Алматыда "сақалды-патрульдер" қызметі құрылды
Өткен жұма күні Алматы қаласындағы Горький атындағы саябақта "Top Security KZ" командасы жеке патрульдік қызметті іске қосқанын хабарлады. Олар еліміздегі күзет жұмысын өзгертіп, азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды реформаларды жүзеге асырмақшы екен. Бұл туралы Әлмұрат Мұратов атты азамат хабарлаған.
Кілең зіңгіттей, сақалды жігіттерден құралған бұл не топ? Қазақстан азаматтары расымен де осылардың қызметін қажет ететіндей қауіпті жағдайда тұр ма?
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
- Бұл - конституцияға, заңға қайшы әрекет. Мемлекет азаматтардың қауіпсіздік монополиясын қамтамассыз ете алмай отыр. Бұл - өте қауіпті тенденция.
Құқықтық тәртіппен тек мемлекет қана айналысуы керек. Сондықтан да, қарапайым ғана қауіпсіздікті қамтамассыз етуді мемлекеттен талап етеміз. Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті дереу арада зерттеу жүргізіп, Алматыда заңдылықтың сақталуын қалпына келтірсін. Мына қарқынмен кете берер болсақ, аз уақытта заңсыз әскери құрылымдарға ие бола алмай қаламыз.
Қазірге елге белгісіз жеке патрульдік қызмет компанияларды күзетіп, өзіндік реформа жасауды көздеп отыр. Олар заманауи техникамен қамтылғанын, жеткілікті деңгейде қаруланғанын, мамандары арнайы дайындықтан өткенін мәлімдеп отыр. Арнайы қоңырау шалған клиенттерге ғана емес, көшедегі тәртіпке де қараймыз дейді.
Қазір бұл қызмет түрі Алматыдағы Медеу ауданына ғана жіберілген. Алдағы уақытта бүкіл қаланы осы жеке патрульдік қызметпен "жарылқамақ"!
Бұл “жеке патрульдер” қайдан әкелінді? Біздің Ұлттық қауыпсіздік комитеті қайда қарап отыр? Бұл Қасымов басқаратын ІІМ-нің қожырап біткенінің белгісі емес пе? Ендігі қалғаны Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін кім екені белгісіз топтарға тапсырып қою ма?
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz