Қуандық Шамахайұлы. Қара қылды қақ жарған сыншы
Қазақ даласы патшалы Ресейдің отарындағы кез. Алаш идеясы халық арасында кеңінен тарап, «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы сынды ұлттық демократиялық баспасөз қанат қаққан кезеңі. «Қараңғы қазақ төріне өрмелеп шығып күн болуға» тырысқан Алаш ұлт зиялыларының ұйқыдағы халқын оятуға қамдана бастаған тұсы. Сайын далада ағартушылықтың тұқымы себіліп, оны күн нұрымен сәулелендіруге қазақ оқымыстыларының күш жұмылдырған ояну дәуірі.
Осы бір алмағайып кезеңде, яғни, 1910 жылы желтоқсанның 27-де Сырдария бойында Мұқаметжан Қаратаев дүниеге келді. Әрине, бұл кезде болашақ ұлы сыншының қазақ әдебиетінде өзіндік орны боларын, сын саласының маңдайы алды сардары болып қалыптасарын ешкім болжамаған шығар.
Дегенмен, халық арасындағы Алаш қайраткерлерінің ағартушылық қызметтерінің жемісі болар, ата-анасы бала Мұқаметжанның сауатын ашты, оқымысты адам болып ержеткенін қалады. 1923 жылы ол Жаңақорғандағы екінші интернатқа орналасып, білім нәрімен сусындады. Туадан зерек алғыр бала екі жылдан соң Қазақ елінің байырғы астанасы Орынборға аттанды. Онда Қазақ өлкелік медицина техникумының дайындық бөліміне түседі. 1929 жылы оқуын тәмамдап, кір жуып, кіндік кескен аулына оралады.
Қазақ даласы патшалы Ресейдің отарындағы кез. Алаш идеясы халық арасында кеңінен тарап, «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы сынды ұлттық демократиялық баспасөз қанат қаққан кезеңі. «Қараңғы қазақ төріне өрмелеп шығып күн болуға» тырысқан Алаш ұлт зиялыларының ұйқыдағы халқын оятуға қамдана бастаған тұсы. Сайын далада ағартушылықтың тұқымы себіліп, оны күн нұрымен сәулелендіруге қазақ оқымыстыларының күш жұмылдырған ояну дәуірі.
Осы бір алмағайып кезеңде, яғни, 1910 жылы желтоқсанның 27-де Сырдария бойында Мұқаметжан Қаратаев дүниеге келді. Әрине, бұл кезде болашақ ұлы сыншының қазақ әдебиетінде өзіндік орны боларын, сын саласының маңдайы алды сардары болып қалыптасарын ешкім болжамаған шығар.
Дегенмен, халық арасындағы Алаш қайраткерлерінің ағартушылық қызметтерінің жемісі болар, ата-анасы бала Мұқаметжанның сауатын ашты, оқымысты адам болып ержеткенін қалады. 1923 жылы ол Жаңақорғандағы екінші интернатқа орналасып, білім нәрімен сусындады. Туадан зерек алғыр бала екі жылдан соң Қазақ елінің байырғы астанасы Орынборға аттанды. Онда Қазақ өлкелік медицина техникумының дайындық бөліміне түседі. 1929 жылы оқуын тәмамдап, кір жуып, кіндік кескен аулына оралады.
Ол тұста техникумның толық курсын бітірген адам ауыл үшін ірі оқымыстылардың қатарына жатады. Халықтың сауатын ашу науқаны жергілікті орындарда қызу қолға алынған. Ауылға оралған жас Мұқаметжан сауатсыздықты жою мектебінде мұғалім болды. Үлкен-кіші демей бүкіл ауыл болып хат тануға, сауат ашуға жаппай кіріскен.
Өзінің жігерлі әрі еңбексүйгіштігімен көзге түскен жігіт кешікпей Қызылорда қаласына қызметке шақырылды. Онда өлкелік партия комитетінде іс жүргізуші болды. Алайда, талабы таудай жас жігіт қызметтің буымен онда қалып қоюды жөн санамады. Қалса сатылап өсе беруі де мүмкін еді. Жас маман жоғары оқу орнына түсіп, әдебиет әлеміне терең бойлағысы келді.
Мұқаң өмір мектебінен өтіп, оң солын таныған соң университетке түскен адам. 1933 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын әдебиетші мамандығы бойынша тәмамдаған Мұқаметжан Қаратаев сол оқу орнында ассистент болып қалды.
Мұқаңның шығармашылық қызметпен түбегейлі айналысқан тұсы да осы кезден бастау алады. Айналасы бір жылдың ішінде Ленинградтағы тарих, философия, әдебиет институтына аспирант болып қабылданды. Тақырыбы орыс әдебиеті тарихына қатысты болды. Бұл болашақ сыншы үшін үлкен мектеп еді. Орыс классикасын жетік таныған сыншы әдебиетке қойылатын жоғары талап пен биік талғамның қатаң өлшемдерін толық игерді. 1936 жылы кандидаттық минимум тапсырып, теориялық толық курсты аяқтады. Ленинградтағы аспирантурасын аяқтай бергенде Мұқаң Алматыға шақырылды.
Алдымен Жазушылар одағында хатшылыққа тағайындалған ол тым кешікпей төрағалыққа өрледі. Әдебиет ауылының ірі мектебінен өткен, теориялық білімі терең жас сыншы одақтың жұмысын біршама көтерді. Алайда, ол кезең сталиндік саяси қуғын-сүргін зобалаңымен тұспа тұс келді. Жазушылардың арасынан «халық жауларын» тауып «аулау» науқаны белең алып тұрды. Кеңес үкіметіне барынша адал еңбек еткендердің өзін «жапон тыңшысы», «алашордалық ұлтшыл» етіп шығару, түрмеге тоғыта салу, ату жазасына кесу дегендер әдеттегі көрініске айналған. 1938 жылдан бастап 1951 жылға дейін жалған айып тағылып, репрессияның тырнағына Мұқаң өзі де ілігеді. Түрменің азабын да бір кісідей татып, не бары 24 жасында тоталитарлық режимнің таяғы еті мен сүйегінен өтеді. Бәрінен де, жанына салған жарасын айтсаңшы!
Сталиндік зұлматтың тырнағына іліккендердің көбі жазушылар қауымы болғаны әлімсақтан белгілі ғой. Осындай ауыр тұста жазушылар одағын басқарудың ауыртпалығын Мұқаметжан Қаратаев көтерді. Екінші соғыс басталған тұста оны Жамбыл жаққа ауыстырып жіберді.
1941-1951 жылдар аралығында Мұқаметжан Қаратаев он жыл бойы ұстаздықпен айналысты. Алдымен Жамбыл педагогикалық училищесінде, кейін қазақ орта мектептерінде әдебиет пәнінен сабақ берді. Ресми үкімет қай салаға жұмсаса, сол жерден табылу, жүктеген міндетті мінсіз атқару сол тұстағы оқымыстылардың бәріне тән үрдіс болатын. Мұқаң да сол тәртіппен жүрді. Тағдырға налып таусылмады, пешенеге жазылғанның бәріне мойынсынбасқа еш амалы да жоқ еді.
1957 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасына аға редакторлыққа тағайындалған Мұқаметжан Қаратаев баспа директорлығын үш жыл бойы атқарды. 1960 жылдан бастап ғылыми-зерттеу саласына түбегейлі бет бұрды. Қазақ ССР ғылым академиясында әдебиет бөлімін басқара жүріп, 1959 жылы филология ғылымының кандидаттығын, 1965 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Үш-ақ жылдан кейін білікті ғалым Қазақ ССР ғылым академиясына корреспондент мүше болып сайланды.
