Қазақ әдебиеттануының қас жауы - қазақ лингвистикасы
Ақыл-есін білетін, оң мен солын таныған Бодандағы елдің ұланы мен Кеудемсоқ империялық елдің оғыланының білім алуы, ғылым мен ілімге қол жеткізуі екі түрлі. Бодандағы елдің зиялысы мен Кеудемсоқ империялық елдің оқымыстысының өз елінің өнерін, мәдениетін, әдебиетін гуманитарлық аяда зерттеуі өзінше әм бір-бірінен өзгеше.
Кеудемсоқ Христиан империялық елдерінің өнері, мәдениеті, әдебиеті, ілімі мен білімі Мұсылмандық, Тәңірлік-Түркілік, Буддалық, Конфуцийлік Шығысты өзіне табынтты, табынтып та келеді. Христиандар әлемді мәдени құлдану үшін әдебиет саласында ойлап тапқан Нобель сыйлығы (іргелі ғылымдағыларға берілетіні үшін еш дау айтпаймыз) дегенің Шыңғыс Айтматовқа төл мәдениетін тәрк еткізе жаздатса, түрік жазушысы Памук Орхан сияқтыларға тіпті ұлтына сатқындық жасатты. Бұған дейін өз елін аяусыз сатира дойырымен қамшылаған Әзіз Несін тап осындай әдеби әзәзілдікпен Еупопаға жағып, классик атанғантын. Ғаббас Қабышұлы ағамыз оның шатпағын ана тілімізге мөлдіретіп аударған кезде аталған қаламгердің өз елін өзі қалай масқара еткенін оқып, османылардың тірлігі үшін әрі күліп, әрі осы масқарашылықты оқығанымыз үшін бетіміз қызара ұялатынбыз. Жазушылар осылай етіп жатқанда, оларды зерттейтін әдебиеттанушылар да еуропалық әдебиет теориясының жалына жабысып, «Құтты білік» көркемдік әдісін – поспеловтік-тимофеевтік «реализм-романтизм» әдісіне жығып беріп, бәрі «Батыстан шыққан» деп қарап отыруда. Шынымен солай ма?! Еуропалықтар Түркінің қасиетті «Құтты білігінің» құнын бес тиындық етіп, өңін құбылтып, мәжусилік «Готизмге» айналдыра салды. Бірақ калькаланған «Құдаяттық» сақталынып қалды. Оған түркі әлемінен уәж айтып, ғылыми ой жүгірткен ешкім бола қойған. Бұған дейін Иассауилік «Шығыс абсурдизмі» еуропалық қалпақ киген болатын. Осылайша, шәкірті ұстазының бетін жыртып, рухани төрін былғады. Католиктер Еуропа елдеріндегі түркі әдебиеттанушылық кітаптарын жойып, олардың аудармасын асқан ғылыми шеберлікпен өз топырағына бейімдеп, болған болмағаны белгісіз бірақ бүткүл адамзат баласының көзін ашқан Аристотельге теліді. Әл-Фараби бабамыз «екінші ұстаз» атағын иеленіп, түркілер соған тәубә етті. Гректер бабамыздың барлық кітабын араб тіліне аударып, қазақ-өзбек тіліндегі көне еңбектері «жоғалған мәтінге» айналды. Тек Буало «Поэтикасында» түркі мұрасына плагиаттық жасағанымен жаңа мәтінде өзі сіңірген түркілік өлеңи-трактаттық сақталып, бізге қолмен ұстай алмайтын, көзбен көре алмайтын, бар болса да Ватикан кітапханасының рухани-мәдени зынданында мәңгіге жатқан түркі теориялық кітаптарының қандай болғанын көзімізге елестетіп, ойша оқитын дәрегейге жеткізе алды. Өйткені, Баласұғұнның түркі символизмі паш етілген «Құтты білігі» жалғыз дегенге «тышқан к... берсе сенбейсің...» Ал, христиандық аярлық бізді «тышқан к... берсе сенбейтінге...» әлі күнге дейін сендіре білді. Сақша «Оғызсой» деп жазылып, түркіше «Алпамыс» деп жырланып, Соқыр Ғұмар деген біреу жырлады-мыс дейтін гректік плагиат «Одиссей» әлем әдебиетінің бастау көзінде тұр. Дактильді («Бармақты») мойындаған, бірақ акцентті өлеңді құп көретін Еуропа «Талмудқа» негіз болған қоңыраттық «Оғыз қағанды» осылайша жырымдады. Бүтінді бөлшекке айналдырып иеленді. Ондағы екі өзек «Гегелміш» пен «Оғызсой» (Оғыз қаған ұрпағы//тары) жөйіттер арқылы әлем тарихындағы әдебиетті 180 емес, 380 градусқа бұрып жіберді. Тарихи әдебиеттанушылық жады адасты.
