақаланы жазып отырмыз. 

1776 жыддың 4 шілдесінде Ұлыбритания қоластынан дербестік жариялап шығып, 1789 жылы 13 аймақтың басын құрап одақтас үкімет құрған АҚШ, жер көлемі 900 мың шаршы шақырым, жан саны 4 млн.ғана шағын ауылшаруашылық елі болатын. Бір ғасыр өткенде, 1890 жылы Америка құрама штаттарының жер аумағы 3.6 млн.ш.ш-ға, жан саны 63 млн.-ға жеткен, индустрияландыруды толық еңсерген, ЖІӨ Англиядан асып, әлемнің алдына озған бақуатты елге айналды. Осынау экономикалық әлеует америкалықтардың бәсін үстетіп, сенімін нығайтып қана қоймай, сүйікті отандарының әлемдік аренадағы жаңаша рөлін сомдауды қарастыруға итермеледі. 1898 жылы мемлекеттік хатшы лауазымынан енді босаған Richard Olney Гаруард университетінде жасаған баяндамасында ел атасы Уашингтонның Еуропа істеріне бас сұқпайтын оқшауланушылдық ұстанымынан бас тартып, елдің қазіргі қуатына сай халықаралық рөліне кірісу керектігін ұсынады. Құрама штаттардың 32-президенті, сол тұстағы Princeton университетінің профессоры Thomas Wilson да “125 жыл бұрын Англияның қоластынан бөлініп шыққан шанақтай елдің бүгіндері есейіп, халықаралық істерге араласуға қауқарлы болғанын қуаттайды.

“Құлақтың қасуына, шүріппенің басуы” дегендей, 1-ші дүние жүзідік соғыс осы күнге дейін жер шарына үстемдік жүргізіп келген Еуропа елдерін титықтатып біткен еді. Қансыраған Еуропа өнеркәсіптік қуаты, әскери әлеуеті үстем Американың көмегіне жантәсілім зәру-ді. Соғыстың бітуімен Еуропа жетекшілік ететін байырғы әлемдік тәртіптің де күні біткен болатын. Кезегінде мұрнағы профессор, ендігі президент Wilson мырза халықаралық тәртіптің 14 тармақтан тұратын жаңаша жобасын ұсынады. Бұл енді соғысқа қатысушы елдер басшыларының барлығының құптауына, әсіресе, ғасырлар бойғы қырқыстан ығыр болған Еуропа халқының алқауына ие болады.

Англияның Париж бейбіт келісіміне қатысушы өкілі, әйдік экономис John Keynes кезіндегі жағдай жайлы былай жазады: “…Американың құрлық армиясы әскер санымен ғана емес, жаттығу өресі мен жабдықталу деңгейіне дейін өзінің тарихи самғау шыңында тұрған-ды. Еуропа азық-түлікпен қамтылу жағынан тұтастай Америкаға тәуелді болатын. Финанс саласында америка басы бүтін үстем орында-тын, Еуропаның Америкаға берешегі оның қайтару қуатынан әлдеқайда асып кеткені былай тұрсын, ол Американың жалғасты қомақты көмек беруімен ғана аштық пен құрыдымнан сүйретіліп шыға алатын жағдайда еді”.

Енді Wilson мырза елін жер шарының бейбітшілігін баянды сақтаудың жауапкершілігін мойынға алуға шақырады. Американың дүниеге жетекшілік етуге керекті қуат пен салауатқа ие болумен бірге, оған беделінің де жеткілікті екенін дәлелдеуге тырысқан АҚШ президенті: “Дүние жүзі халқы бізге ілесуде, біздің оларды бастауымыз керек” деп жар салды. Алайда, Wilsonның әлемге жетекшілік ету идеясы оқшауланушылдардың үзілді-кесілді қарсылығына тап болады. Еуропаны шіріктесу мен қастандықтың, авторитаризмінің ұясы санайтын оқшауланушылдар Еуропаға жолау Американың еркін, әділ, демократиялық дәстүрін бұзады деп қарайды. Wilson-ның соғыстың шашылған жұртын жинау үшін ұйымдастырылған “Халықаралық одақты” пайдаланып дүние жүзіне жетекшілік жасау ойын олар, ондай одаққа кіру Американы Еуропаның барлық былығына араластырып, ондағы қалың қырқыс пен берекетсіздіктің қатысушысы етіп қояды деп уәждерін айтты. Қысқасы, парламентті басып отырған оқшауланушылдар басымдыққа ие болып, Американы “Wersailles шартына” қол қоюдан бас тартқызып, 1920 жылы қауымдасқан “Халықаралық одаққа” кіргізбей тастады. Америка дүниеге жетекшілік ету орайын тұңғыш рет осылайша қолынан сусытып алды.

Тұтас 20 жылдарды өзін әлемге бас болудан аулақ, “өзін ескі әлемнің (Еуропаны меңзейді) әлегінен” оқшау ұстап келген АҚШ 1929 жылғы әлемдік дағдарыс кезінде кезекті мәрте дүние жүзілік басшылық жауапкершілігін ұсынды. Жер шарындағы экономикалық ең қуатты ел және әлемдік қаржы орталығы саналған оған тұтас әлем шынайы үміт артты, дүниежүзі елдерін осы алапаттан жетелеп алып шығар деп орасан сенім білдірді. АҚШ-тың Англияның 1815 жылғы waterlo шайқасынан 1914 жылға дейінгі уақыт аралығында ғасырға ұласқан қуатына парапар қуаты да бар еді. Алайда, Wilson-ның жолын қуушы, ұжымдық қауіпсіздік және еркін сауда-саттық принципін қуаттайтын, 1933 жылы билікке келген Franklin Rooseveit-тің өзі екі мәрте сайланған лауазымының бірінші мәртесінде Американың Еуропаның былығына шатысып кетпеуін басшылыққа алып, елдің басқа мемлекеттермен сауда-саттық және қаржылық барыс-келісін мейлінше шектеп, дағдарыстан шығудың жеке-дара қорғанымпаздық жолына жүгінді. Парламент пен тұрғындар да Американың халықаралық тірліктерге бас сұғуына мейлінше қарсылық танытты. ХХ ғасырдың ең үздік журналисі саналған, бүгіндері әлемге әйгілі «Заман», «Байлық», «Тұрмыс» журналдарының негізін қалаушы Henry Luce атап көрсеткендей, “1918 жылы дүниеге жетекшілік құқығы баршасының құптауымен АҚШ-қа табысталды, бірақ Америка халқы және АҚШ-тың сол тұстағы үкіметтері оны қызып тұрған қысқаш есебінде қарап, оны қолға алуға көңілдері дауаламады”. Демек, АҚШ әлемдік жетекшілікті қолға алудан тағы да бас тартты.

Нәтижесінде, алдыңғы жетекші - Англияның кәдуелгі несие таратушы және халықаралық саудаға ашық нарық ұсынушы тұғырынан, халықаралық күн тәртібін белгілеп, ережелер бекітетін қауқарынан айырылған: АҚШ-тың оның рөлін алып кетуге құлықты болмаған өліара жағдай, экономикалық дағдарыстың онан ары асқынуына, халықаралық тәртіптің онан сайын бейберекетсіздігіне сайып, кезекті дүниежүзілік соғыстың тұтануына әкеліп соқтырды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың от алуы Американың есін жиғызды десе болады. Президет Rooseveit те өзі қалайтын интернационалдық бағытқа ауып, Англия мен Кеңес одағына көмек беруге бекіді. Алайда, бұл «АҚШ бірінші комиссиясы» деп аталатын оқшауланушылардың табанды қарсылығына тап болады. Американың қос мұхиттан да оңаша “ықтын” жағрапиялық орнының оның қауыпсіздігіне кепіл болатынына сенетін олар, ана екеуіне қол ұшын беру - Американы көпе-көрнеу соғысқа айдағанмен тең деп пайымдайды. Тартыс қызып жатқан тұста, Жапонияның Перл-Харборға тұтқиыл шабуылы Американы соғыстың қызған ортасына итеріп жібергендей болды. Ендігәрі бейтарапшылдық, оқшауланушылық дәріптемелері қол болмай қалады. Соншама құдыретті қуатқа ие отандарының әлемдік жаңа тәртіп орнатуға бастамашы болуға тиіс және оған лайық екендігі АҚШ халқының да сана сүзгісінен өтіп, қабылданады. 1943 жылдың наурыз айында «бүтін Америкалық христандары федерациясы басқармасы» мемлекетті оның “қуатына және ол дөп келіп отырған орайға сай сындарлы әрекет жасауға” шақырған үндеуді жариялайды. Оның көкейтесті ойы АҚШ-ты “дүниенің көшбасшысы” болуға үгіттеу болатын. 1949 жылы 19 қыркүйекте президент Harry Truman өзінің парламентке жасаған төтенше жолдауында былай баяндайды: “Мейлі біз қаласақ та, қаламасақ та, мынаны мойындауымыз керек-ті, біздің жеткен жеңісіміз дүниеге ары қарай басшылық жасаудың ауыр міндетін Америка халқының иығына артып отыр. Дүниежүзінің болашақтағы бейбітшілігі, көбінеки біздің еліміздің мемлекеттердің арасында жалғасты көшбасшылық жасау рөлін ойнауға шынайы бекінген-бекінбегендігіне байланысты болмақ”.

