Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Әдебиет 9171 10 пікір 20 Шілде, 2018 сағат 10:42

Шыңжаңдық қаламгерлер Алтын орданың қара шаңырағына қадалған күміс уық

(Шынжаң қазақ әдебиетінің қазақ топырағына болған игі ықпалы хақында шолу)

Шынжаңдық қаламгерлер деуіміздің өз мәні бар. Шынжаңда туған, тегі Шынжаң өлкесінен саналатын қаламгерлер дегенге саяды. Оның бір бөлімі ата мекенге ертерек оралса, соңғы буыны тәуелсіздіктен кейін келгендер. Тіпті тегі Шынжаңдық шет жұртқа кеткен қаламгерлер де бар. Түптеп келгенде, олардың барлығы да қайда, қалай өмір сүргеніне қарамастан жалпы қазақ әдебиетінің өкілдері саналады. Шынжаңдағы қазақ әдебиеті тұтастай қарағанда қазақ әдебиетінен бөлінбейді. Қара шаңырақтан еншісін алған отау сияқты.

1918 жылы алашшылдардың Шәуешекке баруы, Жүсіпбек Шайхыслам, Әсет Найманбайұлы сынды тұлғалардың арғы бет асуы, 1956 жылы Сәбит Мұқановтың, 1957 жылы Ғабит Мүсіреповтың Шынжаңда сапарда болуы тамырластық тамырының тереңде екендігін аңғартады.

Абай дәуірімен қанаттас қалам тартқан Ақыт  Үлімжіұлының әдебиеттегі қолтаңбасы, 1933-1934 жылдардағы Кеңес одағы мен Шынжаңның достық қарым-қатынасы, Дубек Шалғынбаев, Таңжарық Жолдыұлы сынды тұлғалардың әдебиетке үлесі арғы бет әдебиетінің өркендеуіне көрнекті ықпал етті. Сөйтіп тамыры бір, тағдыры басқаша әдебиеттік орта қалыптасты. Арғы төркіні ауыз әдебиетінің бай қазынасынан нәр алған қазақ әдебиетінің ондағы өркені қазақы қара сөздік қоры жағынан көштен қалмас тебінмен бой көрсетті.

Қазақстан мен Шынжаң қарым-қатынасы 1930 жылдардың бел ортасында ерекше жақсарса, 1949-1957 жылдар кезінде де барынша дамыған еді. Сөйтіп әдебиет пен мәдениеттің алмасуы да тереңдей түскен болатын. Хурещев пен Мау Зыдұңның алакөзідігімен үзілген бұл қарым-қатынас 1991 жылғы тәуелсіздіктен кейін ғана қайта жалғасты.

Десе де, арада болған көші-қон қатынастары бәрі бірде екі елдегі қазақ әдебиетіне белгілі дәрежеде ықпал етіп отырды. Тақырыбымызға орай айтқанда, Шынжаң қазақ әдебиетінің атамекендегі қазақ әдебиеті мен өнеріне де белгілі дәрежеде ықпалы болғанын жоққа шармаймыз.

Сөз орайы келгенде көші-қон үрдісінің қалай қалыптасқаны жайындағы тақырыпқа да кеңірек тоқтала кетейік. 1930 жылдардың ішінде Қытайдағы кеңес консулдықтарының жанынан құрылған Үрiмжi, Құлжа, Шәуешек, Алтай және Қашқарда орналасқан «Кеңес мұғаджарлар қоғамының» өкiлдерi мен олардың сенiмдi агенттерi 1945 жылдан бастап Кеңес Одағына қайтамын деген адамдарға кеңес азаматтарының паспортын (төлқұжатын) үлестiрді. Кезiнде «кеңестiк тазалау», «бай-кулактарды жазалау» деген желеумен жүргізілген кеңестiк саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырап,  шекара асқан қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкiлдерiне де 1950 жылдары Кеңес одағына қайта оралу мүмкіндігі туды. Олардың арасында 1916-1933 жылдар аралығында Қазақстаннан қашқан қазақ, ұйғыр, дүнген,  өзбек, орыс және т.б. ұлт өкілдері де болды.

Олардың шекарадан ары өткендiгi туралы құжаттық белгiсi бар-жоқтығына қарамастан, тууы туралы куәлiгiн алып кеткендердi сол құжат негiзінде, ал, құжаты жоқтарды тiлектерi бойынша «кеңес азаматы» деген тiзiмге тiркедi. Тіпті, Қазақстанға кетемiн деп тілек білдірушілерге де мөр басылған Кеңес Одағы азаматының төлқұжатын берген қолайлылықтар жасалды.

Екі ел арасында кеңес азаматтарын қайтару туралы арнайы келісім-шарт болмағанымен, 1954 жылы Кеңес одағы мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы жасалынған 10 жылдық келісім-шарт «кеңес азаматтарының» Кеңес одағына қайтуына жол ашты. Сонымен бірге, Кеңес одағы Министрлер кеңесі 1954 жылы 16 сәуірде №751-329 ерекше құпия жарлығы бойынша маусым-тамыз айларында Қытай Халық Республикасындағы «кеңес азаматтарын» тың жерлерді игеруге көшіру туралы, 1955 жылы 17 қыркүйекте №1701 «Шекарадан тыс жерлердегі кеңес азаматтарын репатриациялау және оларды КСРО-да еңбекпен қамту» туралы қаулы қабылдады. Осы қаулылар негізінде Қытайдың Шынжаң өлкесінен қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де қайта оралды.

