Жерасты өткеліне Абайдың нақыл сөздері жазылады
Жаз мезгілінің соңына дейін шаһардағы 48 жерасты өткелдеріндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталатын болады.
Қаламыздағы әрбір жерасты өткелі өзіндік ерекшелігімен өзгешеленбек. Мысалы, ұлы Абайдың бейнесі мен қанатты сөздері Абай мен Абылай хан даңғылдарының қиылысында орналасқан жерасты өткелінің көркін ашып тұратын болады. Жөндеу жұмыстарынан кейін жерасты өткелінің қабырғалары данышпан Абай шығармаларындағы үзінділермен безендіріледі. Уақыт өткен сайын бейнесі биіктей беретін данышпан Абайдың салиқалы сөздері бұл жерасты өткелінен өткен сайын жаяу жүргіншілердің санасын сәулелендіріп, діліне даналық дәнін, нақыл тұнған насихат нәрін дарытатын болады. Абай бейнесі мен данышпан даналығынан бөлек, жөндеу жұмыстарынан кейін пайда болатын әсем әуен, отыратын орындықтар мен ақысыз Wі-Fі да аталған жерасты өткелінің ажарын аша түспек.
Алмалы ауданы әкімдігінің көріктендіру бөлімінің басшысы Әкімхан Төлегеннің айтуынша, аталған жерасты өткелінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалалық Ішкі істер департаментінің желісіне қосылған бейнебақылау жүйесі орнатылған. Аталған аудан аумағында орналасқан 11 жерасты өткелі бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленген.
Абай мен Абылай хан даңғылдарының қиылысындағы жерасты өткелі жақында алматылықтар мен қала қонақтарының игілігіне ұсынылатын болады. Жөндеу жұмыстары аяқталған жерасты өткелінің енді төбесін орнатып, жинап шығу қажет.
Шаһар бойынша жаңғыртылып жатқан қалған 47 жерасты өткелдерінің ашылуы тамыз айының соңына жоспарланған. Айта кетерлігі, адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы олардың әрқайсысы өзіндік өрнегімен өзгешеленбек.
керек дерек
Бүгінде қала бойынша
150 көше мен 30 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 600 аулада көріктендіру шаралары қолға алынуда. Барлық жерасты және жерүсті өткелдері күрделі жөндеуден өтіп, ескі субұрқақтарды жаңартып және жаңа субұрқақтар салу жоспарланған.
Abai.kz