Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 13278 0 пікір 31 Шілде, 2018 сағат 08:43

Өзіңді өзің әшкерелеп отырсың, Дулат Исабеков!

Мемлекеттік сыйлыққа қатысты Дулат Исабеков пен Бибігүл Иманғазина арасында "Жас Алаш" газетінде үлкен дау болғанын көп оқырман біледі. Өткенде Дулат ағаның "Әдебиет - арыздың емес, ардың ісі" атты мақаласы жарияланды. Сол мақалаға қарсы тарап тағы жауап жазып, біздің порталға жолдаған екен. Біз аталмыш хатты оқырманға ұсына отырып, тізгінді тең ұстайтынымызды, Дулат Исабековтің де айтары болса, оған да порталымыздан орын беретінімізді ескертеміз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

26 маусым күнгі "Жас Алаш" газетінде  жарық көрген мақалама Дулат Исабеков "Әдебиет - арыздың емес, ардың ісі" деген қарсы мақала жазыпты.

ДУЛАТ!

Сенен менің айырмашылығым, мен  тек қана заңға жүгініп сөйлейтін адаммын.      

Иманғазинаның "Тауқымет" атты кітабы мемлекеттік сыйлықтың комиссиясының талқылауына түспеген. Себебі, юристік сараптамадан өтпей қалды депсің. Бұл шындыққа жанаспайды.

Айтып отырған юристерің менің мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған 2016 жылы аяқталған "Тауқыметім" мен 1995 жылғы аяқталмаған, соңында "жалғасы бар" деген "Тауқыметімді" оқығандарына менің көзімді жеткізе алар ма екен?! Сен ең болмаса сол комиссияда отырған өзіңнен басқа 18 адамнан ұялсаңшы, сен ғой солардың көзінше айтқан сөзіңнен айнып отырған. Әлде ешуақытта мемлекеттік сыйлықтың айналасындағы әңгіме баяғыдай шашау шықпаған күйінде қалатынына сенімің мол ма?!

Халықтың аузына қақпақ қоя алмайсың! Мемлекеттік сыйлықтың айналасындағы қаңқу сөздер ешуақытта тиылған емес. Шиқанның да бір жарылатын кезі болады ғой...

"Өзін-өзі мақтаудан тұратын, тіпті "құбылыс", "явление", "мать Тереза" деп күлкі тудыратын" деп, мені мұқатқың келеді.

Менің"Тауқыметім" менің өмірім.

Менің үш бөлімнен тұратын "Тауқыметімнің" үшінші бөлімі "Сен әйел емессің, құбылыссың" деп аталады. Бұл менің алғашқы махаббатымның соңғы кездесуімізде маған жылап тұрып айтқан сөзі.

Менің құбылыс екенімді сенің әлі мойындамасқа амалың қалмайтын кез де келер!

"Мать Тереза!" Мен мүгедек аналардың Қоғамын құрмай тұрып "Я завидую только матери Терезе" деген мақала жаздым. Менің Тереза ананың жолымен мүгедек аналар мен жетім-жесірлердің жалшысы болып келе жатқаныма өлеңдер арнап жатқан ақын да, жазушылар да аз емес.

Халықтың аузын тиюға әлің келсе тырысып көр!

"Тауқыметті" жастанып оқитын оқырмандарым жетіп артылады. Мен солардың бәрін сатып алған жоқпын.

ДУЛАТ!

Мемлекеттік сыйлықтың комиссия мүшелеріне "Мен бұл кітапты 1995 жылы "Жазушы" баспасында директор болып отырғанда шығарып бергенмін" деген сөзіңді жоққа шығара алмайсың. Комиссияда отырған жазушылар сенің бір уақытта "Жазушы" баспасының директоры болғаныңды ұмытқан жоқ, сондықтан олар аң-таң болып қалған. Сен тағы да мені "Иманғазина сыртын ғана өзгертіп, ширек ғасыр бұрын жазылған "Тауқыметті" ұсынып отыр" деумен сен мені "СҰРҚИЯ" етіп көрсеткің келді.