Шын мәнінде Қытай мен Кеңес одағы арасындағы әр түрлі көші-қон жұмысының төркінінде көптеген халықаралық мәселелер жатты. Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін жаңадан құрылған БҰҰ-на мүше мемлекеттер алдында тұрған ең зəру мəселе соғыс зардабынан босқынға немесе азаматтығы жоқ адамдарға айналған миллиондаған адамдардың тағдыры болды. БҰҰ Экономикалық жəне Əлеуметтік Кеңесінің (ЭКОСОС) 1949 жылғы шешімі бойынша арнайы комитет құрылып, оның міндеттеріне босқындар мен азаматтығы жоқ адамдар мəртебесі туралы Конвенциялар əзірлеу жəне азаматтығы жоқтықты жою жөніндегі ұсыныстарды қарау кірді.

1951 жылғы Босқындар мəртебесі туралы конвенцияға қосымша ретінде əзірленген «Азаматтығы жоқ адамдар жөніндегі хаттама» 1954 жылы жеке конвенция болды. 1954 жылғы конвенция азаматтығы жоқ адамдардың мəртебесін реттеуге жəне жақсартуға əрі азаматтығы жоқ адамдарға кемсітусіз негізгі бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз етуге арналған негізгі халықаралық құрал болып табылды.

1954 жылдан бастап қарастырылған қытай жеріндегі шағын ұлттарға автономия беру мәселесінің көтерілгенін еске алсақ, әрине, оның ар жағында халықаралық заң негіздемелерінің жатқанын аңғару қиын емес. Көші-қон төңірегіндегі әр түрлі қозғалыстар сол тұстан бастау алды.

Осы кезеңдегі әдеби алмасулар хақында сөз қозғағанда Қытай мен Кеңес одағының оңды қарым-қатынастары атамекендегі (Қазақстандағы) әдебиеттің озық өкілдерінің іс-тәжірибесі мен шығармалық практикасын Шынжаңда көрсетуіне, ондағы қаламгерлерді жетелеуіне орай тудырды. 1950-1957 жылдар арасында Кеңестік Қазақстан қаламгерлерінің шығармасы Шынжаң жағына еркін жетіп тұрды. Дос елдер тұрғысындағы әдебиеттік, мәдениеттік барыс-келістердің көптеген пайдалы жақтары болды. Аталған жылдар ішіндегі Шынжаң қазақ қаламгерлерінің өсіп-өркендеу дәуірінің жеңісі мен жемісі, әрине, Кеңес одағы қаламгерлері арқылы қалыптасты. Мұндай ықпалдастық пен дамуға болған қозғаушы күш қазақ-қытай қарым-қатынастары төңірегіндегі мәселе ғана емес, жалпы халықарада бар үрдістер саналады.  

1961 жылғы азаматтығы жоқтықты қысқарту туралы конвенциясы болды. Конвенцияның қолдану аясына енетін адамдар өзінің ісін қарау жəне тиісті билікке арыз беру кезінде оған жəрдемдесу туралы өтінішпен жүгіне алатын орган құруды көздеді. ХҚК мен БҰҰ-на қатысушы мемлекеттер апатридтерге халықаралық көмек көрсету қажеттігі туралы шешім қабылдады.  

Осы және басқада азаматтықты қорғайтын халықаралық құқық ережелеріне сəйкес әр елге шашылған өзге ел азаматтары да өз құқын қорғауға немесе өзінің азаматтылығына қарасты елге көшуге құқықты екендігін тани бастады. Азаматтығы толық шешілмеген жеке тұлғалар тиісті органдарға өз азаматтығын алу жайында өтініштер білдірді.

Осындай халықаралық деңгейде қозғалған мәселелерге орай Кеңес одағы өз мемлекетінің пайдасына икемделген көптеген ішкі-сыртқы іс-әркеттерге бейімделді.    

Сөйтіп, Қытайдан «кеңес азаматтары» 1955 жылы 1-сәуірінен ұйымшылдықпен Кеңес одағы аумағына қоныс аудара бастады. 1955 жылға тікелей қатысты мәліметтерге үңілгенде, Қазақстан кеңшарларына 2400 отбасы, яғный 39467 адам көшiп келген екен.

1960 жылы кеңес-қытай қарым-қатынасы шиеленіскенге дейін екі елдің достық қарым-қатынасы аясында екі жақта қалған туыстар арнайы виза мен ресми куәліксіз бір-бірімен араласудың мүмкіндігіне ие болып тұрды.

1962 жылға келгенде жағдай өзгерді. Дегенменде, Қытай мен Кеңес одағы екі ел үкіметінің осыдан бұрынғы «Шынжаңдағы Кеңес одағы мұһажырларының еліне қайту құжаттарын оңайластыру келісім-шартына» орай, сол жылы Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысынан өткендердің саны бірнеше жүз мыңға жетті.

Зерттеуші ғалымдардың пайымынша, 1950-1960 жылдары Қытайдан қайта оралған қазақтардың саны туралы, мұрағат құжаттарын саралай отырып, 1954-1963 жылдары Қытайдан 268371 репатриант қайта оралды деп есептеуге болады: 1954 жылы 2461 адам Қытайдан ұйымдасқан түрде келді. Келесі 1955 жылы мен 1963 жыл аралығында барлығы 199269 адам ұйымдасқан түрде, ал, 1962 жыл сәуір айында 66841 адам өз бетінше Қытайдан Қазақстанға оралды. 1962 жылы келгендердің ішінде 16135 әйел, 27375 бала, 13121 жалғыз бастылар тіркелді (ҚРОММ.1987-қ., 1-т., 127-iс. 139-п.). Барлығын қосар болсақ, репатрианттар саны 268371 адам болып шығады. Қабылданған репатрианттардың басқа республикаларға барып орналасқандары да аз болған жоқ.