Бұл жарға жығатын үрдіске ең алғаш әдеби байбалам салып, әдеби-теориялық шу көтерген Қадыр Мырза Әли еді:
«Бұдан он шақты жыл бұрын университетте лекция оқып жүріп мен де бір нәрсеге қатты мән бергенмін. Өз пәніме байланысты әдебиет теориясының көптеген оқулықтарымен танысып шығуыма тура келді. Соның бір де біреуі шығысты аузына алмайды. Мысалы, поэзия және оның түрлерін талдағанда сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин... сияқты еуропалық өлең түрлерімен шектеледі. Гётенің өзі шығыстың жеті данышпан ақынын білемін, жетеуі де менен мықты деген. Еуропа ғалымдары, ең болмаса, ұлы ақынның осы сөзіне мән бермей ме?! Ойланбай ма?! Олар қандай формада жазды екен деп толғанбай ма?! Егер олар да Еуропа ақындары секілді романс, ода, мадригал, баллада, терцин жазған болса неге мысал келтірмейді...
Жоқ! Олар арзу, бәйіт, ғазел, қасыда, мусаддат, мухаммет, мураббе, месневи, тахмис, тержибейді, теркиббенді... тәрізді толып жатқан өлең – жырдың шығыстық түрлерінде еңбек еткен. Еуропалық әдебиеттанушылар, немене, бұларды білмей ме? Орыс оқымыстыларынікі не? Олар неге бұл ежелгі мәдени әдебиетті аттап өтеді?! Түсінікті жәйт: еуропалық бірауыздылық, өркөкіректік.
Шынын айтқанда. Шығыстың өзі Орта Азиямен шектелмейді ғой. Жапония, Қытай, Үндістан секілді ұлы елдерді қайда тығып қоймақ?
Менің негізгі айтпағым, әрине, бұлар емес. Бірақ ілім-білім, ғылым туралы толғана отырып, осы бір әлемдік әділетсіздікті аттап өте алмадым.
Ерте ме, кеш пе мұның бәрі қалпына түсіп, әр нәрсе өз орнына келе жатар. Мәселе тек осыған қарап тұрған жоқ, әйтсе де, көрер көзге жасалған қиянат адамның көңіліне келеді. Мың-мың жылдық тарихы, мың-мың жылдық мәдениеті бар қытайлықтар әрқилы жаңалықтар ашып жатқан кезде Ұлыбритания аралында адамдар жартылай жалаңаш жүрген жоқ па еді?! Ендеше, соның бәрін жылы жауып қойып, ежелгі Шығыс, ежелгі Азия мәдениетін жоққа шығару асқан ақылдылық емес, әрине!» (Қадыр Мырза Әли. Жазымыш, - Алматы: Атамұра, 2004). Ақын назариятшыны ешкім қостаған да, қоштаған да жоқ. Ғылыми ортадағы ауыздарына еуропалық лас су толтырып алғандар жақ ашпады. Өйткені, қазақта ешкім айтпағанды айтсаң, тура осындай күй кешесің. Қадыр ақын ешкім айтпағанды бірінші болып айтты. Одан соң, Өтежан Нұрғалиев әкеміз де өз пікірін айтып қалды. Бұл жолы ғылыми орта емес, ФБ шулады. Келесі күні тағы да өлі тыныштық орнады. Оның себебі, қазақ әдебиеттанушылары өз пікірін айтпағандықтан еді. Иә, біз екі озық ойға тұщымды пікір айтуға дайын емес едік. Шындықты шырылдап біз үшін Адам Мекебаев ағамыз өзі айтты. Қатты айтты. Өзінің «Мистикалық қазақ реализмінің атасы» екенін мойындата айтты. Тек «Адасқандар» романы арқылы қазақ сентиментализмнің атасы атанған С.