Айтып отырғаныңдай, сен "Жазушы" баспасынан басқа жұмысқа ауысқаның үшін кеткен жоқсың, менің кітабым шығарылу үшін аударылған ақшаны талан-таражға салғаның үшін кеттің. Кітапты сенің орныңа директор болып келген Есенғали Раушанов шығарды. Сенің айтуыңа қарағанда мен сонда отыз жыл бойы ештеме жазбағаным ба?! Сексенінші жылдары жазылған "Тауқыметті" баспаға тапсырғанымда еліміз егемендік те  алмаған болатын.

ЕЛІМІЗДЕГІ ҚАПТАҒАН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ӨСУІНЕ БІЗДІҢ ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛІГІМІЗДІҢ БІРДЕН БІР СЕБЕПШІ ЕКЕНІН БҮГІН МОЙЫНДАП ОТЫРМЫН.

Ұяттың бәрін жиып қойып, әлдеқашан дүниеден өткен үш азаматтың атын атап отыр екенсің, аруақтан қорықпайтын сенен не үміт, не қайыр?! Оқырмандарды адастыру үшін  үш азаматтың үшеуінің де марқұм болып кеткенін аузыңа да алмай отырсың.

Ақша Дулат Исабеков айтқандай 1990 жыл емес,1991 жылдың 27 қарашасында "Жазушы" баспасына аударылды. Онда директор марқұм Қалдарбек Найманбаев болатын. Келісім-Шартта да Найманбаевтың қолы мен "Жазушы" баспасының мөрі тұр. Көп ұзамай, марқұм Найманбаев сен айтып отырғандай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы емес, Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы болып сайланып, ол жерде 1996 жылға шейін отырды. Кетерінде сені өзінің орнына "Жазушы" баспасының директоры болып қалдырды. Ақша 1990 жылы аударылған дейсің, соған қарағанда сен  Келісім-Шартты да көрмеген болуың керек. Мені сен заң жөнінде, цифр жөнінде жаңылыстыра алмайсың.

Мен Найманбаев басқа жұмысқа ауысқан бойда кітабымның жағдайын білу үшін саған бардым ғой, сонда сен "Білемін, ақша орнында, әзірше қағаз келмей жатыр" дедің. Әрі қарай да сол сөзіңнен таймадың. Енді қағазды өзіміз іздей бастадық. Грузиядан келген бір жігітті таптық, оны әбден тексердік. Сосын сол қағаз табатын жігітті тапқанымызды айтып, саған телефон соғып едік, сен "Өзіміз де тауып жатырмыз, жақында екі вагон қағаз келеді" деп, ол жігітпен кездесуден бас тарттың. Тағы да біршама уақыт өтті. Найманбаевқа барып едім, ол "Мен баспаны көтеріп кеткен жоқпын, барлығын тапсырып кеттім ғой" деді де, сенің телефоныңды терді. "Алдымда Биекең отыр, ана кітабын тездетсеңші, обал болды ғой" дегенін мен естіп отырдым. Телефонның тұтқасын қойып "Енді сәл шыдаңыз, бір жақтан қағаз күтіп отыр екен" деді Найманбаев. Сен бір рет те сотта Найманбаевтың фамилиясын айтқан жоқсың ғой. Демек, сен сол "Жазушы" баспасына директор болғаныңа мәз болып, өзіңді басқарып отырған адамның фамилиясын айтуға қорықтың ғой. Егер Найманбаев кінәлі болса сол кезде неге Найманбаевты сотқа сүйреп келмедің?! Саған соттың "Сіз директор болсаңыз мына Келісім-Шарттың түп нұсқасы мен көшірмесін айыра алмайсыз ба? Иманғазина бізге міне, түпнұсқасын беріп отыр" дегені есімде. Келісім-Шарттың түп нұсқасын өздерің құртып жіберіп, енді менің қолымдағы Келісім-Шартқа жабысып отырсың, сауатсыз екеніңді бұрын да байқаушы едім, тағы да көзім жетіп отыр. Менің  қолымдағы Келісім-Шарт қолмен жазылмаған. Менің бір емес екі Қорғаушым болды, олар заңды сен екеумізден жақсы білетін адамдар. Ешуақытта олар Сотқа қолмен жазылған Келісім-Шартты ұсына алмас еді.

