Кешкі алтыда қаладан шығып кеттік. Талғардан Жəнібек есімді ағаны мінгізіп алдық. Бұл кісілер – Сарыбастаудағы «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының басы-қасында жүрген ағалар. Талғардан шығып үлкен жол торабына түскенде көлігіміз бұзылып қалды. Əупірімдеп жақын маңдағы ауылға жетіп қалғанбыз. Бір кезде мəшине мүлдем жүрмей қалды. Ағалар рөлге мені отырғызып, өздері итеріп келе жатыр. Рөл дегенге алғаш отыруым. Екі езуім екі құлағымда. Мəшине айдау оңай екен деп келем. Көмектесуге тоқтаған бір кісі ауылдың кіреберісіндегі мəшине жөндеу орталығына алып келді. Бұзылған жерін ауыстыратын бөлшегін таппай бір-екі сағат аялдадық. Соңғы сəтте көлікке дəл түсетін бөлшекті тауып, көмектескен ағаларға алғысымызды білдіріп, жолға шықтық.

Жүргізушіміз Төлеген аға  қалғып кетпес пе екен деп уайымдап келем. Ал өзімнің
көзіме ұйқы тығылып барады. Оянсам, таудың ортасында келе жатырмыз. Шопырымыз ұйықтап кетпес үшін музыка қойып қойыпты. Бір қызығы жолда шемішке шақса, ұйықтамайды екен. Таңғы төртте Сарыбастауға іліндік. Мəшинеден түссем, күн салқын. «Жылы киімдеріңді əкел» деген соң əжем тоқып берген жүн шұлыққа дейін киіп алғаным мұндай жақсы болар ма?! Құрбым ұйықтамай күтіп отырыпты. Таңғы ас жеті жарымда. Оған оянуға шамам болмады. Бірақ асханадағы апайлар «қонағың аш қалмасын» деп тамақ беріп жіберіпті. Асқа тойып алып, кіші топтағы қыздардың сабағына бардық. Бастауыш сыныптарда оқитын он жеті қыз бар екен. Сұрамайтыны жоқ. Бір айтқаныңды қағып алады.

Нарынқолдық тұлғалар бүтінделмей кеткен ер-тұрман сияқты

Түстен кейін екі ағамыздың уəдесі бойынша Қарасазға тарттық. Нарынқолға келіп тұрып Мұқағали Мақатаев туған ауылға соқпай кету ұят. Бір жағы ауылды, екіншіден ақиық ақын атындағы музейді көргіміз келді. Жəнібек аға ауыл мен ауданның арғы-бергі тарихын қозғап, осы елден шыққан ірі тұлғалар туралы айтып келеді.

«Қазақстандағы ең биік аудан – осы Нарынқол. Бұлттардың қол созым жерде тұрғандай көрінуі содан. Нарынқолдықтардың беті қызарады да жүреді. Оның себебі қысымның жоғары болуынан. Тұрғындар ауданның ауа райы сияқты.
Адамға бір суынып, бір ысынып тұрады», – деп күлді жолбасшымыз. Кезінде
Сарыбастауды атақты Ленин колхозы еткен Қаратаудың жанынан өтіп барамыз. Күнгей бетінде қар тұрмайды екен. Қыс бойы қуыс-қуысында қой жайылып шығады. Ал теріскей бетінде қарағай қалың өседі. Осы ауданның адамдарын кезіктіре қалсаң, бір-бірін қолдап, қолпаштап жүретінін байқайсың. Ол ойымды жолбасшымызға айтып едім:

«Нарынқолдан шыққан тұлғалар бүтінделмей кеткен ер-тұрман сияқты. Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Сағат Əшімбаев, айтыскер ақын Оразалы Досбосынов, мемлекет қайраткері Алтынбек Сəрсенбайұлы секілді жерлестерінің орнын толтырғысы келе ме екен, нарынқолдықтардың жершіл екені рас», – деді.

Нарынқолда тынысың кеңейеді. Мəшинеден түсе салып, ат ерттеп, құмарың қанғанша мына далада шаба кеткің келеді. Айнала қоршаған тау. Əттең, оған шығып түсу үшін бірталай уақыт керек. Қызыққанымнан «мына таулардың бəріне шыққансыздар ма?» деп сұрадым. «Шықпағанда ше? Бала күнімізде ауылдан ұзап үш ай мал бағамыз.
«Альпинист» сиырымыз болатын. Етектегі шөпті менсінбей, таудың басына жайылады. Төменнен қанша айқайласаң да, тура жанына барып таяқпен түртпесең қимылдамайтын. Сол сиырды қуып жүріп-ақ айналадағы барлық тауға шықтық, – деді Жəнібек аға балалық шағын еске алып. – Жаңа біз шыққан жартаста малға қарап таңнан кешке дейін отырушы едік. Ауылға қашан қайтар екенбіз деп аңсайтынбыз. Тұзкөлдің жанынан үй тігіп, сонда жататынбыз. Үш ай демалыс аяқталып, ауылға қайтқанда қалаға келгендей шат-шадыман болушы едік».

Алдымызда – Елшен бүйрек тауы. Мақатаев «Атамекен» поэмасын осы таудың басында отырып жазған деседі. Тауға жете бере Тұзкөл деген көл бар. Тұзкөлдің балшығы тері ауруларына ем. Оны қарсы келе жатқан үлкен қара мəшине көлге барар жолды сұрағанда білдім. Аяғы қақсап, буыны ауыратындар да көлдің батпағына барады екен. Қарасаздан Хантəңірі шыңы жақсы көрінеді деген. Алайда күн бұлтты болып, көре алмаймыз-ау дестік. Есесіне ертеңгісін Сарыбастауда үйден шыға сала атақты шыңды анық көрдім. «Бір турист жігіт ауылда он күн жатып шыңды көре алмай кеткен. Ниетіңіз ақ екен», – деген сөзге мəз боп қалдым.

Мұқағалидың музейінен мұңайып қайттық

Алыстан Қарасаз ауылы мұнартып көрінді. Төрт бұрышы таумен біткен алақандай ғана ауыл екен. Есіктен шықса да, әйнекке қараса да тау көретін жерде ақын болмау мүмкін еместей. Мақсатымыз – М.Мақатаев атындағы музейді көру. Көлігімізден түссек, бет-аузы сатпақ-сатпақ үш бала асыр салып ойнап жүр. Ағалар біреуін шақырып алды. Кішкентай болса да есі бар екен. «Ассалаумағалейкум!» – деп қос қолдап амандасып жатыр. «Мұқағали туған ауылдың әр тұрғыны ақынның өлеңін жатқа оқиды дегенді еститін едік. Соны білесің бе?» – деп байқады алдымен. «Білемін». «Бір өлеңіне басшы қане», – дегені сол еді төртіншіні бітірген Бағжан «Тау өзені тентек қой, тасып жатырды» мүдірмей айтып берді. Жәнібек аға риза болып басынан сипады.

Музей екі қабаттан тұрады. Алдында ақынның мүсіні орналасыпты. Экскурсовод Алмагүл апай әр тақташаны таныстырарда тақырыбына сәйкес ақынның өлеңімен бастайды. Қазір ақынның Шолпан, Алмагүл есімді екі қызының, ұлы Жұлдыздың көзі тірі. Алайда музейге кірсең, дардай ақынның іздеушісі, жоқшысы жоқтай, өзі кеше емес бірнеше ғасыр бұрын кеткендей әсер қалдырады. Мұқағалидың сүйікті авторлары деп сөрені кілең кітаптармен толтырған. Ол Абайды пір тұтқан деп Абайдың кітаптарын екінші сөреге қойған. Ал қалған кеңістікті ақынның өлеңі мен бар халық білетін фотосуреттермен толтырыпты. Бізге таңсық екі-ақ фото бар екен. Олар: Мақатаевты соңғы сапарға шығарып салғандағы суреттер.