Жоғарыдағы екі дүркін көштен кейінгі үшінші көш еліміз егемендік алған 1991 жылдан бастау алды.

Ендеше, Шынжаңдағы қазақ әдебиетінің немесе онда туып есейген қаламгерлердің атамекенге беталуы осы тарихи оқиғалар негізінде қалыптасқанын білеміз.

ҚХР-дан 1955-1956, 1962-1969 жылдар ішінде бірнеше дүркін елдің қазақ жеріне босып өтуімен бірге көптеген қайраткерлер, ақын-жазушылар, өнер адамдары да атажұртқа оралды. Олардың барлығын бармақпен басып санап жатпасақ та, бастыларынан белгілі тұлғалардың атын атауға болады. Олардың алды ат жалын тартып мінген азамат шағында келсе, кейбіреуі ақыл-есі қалыптасып үлгерген балалық кезінде оралғандар.

Енді сол тізімге қайрыла бір қарайық: Балқаш Бапин, Уаһап Әбдырахман, Мұхаметжан Әбдрахманов, Жағда Бабалық, Нәбижан, Асхат Тайыпов, Қазыхан Манасбаев, Телмұхамбет Қанағатов, Ахметқали Бітімбаев, Қалдыбай Қанафин, Жексенбай Еділов,  Рамазан Қамитов, Тойбек Хасенов, Бәкей Әубәкіров, Патиқ Жабықбаев, Дәнеш Рақышев, Әкімжан, Кәкең, Хамит Нөкішев, Бұқара Тышқанбаев, Ахмет Жүнісов, Рысбек Сарғожин, Жолдасбай Тұрлыбаев, Қабдеш Жұмаділов, Құрманбай Толыбаев, Елубек Байтақов, Уақап Қыдырханұлы, Ғалым Тыныбаев, Абылай Түгелбаев, Фарида Шарипова, Әмина Нұғыманова, Әлімғазы Дәулетхан, Нұрқасым Қазыбек, Нүкеш Бәдіғұлов, Жәркен Бөдешұлы, Қажытай Ілиясұлы, Айтан Нүсіпханұлы, Әбдеш Дайырбаев, Ғалым Нөкіш, Жанат Ахмәди, Несіпбек Айтұлы, Марфуға Айтқожина, Құныпия Алпысбаев, Зұфар Сейітжан, Сара Таңжарық, Шара Таңжарық, Оразақын Асқар, Кеңесжан Шалқар, Мінуар Әкімхан, Қазыхан Әше, Жабайыл Бейсенов, Қазтай Әбішұлы...тағы басқалар.

Осының ішінде әдебиет, өнер, мәдениет, ақпарат майданында еңбек еткендерден – Д.Рақышев, Б.Тышқанбаев, А.Жүнісов, Қ.Жұмаділов, Қ.Толыбаев, У.Қыдырханұлы, Ғ.Тыныбаев, А.Түгелбаев, Ф.Шарипова, Ә.Нұғыманова, Ә.Дәулетхан, Н.Қазыбек, Н.Бәдіғұлов, Ж.Бөдешұлы, Қ.Ілиясұлы, А.Нүсіпханұлы, Ғ.Нөкіш, Ж.Ахмәди, Н.Айтұлы, М.Айтқожина, Қ.Алпысбаев, З.Сейітжан, О.Асқар, К.Шалқар, М.Әкімхан, Қ.Әше, Ж. Бейсенов, Қ.Әбішұлы, т.б. көптеген есімдерді атауға болады. Мұның әр бірінің де үлес-салмағы мен өз орны бар. Егер бұлардың есімін сызып тастасақ, қазақ өркениетінің бір бұрышының үңірейіп қалатынын да дау жоқ.

Сөзімізді дәлелді ету үшін аталған тұлғалардың әдебиеттегі еңбектеріне азырақ шолу жасай кетейік.

Қабдеш Жұмаділов есімін бұл күнде жалпақ қазақ біледі. Алғашқы еңбек жолын Шынжаңда бастап, қаламын сонда ұштаған Қабекең қазақ топырағына өзін ғана алып келген жоқ. Қазақ сөз өнерінің қаймағын қалқып, майын тамызатын таза табиғатымен келді. 1962 жылы атамекенге оралған Қ.Жұмаділов «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз» сынды кесек дүниелер берді. Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған. Оның екі кітаптан тұратын «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр» романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. «Соңғы көш» дилогиясына М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілген. «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Дарабоз» романдары мен хикаяттар топтамасы орыс тіліне аударылып басылған. Жекелеген әңгіме, хикаяттары қырғыз, өзбек, ұйғыр, украин, белорус, грузин тілдерінде, «Соңғы көш» романы түрік тілінде жарық көрген. Бүгінге дейін отызға тарта кітабы шыққан.

Кешегі М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов мектебін жалғастырған қаламгердің өзіндік қолтаңбасы айшықты сөз өнерінде көрініс тапты. Бағасын алды.

Жазушы қазақ әдебиетіне қосқан қомақты үлестері үшін түрлі медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1998 жылы «Қазақстанның Халық жазушысы» деген атақ алды. «Парасат» орденінің иегері атанды. Қабдеш қаламынан туған дүниелер өзінің таза тілдік қоры ғана емес, дәстүрлі, классикалық келбеті жағынан да өзгеше, өзіне тән жазу мәнерімен де ерекшеленді.

Жанат Ахмади қазақ әдебиетіне шешен, шебер қалпымен том-том еңбектер сыйлады. Оның қаламынан туған – «Дүрбелең», «Шырғалаң», «Есенкелді би», «Жарылқап би», «Қарадан туған хан Нұрабай», т.б. романдары мен хикаяттары қазақ әдебиетінің қазынасына қосылды.

