Жұма, 22 Қараша 2024
Дидар-ғайып 8165 5 пікір 27 Тамыз, 2018 сағат 12:55

Түріктерді тәнті еткен терең білімді жас ғалым өмірден озды

Тұратбек Мантай өте сабырлы, жаны жомарт жан болатын. Тұңғиық әлемі айтарын сыртқа шығармай, өз ішіне тартып әкететінін жасырғысы келсе де, жанындағы адамдарға бірден білініп тұратын. Ол сонда да күліп қана қоятын немесе үнсіз қалуды жөн санайтын.

Адамның көңіліне қарап қалған, таза адам еді. Жаны ізгі аға еді.

23-тамызда Шымкент қаласындағы облыстық "Әдет-ғұрып және салт-дәстүр" орталығының баспасөз хатшысы Мантай Тұратбек Серікбайұлы 34 жасқа қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтті.

Ол түркі дүниесін терең білімімен, ұшқыр ойларымен, ғылыми ізденімпаздылығымен мойындата бастаған тарихшы,  болашақ ғалым болатын.

Тұратбек Серікбайұлы Мантайтың елге келіп, қызмет ете бастағанына екі жылдай ғана болған.

Ол ғылымдағы ізденісін 2007 жылы Түркияда бастап, сол елде магистратурасын сәтті қорғады. Докторантурасының да оқу дәрістерін сәтті аяқтап,  диссертациясын жазып, қорғауына аз ғана уақыт қалғанда айтусыз ажал ортамыздан алып кетті.

Түрік еліндегі ғылыми кеңесшісі Осман Каратай мырзаның жетекшілігімен Измир қаласындағы Эге университетінде Тұратбек Серікбайұлы "BİR etnik teşkilatlanma modeli olarak Kazak uruk ve boy sistemi" ("THE Kazakh Clan and tribal system as a model of ethnic organization" тақырыбында іргелі зерттеулерін бастаған еді. Қазақтардағы рулық-тайпалық жүйенің халық ретінде қалыптасудағы орнын зерделеуде Тұратбек Мантай көлемді ақпараттарды игеруді ниет етті.

Еуразиялық геосаясат ерекшеліктері мен  этникалық процестердің қалыптасу кезеңдері, қазақ ұлтының этногенезі бойынша кешегі, бүгінгі зерттеу дерек көздері сипаты, генеология, фольклор,  ономастика, археология ресурстары бойынша архив деректерін жүйелеуде талай ақпараттық материалдар жинады.

Тұратбек Серікбайұлы ұрпақ жүйесі, ғасырлар бойы қалыптасқан  қазақтардың генеология принципі, шығу тегі, тарихы туралы сынды еліміздегі архив материалдарынан тыс мәліметтерге терең сараптама жасай алатын.

Қазақ рулары тарихы мен атаулары, ру аталарына тарихи отандық әрі түркілік деректер бойынша зерттеу жасауға,  әсіреее, шетел деректерін түсініп, зерттеуге  шет тілін терең білу қажет болса,  оның түрік тілін жетік, өз ана тіліндей меңгеруі  ғылыми тұжырымдарының сәтті шығуына жол ашатын еді. Қырғыз, өзбек тарихын да бір кісідей меңгерген болатын.

Тұратбек ағамен бізді білім жолындағы сапарымыз таныстырды. Түркиядағы оқуымызда замандас, аға-қарындас ретінде тез тіл табысып кеттік. Уақыт өте келе бұл азамат ағамдай болып кетті. Кейіннен тіпті Мені үнемі өзінің қарындасымен салыстырып, "Тотымдай көремін" дейтін... Қамқор болатын. Ғылыми пікірлерімен, ойларымен,  идеяларымен жиі бөлісетін еді.

Оның "биік шыңдарды бағындырсам" деген арман-тілектері биік еді.

Әйтсе де, ертеректе бауырлары өмірден ерте кеткенін, отбасының тірегі өзі екенін санасына сіңіріп өскен жан деуге болатын. Қарындасы мен әпкелерінің айтқанына үнемі құрметпен қарайтын әрі оларды өз мүддесіндегі ойлары мен арманынан әрдайым жоғары қоятын. Әкесі туралы "тәтем" деп жиі әңгімелейтін. Анасының денсаулығына да жиі  алаңдайтын.  Туғандарының қай-қайсысы болса да, ол үшін әрқайсысының орны бөлек еді.

Отбасы болып, әулетіне келін әкелетінін де Тұратбек аға өзі айтты. Шымқалаға "жеңгеңнің шайын ішесің деп" жиі шақыратын. Перзент сүйіп, әке атанған қуанышын да бөлістік. Шын көңілімізбен бақыт тіледік. Иә, жағымды жаңалықтарымен қашан да өзі бөлісетін.   Ал...

Ал Әкесінің қазасы Тұратбек ағаға қатты батты. Осы жылдың  маусым айында ол: "Жан дүнием бұл дүниеге сияр емес. Мен - жалғызбын. Қайғымды бөлісер жан іздедім. Әкемнің жетісін өткіздік" деп қоңырау шалды. Әкесінің қаралы хабарын естіртеді деп тіпті ойламадым. Білмеген едім. Қапелімде аузыма сөз де түспеді. Тез қоштасып, телефонды қойдым.  Құрбан айттың алғашқы күніне қарсы Тұратбек ағадан тағы да қоңырау қалыпты телефонымда. Менің тарапымнан жауапсыз қоңырау... Енді көрдім. Суыт хабарды бүгін естідім.  Тынымсыз  тіршілікте көңіл бөліп, қарындас ретінде жан-дүниесін құлақ салуға да уақытым аз болыпты. Жауапсыз қалған телефон қоңырауларымен бірге Тұратбек ағаның ортаға салар талай тың идеялары да жауапсыз қалды-ау...

Тағылымды тәрбиесімен, терең білімімен түріктерді таңдай қақтырған Тұратбек ағамыздан, досымыздан айрылдық. Тарихтың талай шыңын бағындырып, түркі әлемін мойындатар болашақтың бір ғалымынан қапыда көз жазып қалдық...

Аяулы анасына, Ақмарал, Аягүл әпкелеріне, Тоты қарындасына, барлық туғандары мен жақындарына көңіл айтамыз. Тұратбек Серікбайұлының топырағы торқа болып, жаны жәннаттың төрінен орын алғай!

Арай Жүндібаева, әдебиеттанушы,  философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Шәкәрім университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322