Мұқанов кейбір әсіребілгіш әдебиет тарихшылары мен әдеби сыншылар тарапынан мазаққа айналып, шығармашылығы түкке алғысыз қылынып сыналса, неосентиментализмінің көшбасшысы әм атасы Бексұлтан Нұржекеұлы «Әйел жанының дәругері» немесе «Махаббат жаршысы» деген шығарып салма мәртебемен ғана шектелді. Әдебиеттанушыларды ғылыми аренадан шеттеткен әдебиет тарихшылары мен әдеби сыншылар көбіне «ит жоқта шошқаны осылайша үргізіп қояды». Ал, қаламгер қауымы «ит жоқта шошқа үргізуге» көнуден қалды. Қарымды қаламгерлеріміз Әлемдік, Түркілік деңгейдегі тамаша туындыларды жазады, оған өз қаламдастары ғана пікір білдіреді. Ғылыми орта өз ойын білдірмесе, «маған әдеби тағдырдың жазғаны осы шығар!?» дейді жазушы қауым ішінен сыртқа шығармай. Әдебиеттанушылар олардың мәтіндеріндегі ғылыми жаңалығы мен әдеби ашылымын ауызға алып жатқан жоқ. Кейбір филологтар қаламгердің көңілін қалдырмау үшін жылы лепес сөз қозғай қалса, тұнып тұрған кеңестік әдеби эстетикалық дігідік қасқалау ғылыми қолқаны шаңға қаптырады. Басқалардың пікірімен санаспай, Өзін «Әдебиеттанушымын» деп санайтын бұндай дон кихоттарға ғылыми шегің түйіледі. Әдебиет теориясының исі де шықпайтын мақалалар марафоны ара-кідік жастар тарапынан жаңаша назарияттық ой түйіндеулерге ұласып барып, бұрынғы жартас бір жартасқа қайыра айналады.
Әбжід өлді дедік – оны Бауыржан Қарағызұлы тірілтті. Алаш абсурдизмін Азамат Тасқара қайыра түлетті. Түркінің Еуропалық және Азиялық деп бөлінетін трубадурлық және жаугерлік сарынын Дәулеткерей Кәпұлы неоклассикалық жапсарда түрлендірді. Бұлар енді жастар болса, орта буын: ілкісі Асан қайғыдан тамыр тартқан, есік ашарының «Зар-заман» әдебиетінен бастау алатын назирагөйлікті (постмодернді) әлемде бірінші рет қазақ әдебиеті өмірге әкелгенін шығармашылық жадымен сезініп, «ұлттық ақырзаман елесі» мотивіне құрылған тамаша туындыларын оқырман қауымға сыйлап үлгерді. Өз тараптарынан «құлдық сана серделдеңі» трагикомикалық образының небір үлгісін алаш әдебиетінде мәңгіге таңбалады.
Ал, ғылыми орта Асан қайғы мен «Зар-заман» әдебиетіндегі барды көзге ілмей, әдебиет құрыды, бітті, тозды жастар бұрыннан бар назирагөйлікті тарс естен шығарып, Батыстың христандық сандырағы біржақты ғылыми-ілімдеген «постмодернизммен» бәрін бүлдіріп жатыр деген әдеби байбаламға баспай отыр. Біз әлемдік әдебиет тарихында постмодернді (назираны) бірінші болып өмірге әкелдік, бірақ, ең әттеген-айы, бірінші болып оның теориялық іргетасын қалай алмадық.