Балқаш Бапин, Жағда Бабалық, Қалдыбай Қанафин, Ғалым Нөкішев, Айтан Нүсіпханұлы, т.б. лар қайраткерлік еңбектерімен, естеліктерімен бөліссе, Ахмет Жүнісов, Құрманбай Толыбаев, Ғалым Тыныбаев, Әлімғазы Дәулетхан, Құныпия Алпысбаев, Зұфар Сейітжан ғалымдық қырларымен, зерттеу еңбектерімен, тарихи тақырыптарымен көзге түсті.

Қажытай Ілияс, Қазыхан Әше сатираның сарбазына айналып, садағын тартты.

Нұрқасым Қазыбек, Уақап Қыдырханұлы, Кеңесжан Шалқар, Мінуар Әкімхан, Қазтай Әбішұлы да әдебиет және журналистика төңірегінде шама-шарқынша қалам сілтеді, өз соқпақтарымен із салды.

Шынжаң қазақ әдебиетінің ұлтанды бөлегін поэзия құрайды десек,  Жүсіпбек Шайхыслам, Әсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Асқар Татанайұлы бастаған ұлы көштің дүбірі де аз болған жоқ.

Сол ауылдың түтінін түтетіп, жыр ошағын көсеген сол кездегі жас буын өкілдерінен – Оразақын Асқар, Нүкеш Бәдіғұлов, Жәркен Бөдешұлы, Несіпбек Айтұлы, Марфуға Айтқожина секілді тұлғалар ата жұртына келіп қара өлеңге қамшы басудан танған жоқ.

Өз кезінде біздің (Ж.Шәкенұлының) ықпалымызбен жарық көрген Шынжаң жас ақындарының  «Талбесік» («Ақбота – Ш. Алматы, 2002 ж) жыр жинағын көргенде көрнекті қазақ қаламгері  Қалихан Ысқақ: «Асықпайтын, жол жорғадай әсем ырғақ, сылдыраған бұлақ көзіндей еркін төгіліп жатқан зорлықсыз ұйқас, сосын сурет, сағыныш боп жүректі шымшыған пәк сезім, көңіл күй, сосын қоңыр үн! ...Алтайдың аржағынан келген қоңыр үн. Несіпбек қайта бастаған қазақы өлеңнің жалғасындай десем қате айтпаспын деймін. Әрине, оның аржағында Мұқағали тұр: Біздің жазығымызда, тауымызда, қысқасы суретімізде қазақтың өз бешпетіндей... поэтикалық қадірін былай қойғанда, бұл жинақ туған жер, ата мекен туралы сағыныш, қазақы өлеңді сағынып қалып едік, бұл да сол сағыныштың жұбанышы болған сияқты» деп толқып еді. Қалиханның бағасын атамекен әдебиетінің алыстағы бауырларға деген бағасы десек артық айтқандық болмас.

Шынында да Жәркен Бөдешұлы мен Марфуға Айтқожина қазақ әдебиетіне сағыныш жырларын арқалап келді. Туған жер, өскен ортасынан алыстаған бейбақ жүректің мекен сағынышын нәзік жырға орап, жан тебірентерлік үн қатты. Несіпбек Айтұлы Мұқағали жырын, қазақ қара өлеңін өзгеше, өзінше толқытты. Н.Айтұлының нәзік сезімге оранған тәтті ликалары, айшықты, рухты үні ұлт әдебиетінен өз орнын тапты.  

Ж.Бөдешұлының:

Туған жерім Жайыр тау,

Екі өркеші айыр тау.

Айыр таудан сұм тағдыр,

Тірідей мені айырды-ау

Немесе:

Қолымды созбас едім Айға булай,

Көзімнің жасын көрер қайда құдай?

Өр Алтай,

Тарбағатай,

Қайран Іле,

Ошақтың үш бұтындай аймағым-ай, – деген зарлы, сағынышты күйіне толқымауың мүмкін емес. Өлең өлкесінің аспанынан сынық қанат қызғыш құсты көресің. Ол бірде Махамбетше – жыраулар сарынымен саңқылдайды. Бірде қорыған көлін айналып, жағаға, жартасқа мұң шағады. Енді бірде шағалаға айналып, шабыт көгінде бұлттармен қатарласады.

Сағыныш – Марфуға Айтқожина жырының да өзегі.

Құстар қайтып, шұбырып барады елге,

Қауышады аңсаған дала, көлге!..

Алып кетер ажалдан бұрын мені,

Елге деген сағыныш –

Қара жерге...

 

Немесе:

Кеткен алыс аралап сағым қырды,

Жаным жырлы, айтатын әнім нұрлы.

Амалым жоқ айтпасқа бұл шындықты,

Сағындырды туған жер,

Сағындырды...

Жүректі езерлік, позезия тілімен өрілген өлең жолдары қаныңды тулатады, жаныңды шөлдетеді.

Оразақын Асқардың да ешкімге ұқсамайтын өзіндік қыры мен сыры, қолтаңбасы бар. Балалар әдебиетінде де бағын сынаған жемісті қаламгер. О.Асқарұлы, Б.Тышқанбаев, Н.Аманжолов, Е.Байтақов, А.Жүніс, т.б. сынды бір топ ақын кезінде Шынжаң қазақ поэзиясының алғашқы өкілдері қатарында қолына қалам алғандар есептеледі.

Жәркен де, Несіпбек те, Марфуға да, Оразақын да қазақ әдебиетінің өлең аталатын өлкесіне көл-көсір дүниелер сыйлады. Еркін, шабытты, талықпас қалпымен өнімді еңбек етті.

