Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 17360 26 пікір 23 Тамыз, 2018 сағат 12:26

2050 жылға дейін қош бол, Байқоңыр!

Астанадағы адам факторынан болған апатты (жауыннан кейін пайда болған суды айтамын) айтып, Исекешевтің ит терісін басына қаптап жатқанымызда, орман жақтағы одақтасымыз «Байқоңырды» «меншіктеу» мерзімін ұзартып жатыр екен. Сол жайында жазамын.

«Байқоңырды» 2050-ге дейін орыстар пайдаланады

Әуелі Ресейдің «Роскосмосын» басқарып отырған Рогозин Дмитрий дегеннің сөзіне құлақ түрелік. Айтпақшы, Рогозиндер өз тілінде сөйлейді, біздің шаталар ғой деймісіз... Қазақшаға қотарғанда былай: Ресей жалға алып отырған «Байқоңыр» ғарыш айлағы бар ғой, міне соны жалға беру мерзімі ұзартылыпты. Енді 2050 жылға дейін «Байқоңыр» ғарыш айлағы Ресейдің меншігінде болмақ.

Бұл туралы жаңағы Рогозин айтқан. Қашан айтқан? Қайда айтқан? Мәскеу облысында, «Армия-2018» дейтін Халықаралық форумда солай деп мәлімдеме жасаған.

Бұл бұл ма, Қазақстан мен Ресей арасында мемлекетаралық келіссөздер жасалып, ақырында екі мемлекеттің бірлескен «Бәйтерек» жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Протоколға қол қойған. Ол бойынша, «Байқоңыр» ғарыш айлағында зымыран ұшыратын жаңа кешен салынады екен. Міне, жаңағы біз айтып отырған «Бәйтерек» жобасы сол жаңа салынатын кешен болмақ.

Ал Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің мәліметіне сенсек, бұл келісімдер Қазақстан тарабына жобаны қаржыландыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді-міс.

Сөйтіп, екі тарап келісіп шешіпті. Қазақстан өз міндетіне – «Зенит-М» ғарыштық инфрақұрылымын модернизациялауды алса, Ресей сол кешеннен ұшыратын орта класты «Союз-5» зымыранан әзірлейді.  Ресей зымыранды даярлап, Қазақстан оны ұшыратын кешенді салып болған соң, оған «Бәйтерек кешені» деген ат беріледі.

Осыған дейін екі тарап ақылдасып отырып, жаңағы «Бәйтеректен» зымыран ұшыруды 2025 жылға жоспарлаған екен. Кейін, жылдамдатып ұшырып жіберсек деп келісіпті. Келісіпті де, алғашқы ұшыруды 2022 жылға жоспарлапты.

"Байқоңырда" Ресей Заңы үстемдік құрып тұр"

Күллі әлемге сүйкімі кеткен Кремльдің кгбщнигі Володя Путин өткен жолғы саяси жолдауында әскери әлеуетінің әлемде теңдессіз екенін айтып кеудемсоқтық көрсетіп еді. Батыс ақпараты Путиннің мұнысын ашық агрессия деп бағалаған. Әрине, агрессор агрессия көрсетті.

Экономикасы есеңгіреп, өндірісі өлімші болған Путиннің қару-жарақтан несі бар басқа? «Байқоңыры» бар. Геосаяси жағынан «Байқоңыр» Қазақстан территориясына кіреді. Ал оны жалға алып отырған тағы Ресей. Міне, жоғарыда айттық. 2050 жылға дейін ұзартыпты. «Байқоңырда» ҚР Заңы жүрмейтіні, ондағы жұрттың Ресей рубльімен сауда жасап, мектептерінде «Президентіміз Путин» деп оқытылатыны осыған дейін талай мәрте жазылды. Сол кезде Көшербаев «көкелерін танытамын» деп барып, ақырында 6 мектепті ҚР БжҒМ программасымен оқытатын етіп қайтқаны да шындық. Дегенмен, «Байқоңырда» Ресей Заңы үстемдік құрып тұр, қазір. Тақырыптан сәл ауытқыдық.

Ғарыш айлағына оралайық. Сонымен, «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресей 2050-ге дейін жалдайды. Зымырандарын ұшырады. Сынақтарын жүргізеді. Сол үшін ақы төлейді. Былай қарасаңыз, «онда тұрған не бар» дерсіз. Бар. Білмесеңіз, білдірейік.