Фолькәпсани «Қырық өтіріктен» бастау алып, түркіден дербес «Алдар көселік» мен түркіге ортақ «Қожанасырлық» циклденуге ұласатын Ұлттық күлкі «Карнавалдықтың» хас шебері Бейімбеттен кейін қазақи судырахметтік рухта ғаламат туындыларын өмірге әкеле білген Дулат Исабеков пен Жүсіпбек Қорғасбекұлдарының айыбы Бахтиннің зерттеуіне енбей қалғаны ма?! Рабле кім ешкім де емес, қазақтың әр ауылында кездестін Жұман қыртының сөзін қағазға түсіруші жат жұрттық әлдекім ғана. Орыстың оқымыстыларының Батыс үшін құны бес тиын бір еңбегінің әйтеуір бір жерінен оқып алып: Ойбай француз бірінші, неміс екінші дегенше, өзімізде барды әлемдік деңгеймен салыстырып барып ой толғағанымыз жөн. Қазақ ғылыми әлемі бір кездері Бахтинмен ауырды. Бахтин біріншіден – христиандық, екіншіден – еуротекті, үшіншіден – мұсылман әлемі өзін мойындай табынатындай еш дүние жасаған жоқ. Тек бір ғана игі әсері ол айтқандардың бәрінің қазақта бұрын болғандығы, қайырып жаңғырып отыратындығы. Әрі оның христиан әлемі әдебиетін зерттеуге қолданғандарын мұсылман әдеби әлемін қарастыруда этнокәдеге жарату ерсі дүние емес. Олар (шығысты ауызға алмай, өз өтірігіне бізді сендірушілер) бізге ұлттық әр әдеби ашылымға төл терминді қалай жасауға болатынына бағдар жасады. Осыны жақсы ұғынған менің ұстазым Бақытжан Майтанов хронотопты «мекенжай» деп алып, Бахтиннен құдай жасаушылықтың тамырына алғаш рет балта шапты.
Алаш әдебиеттануындағы Еуропаға, оның христиандық аяр ілім-біліміне көзсіз табынғандар Ахмет Байтұрсынның этноәдебиеттануына 1928 жылдан бастап, әуелі марксистік аңыста, кейін еуртотектілік жосықта тас атушылықтан арылмай келеді. Өзбектер бұған өз жауабын Я.О.Зунделович негізін салған Әдебиеттанудағы айшықты-құрылымдық Самарканд мектебін құру арқылы бере алды. Біз ше?!
Біз әлі гуманитарлық салада азаттық алған жоқпыз. Латын мен Грек тілдерінен өзбек, түркімен және қырғызбен ақылдаса отырып, неошағатайлықпен тікелей этнотермин қабылдауда биіліктегілерден еш қозғалыс жоқ. Ғылым мен ақпарат тілі салаларындағы пуризм қазақ, өзбек, түркімен және қырғыз тілдерін бір-бірінен алшақтатып, ғылымдағылар мен биліктегілердің орыс тіліндегі терминдерді сол тілдегі жазылымы бойынша қабылдай салуы туыс тілдерді жақындастырады. Азаттық кезіндегі пародокс пе, пародокс!?
Бұған қарсылықты Тыныштықбек ағамыздың «Қас-Сақ аңқымасынан» табамыз.
Тек бір салада ғана азаттық бар: ол – әдебиет. Біз осыны – танытқан мемлекеттен көк тиын алмаса да, ұлты үшін «саусағының бір жапырақ еті қалғанша жазатын» түрлі жастағы, түрлі көзқарастағы, түрлі бағыттағы алаш қаламгерлері. Сыншылар текке жатпай, оларды белгілі, танымал, атақты, ортаң қол, жергілікті, шетелдік т.с.с.с. деп жіліктеп шығады. Ал, әдебиеттанушылар қауымы ғылымнан көзі өткен бұрынғы марксшіл пайғамбар беделдердің, бүгінгі дәурені жүрген еуротекті тірі құдайлардың кәріне шыдамай, әдеби көрпесін тарс бүркеніп, дәуірлік ұйқыда жатыр. Бізде бар болғаны бір ғана әдебиеттанушы бар: Ол – Ахмет. Ал, қалғандарымыз не оның қасы, не оның ізбасарымыз. Бір ақиқат – әдебиеттанушылықтың біріншілігі Дана Ахаңның құзырында ғана. Екінші, үшінші деген атақ та, дәрежеде жоқ. Тек Ахаңнан кейінгі әдебиет назарияты кері кеткен дәуірдегі маркстік көңін сүйреткендер мен Ахаңнан кейінгі әдебиет назарияты алға басқан дәуірдегі алаши жанын күйдірткендер бар.
