Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақ жері 5601 1 пікір 8 Тамыз, 2018 сағат 09:34

Cолтүстік Қазақстандағы археологиялық Ботай қонысы шетелге ғана керек пе?

Жері сулы, орманы нулы теріскейдің әр тауы мен қыраты өткен ғасырлырдың  дүбірлі дәуірінен сыр шертетін тарихтың бір парағы іспеттес. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырдан астам уақытта бұрын кеңестік идеологияның бұғауында шідерленіп келген талай жайлар мәлім болып, рухани құндылықтарымыздың бай қазынасын толықтырғаны белгілі.

Алайда әлі де өткеніміздің оқылмаған беттері, жазылмаған жолдары жетерлік. Бұған Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына барған сапарымызда көз жеткіздік. Бұл ауданның киелі топырағы Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды рухани тұлғаларымыздың атамекені. Сондықтан да мұнда алыс, жақын жерлерден зиярат етіп келушілер көп.  

Біз мінген темір тұлпар жер апшысын қуырып тас жолмен жүйткіп келеді. Екі қапталда жасыл желегі төгіле жайқалған қайыңды орман, шоқылы белестер, самал желмен теңіз толқынындай толықсып тербелген шексіз-шетсіз егін алқаптары сырғып өтіп жатыр. Аумағына бес Франция сыйып кететін Қазақстанның әр өңірінің өзіне ғана тән өрнегі мен бояуы бар ғой. Солтүстіктің, ссіресе Айыртау ауданы жерінің көркемдігі ерекше. Алыстан көгілдір сағымға оранып мұнартқан тау жоталарының әр тасында тарихтың айтылмаған сыры, Абылай хан тұлпарының ізі жатыр.

Шуақты күн сәулесі айнадай жарқыраған айдынында ойнаған көлдің жағасындағы аудан орталығы Суаткөлге түс әлетінде жеттік. Ауданның 37 мыңнан аса халқының 38,7 пайызын ғана қазақтар құрайды. Алайда қазақы салт-дәстүр, ұлтымыздың рухани құндылықтары мұнда ежелден берік сақталған.

Саумалкөлдің мәдениет үйінің алдындағы 1993 жылы Елбасының қатысуымен ашылған Ақан сері Қорамсаұлының еңселі ескерткішіне  тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып осы көрікті де қасиетті мекеннің өткені мен бүгінгісіне қанықтық. Мәдениет үйінің ауқымды бөлігін мұражай алып жатыр. Мұнда да аудан тарихынан сыр шертетін дүниелер аз емес екен. Ал Саумалкөлден отыз шақырымдай жердегі Сырымбеттегі Шоқанның әжесі Айғаным ханымның қонысында болғандағы әсеріміз ерекше. Айналасын тау шоқылары, жасыл балауса көмкерген бұл қонысты Николай патшаның тапсырмасымен Омбы губернаторы салдырған. Осыдан-ақ Айғаным ханымның сөзі өтімді, қадірлі адам болғанын көруге болады. «Мәдени мұра» Бағдарламасы аясында халқымыздың біртуар ұлы, Абылайдың ұрпағы Шоқан Уәлиханұлының балалық, жастық шағы өткен бұл үй жаңартылған. Соның нәтижесінде қоныстағы мешіт, қонақтарға арналған үй, медресе, монша, жел диірмені Шоқан сызбаларының көмегімен қалпына келтіріліп, қазір тұтас мұрпажай кешенін құрап отыр.

Айыртау ауданындағы тағы бір киелі орын Қарасай батыр ауылынан төрт шақырым жердегі Қарасай және Ағынтай батырдың ескерткіш кесенесі. Құлшынбай төбесіндегі қос күмбезді биік кесене алыстан көз тартады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр бастаған Ордабұлақ шайқасында жаудың елу мың қалың қолына қарсы бірге шауып, өмір бойы қан майданды бірге кешкен Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтайға Алла тағала бұл фәни дүниеден өткеннен кейін де ажырамай, бірге болуды бұйырыпты. Екеуінің де мүрделері осы Құлшынбай төбесіндегі құлпытастың астында қатар жатыр. Ел басына күн туған замандағы қазақтың бірлігі қазіргі замандастарымызға үлгі болса игі. Қос батырдың рухына Құран аяттарын бағыштаған біздің пікіріміз осы арнада тоғысты.

Ұлттық құдылықтарымызды тереңнен зерделесек қазақтың көне тарихы адамзат өркениетімен сабақтасып жатыр. Бұған Айыртау ауданындағы Никольское ауылынан бір жарым шақырым жерде, Есіл өзенінің сағасы Иманбұрлықтың маңындағы археологиялық қазба орындарында болғанымызда анық көз жеткіздік. Тарих ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Археология және дала өркениеті институтының директоры Виктор Зайберт бастаған ғалымдар көне Ботай қонысын 1980 жылы зерттей бастаған еді. Қазба жұмыстарының алғашқы кезеңінде-ақ бұл жерден қыш ыдыстардың сынықтары, және ең қызықтысы, тұрғын үйлер аумағынан көп мөлшерде жылқы сүйектерінің табылуы тарихта Еуразия даласын мекендеген сақтардың мәдениеті туралы бұған дейінгі көзқарасты түбегейлі өзгерткен ғылыми төңкеріс болды. Ботай қонысынан жылқы сүйектерінен жасалған пышақ, садақ, найза ұштары, қыш құмыраладың түбінде кеуіп қалған қымыз қалдықтарының ізі, ат әбзелдерінің бөліктері осыдан алты мың жыл бұрын осы аймақты мекендеген ботайлықтардың қымыз ішіп, адамзат тарихында алғаш рет жылқыны қолға үйреткенін дәлелдейді.