Сен Келісім-Шартты оқығанда "Не деген сұмдық?! 50 баспа табақ, таралымы 50.000, астапыралла" деп таңданыпсың. Ақысы төленіп жатса маған десе 100 баспа табақ болсын. Баспаның шығарып берген бағасы 600.000 (алты жүз мың) сом болды. Сот үстінде мен "Найманбаевты шақыртсаңыздар" деген өтініш жасаған едім, Сот "Жазушы" баспасының жұмысын қабылдап алған адам жауапкершілікті мойнына алып тұр ғой" деді. Сен сотта бір рет те Найманбаевті кінәлаған емессің, енді судыр сөздерімен деп, өліп қалған адамды кінәлап отырсың.

Менің қолымда тек қана Совет ауданының сотының Шешімі емес, Жоғарғы сот пен Бас прокуратураның да шығарған Шешімдері бар.

Найманбаевқа ол кезде мен емес, сен жақын болдың. Екеуің бір рудан, бір елден, үндерің бір, ағалы-інлі болғандарыңды қауым жұрт біледі.

Марқұм "Жақсылық Арзымбетов Сары-Ағашта әкім болып тұрғанда баспаға ақша  аударғаның рас па?" деп сұрадым дейсің. Мұның да шыли өтірік!

Екеуміз соттасып жатқан 1994 жылы Жақсылық осы Алматыда Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесінде депутат болатын, Сары-Ағашқа ол кейіннен әкім болды. Соттың Шешімі шыққаннан кейін алдыңа Жақсылықты салып менің кабинетіме келгеніңді әрине, ұмытқан жоқсың. Жақсылықтың "Досым, сен екеуміз кімге жақсылық жасамай жатырмыз, мен жігіттермен келістім, кешірейік. Бұлар енді бес Баспаны сатса да бізден құтыла алмайтындарын мойындап отыр, кітабың шығады" деді. "Мен тек қана мына Исабеков жұмыстан кетсе ғана кешіремін" дегенімді естіп, қап-қара боп түтігіп, басыңды көтермей отырғаның мына менің осы күнге шейін көз алдымда.

"Айдап отырып сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбаевқа бардым" дейсің.

Сен"Жазушы"баспасына 1992 жылы келдің, Алтынбек  1993 жылдың қаңтарында министр болды. Алтынбекке мен де бардым. Басынан бастап айтайын.

Бір барғанымда Исабековтің алдында темекісін бұрқыратып отырған келіншек маған дүрсе қоя берді.

- Тағы келдіңіз бе? Қағаз жоқ, ал, қағазды табатын мына мен, маған ғана телефон соғып тұрыңыз. Бұларға қанша айтсаң да түсінбейді, - деп кергіді.

- Мен сізді танымаймын?!

- Мен осы Баспаның финансын басқарамын, ақшаны табатын да, жұмсайтын да мен!

Екеуміз біраз жерге барыстық, бір уақытта әлгі келіншек, көгереңдеп:

- Боже, я Абая не читаю, Вас тем более, - дегені.

 Мен ұшып тұрдым да:

- Абайдың аруағы ұрсын сені, Дулат, Абайды тілдеп отырған адамның қолтығына кіріп отырған түрің мынау, сені де Абайдың аруағы ұрсын, - дедім.

Шыға сала мен де айдап отырып Министрге бардым. Алтынбек орнынан тұрып қарсы алды, жағдайымды сұрады. Мені тыңдай отырып, менің өзіне ұсынған құжаттарымды мұқият қарап шығып:

- Мына Келісім-Шартпен кемінде он миллион ұтасыз, сотқа беріңіз. Ақшаны тапсын, Найманбаевты сотқа шақыртсын, - деді.

Орнымнан тұра беріп, қайта отырдым да, әлгіндегі Баспаның коммерциялық директорының сөздерін айна-қатесіз айтып баяндап:

- Сол Абайды оқымайтын келіншекті Дулат Исабеков Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атаққа ұсынып жатыр екен, - дедім.

Алтынбек алдындағы телефонды көтеріп:

- "Жазушы "баспасы марапатқа ұсынып жатқандардың тізімін алып келші, -деді. - Фамилиясы кім?

Мен фамилиясын білмейтінімді, тек қана ол келіншектің баспаның финанс жағын басқаратынын айттым.

Ақсары, аласа бойлы жігіт әкелген тізімді қолына алған Алтынбек, қызыл карандашпен бірнеше рет сызды да, тізімді қайтадан орынбасарының қолына берді.

Министр де шарасыз еді, ақша жоқ, қағаз жоқ дегенді бір емес мақалаңда бірнеше рет жазып отырсың.

Менің сенің әр өтірігіңе дәлелдерім бар.

Бір күні "Дәуір"баспасынан қыздар маған телефон соғып "Апай, сіздің кітабыңыз шығарылатын болды, жетерліктей қағаз келді" деді. Арада бір жеті өтпей әлгі қыздар "Апай, сізге қалай айтарымызды білмей отырмыз, Исабеков сіздің қағазыңызға өзінің екі томдығын шығартып жатыр" деді. Мен сол күні сенімен соттасуға бел буғанмын. Бұл 1992 жыл болатын.

Талай мектептерде "Тауықмет" талқыланып жатыр. Конференциялардағы оқырмандарымның ой-пікірін жинап қойып жатырмын. Менің "Жас Алашқа" мақалам шыққаннан бері телефонға тыныштық жоқ. Бәрінің айтатыны "Исабековті бұл жолы аямаңыз,сотқа беріңіз!","Мемлекеттік сыйлықтың" комиссиясынан шығарылуын талап етіңіз"деп жатыр. 

Ей, Дулат, сен сияқты адамды қалай жер көтеріп жүр екен?!

"Бибігүлдің өзі құпия бір шындықты жасырып отырған сияқты" дейсің!

Ол қандай құпиялық?! Найманбаев Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы болып бара жатып, "Жазушы" баспасының директоры етіп мені емес, сені отырғызып кетті ғой. Демек, бар құпия Найманбаев екеуіңде болып тұр ғой. Сол кезде менің сенімен соттасып жатқанымды естіген жұрттың "Ой,Найманбаев пен Исабеков бірігіп отырғаны белгілі ғой, ол екеуін жеңе алмайсың" дегендері де болған. Өлген адамға қиянат айтқым келмейді, сен аруақтан қорықпағанмен мен қорқамын, аузыма алуға мәжбүр болып отырғаным үшін аруағынан кешірім сұраймын.

Сен мақалаңды "Мен саған жау емесіп, жоқ жерден жау іздеме, Бибігүл! Ол кезде 50 баспа табақ бір романды 50.000 тиражбен "ата жауың" мен түгіл, туған бауырың да шығара алмас еді" деп аяқтапсың.

Сен менің жауымсың, ол сөзсіз!

Сен сияқты мен кімнің үзеңгісі көтерілсе соның жанынан табылатын, үзеңгісі төмен адамнан қашып жүретін жан емеспін.

Осы қасиетіме өзім күнде басымды иемін!

Сен "Өзіңнің атыңды өзің шығарып жүрсің" дейсің. Қолыңнан келсе сен де қарапайым халықтың махаббатына  ие бол. Бір көл мен шөлді бірнеше бетке созып суреттейтін жазушыны бүгінде ешкім оқымайды, ол анық! "Романның атам заманда шыққанын айттым" деп отырсың ғой, енді сен осыны  дәлелдеп бермесең мен сені сотқа беремін де сол кезде кешіріп жіберген он миллионды моральдық шығын ретінде сенен қайтып аламын.

Жылап жүргендердің көз жасын құрғататын, өкшесі қисайып жүргендерге ой салатын, рухты "Тауқыметім" үшін мақтанамын. Тарихта сенің емес, менің кітаптарым қалатыны айдан анық!

Мемлекеттік сыйлықтың комиссиясында ең бастысы әділетшіл адамдар отыруы керек болса, сен сияқты адам ол жерден кетуі керек.

Әділдікті іздеген адамның күні қараң болатынына менің көзім әлдеқашан жеткен. Бірақ, Исабеков жағып отырған күйеден тазармайынша таңым атып, күнім батпайтыны өзіме аян.

Исабеков айтып отырған Юристерден 1995 жылы шыққан "Тауқымет" пен  2016 жылы шыққан"Тауқыметті"салыстырып оқығандарын жазбаша дәлелдеулерін талап етемін.

"Жоқ жерден жау іздеме" дейсің. Сенің "Тауқыметке" жауып жатқан жалаңды естісімен мен саған телефон соғып "Сені қалай жер көтеріп жүр?!" дегенімде сен "Әлдеқашан өтіп кеткенді неғып еске ала бересіңдер" дедің. Не дейін... Саған дауа жоқ екен...

Бибігүл Иманғазина, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

          

         

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963