Қазақ әдебиеттануына өзге тілдерден ұлттық әуезеде термин қабылдай алмау ғылыми қара жамылтып отыр. Ең бастысы қазақ әдебиеттануында «әдеби процесс», «әдеби әдіс», «әдеби бағыт», «әдеби ағым» және «әдеби мектеп» ешкім аяқ баспаған баябан. Бұл баябанға аяқ бассаң, басың пәлеге қалады. Оның себебі Әдебиеттану ғылымнан көзі өткен бұрынғы марксшіл пайғамбар беделдердің ешбірі осы мәселені саяси сақтықпен жазбады. Аталған дүниелердің ұлттық әдеби сипаты әм ғылыми алаши табиғаты ашылмай милети әдебиеттануда алға басу жоқ.
Және қазақ әдебиеттануының қас жауы қазақ лингвистикасы. Олар құрған қағанаттың бір құрамдас бөлігі ретінде қазақ әдебиеттануы басқаның бақшалығында ғылыми әңгелектік исі аңқып жатыр. Оны сезінетін ғылыми мұрын жоқ. Сөзбен сомдалған сурет – айдаһар тіл білімінің алып құшағындағы сұлу бойжеткен образынан айырылып – сексендегі кемпірге айналды. Ал, сүйегі қураған өлмелі кемпірді кімнің зерттегісі келеді. Ғылымдағылар ақымақ емес қой. Әсем ай дидарлы Сурет өліп, ешкім ұқпайтын ғылыми сылдыр сөзбен жазылған мыстани пері ажарлы стиль салтанат құруда.
Қазақ қаламгерлері тірісінде де, өлісінде де ұлттық әдебиеттану ғылымынан өзіне лайықты баға ала алмады. Әлемдік деңгейде өз тұстастарымен, өз дәуреніндегі жаһандық әдеби процеспен еш байланыстырылмады. Ары кеткен де – «Орыстың: Чеховы, Толстойы, Шолоховы» деп әдеби маңдайынан сипады. Есесіне әдебиет тарихы мен әдеби сыни еңбектерден ғылымдағы жастар ғылыми жетекшілері қанша зарласа да бейіл қойып оқымайтын неоахметшілдік мұрагерлікке тосқауыл жасайтын Қытай қорғаны өмірге келді. Оның бізге алғызбайтыны – ұлттық әдебиеттанудың Ахаңнан кейін алған рухани нокауттан әлі күнге дейін ғылыми оңала алмауы. Әрі тілшілердің жаңа латынға кирилдік негізде ұлттық әуезелік реформа жасамай әліптің артын бағуы мен өзге тілдерден тікелей сөз қабылдауға дәттері бармауы.
Егер қазақ әдебиеттануы тілшілер салған реформа жасамаушылықты және өзге тілдерден тікелей сөз қабылдаушылықтың ғылыми-саяси төсиін (табуын) аттап өтетін болса, Ахаң салған ұлттық әдебиеттану тіріледі. Сол мезетте тіл мен әдебиеттану өзбек пен қазаққа айналып шыға келеді. Міне, содан кейін «Тәшкен менікі» деген ұлы ғылыми «Қатағандық» дүрбелең басталады. Бір ғылыми бауыр екінші ғылыми қарындасты «алаш ақыл-ой имперализмі» мен «еуроұлттық әдеби стандарт» текетіресінде еш аямайды. Негізі әдебиет абыздары мен әдеби ақсақалдар дер кезінде басу айтпаса, бұл ғылыми бөлініс немесе жіктеліс дінге бөлінгеннен де қиын болайын деп тұр. Біз тек бас жаққа барыспай, ғылыми парасаттылық шеңберінде ой қақтығысына орын бергеніміз жөн.
Бұл әдебиеттанушылық мақала еуроорыстық «ақырзаман» туғызып, түркілік «жаһандасу» дәуірінің шымылдығын түру мақсатында жазылып отыр. Әрі автор ұлттық салыстырмалы әдебиеттанудың қара тұрандық бұтағының өкілі ретінде біреуге жағып, біреуге жақпайтын ойларды айтып жатса, алаш баласы одан сөлкеттік көре қоймас.
Бізге бұны айтқызуға әдебиет теориясынан жазған 6 аударма оқулық еңбектеріміз бен жеке бір өзіміз құрастырған 7 бірдей әдеби-бәшрилік сөздіктері мүмкіндік беріп отыр. Әйтпесе, бізді осы күнге дейінгі жабулы қазанның қақпағын көтеруге бел шешуге дәтіміз бармас еді.
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар
Abai.kz