Өз жерімізде бір ғарышкерімізді ұшыру үшін өзгелерге 20 миллиард бердік

Әуелі, Солтүстіктегі көршілеріміздің еліміздің солтүстік өңіріне көзі түсіп жүргені белгілі. Ал Байқоңырды болмашы тиын-тебенге жалдап отыр.

2015-2016 жылдар арасында ескі үкімет Байқоңырдың тағдырын табанға басқандай тоз-тозын шығарды. Естеріңізге түсіре кетейік:

- Экс-вице министр Владимир Божко «Протон» апатынан Байқоңыр халқының ешқандай зардап шекпегенін айтты.

- Инвестиция және даму министрлігі  Қостанай облысы мен Ақтөбе облысынан зымыран қалдықтарын құлатуға 63 мың гектар жер беретін болды.

- Біздің Байқоңырдан біздің ғарышкеріміз Айдын Айымбетовты ғарышқа ұшырдық. Ол үшін 20 миллиард тағы бердік, Ресейге.

- 10 млн. гектарға тең Қазақ жерін сынақ алаңына айналдырғаны үшін ресейліктер елімізге небары 27 млн. доллар төлейді деген. Рас, ол да төленбеді.

- 32  мәрте «Протон» зымыраны құлады.

10 млн. гектар жерді қалай, қайтіп пайдаланып жатқанын да білмейміз, тек болмашы тиын-тебенге мәзбіз...

Пратон құлады деп қалдық қой. Енді сол құлаған Пратондардың бірсыпырасын тізейік:

1967 жылдан бері 404 “Протон” тасығыш-зымыраны ғарышқа ұшырылған болса, соның 49-ының жолы болмапты.

Әлгі бір жылы «протон» Байқоңырдан улы бұлт боп үйірілгенде ресейліктер Қазақ даласына, Қазақстан азаматтарына келген орасан зор көлемдегі зиянды емес, қалталарынан өтемақы ретінде шығатын шығынды есептеп әуреге түсті. Ал біздің шенеуніктердің көпшілігі «қоршаған ортаға да, азаматтарға да төнген қауіп жоқ» деуден танбады.

Кейін Үкімет алдында есеп берген сол кездегі «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мырза: «Бұл апат емес,Ресейдің ішкі шаруасы», – деп салды.

«Протон» апатынан кейін Қазақстанда бірқатар белсенді «Антигептил» экологиялық тобына бірігіп, Астанада қарсылық шараларын ұйымдастырған. Алайда, белсенділердің уәжіне пысқырып қараған Үкімет жоқ. Ал «ақсақал билік» пен Үкіметінің бар ойлағаны «Байқоңырдан ресейліктер кетсе, оның жұмысы тоқтап, біздің табысымыз ортайып қалады» деген қара бастың қамы ғана. Қамсыз күнде қан жұтып жатқан қарашаның қамын ойласа, өз үкіметі өстір ме еді?!

Негізі «Роскосмос» қазір ға­рыш­қа қатысты маңызды жобаларда «Протонның» орнына «Союзды» құп­ көреді деп жүрміз. Алайда, ауыр жүктерді тозығы жеткен, пайдалану мерзімі аяқталған «Протонмен» ұшыруды әдет­ке айналдырған. Кейбір дерек­тер­ге сүйенсек, 600 тонналық гептилмен ұшатын «Про­тон­ның»  Қазақстан жеріне 32-сі құлапты. Табиғатты, қор­шаған ортаны, бабадан балаға мирас болған қасиетті топырақты тоздырған полигондардан түскен пайдаға күн көретіндей не басына күн туды қазақ Үкіметінің?! 10 млн. гектар жерді қалай, қайтіп пайдаланып жатқанын да білмейміз, тек болмашы тиын-тебенге мәзбіз...

