Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5503 1 пікір 16 Тамыз, 2018 сағат 12:35

Қайрат-Сигма. Делдалдардың дегені болып тұр

Бүгін алматылық «Қайрат» футбол клубы Еуропа лигасының іріктеу кезеңі аясында Чехияның «Сигма» футбол клубын қабылдайды. Сырт алаңда 2:0 есебімен жеңіліп қайтқанына қарамастан отандық жанкүйерлер «Қайраттың» келесі кезеңге өтуінен әлі де үмітті.

ХХ ғасырдағы «халық командасы», КСРО кезінде көршілес Республика командаларымен терезесі тең өнер көрсетіп, ел еңсесін көтерген «Қайраттың» қазір де жанкүйері аз емес. Ел чемпионатында ең көп жанкүйер жинайтын командалардың бірі. Ал Еурокубоктарда Алматының «Орталық стадионына» ағылатын көрермендер саны тіпті көп. Құшағына 24 мың жанкүйерді сиғыза алатын орталық алаң бұндай күндері аузы-мұрнынан шыға толады.

Өкініштісі, қаланың мақтанышына айналған «Қайраттың» матчын тамашалау жанкүйерлерге оңайға соқпайды. Стадионға кіретін билетті өз бағасында сатып алу мүмкін емес. Алыпсатарлардың қолынан екі-үш есе қымбат бағаға алуға тура келеді. Біз бұл жерде Премьер лига матчтарының билеті жайлы айтып отырған жоқпыз. Ол ойындарға билет онсыз да көп. Біздің айтпағымыз, Еуропа лигасы аясындағы матчтар.

«Қайрат» командасының бақытына орай Алматы жұртшылығы футболға әуес. Билет құны өзге қалалардан әлдеқайда қымбат болса да көрерменге кенде болып көрген жоқ. Ел чемпионатының матчтарына арналған билет бағасы бір бөлек, Еурокубоктық ойындарда билет құны тіптен қымбаттап кетеді. Бұған да өкпе артып, наразылық білдірген жанкүйер жоқ, белгіленген бағаға билет сатып алуға дайын.

Алайда, халықтың осы ыстық ықыласын арам пиғылының олжасы еткен алаяқтар қашанда орайы келгенде опырып қалуға дайын тұрады. Еуропа лигасы аясындағы матчтардың билетін күні бұрын сатып алып, стадион кассасын бос қалдырады. Кассадан билет таппаған жанкүйер амалсыз делдалдардың қолына қарауға мәжбүр. Ал олар ойына келген бағаны айтып, билет құнын шарықтатып жіберген.

Мәселен «Орталық стадионның» кассасында «Қайрат» - «Сигма» кездесуінің билет бағасы 750 – 10 000 теңге көлемінде екені көрсетілген. Бірақ, бұндағы 750 теңге қос қақпаның артындағы орындарға арналған. Ал матч тамашалауға ыңғайлы батыс және шығыс трибуналардан бұл бағаға билет таба алмайсыз.

Матч басталуға екі күн қалғанда стадион кассасында тек осы солтүстік және оңтүстік трибуналардағы құны 750 теңгелік билеттер ғана қалған. Ал өзге орындарға мүлде билет жоқ. Касса қызметкерлері барлық билеттің сатылып кеткенін айтады. Бірақ, бұл билеттер жанкүйерлердің емес делдалдардың қолында жүр.

«Орталық стадионның» кассасына жақындасаңыз жаныңызға он неше жігіт жинала қалып, қолындағы билеттерін сатып алуды ұсынады. Кассада билет қалмаған. Амалсыз алыпсатарлармен саудаласуға тура келеді. Олар сіздің қалтаңызға немесе футбол көруге деген ынтаңызға қарап өз бағаларын айтады. Кассадағы бағадан кемі екі-үш есе қымбат. Егер футбол көруге ниетті болсаңыз олар айтқан бағаға келісесіз.

Біздің елде барлық жерде осындай. Делдалдардың десі басқан заман болды. Халық поезд не автобусқа отырып жол жүру үшін де, стадионға барып футбол көру үшін де, пәтер жалға алу үшін де делдалдарың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұның мемлекет қазынасына да еш пайдасы жоқ, жемқорлардың қалтасын қалыңдату ғана. Айналып келіп қиналатын тағы да қарапайым халық.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5271