Жалпы, шетелдеді қазақ әдебиеті туралы сөз болғанда оның негізгі өкілі қытайдағы қазақтардың әдебиеті екені дау тудырмайды. Шетел қазақтары деген атаудың пайда болуына тоқталғанда оның басым пайызының қытайдағы қазақтардың жер бетіне шашырап-таралуы арқылы қалыптасқанын білуге тиіспіз. Нақтылап айтқанда, моңғолия қазақтары, Еруопа-Түркия қазақтары бәрі де Халифа Алтайдың сөзімен айтқанда «Алтайдан ауған ел». Түп тамыры, ауыз әдебиет үлгілері, Абай мен Ақытты өнеге еткен мектебі бір. Сондықтан да «Қытайдағы қазақтардың әдебиеті» тақырыбына орай айтқанда олардың сабақтастығын бөліп қарауға болмайды. Сөзіміздің басында ескерткеніміздей бәрі де Шынжаңдық қаламгерлер деуімізге негіз бар. Мысалға Халифа Алтай, Хасан Оралтай, Сейітхан Әбілқасымұлы өмірлерін алуға болады. Деректі, очеркті, тарихи хикаяларды айтпаған күннің өзінде көрнекті жазушы Сейітхан Әбілқасымұлының өмірінің қытай, моңғолия, қазақстан үш елге ортақ өткені де сол сөзіміздің дәлелі.

Мейлі Түркия-Еуропаны айналып келсін, мейлі Моңғолия-Ресейді айналып келсін, түп төркіні түркінің көне жұрты – Алтайдан ауған кіндікті елдің ұрпағы атамекенде бас қосты, қара шаңыраққа жиналды.

1991 жылы қазақ елінің     еркіндік алып, көк жалауын желбіретуі, әлем алдындағы асқақ тұлғасы қазақ қаламгерлеріне де қанат бітірді. Алыс-жақын шетелдерден атамекенге оралған қаламдастар саны аз болған жоқ. Соларға бір көз салсақ, төмендегідей есімдерді атауға болады.

Алдыңғы буыннан: Серік Қапшықбай, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Жақсылық Сәмитұлы, Оразанбай Егеубай, Зейнолла Сәнік, Жұмәділ Маман, Ахметолла Қалиұлы, Сейітхан Қалиұлы, Меллат Рамет, Дәулетбек Қаңбақов, Мұқаш Дайырбаев, Сәли Сәдуақасұлы, Ғазез Райысұлы, Рахмет Қойшин, Қабылқақ Күлмесханұлы, Керейғазы Нұрсадық, Сламхат Сейітқамзаұлы, Халқазат Төлеуханұлы, Армиябек Сағындықұлы, Болат Бопайұлы, Өнерхан Өгізбай, Ахметжан Қайбар, Ыбырай Файзуллин, онан кейін – Керім Елемес, Алмас Ахметбек, Ғалым Қалибек, Дүкен Мәсімхан, Тұрсынхан Зәкенұлы, Ләззат Игісін, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Бекқожа Жылқыбек, Тұрсынбай Дәуітұлы, Серік Нүсіпұлы, Серік Нұғыманұлы, Тұрсынбек Байжұмаұлы, Мақсұтхан Дәлейұлы, Омаралы Әділбек, Әбдібек Әбманап, Қайрат Құлмұхамет, Өркен Ақантайұлы секілді орта буын бар. Жастардан – Адалбек Ахмәди, Мұратхан Шоқан, Иманғазы Нұрахметұлы, Ауыт Мұқибекұлы, Ермұрат Зейіпханұлы, Ардақ Нұрғазыұлы, Мағиза Құнапияқызы, Мұрат Шаймаран, Қалбан Ынтыхан, т.б. есімдерін атауға болады. Бұл есімдер көбеймесе азайған жоқ. Толысып, толықсып, өсіп отырды. Айталық,  Ырысбек Дәбей, Ұларбек Дәлей, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым, Гүлманат Әуелхан, Қойшыбек Мүбарак, Талапбек Тынысбек, Ерболат Әбікен, Оразбек Сапархан, т.б. кейінгі буын – жастардың шоғыры тіптен мол. Олардан кейінде құйрық тістесіп жеткен жастүлектер мен тастүлектер де жетерлік.

Шынжаңнан келген орта буын өкілдерінен ғалымдығы мен әдебиетшілдігін қатарынан танытқан Д.Мәсімханұлы, Т.Зәкенұлы және қаламынан қолынан тастамай еңбек етіп келе жатқан К.Елемес, А.Ахметбек, Ғ.Қалибек, Л.Игісін, Д.Байтұрсынұлы, Б.Жылқыбек, А.Ахмәди, М.Шаймаран, т.б. қаламгерлер де тәуелсіз еліне жан-тәнімен қызмет етіп, атажұртқа деген ақ қадамын қара қаламымен айғақтап келеді.                                                                               

Аталған топтың ізін басқан орда бұзар отыздың арғы-бергі жағындағы бір тобы бүгін де додаларда жұрт көзіне түсіп, әр түрлі жүлделермен қанжығасын майлап жүр. Халықаралық, республикалық бәйгелерде маңдайы жарқырап жүрген кербестілердің шоғыры мол. Олар күйі келіп, күні оңынан туған тұлпарлар мекенінің дүбіріне дүбір қосуда.

