Қытай құрамасында үш қазақ спортшы өнер көрсетеді
Төрт жылда бір өтетін Жазғы Азия ойындары сары құрлықтың ең басты спорттық бәсекесі саналады. Осы дүбірлі дода биыл Джакарта төрінде жалауын желбіретпек.
Кіші Олимпиада саналатын Азия ойындарына қатысып, өз елінің намысын қорғау кез-келген спортшының арманы. Алайда, кейбір қазақ ұландары өзге елдің атынан бәсекеге қатысады. Байтақ қазақ даласының бір шеті болса да тарихи-саяси жағдайларға байланысты басқа елдің меншігіне айналып кеткен жер-суымыз қаншама? Дәл сондай құйқалы жұртымыздың бір жартысы Қытай шекарасының ішінде жатыр.
Осы өңірде туып-өскен үш қазақ спортшысы Қытай құрамасының сапында Индонезия елінде өтетін XVIII Жазғы Азия ойындарына жолдама алды.
Еркін күрес түрінен 65 келі салмақ дәрежесінде белдесетін Ерланбек Кәтейұлы еліміз жанкүйерлеріне көптен бері таныс. Қытай құрамасының қатарында Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқан. Өз салмағында Қытайда қарсылас шыдатпай жүрген Ерланбек Джакарта төрінде де аталған елдің туы астында өнер көрсетпек.
Қазақстандық күрес жанкүйерлері үшін жаңа есім деп Уәлихан Серікұлын айтуға болады. Қытайдың Шынжаң өлкесі, Тарбағатай аймағында туып-өскен Уәлихан грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Өткен жылы Қытай спартакиадасында қола медаль алып көзге түскен. Содан бері қытайлық бапкерлердің көңілінен шығып, Индонезияда бақ сынау мүмкіндігіне ие болып отыр.
Бұлардан бөлек бокстан Қытай ұлттық құрамасының 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тоқтарбек Таңатқанұлы есімді қазақ боксшысы өнер көрсетеді. Тоқтарбек те биыл Азия ойындарына Қытайдың атынан қатысады.
Шетелдегі қазақ спортшылары жайлы сөз қозғағанда Елмұрат Тасмұратовты айтпай кету мүмкін емес. Олимпиаданың, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт дүркін Азия чемпионы Елмұрат Өзбекстан атынан өнер көрсетіп жүр. Өзбек елінде туған Тасмұратовтың бір кездері Қазақстанға көшіп келгенін, кейін белгісіз себептермен ұлттық құрамадан орын табылмай, Өзбекстанға қайтып кеткенін білетін жанкүйерлердің өкініштен өзегі өртенеді бүгінде.
2018 жылғы жазғы Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта қалсында өтеді.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz