Жұма, 22 Мамыр 2026
Ақмылтық 231 0 пікір 22 Мамыр, 2026 сағат 14:11

Қырғыз тарихшысы: Қырғыздар да Алтын Орданы қалпына келтіру үшін күрескен!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Бүгін біз Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарына Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы, тарихшы Арслан Қойшиевтің Астанадағы «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: Тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзін қазақ тіліне аударып ұсынып отырмыз...

***

Аса құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Құрметті министр!

Алтын Орданың тарихы бойынша халықаралық симпозиумның ардақты қонақтары!

Мемлекеттердің құрылуы мен мемлекеттіліктің нығаюы кезеңдерінде белгілі бір тарихи тұжырымдаманы (концепцияны) әзірлеудің ерекше қажеттілігі туындайды. Тарихи жады, тарихи сана – ұлттық бірегейліктің маңызды элементтері. Өздеріңізге мәлім, бірнеше жылдан бері жетекші қазақ тарихшылары көптомдық «Қазақ тарихы» жобасының үстінде ерен еңбек етіп келеді.

Біз, Қырғызстан тарихшылары, қазақтар мен Қазақстанның жеті томдық тарихының жарыққа шығуын үлкен үмітпен және зор жігермен күтудеміз. Өйткені, ең жақын көршілеріміздің, туысқан халықтардың тарихы белгілі бір дәрежеде біздің де тарихымыз болып табылады.

Алтын Орданың өз уақытында Еуразияның көптеген халықтарының бесігіне айналғаны — баршаға мәлім факт, яғни этникалық тарих, этникалық қоныс аударудың күрделі процестері, қалыптасудың белгілі бір кезеңдері дәл осы Алтын Орда аумағында өтті.

Осында отырған көптеген ғалымдардың ата-бабалары кезінде, қайсыбір атасында Алтын Орда аумағында өмір сүргеніне, оның қол астында болғанына сенімдімін.

Қырғыз халқының тарихына келетін болсақ, ол да белгілі бір дәрежеде Алтын Орда тарихымен байланысты. Бірнеше мысал келтіре кетейін.

Қырғыз фольклорында бүгінгі күнге дейін Алтын Орданың Жәнібек хан, Бердібек хан сияқты және басқа да көрнекті тұлғаларының істері туралы аңыздар айтылады. Ал аңызға айналған Кетбұқа, қырғыз әпсаналарына сүйенсек, көне қырғыз дәуірінің ең ұлы ойшыл-ақындарының бірі болып саналады!

В.В. Бартольд, В.А. Ромодин сияқты көрнекті шығыстанушылар өз уақытында ХVІ ғасырда жазылған «Маджму ат-таварих» атты парсы тілді дереккөзді зерттеудің маңыздылығын баса айтқан. Бұл қолжазбаның айтарлықтай бөлігі Алтын Орда оқиғаларын, атап айтқанда, Тоқтамыс хан мен қырғыздардың одақтастық қарым-қатынастарын сипаттауға арналған.

Қазіргі ғалымдардың ішінен Жақсылық Сәбитов бұл еңбекке жиі сілтеме жасайды. Бұл шығармада эпикалық Манастың өзі Тоқтамыс ханның одақтасы болғаны айтылады.

Әрине, мұны тура мағынада түсінуге болмайды. Бірақ бұл, сөзсіз, өткендегі оқиғалардың жаңғырығы және қырғыздардың да Алтын Орда өміріне араласқанының айғағы.

Ең қызығы, бұл аңыздар мен тарихи мәліметтер палеогенетика деректерімен де расталып, жақсы үйлесім тауып отыр.

Журналист болып жүрген кезімде ресейлік ғалым Владимир Таганкиннен онлайн сұхбат алған едім. Липов татарларының генетикасы туралы берген сол сұхбатымнан үзінді келтіре кетейін.

Ол қырғыздарда R1a-ның бірнеше үлкен тармақтары кең таралғанын алға тартып, олардың өте аз тесттен өтетініне өкініш білдірді. Сондай-ақ, Алтын Орда заманында Литва мен Польшаға қоныстанған қырғыздардың тармақтары бар екенін айтады. Бұл тармақтардың барлығы ДНҚ арқылы тексерілген.

Мен оған күмәнмен: «Литва мен Польшаға қоныстанған сол татарларды дәл қырғыздардың ұрпағы деп қалай айтуға болады?» деген қарсы сұрақ қойдым.

Оған құрметті Владимир Таганкин былай деп жауап берді: «Бұл — құжатталған шежіресі мен отбасылық аңыздары бар текті рулар. Осыдан кейін ДНҚ зерттеуі жүргізіліп, олардың ДНҚ желісі негізінен қырғыздарда бар екені анықталды, бұл отбасылық аңыздарды растады».

Бұдан шығатын қорытынды — қырғыздардың қандай да бір тобы Тоқтамыс ханның соңғы тірегі болған, Адыгине мен Тағай тармағынан шыққан қырғыздардың бір тобы Алтын Орданы қайта қалпына келтіру үшін табанды түрде күрескен.

Құрметті симпозиум қатысушылары!

Құрметті бауырлар!

Қазақ пен қырғыздың тарихи жады, екі халықтың тарихи тағдырының ортақтығы туралы айтқанда, ата-бабаларымыз қалыптастырған «қырғыз, қазақ – бір туған» деген тарихи формула еріксіз ойға оралады. Бұл формуланың егжей-тегжейі көптеген фольклорлық материалдарда, Шәкәрім Құдайбердіұлының тарихи еңбектерінде, қырғыз тарихшылары Осмоналы Сыдық ұлының, Белек Солтоноевтің және басқалардың шығармаларында көрініс тапқан.

Осы мәселемен ішінара айналысып жүрген тарихшы ретінде маған бұл формуланың қалыптасу кезеңдерінің бірі Шыңғыс ханнан кейінгі тағы бір мемлекеттік бірлестік — Моғолстан тарихымен табиғи түрде байланысты сияқты көрінеді.

Беделді қазақстандық шығыстанушы Вениамин Петрович Юдин Моғолстан мен моғолдардың тарихын зерттей келе, «Ұлы жүз негізінен моғол руларынан қалыптасқан» деген тұжырымға келген. Кейінгі зерттеушілер де оның моғолдардың Орта жүздің қалыптасуына да қатысқаны туралы тұжырымдарын қолдады. (В.П. Юдин. О родоплеменном составе могулов Могулистана и Могулии и их этнических связях с казахами и другими соседними народами. Известия АН Каз.ССР, 1965 - № 3 - С.52-65.)

«Тарих-и Рашидидің» авторы әрі біздің ортақ бабамыз Мырза Хайдар Дулати өз уақытында моғолдар мен қырғыздардың — негізінен бір халық екенін, тек айырмашылығы — қырғыздардың әлі де иманға келмей, шағатайлық шыңғыситардың билігін мойындамайтынында екенін баса айтқан. «Кыргыз хэм коуми могул аст» (Қырғыз да моғол тайпасынан) — деп жазған ол. (Қараңыз: Мирза Мухаммед Хайдар. Тарих-и Рашиди. British Library. Add.26612. p 92a).

Мәлім болғандай, Мырза Хайдар Дулат моғол қауымдастығының ыдырауының тікелей куәгері болды, яғни моғолдар оның көз алдында және тарих сахнасынан жоғалып бара жатты, бұл туралы ол үлкен өкінішпен жазған.

Егер Мырза Хайдар Дулат өз бөлесі Бабырдың сарайынан пана іздеп, Үндістанға кетуге мәжбүр болмағанда, ол моғолдардың қырғыздар мен қазақтардың құрамына ену процесін анығырақ егжей-тегжейлі жазып қалдырар еді.

Онда оның «қырғыздар мен моғолдар — негізінен бір халық» («Кыргыз хэм коуми могул аст») деген тұжырымы келесідей жалғасын тауып, парсы тілінде былай естілер еді: «Улы жүз хэм коуми кыргыз аст», «Орта жүз хэм коуми кыргыз аст» және т.б. Яғни, мәнісінде бір халық.

«Қырғыз, қазақ - бір туған» деген ата сөзі осы жақтан да келеді!

Қазіргі уақытта қырғыз тарихшылары менің жетекшілігіммен қырғыздар мен Қырғызстан тарихы бойынша 15 томдық еңбекті жазуға кірісті. Меніңше, бұл қағидалардың барлығы сол томдардың бірінде өз көрінісін табады.

Құрметті ағайын-туғандар!

Бүгінгі жағдайды пайдаланып, баршаңызға екі ұсыныс айтқым келіп тұр: осы кезде түркі дүниесінің интеграциясына куә болып жатырмыз. Тарихтан сабақ алу үшін тарихи тәжірибені зерттеу керек, бізге жалпы түркі дүниесінің тарихын «тарихтан сабақ алу» аспектісінен зерттеу қажет. Сондықтан болашақта «Түркі дүниесі және Русь», «Түркі дүниесі және Қытай» деген екі ғылыми жобаны іске асыруды ұсынамын.

Арслан Қойшиев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3046
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2150