Тимирязев көшесінде BRT-ге арналған арнайы жолақ салынып жатыр
Алматының Тимирязев көшесінде «Жүрдек қоғамдық көлікке» (BRT) арналған арнайы жолақ салынып жатыр. Жүрдек автобустар жолағы Тимирязев көшесі бойымен Байзақов көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейін жұмысын бастап та кетті.
Алматы қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысы Ж.Мұраталиевтің мәлімдемесі бойынша «Жүрдек жолақ» кезең-кезеңмен батыс бағытта созылып, жол құрылысы толықтай 2019 жылға дейін аяқталады екен.
Ішкі істер департаменті осы «арнайы жүрдек жолаққа» үйрену үшін алматылық көлік жүргізушілеріне мүмкіндік беріп отыр. Яғни 10 қыркүйекке дейін «Арнайы жүрдек жолақпен» жүрген жеңіл көліктерге айыппұл салынбайды. Осы күндері Тимирязев көшесіндегі «жүрдек жолақта» жол полиция инспекторлары кезекшілік етеді. Олар ереже бұзған жүргізушілерге ескерту жасап, BRT жолағының ерекшеліктерін түсіндіреді. Ескерту, түсіндіру жұмыстары 10 қыркүйекке дейін жалғасады.
Алайда, ішкі істер қызметкерлері жүргізушілерге белгіленген мерзімге дейін «жаңалыққа» үйреніп алу қажеттігін ескертеді. Яғни 10 қыркүйектен бастап жол ережесін бұзушылар заңнама бойынша «жазаланады», айыппұл төлейтін болады.
Abai.kz