Прокурор Узо Асонье Манафорт өзін заңнан биік қойып, ондаған миллион долларды офшор арқылы көлеңкеден шығарды деп мәлімдеді. Ол бұл ақшаны сән-салтанатқа шашып, атап айтқанда 21 мың долларға сағат немесе 15 мың долларға түйеқұстан костюм сатып алған дейді.
Мемлекеттік айыптаушы Манафортты Украинадағы жұмысы үшін 60 миллион доллар алып, бірақ салықтан жалтарып, ақшаны офшорлы есепшотқа жасырды деп айыптап отыр.
Манафорттың қорғаушылары болса, оның еңбекақысын офшорлар арқылы төлеуді украиндықтар шешкен дейді. Олар өзінің қорғауындағы Манафортты табысты, жоғары ақы алатын лоббист және кеңесші екенін алға тартады.
Сот отырысы кезінде судья прокурордың сөздерін бөліп, мультимиллионер болып, ақшасын сән-салтанатқа жұмсау қылмысқа жатпайды деп ескертті. Сот отырысы барысында прокурорлар Манафорттың Трамп командасында жұмыс істегенін немесе америкалық сайлауға Ресейдің қатысы болуы мүмкіндігі жайында мүлдем еске салмады.
Құрама Штаттар Манафортқа қатысты бірқатар айыптар таққан. Соның ішінде ресейшіл Виктор Янукович үкіметінде жұмыс істеген уақытында Құрама Штаттар билігін алдау мақсатында "шетелдік агент" ретінде тіркелмегені айтылады. Бірақ бірде бір айыптар 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауына Ресейдің араласуы мүмкіндігіне қатысы жоқ.
Бірақ соған қарамастан арнайы прокурор Роберт Мюллер жүргізіп жатқан тергеу ісінде Манафорт АҚШ сайлауына Ресейдің араласуы мүмкіндігі бойынша басты фигурант. Маусым айында сот Манафортты қамауға алған. Трамп оған қатысты тергеу ісін "мыстанның ізіне түсу" деп атаған.
Abai.kz