Бір суретінде шашына ақ кірген сыныптасының жанында тұрған адамның келбетін кесіп, жап-жас Мұқағалиды қойып қойыпты. Мұнысы тіпті ұят екен. Қазір музей М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарайды. Музейдің бір суретін түзеу үшін де солардан рұқсат сұрау қажет. Алайда облыстық музейдің білдей бір ақынның мұражайына көңіл аудармайтыны көрініп тұр. Ақын пайдаланған заттар дегенде көргеніміз жазу үстелі, домбырасы, жалғыз сырт киімі мен шәй үстелі ғана. Ақынның жазу үстелінің алдында Абайдың портреті ілулі тұрады екен. Өлең жазғысы келгенде «мына шалдың қабағы ашық қой, маған өлең жаз деп тұр» дейді екен де қолына қаламын алады. Жазғысы келмеген күні «мына шалдың қабағы қатулы бүгін» деп үстелінен тұрып кетеді екен. Кей экспонаттарды Астананың 20 жылдығына қоямыз деп елордаға әкеткеніне екі айдан асыпты. Бұрын ақынның ауылдасы Жалғас есімді апайдың шиден тоқып, сыйға тартқан портреті болған екен. Енді қайда қалғанын ешкім білмейді. Қор бөлімінде ақынның шекпені, бесігі, төсекжапқышы бар. Көпшілікке не себепті шығармайтынын сол күйі ұқпай қайттық. Айналаға қарасақ, жиһаздардың бәрі ескі. Сөйтсек 1991 жылы музей ашылған кездегі жиһаздар әлі ауыстырылмапты. Тіпті қолданған заттарының сыртына терезе де қоймаған. Осынша олқылықты көрген соң камераның жоқ екеніне көз жұма қарадық. Музейді он бес жыл басқарған Жұмаш Өтеев сөре мен жылтырақты сән көрген десек те, кейінгі басшының заманға ілесіп, өзге музейлердің жұмысына қарауына болар еді. Бір-ақ түйін жасауға болады:  ықылассыздық.

Малшылардың үйіне құдайы қонақ болдық

Алып-ұшып келген көңілімізді музейдің жағдайы су сепкендей басты. Орыс халқының Ясная полянада тұрған Лев Толстойының бүкіл егіс алқабымен қоса үй-жайын сақтап отырғаны, Пушкинінің музейінде келушілерге ақынның неке жүзігін тағып көруге рұқсат беріп қоятыны есімізге түсті. Үн-түнсіз көлікке отырып, Сарыбастауға қайтайық дедік.

Мұқағали туған ауыл Шәлкөдеге барар жолда екен. Ал қазіргі Қарасаз бұл жерге 1967 жылы келіп орналасқан. Ол кезде ақын Алматыға көшіп кеткен.