  1. 28/02/2006. “Протон-М” зымыран-тасығышы (ЗТ) “Арабсат-4а” ғарыш аппаратын белгiлен­ген орбитаға шығара алмады.
  2. 06/09/2007. “ДжейСиСат” серiгiн орбитаға шығару барысында “Протон-М” тасығыштың екiншi және үшiншi бөлiгi ұшу жолынан ауытқып кеттi. Ол Жезқазғаннан 40 шақырымдай жерге құлап, сол маңдағы елдi мекен­дердi әбiгерге салды. Қоршаған орта, айналаға, ауаға, суға, жан-жануалар мен өсiмдiктерге елеулi залал келтiрдi.
  3. 15/03/2008. “Протон-М” ЗТ тағы да “АМС-14” байланыс серiгiн мөлшерленген орбитаға шығара алмады. Ғарыштық аппарат уақытынан бұрын бөлiнiп қалды.
  4. 05/12/2010. “Протон-М” ЗТ үш “ГЛОНАСС” ғарыштық серiгiн белгiленген орбитаға шығара алмай құлады.
  5. 18/08/2011. “Протон-М” зымыраны “Экспресс-АМ-4” ғарыш аппаратын жобаланған орбитаға шығара алмады.
  6. 06/08/2012. “Протон-М” ЗТ “Бриз-М” блогымен “Экспресс-МД” және “Телком-3” серiкте­рiн бел­­гiленген орбитаға шығара алмады.
  7. 02/07/2013. “Протон-М” ЗТ “ДМ-03а” блогы және “ГЛОНАСС” аппаратымен ұшып бара жатып, 17-секундта апатқа ұшырады.
  8. 16/05/2014. “Экспресс-АМ4Р” серiгiн алып бара жатқан “Протон-М” зымыраны басқарушы қозғалтқыштың бұзылуынан апатқа ұшырап, оның қалдықтары атмосферада жанып кеттi.
  9. 16/05/2015. MexSat-1 мексикалық ғарыш серiгiн шығару барысында да “Протон-М” ЗТ 500-шi секундта күтпеген жағдай болып, атмосферада жалын құшты.

Қазақстанның тұтастай екі облысын қамтитын жер

Ол аз десеңіз тағы айтайын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен жарысып қарулануды мақсат еткен КСРО 1950 жылдардан бастап әскери полигондарын қаптатып аша бастаған. Бір таңқаларлығы, Ресейдің осы әскери полигондарының басым бөлігін Қазақстан аумағында ашуы. Қазақтың кең даласы – Ресейдің үлкен полигон алаңына айналған және айналып отыр. Әрине, 1992 жылдан кейін қазақ даласындағы полигондардың аумағы әжептәуір азайды. Дегенмен, әлі күнге дейін Қазақстанның 11 миллион гектар жері Ресейдің әскери полигондары үшін жалға берілген.

Ресейдің қазақ даласындағы әскери полигондарында Қазақстанның үкімі жүрмейді және сөз болып отырған аймақ территориясы жағынан Польша секілді Еуропадағы ірі мемлекеттің аумағымен пара-пар. Қазақстанның тұтастай екі облысын қамтитын жер.  Ол түптеп келгенде Қазақстанның жері. Жалға беру деген – ол меншікке беріп қою деген сөз емес.

Алдыңғы жылы бір ғана «Тайсоған» полигонын жабу туралы шешім шықты. Мәз болдық. Біреуі болса да жабылады деп.

Кезінде 90-жылдары Семей полигонын  жапқанда, сонымен тоқмейілсіп, масаттанып жүрдік.  Ал сол кезде Қазақстанның аумағында сондай 8 нысан, қосымша 6 әскери  база болды. Шын мәнісінде соның біреуі ғана жабылды. Ол - Семей атом полигоны. Жабылғанның өзінде біздің мүддеміз еш есепке алынған жоқ. Ал Абай туған өлкеде қаншама жарылыстар болды, жарылыс -сынақтар табиғатқа айтарлықтай зиян келтірді, жергілікті адамдардың денсаулығына да әсер етті. Ал мұның зардаптарын жоюға Ресейден де, АҚШ-тан да өтемақы төленбеді.

Алайда, еліміздегі 7 бірдей әскери нысанды арнайы келісімшарт негізінде Ресей Федерациясына жалға бердік. Бүгінде 11 млн. гектар аумақты алып жатқан сол жеті база Ресей Қорғаныс Министрлігінің иелігінде.

Ресейдің 7 бірдей әскери базасы

1. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің №5-ші мемлекеттік сынақ полигоны. Қызылорда облысы аумағында орналасқан, ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағы. 2004 жылы жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.

2. РФ Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік №929-шы ұшу-сынақ орталығы. Бұл орталықтың штабы Астрахан облысының Ахтубинск қаласында орналасқан.

3. РФ Қорғаныс министрлігінің №4-ші мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. 1949 жылы құрылған бұл полигон аумағы Атырау және Батыс Қазақстан  облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының  Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды.

4. РФ Қорғаныс министрлігінің №10-шы мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. Сары-Шаған сынақ алаңы. Бұл сынақ алаңында негізінен әуе күштеріне қарсы сынақтар жүргізіледі. Күні кеше ғана Мәскеуді қорғауға арналған зымыранға қарсы құрылғы сынақтан өткізілді.