Ботай қонысын ондаған жылдардан бері заманауи құралдардың көмегімен жан жақты зерттеп жүрген АҚШ, Германия, Ресей ғалымдары да осындай қорытындыға келіп отыр.

- Негізінен «ботайлықтар» деген шартты атау, - дейді Виктор Федорович Зайберт. – Қазір университетке айналған Солтүстік Қазақстан педагогикалық институтында қызмет істеп жүргенде осы қонысты алғаш рет ашқанымызда оны сол маңға жақын ауылдың атымен Никольское қонысы деп атау ойға келген. Бірақ артынан сол жерде Ботай деген дәулетті адамның ауылы болғаны ескеріліп, әрі айтуға жеңіл, әуезді болғандықтан Ботай қонысы деп атауды ұйғардық. Анығында бұл өңірді тас дәуірінен қола дәуіріне өтер кезеңде сақтар мекендеген. Сақтарға дейін ол жерд кімдер қоныстанғаны әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Жылқы өсіру ботайлықтардың ең басты шаруашылық саласы болғаны толық дәлелденіп отыр.

Ботайды қоныстанған адамдардың жылқыны қолға үйретуі адамзат өркениетінің дамуына зор ықпал етті. Жылқыны алғаш рет көлік ретінде пайдалану Еуразия аумағындағы халықтардың көшіп-қону үрдісіне, басқа аймақтағы халықтармен сауда, экономикалық байланыстар орнатуына, олармен араласып ассимиляцияға ұшырауына әсер етсе, алғаш рет қолданылған ат үстінде соғысу сақтардың  әскери өнерін жетілдіріп, жаңа жерлерді жаулап алуына, географиялық кеңістік аумағын кеңейтуіне мүмкіндік берді. Жылқыны әскери мақсатта қолдану осы дәуірден басталады. Жылқыны қолға үйрету адамзаттың өмір салтына, ойлау жүйесіне, мәдениетіне, техникалық дамуына бұрын-соңды болмаған өзгерістер әкеліп, әлемдік өркениетке жаңа серпін берді.

Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Досбол Сүлейменұлы Байқонақов Виктор Федоровичпен жұбы жазылмай көп жылдардан бері Ботайдағы қазба жұмыстарына қатысып келеді.

- Ботай мәдениеті жылқыны пайдалану нәтижесінде Ертістен Оралға дейінгі кең аймаққа таралған, - дейді ол. – Ботай өркениетінің тарихы қола дәуіріне өту кезеңінен басталып, сақтардың Еуразия аймағына келіп қоныстануымен жалғасады. Ботайлықтар адамзат тарихындағы ат үстінде соғысқан алғашқы жауынгерлер болған. Жаугершіліктің осы кезеңіндегі ассимиляция барысында бұрын оқшауланып келген қауымдастықтарда генетикалық өзгерістер басталды.

Осыған дейін Ботайды зерттеу мақсатымен әлемнің әр түкпірінен отыздан аса ғалымдар Солтүстік Қазақстан облысына келіп халықаралық ғылыми конференция өткізген еді. Таяу күндері Италиядан екі архелог мамандар келмек. Осы уақытқа дейін Ботай қазбаларынан екі жүз мыңнан аса құнды заттар табылған.

Алайда Ботай қонысында 39 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Виктор Зайбертті шенділердің, тіпті жергілікті тарихшы мамандардың немқұрайдылығы қынжылтады. Тегі ғалымды ғалым ғана түсінеді ғой. Сексенінші жылдардың басында Солтүстік Қазақстан педагогикалық институтының ректоры болған марқұм Қанаш Шәкенұлы сол кездегі илікпегенді ұрып сындыратын партия орындарының қарсылығына қарамастан күзгі егін жинау науқанына көмекке жіберілген тарих факультетінің студенттерін кері шақырып алып Виктор Зайберттің археологиялық экспедициясына аттандырады. Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мүтанов та парасаттылығын танытып, Виктор Федоровичке университет жанынан арнайы Археология және дала өркениеті Институтын ашып беруі осы ғылыми жаңалықтың маңызын терең түсінгені емес пе!

Шетел ғылыми орталықтарының Виктор Зайбертпен байланыс орнатып, оны Ботай туралы дәріс оқуға Кембридж университетіне, Германияның оқу орындарына шақыруы осы Ботай мәдениетінің адамзат өркениетіне ықпалын жоғары бағалауынан ғой. Түсіне білген адамға Ботай қонысындағы археологиялық қазба нәтижелері Қазақстанды әлемдік ғылыми кеңістіктегі биікке шығаратын жетістік, еліміздің абыройын асқақтататын жаңалық.

Тек осыны ұғынып, бұл жұмысқа Солтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі ғана емес, үкімет те қаржылай қолдау көрсетсе ғой. Әзірге бұл орындалмай отырған тілек қана болып тұр. Ал Виктор Федоровичтің жоспары ауқымды. Ол болашақта Ботай қонысында аспан астындағы ашық археологиялық мұражай ашып, табиғаты әсем Айыртау ауданына шетелдік саяхатшыларды тартуды, өлкеміздің көне тарихын әлемге паш етуді армандайды. Үкіметтен қаржылай қолдау болса Ботай әлі де тарихтың терең қойнауында жатқан сырын ашып, Қазақстан ғылымын жаңа белеске көтерері анық.

Марат Ермұқанов, Қызылжар қаласы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383