Қайтар жолда жаңбыр құйды. Қарасазға келерде әр жерден алты қанат ақ үйлерді көргенбіз. Сарыбастаулық ағаларды сынамақшы болып «өздеріңіз танымайтын үйге құдайы қонақпыз деп барып көрейікші» дедік әзілдеп. Басында екі ағамыз қипақтап қалды. Алғаш көрінген киіз үйдің жанына тоқтадық. Бұл кезде жаңбыр құйып кеткен. Суық әрі тамшысы добалдай. Дірілдеп кеттік. Барсақ малшының жары екі баласымен бірге қидың бетін жауып жүр екен. Отағасы алдымыздан шықты. Жаңбырдан Төлеген аға екеуінің не сөйлегенін ести алмай қалдық. Әйтеуір үйге кіріңіздер деген сыңайын байқадық. Кірсек оң жақта атасы демалып жатыр екен. Сол жақта алты жасар немересін құшақтап әжей отыр. Алтыншы сыныпқа өткен Марал тамақтың қамына кірісіп кеткен екен. Төрге шығарып, танысып-білісе бастадық. Анасы сыртты жайғап келем дегенше Марал үстелдің үстін жинап, шәй дайындап, одан тамақ бастап үлгеріп жатыр. Анасының қолғанаты болып қалғанына тәнті болдық. Ауылдастары болуы керек, бізден кейін тағы екі аға мен бір апа кірді. Сөз барысында үй иесі Кәдірхан аға екінші киіз үйді әлі жеткізе алмай жатқанын айтып қалды. Киіз үй кішкентай болса да бәріміздің сыйып кеткенімізге, арқа-жарқа әңгімелесіп отырғанымызға көңіліміз көтерілді. Өздері негізінен Тұзкөл ауылында тұрады екен. Арайлым апай екеуінің екі ұл, екі қызы бар. Әжесінің құшағында отырған кенже қыздары үстіге киетін бүтін киімді кесіп, көйлек етіп алғанын естіп бір күлдік. Бұл жақта қаймақты маңыз дейді екен. Дәмі тіл үйіреді. Сары ірімшіктен алғаш дәм татуымыз. Сүт қатқан шәй ішіп, бойымыз жылынды. Ал менің киіз үйге жайланып алғаш отыруым. Маралды сөзге тартып, өлең шығаратынын, тіпті бір топ өлеңі республикалық газетке басылғанын білдік. Тағы бір жас тілші таптық деп қуандық.

Басында ағалар қымыз сұраған еді. Жылқы ұстамайтынын айтқан Кәдірхан аға көршісі Мақсұтхан құрдасына жол сілтеп жіберді. Жаңбыр басылғанда көлікке қайта отырдық. Салып ұшып келесі киіз үйдің алдына келдік. Сыртқа жас қыз шығып, одан қайта кіріп кетті. Енді анасы шығып, қымыз ішуге үйге шақырды. Үйге кіргеніміз сол еді өредегі құртты көрген құрбым «ана құртты қара!» деді таңғалып. Ду күлдік. Сонша үлкен құртты мен де көрмеген едім. Жайланып, бапталған қымызды сіміріп отырмыз. Бір кесесін зорға тауысып болсақ, қымызды екі аяқтан кем ішпеу керек деп кесемізді толтырып қайта ұсынады. Оны ішіп болсақ, тағы бір айла тауып қонақжай екендерін көрсетіп жатыр. Әңгіме үстінде Жәнібек аға: «Бұл қызыңыз киіз үйде шәй ішіп көрмеген екен. Сол арманын орындадық. Тағы бір арманы жүгенді ешкім ұстамай атқа отырғысы келеді. Оны да орындасақ деп отырмыз», – деді үй иесіне қарап. Мақсұтхан аға күлімсіреп, ең жуас деген атты ерттеп әкелуге сыртқа шықты. Атқа мінгенімде біразға дейін жетектеп жүрді. Қорықпай отыру керегін, қорықсаң жануар сезіп қалып майып қылатынын айтқан соң, жігерімді жинап «өзім жүремін» деп жүгенді алдым. Жайылып жүрген қойға қарай ақырын жүріп барам. Қорықпадым. Бір кезде шауып көрдім. Әні-міне аттан ұшып түсетін сияқтымын. Бірақ өзім де сау, ат та аман үйге әкеліп бердім. Құрбымның құртты көргендегі таңғалысын ұмытпаған үйдегі тәтеміз бір қалтасын салып берді. Кеш батып қалған. Рақметімізді айтып ауылға шықтық. Музейден кейінгі көңілсіздікті жолда кездескен екі әппақ үйдің ақкөңіл адамдары жуып-шайып тастағандай. Тіпті саржайлаулатып келеміз.

Ағылған көліктен, у-шудан, ыстықтан демалуға барғанымыз әбден арзыды. Нарынқолды қимай-қимай қалаға қайттық. Бұл жақтан да адамдар көшеді екен-ау.

Таңшолпан Төлеген

Дереккөзі: «Ұлан» газеті, №32

Түпнұсқадағы тақырып: «Асқар таудың ар жағында ел бар» деп…

Abai.kz