5 .№5580-ші сынақ жұмыстарын қамтамассыз ету базасы. РФ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы №11 Ембі мемлекеттік сынақ полигоны. Бұл сынақ алаңы Ақтөбе облысы аумағында орналасқан.

6. Ресейдің Әуе күштерінің Ғарыш әскеріне қарасты №3-ші зымыран-ғарыш қорғанысы армиясының радиотехникалық желісі. Бұл нысан Балқаш көлінің бойындағы Приозерск қаласында орын тепкен.

7. Қостанай қаласындағы Ресей Әуе қорғаныс күштері транспорттық авиациясының жеке полкі.

Сонымен, Ресейдің әскери базалары Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Орталық Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай секілді еліміздің ірі 8 облысы аумағында бар екен.

Жалпы қазіргі уақытта шетелдегі ресейлік әскери нысандардың саны күрт азайып, 10 елмен ғана шектеледі. Олар: Абхазия, Армения, Белоруссия, Вьетнам, Қазақстан, Қырғызстан, мойындалмаған Приднестровье, Сирия, Тәжікстан және Оңтүстік Осетия.

Қазақстан мен Ресей арасында әскери байланыстар құжат түрінде бекітілген. Ол қандай құжаттар?

Тағы бір дерек. Бұны да біле жүріңіз. Қазақстан мен Ресей арасында әскери байланыстар құжат түрінде бекітілген, ресмилендірілген.

1. Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымы. Қасқаша – ҰҚКҰ. Яғни, ұйымға мүше елге қауіп төнген жағдайда ұжымдасып күрес жүргізіледі немесе шара қолданылады.

2. Әскери білім беру туралы келісім.

3. Екіжақты қару-жарақ саудасы жөніндегі келісім. Қару-жарақ пен оған керек-жарақты сатып алу туралы келісім.

4. Бірлескен оқу-жаттығулар өткізу туралы келісім.

5. Әскери штабтардың қоян-қолтық жұмыс жасау туралы келісім.

6. Әуе қорғанысына ортақ жүйе құру туралы келісім.

Екі Мемлекет арасындағы негізгі келісімдер мыналар:

1. Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери байланысты арттыру жөніндегі келісім жасалды. (1994 жыл. 28-наурыз. Мәскеу)

2. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін әрі қарай дамыту мен оның құрылымын жақсарту және жұмыс жасау туралы Меморондум қабыданды. (2004 жыл. 9-қаңтар. Астана)

3. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты арттыру жөнінде келісімге келді. (2013 жыл. 24-желтоқсан. Мәскеу)

4. ҚР мен РФ арасындағы ортақ әуе қорғанысына арналған жүйе құру туралы келісім жасалды. (2013 жыл. 30-желтоқсан. Астана)

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Менің білуімше, бұған дейінгі Байқоңырға қатысты  қол қойған келісімге сәйкес, Ресей Федерациясы онсыз да Байқоңырды 2030-35 жылға дейін жалға алған еді. Нақты мерзімі есіме түспей тұр. Бірақ, Қазақстан бұған келіскен. Осыдан 10 жыл бұрын екі жақ осындай келісім жасасқан.

Әрине, 2050 жылға дейін жалдаған деген өкінішті хабар.  Олай дейтін себебіміз, біріншіден бұл қазақтың жеріндегі жалға алынып отырған нысан ғана емес. Бұл белгілі бір дәрежеде Ресейге қарасты аймақтар.  Аймақтар деп отырғанымыз тек қана Байқоңыр емес. Байқоңырдың өзі 6 мың шаршы аумақты алып жатқан жер. Сонымен қатар Ресейдің 4-5 әскери полигондары бар біздің жерде. Сарыөзек, Ембі – 1, Ембі – 2 сияқты үлкен аумақты алып жатқан жерлер. Бұл жерлерде толықтай Ресей үкімі жүріп тұр.

Ол жерлерде Қазақстан азаматтары, қазақ азаматтары өмір сүріп жатыр. Байқоңырдың қаласы бар, мысалы. Олардың жағдайы үлкен мәселе. Жалпы бұл Тәуелсіздікке сай келмейді.  Бір мемлекеттің ішінде, екінші мемлекеттің осындай аумақтары болуы, ол жерлерде екінші бір мемлекеттің заңдары жүретіні қауіпті.

Екіншіден, Байқоңырдан ұшқан Ресей зымырандары жиі құлап жатыр. Олар экологиямызға орасан зор қауіп төндіріп отыр. Ол осыған дейін талай айтылды. Талай рет әшкере болды. Оның ішінде пратон зымырандарының зардаптарын Ресей күні бүгінге дейін өтеген жоқ. Мынау гептил дегеніңіз ең улы қалдық. Құлаған зымыраннан сол гептил тонналап қазақ жеріне төгіліп жатыр.