Прозада Жақсылық Сәмитұлы ұлт әдебиетіне баға жетпес құнды шығармалар сыйлады. Оның қаламынан туған әр бір туынды суреткерге тән, ұлттық нақышы қанық, жеке даралығымен көзге ұрады. Қазақ классиктерінің дәстүрін жаңа прозаға бағындырған шеберлік менмұндалайды. Шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған Ж.Сәмитұлының қаламынан туған «Атамекен», «Тау самалы», «Ақ тілек», «Ақ сәуле», т.б. повесть, әңгіме жинақтары арғы бет оқырмандарының ерекше алқауына бөленген. «Атамекен» кітабына Қытай Халық Республикасының мемлекеттік сыйлығы берілген. Қазақстанда жазушының «Сергелдең» атты трилогиясының бірінші және екінші кітабы, «Қытайдағы қазақтар» атты монографиясы басылып шыққан. Жазушының «Сергелдең» трилогиясы 2010 жылы «Қаһарлы Алтай» деген атпен үш томдық толық нұсқада «Дәуір» баспасынан қайталай басылып шыққан. «Атамекен», «Алтын қазық», т.б. әңгіме-повесттер жинақтары жарық көрген. Жақсылық Сәмитұлының кітаптары айырым-айырым зерттелетін сүбелі еңбектер.

Т.Рыскелдиев, С.Қапшықбай, О.Егеубай, З.Сәнікұлы бастаған қаламгерлердің қазақ топырағына бергені де аз болған жоқ. Айталық, бір кездері академик С.А.Қасқабасов басшылық ететiн М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шетте жүрген ағайындардың әдебиетi мен мәдениетiнiң хал-жағдайын зерттеп, зерделеуге бар күшін салып, Мемлекеттiк «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, аталған институттан шығып жатқан «Бабалар сөзi» сериясының 23-томынан 32-томына дейiн, Қытай қазақтарының «Фольклорын» 10 том етіп басып шығарған болатын. Осы игі жұмыстың басы-қасында кітаптарды баспаға дайындап, ғылыми түсiнiктерiн жазып Оразанбай Егеубайұлы ағамыз көрнекті еңбек етіп еді. Демек, бұдан әр бір сақа буынның арғы беттен келіп, әдебиет алдында, ұлт алдында өз борышын өтеуге табан ет, маңдай терін аямай жұмсағаны көріледі.

Жоғарыда аты аталған жас және жасамыс буынмен үзеңгілес моңғолия жерінен келген – Жүкел Қамай, Бақытбек Бәміш, Дәулеткерей Кәп, Ақеділ Тойшан, Бекен Қайрат, Ақсұңқар Ақынбаба, Ербол Бейілхан,  Ықылас Ожай, т.б. қаламгерлер тобы да ұлт әдебиетінің дүбірін молайтып, тойын қыздырды.

Сөз реті келгенде, моңғолиялық қаламгерлер хақында да айта кетейік.

Жалпы, Қытайдағы қазақ әдебиетiн тiлге тиек еткенде әдебиетші ғалымдар Моңғолиядағы қазақ әдебиетiнiң де даму сатысын Қытайдағы қазақ әдебиетiмен ұштастыра қарайды. Жыл мерзімінен қарағанда да сабақтас, желілестігі және атамекен әдебиетімен тығыз байланыста болғаны анық байқалады. Айталық, 1955 жылы Баянөлгейде   аймақтық жазушылар үйiрмесi құрылып, 1957 жылы «Жаңа талап» атты әдеби алманақ жарық көредi. Осы үйiрме 1969 жылы МХР жазушылар одағының қазақ бөлiмшесi болып қайта құрылады да, Қазақстанмен тығыз шығармашылық байланыста болады. Осы кезеңнен бастап танымал болған есiмдердің әдебиеттануда көрініс тапқандарынан – М.Құлыбекұлы, Ш.Нығышұлы, М.Сұлтанияұлы, Б.Қабанұлы, Қ.Қабылқақұлы, Ш.Шотпақұлы, Ж.Шәпенұлы,  Ақтан Бабиұлы, Құрманхан Мұқамедиұлы, Даниял Дiкейұлы, Имашхан Байбатырұлы, Шабдарбай Қатшаұлы, Арғынбай Жұмажанұлы, Елеусiз Мұқамәдиұлы, Қабидаш Қалиясқарұлы, Сейітхан Әбілқасымұлы, Жәмілиқа Шалұлы, Ислам Қабышұлы, Сұлтан Тәукейұлы, Шынай Рахметұлы, Байыт Қабанұлы, т.б. қаламгерлерлердің өнімді еңбек еткенін көреміз.

Аталған қаламгерлер хақындағы атамекен бағасына тағы бір мәрте үңілсек,  көрнекті әдебиетші ғалым Шерияздан Елеукеновтың «Қазақ әдебиетi тәуелсiздiк кезеңiнде» (2006ж) деп аталатын еңбегiнде С.Әблiқасымұлының шығармасына тоқталып: «Өзге елдiң жерi саналса да, қазақтың қалың бiр шоғырын құрайтын Шығыс Түркiстандағы бауырларымыздың мұңы, зары, жыры қазiргi әдебиетiмiздiң жайылып өскен жемiстi бiр бұтағы. Заман тарихы, ел өмiрiнiң беделдi-беделдi оқиғалары, қым-қиғаш қайшылықтары реалистiк бояуы қанық көркем шығармаларда өрнектелуде, сондай туындыларымыздың бiрi еңiреп туған ер Оспан батырға арналған. Романның аты да «Оспан батыр». С.Әбiлхасымұлы қасықтай қаны қалғанша ел бостандығы үшiн алысып өткен қас батырдың жарқын бейнесiн жаратқан» деген тұжырымды пікір білдіреді.