Мұнан шығатын қорытынды, екінші дүние жүзілік соғыс Америкаға мыналарды ұғындырды: ғылым мен технологияның қазіргі даму жағдайында, қос мұхиттың да арғы жағалауына қоныстану мемлекетті әлдеқандай әскери шабуылдан арашалап қала алмақ емес; оқшауланушылық сенің сенім тұтатын еркіндік, демократия, теңдік қағидаттарыңды әлдеқандай қағынғандар мен асторитаристердің бас салуынан қорғап қала алмайды; дүние жүзілік ең белді мемлекет ретінде, сол әлеуетке лайықты әрекет жасап, ықпал көрсетпеу өзіңе де, бүкіл адамзатқа да апатты зардап әкеледі. Осы сабақтардан тиісті қорытынды тұжырған АҚШ парламенті, 1945 жылдың шілде айының 28-індегі «БҰҰ жарғысын» 89:2 дауыспен мақұлдаумен бір уақытта (1920 жылы халықаралық одаққа кіру-кірмеуді дауысқа салғанда бұл көрсеткіш 49:35 болған еді), әлемдік көшбасшылықты мойнына алғандығын да ишаралады. Содан бергі 70 жыл бойы АҚШ әлемге өктемдік жүргізіп келеді.

Бұл тақырыптың маңызы мынада. Дэн реформасынан бері керемет жетістіктерге жеткен біздің құдайы көрші, стратегиялық әріптесіміз ҚХР-ның өңірлік менмендігі мен державалық пиғылы асқынып бара жатқандай. Көптеген факторлардан әлемдік жетекшілік шарттарына, жұмсартып айтқанда, қазірше жауап бере алмасына қарамай, осы рөлге төтенше құлшынуда. Ол, әрине - өз қалауы. Десе де, көтере алмас шоқпар байланудың кім-кімге де абырой әпермесі тарихтан белгілі. Оның үстіне мына жайттар алаң тудырады. АҚШ әлемдік көшбасшылықты төрт көзі түгел тұрып, әлем қосқолдап ұсынып тұрғанның өзінде қабыл алған жоқ. Өйткені, АҚШ мемлекеті мен халқының сол тұстағы мүддесі бірінші орынға қойылып қарастырылды. Ал қазіргі Қытай үшін халықтың әлі де 70 пайызын құрайтын төмен табыстыларының жағдайын күйттеуден гөрі әлемнің тізгінін меңгеру көкейтесті мәселеге айналып отыр. Баяндағанымыздай, АҚШ-қа да атқару жүйесі көшбасшылық мәртебеге талпынғанымен, билік тармақтарының бөлінісі шартында, қадағалау жүйесі — парламент оған жол бере қойған жоқ. Қытайдың бір партия билеген жағдайында, мұндай тежем болмағандықтан, алынған шешім мейлі ол оңды болсын, теріс болсын, күшінде қала беретіні тым алаңдатарлық жайт. АҚШ-та халық  қаламаған жағдайда Wilson да, Rooseveit те бастамаларын өткізе де, тықпалай да алған жоқ. Қытайда бұл мүмкін емес жағдай. Өйткені, бұл бір жағынан саяси жүйеге байланысты болса, екінші жағынан басшы айтса құлдық дейтін менталитетке де байланысты. Бұған Қытай жұртының дүрмекке ере шабатын шалағай бөспелігін қосыңыз. Осылардың барлығы Қытайды ұмтылған бағытына үшкірте түсетіндей.

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

 

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371