Ал біздің жауапты органдар осы орасан зор апаттың өтемақысына болмашы тиын-тебен алып қана отыр.

Үшінші мәселе, осы Байқоңырдан басқа мемлекеттердің зымырандарын ұшыру арқылы Ресей жыл сайын өте зор пайда табуда.  Ал Қазақстан өз мемлекетінде орналасқан ғарыш айлағы үшін қандай да бір ақы, өтемақы көріп отырған жоқ. Біздің жыл сайынғы алатын ақымыз, қателеспесем, келісімшарт бойынша 115 миллион доллар. Бұл - жылына алатынымыз. Бұл - түкке тұрмайтын сома.

Мен сізге бір ғана мысал келтірейін, қазір кетті ғой. Бірақ кезінде Қырғызстанның Манас әуежайының бір ғана бөлігін, толықтай емес, бір ғана бөлігін НАТО әскерлері Ауған операциясына байланысты жалдап тұрды. Кішігірім әуежай, соның бір бөлігін ғана. Соған жылына 150 миллион доллар төлеп тұрды. Енді салыстырып көріңіз. Байқоңыр қандай? Салыстыруға келмейді. Сол үшін алып отырғанымыз 115 миллион доллар. Оның өзін Ресей ақшалай төлеп отырған жоқ, менің білуімше. Қалған-құтқан ескі темір-терсектерін беріп отыр. Өздерінде «списаниеге» кеткен ескі техникаларын беріп отыр.

2050 жылға дейін бұл жалғасатын болса, шығына да, қауіп-қатері де зор. Сондықтан бұл мәселелерді кеш те болса, қолға алу керек. 4 негізгі бағыт бойынша, талаптарды күшейту керек. Тіпті, осы Байқоңырдан келісімшарты бізге қаншалықты керек?

Ал енді біздің өзіміз осы Байқоңырды игеріп кете алмаймыз, бұл өз алдына үлкен тақырып.

Меніңше, бұл жерде Ресейге тәуелді болып, қарап отырудың қажеті жоқ. Осы ғасырда, бүгінгі күнде осындай ғарыштық бекетті ұстап тұру тек АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай секілді ірі мемлекеттердің қолынан келеді.

Қазірдің өзінде батыстың технологиясы озық. Зымырандарды ұшырып қана қоймай, оны қайта қондыру процессін қолға алды. Қазір қолданыста бар. Ғылым тоқтаусыз алға жылжып келеді. Сол тұрғыдан, Ресейдің пратондары, ангаралары бәсекеге қабілетсіз болып барады.

Қазірдің өзінде Ресей ғарыш саласында Батыспен бәсекелесе алмайды.

Ресейге қарап қалудың қажеті жоқ. Басқа мемлекеттер келсін. АҚШ, Еуропа елдерімен ынтымақтастық жасауға болады, меніңше. Бұл да жақсы балама. Кез келген жерде бәсекелестік болатын болса, сол бәсекелестікті ұйымдастырып отырған Қазақстан өзі таңдау құқығы болуы керек.

Сөз түйіні: Ертең алағай да бұлағай кезең туа қалса, Путиннің пиғылы ауысып, орыстілді тұрғындардың құқығы дегенді желеу етіп, басып кіруі де ғажап емес. Ондай жағдайда қазіргі жарылқап берген қарулары мен әскері қазақтың өзіне қарсы бағытталмасына  ешкім кепіл бола алмайды. Бұған қоса, Қазақстан аумағындағы Ресейге жалға берілген аймақтардың мәселесі тұр. Бұл тек Байқоңыр қаласына қатысты емес, Байқоңырдан өзге Қазақстанда 11 миллион гектар жер Ресейдің әскери полигонына айналып отыр. Осы полигондарды жабу мәселесіне келгенде билік басындағы бишіктер бейтараптық танытып отырғаны туралы осыған дейін де жаздық. Біздің биліктің Байқоңырға бейтарап қарайтыны белгілі. Ары айт та, бері айт, енді   Байқоңырды орыстар 2050-ге дейін меншіктейтін болды.

Алда-жалда Ресейдің у толы зымыраны апатқа ұшырап, бір адам зардап шексе, басқа-басқа емес, министр Атамқұловты сотқа сүйрейміз. Басқа амалымыз жоқ.

Қосымша: деректер ашық интернет көздерінен алынды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391