Кейінгі буыннан өздерінен бұрын  өлең жырлары жетіп, қазақ қазанына өзгеше бояумен құйылған моңғолиялық ақын Сұраған Рахметұлы мен қытайлық  жас ақын Ерлан Нұрдыханұлы есімдерін де ерекше атауға тиіспіз. Әсіресе, бүгінгі жаңа әдебиеттің өсіп келе жатқан, өнеге танытқан өркені негізінде өз мектептерін қалыптастырғанына құрметпен қарауға міндеттіміз. Әдебиет жасқа, шекараға қарамайды десек, ұлт әдебиетінің ғасырлар өларасындағы жаңғырығы ішінен Сұраған мен Ерланды аттап өту, есімін атамай кету мүмкін емес. Сұраған мектебі жеке зерттеуді қажет етеді.

Ерланның:

Сағыныштың саптыаяғы тағы да

Ернеуіңе ерінімді тигіздім...деуі, немесе:                                 

...

Маусым деген махаббатқа мас ақын,

Ал ақ дала алақандай бір қағаз, – деп төгілуінің бәрі-бәрінде Мұқағалиға мұңлық жыр боп бұйырған қара өлең қасиетінің өлместігін дәлелдейтін жолдар жатыр. Жәй ғана жатқан жоқ, құс жолындай таза моншағымен жарқырап, жайнап көзге ұрады. Қай топырақта туса да қазақ өлеңі өз қасиетін осылай көрсетті. Көрсетіп келеді де.

Алты қырдың астынан талып естілетін дала жыры – Ерланмен ғана шектеліп қалған жоқ. Қытайдағы қандастар арасынан шыққан Балапан Работов, Азия Мағыпер, Білісбек Әбдіразақ, т.б. талай жастар аға буынның ізін басып келеді. Айтыс өнерінде Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Бердіхан Абайұлы, т.б. ақындар мектебінен шыққан – марқұм Еркін Ілиясұлы және Жамиға, Ержанат, Қалихан сынды жастарымызда сол тізімнің ішінде.

Өзі жете алмаса да атажұртына сөзі – шығармасы жеткен қаламгердің бірі – Қажығұмар Шабданұлы. Ол – жазушы, ақын, драматург болып, қытай қазақтар жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі саналады.
Жазушылық таланты, адами адалдығы және өз көзқарастарына қатаң беріктігі үшін әсіресе Қытай қазақтары арасында зор беделге ие болған.
1978-1986 жж. аралығында Қ.Шабданұлының көптеген шығармалары жазылып жарық көрді, оның ішінде «Өгейлер» романы (1985ж) «Тарбағатай» журналында жарияланған. Қ.Шабданұлының өкілдік шығармасы – «Қылмыс» атты алты томнан (кітаптан) тұрады. Бұл романның бірінші томы 1982 жылы Шыңжаң халық баспасында (Үрімжі) басылып шыққан. Екінші томы да сол баспадан 1985 жылы шыққан. «Қылмыс»-тың алты томы 2009 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастының «Атажұрт» баспа орталығы жағынан осы жолдардың авторының (Ж.Шәкенұлының) редакторлығымен жарық көрген.

Романның арқауы – Қазақ даласына Кеңес өкіметінің орнауынан басталып, 1930-1940 жылдардағы Шынжаңдағы ұлт азаттық қозғалысына дейінгі тарихи және күнделікті оқиғаларды баяндайды. Шығарманың тілі уытты саяси әжуа мен мысқылға толы. Тістеп тартатын шымшуыры мен қармақша ілетін қандауыры бар.

Өр Алтайдағы ұлт-азаттық қозғалысының қаhарманы Зуқа батыр Сәбитұлы жайындағы «Пана» романы да 2004 жылы Қазақстанда жарық көрген болатын. Қ.Шабданұлы ақиқаты мен аңызы қатар тарап, атамекен    әдебиетінде де белгілі ықпал қалыптастырған қаламгер.

Қажығұмар хақында Қ.Жұмаділов Жүсіпбек Қорғасбекке берген бір сұхбатында: ««Қылмыс» романын ең көп оқыған адаммын. «Шыңжаң әдебиеті белгілі ғой, төмен. Баяғы 1930 жылдардағы кезеңінде жүр» деген үстірт пікір айтып жүр кейбір жігіттер. Ол қате. Оған дәлел осы Қажығұмар. Шындықтың көкесі сонда, қаны шығып тұр. Оны ғажап шеберлікпен кестелеген. Көркемдік тұрғыдан бағаланбай жатыр әлі...» деген пікір білдіреді.

Көркем шығармалар, қазақ әдеттануы, ауыз әдебиеті, ән-күй, би өнері жағының қай қырынан алып қарасақ та Шынжаңдық қаламгерлердің немесе жалпы шетелден келген ағайынның ортақ қазынаға құйғаны аз болған жоқ. Бәрі де өз бояуымен, рухты жаңғыртар үнімен ұлт мұрасын, құндылығын толықтырып келеді. Біз соның қарапайым мысалдарын Шынжаңнан келіп, атамекенге еңбек еткен қаламгерлер шығармашылығынан іздедік. Шеттен келгеннің бәрі «алтын» болмаса да алашшылдардың үзіліп қалған бір бұтағынан көктеген өркендей таза, адал болмысымен қызмет еткендері көп болды.

Бірде Абай атындағы ҚазҰПУ-дегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегеновтың: «Шетелдегі Қазақ әдебиетін оқулықтарға енгізу керек» деген тақырып аясында Оразбек Сапарханұлына берген сұхбатында:

«Шетелдегі қазақ әдебиеті» деген сөзді айтқанда біз де біртұтас қазақ әдебиеті деген ұғыммен қараймыз. Бір-бірімен сабақтас, бір-бірімен егіз, арғы түпкі тамыры бір, әуелде сақ, ғұн дәуірінен бастап негізі қаланған жалпы қазаққа ортақ бір тұтас ұлттық әдебиет...