1968 жыл - қазақ руханиятына жаңаша бір серпін әкелді. Елімізде Қазақ кеңес энциклопедиясы құрылымдалды. Алғаш шаңырақ көтерген аталмыш мәдени орданың тұңғыш бас редакторы болу тарихи міндет кейіпкеріміз Мұқаметжан Қаратаевқа жүктелді. Мұқаңның басшылығымен он жылдың ішінде қыруар іс тындырылды. Ең негізгі ауыз толтырып айтарымыз, әрине, «Қазақ совет энциклопедиясының» 12 томдығының жарыққа шығарылуы болатын.
Сыншы, ғалым Мұқаметжан Қаратаев қазақ, орыс тілдерінде қатар жазатын аса еңбекқор академик еді. Оның қаламынан туған жеті жүзден астам мақаланы, қырықтан астам әдеби сын, зерттеулерден тұратын кітаптарды айтпағанның өзінде қазақ әдебиеті оқулықтарының, үш томдық қазақ әдебиеті тарихы авторларының бірі екендігі де оның ұлт руханияты үшін аянбай тер төккенін айғақтаса керек. Сонымен қатар Горький, Шолоховтардың таңдаулы туындыларын қазақша сөйлетіп, қазақ оқырмандарының рухани көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан аудармашы екенін де атап айту парыз.
Әдеби және ғылыми ортада зор беделге ие, академик Рымғали Нұрғали сынды ұлтымыздың біртуар ірі ғалым-ұлдарына ғылыми кеңесші болған, қазақтың Белинскийі атанған Мұқаң, халқына, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне соңғы демі үзілгенше аянбай еңбек етті. Өмірдегі тым қарапайымдылығы оның ірі ғалым екендігінің үлгісі болса керек.
Түрмеде көрген қорлықтары туралы ащы шындықты жаза тұрып, жариялауға асықпады. Ел тәуелсіздік алғанына - үш-төрт жыл өтсе де өзін қуғын-құрбаны етіп көрсетуден қаймықты. Сөйтіп, түрмедегі көрген азаптарын «Уақыт өткеннен кейін түбі бір шығарарсың, халыққа керек болар», деп аманат етіп зайыбына қалдырған.
ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің бір сөзінде:
- Mен ол кісінің түрмеде көрген азаптары туралы жазбаларын жүрегім езіліп тұрып оқыдым. Мұқаң, өзінің халқына барлық болмысымен, бітімімен, бүкіл шығармашылығымен, данышпандығымен, академиктігімен және профессорлығымен әрдайым қайтып оралып отыратын ұмтылмас тұлға! - деп ерекше атап көрсеткені бар.
Академик, қара қылды қақ жарған сыншы Мұқаметжан Қаратаевтың 100 жылдық мерейтойының мемлекеттік деңгейде аталып өтуі кездейсоқтық болмаса керек.
Алайда, бүгінгі таңда өзіміз құрмет тұтып, жоғары бағалап жүретін жас сыншыларымыздың арасында Мұқаңа «пролетарлық сыншы» дегендей ат қойып, айдар тағуға әуестенушілер де бой көрсетіп жүр. Мұндайдың бәрі тым атүсті айтылған субьективтік пікір болар. Бәлкім, Мұқаң сынды алып сыншының қара қылды қақ жарған кейбір тұжырымдарына іліккен ақын, жазушыларға араша түсемін деп орынсыз әрекеттену де шығар. Қалай десек те сыңаржақтықтан туатын орынсыз пікір секілді көрінеді де тұрады.
Шын мәнінде, Мұқаңның ғылыми еңбектерінің негізгі арқауы - қазақ әдебиетінің тарихи жолы мен даму тенденциялары, ұлттық дәстүрдің жаңғырып, жаңа сапалық тұрғыда қалыптасуы, түр мен мазмұнның тығыз сабақтасып, шығармашылық шеберліктің шыңдалуы болатын. Оған қазақ әдебиетінің бүгінгі даму үрдісі дәлел болмақ.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері
«Абай-ақпарат»