Шетелдегі қазақ сөз өнерінің, әдеби мұраларының ең алдымен тілінің поэтикалық көркемдік өрнектері сақталған. Біз ол мұралардан қазақтың бай сөздік қорын кездестіреміз. Бұрын болған, қазірде беймәлім көптеген сөздер кезедеседі. Бұларды жинақтап түсірдірмелі сөздікке, этимологиялық сөздікке және т.б қазақ тіл білімінің құралдарына, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар құрамында қарастырып қамту арқылы ата-бабалар аманатының орындайтынына сенемін.

Қазақ сөз өнерінің әлем өркениет кеңістігіндегі абыройы, беделі осы салалы жұмыстар арқылы жүзеге асатыны ақиқат. Осыны орындау тарих сахнасындағы біздің абыройлы міндетіміз болмақ» дегені бар еді.

Ал, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанов та шетел қазақтарының әдебиеті мен өнеріне аялдағанда: «Қазір әлемнің қырықтан астам мемлекетінде 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Олар шетелдердегі аз этникалық топ болғандығына қарамастан әрдайым өздерінің атамекені Қазақстанмен рухани-мәдени және шаруашылық байланыста болуға тырысады...

Бүгінгі күн талаптарын негізге ала отырып, қазақтар тығыз қоныстанған көрші елдер – Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан қазақтарының әдебиеті мен өнерін біртұтас ұлттық құндылықтар тұрғысынан жан-жақты зерттеудің маңызы зор...

Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «Шетелдердегі қазақ әдебиеті мен өнері» бағдарламасы еліміздің біртұтас ұлттық мемлекет құру идеясына сай келіп, шетелдегі қазақ әдебиеті мен өнерін кешенді түрде зерттеуге, бағыт-бағдарын айқындауға мол мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сай шетелдегі қандастарымыздың әдебиеті мен өнерін, мәдени мұраларын, ұлттық құндылықтарын зерттеу жалғасын табады» деген болатын.

Бүгінде аталған инситут төңірегіндегі Серікқазы Қорабай, Айгүл Ісмақова сынды әдебиетші ғалымдар шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеп-зерделеуге өзіндік үлесін қосып келеді. Ф.ғ.д, профессор Зұфар Сейітжанұлы да Шынжаң қазақ әдебиетін атамекенге танытуда ұзақ жылдардан бері жалықпай, талықпай қызмет етіп, шетел қазақ әдебиетіне арналған оқулықтар жазды. Аталған тақырып аясында талай шәкіртіне құнды еңбектер қорғатты.

Ойларымызды түйіндей келгенде, шеттен келген қаламгерлер еліне не берді? – деген сауалға тоқталсақ, оның жауабын мына түйіндерге топтаймыз:

Біріншіден, олар ауыз әдебиетінің бай үлгілерімен мейлінше мол сусындаған, тілге бай, ойға еркін болды. Қазақтың даласындай дарқан табиғатын, «рамкасыз өмірді» көтеріп келіп, Кеңестік шағылған қазанның орынына қазақы қосты қалқайтысты. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарды». Кеңес одағы жоғалтқан дүниелерді халқына қайта табыстауға қолғабыс жасады.                                                             

Екіншіден, дәстүрлі, классикалық үлгінің жаңғырған жаңа түрі арқылы, алаш рухының үндестігін жалғады. Ұлттық рухтың ұранын көтерді. Әдебиетке бегзадалық әкелді.

Үшіншіден, қазақ әдебиеті мен өздері тұрған елдердегі әдебиеттің озық үлгілерін салыстырып, дамытудың мүмкіндігін көрсетті. Мейлі қор жағынан, мейлі озық әдеби туындылар жағынан аудармалар арқылы ұлт руханиятын толықтауға, байытуға барынша еңбек етті.

Төртіншіден, ұлт мұрасына қатысты барлық құндылықтардың қазақ топырағына жетуіне, жүйеленуіне, ғылыми айналымға түсуіне, жарық көруіне өз үлестерін қосты. Әдебиет пен мәдениет қана емес өнердің барлық саласының да жаршысы бола білді. Төл тарихымыздың жат топырақта қалған өркендерін ортақ қазанға жинасты. Ән болып әуеледі, күй болып күмбірледі, би болып тербелді.

Сөйтіп, қазақ әдебиеті атты дарияға каусар бұлақ болып құйылған мөп-мөлдір ағын жағалауын жасыл құраққа орап, ұлт табиғатына өзгеше бояу, түс берді. Өзінде бар қазынасын Қазақстанға жеткізген соң мұндағы озық ойлы қаламгерлер мен олардың шығармасы арқылы өздерін  шыңап, өсірудің жолын тапты. Өз мүмкіндігін ұлт байлығы арқылы толықтырып, байытып, халқына берер дүниесін саралап, сараптап, саннан сапаға көшті. Мұның барлығының мақсаты бір ғана ұлт әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосу болып табылды. Ендігі жерде тұтас әдебиетіміз бен мәдениетіміздің құламас тұғырын қалап, тұтас бір тұлғаға айналды. Әдебиеті кемелді ұлт – діңі мықты бәйтерек сияқты. Мәуелі ағаштың саясы кең, жемісі мол болса, оның рыздығын халқы көреді. Халық мәйекті болса, мемлекет қуатты болады.

Қазақ әдебиеті осылайша замана көші арқылы өзінің мәңгілік тұғырын бекемдеп, туын желбіретті. Шынжаңдық қаламгерлердің атамекен әдебиетіне болған игі ықпалы алтын орданың қара шаңырағына қадалған күміс уықтай жарқырап, өшпес бедерімен тарих бетінен өз орнын тапты.

 Жәди Шәкенұлы, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Abai.kz

 

10 пікір